Туған өлкесіне еңбегі сіңген тұлға
03.02.2022 2006
(Еңбек ардагері Мұқаш Қарасаевтың 90 жылдығына)

Дүниеге келіп, өзінің туған жерінің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосқан тұлғалардың қатарына Қазақстанның шығысы, Тарбағатай ауданының тумасы Қарасаев Мұқаш Қарасайұлын толығымен жатқызуға болады. 2022 жылы туғанына 90 жыл толатын Мұқаш Қарасайұлының ес білгеннен кейінгі барлық саналы өмірі, еңбек жолы толығымен   осы тарихи өлкенің дамып, өркендеуіне арналды. Атқарған еңбегінің нәтижесі, өнегелі өмірі ұпағының, онымен қызметтес болған, тәрбиесін көрген жерлестерінің жадында қалды. Аталған мазмұндағы   Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек»[1], деген сөздері Мұқаш Қарасайұлының өмір жолы мен атқарған қызметіне арналғандай.

Егерде нақты деректерге назар аударатын болсақ, Тарбағатай өңірінің тарихы   аталған   аймақты ғасырлар бойы толығымен мекен етіп, өркендеген халқымыздың арғы ата-бабалары сонау сақ, үйсін және ғұн дәуірінен бастау алады. Бұл халықтардың осы жерлерде өздерінің алғашқы қуатты мемлекеттік бірлестіктерін құрып, дамығандығы туралы көне және ерте қытай, парсы, грек, рим жазба деректері молынан мағлұматтар береді. Өңірдің одан кейінгі тарихы ХІІІ-ХІХ ғасырдың соңына дейінгі еуропалық, ресей зерттеушілерінің шығармаларында толығынан баяндалады.

Тарбағатай аймағының ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алып, қазіргі күнге дейінгі жаңа тарихы өзінің көптеген қарама-қайшылықты саяси, шаруашылықтық өзгешеліктерімен ерекшеленеді.

Міне осы жерлердің алдымен Зайсан, одан кейінгі Тарбағатай аудандарының құрамында болған Шорға ауылында 1932 жылы өмір есігін ашқан   Мұқаш Қарасайұлының кәмелеттік жасқа толып, еңбекке араласқан 1950 жылдардың басынан   «Құрметті зейнеткерлікке» шыққанға дейінгі бүкіл уақыты үзіліссіз туған жерінің   көптеген шаруашылықтарының іргесінің қатайып,   барлық бағыттардағы одан ары дамып, өркендеуіне бағытталды.

Әлемдік маңызы бар   құнды тарихымен белгілі Қазақстаның шығысы, соның ішіндегі бүкіл Тарбағатай аумағының табиғаты өзіндік қайталанбас әсемдігімен қатар, ауа-райының қарама-қайшы қаталдығымен ерекшеленеді. Өндірісті негіздеп, дамытуды айтпағанда, оның жер жағдайы тиімді егін шаруашылығымен айналысуға қолайсыз. Басқаны қойғанда, бұл өңірдегі мал шаруашылығының өзі заман талабына сай өнімді мал түрлерін негіздеп дайындауға, оны асылдандыру жұмыстарымен шұғылдануға мүмкіндік бермеді. Қыс мерзімі аса қатал, ауа-райы ұдайы суық, жазы негізінен ыстық және құрғақ. Суық ерте түседі. Көктем жай шығады. Жаңбыр аз жауады, осыдан барып қалыптасатын   ылғалдың аздығынан мал жайылымдықтарының шөп қоры аз, оның көпшілігі жаз айындағы ұдайы жалғастырылатын ыстықтан күйіп кетеді. Жер асты байлығы жоқтың қасы.

Оның осындай ауыр табиғаты мен жер ерекшелігі ғасырлар бойы бұл жерлерде ірі өндірісті дамытуды айтпағанда, көпсалалы егін шаруашылығымен айналысуға, ірі елді мекендер салуға мүмкіндік бермеді. Шаруашылықтық мүдделілік болмағандықтан Еліміздің орталығымен, өндірістік орындарымен байланыс жасауды іске асыратын темір жол қатынасы бүгінгі күнге дейін жолға қойылмаған. Аудан шаруашылықтарының кеңестік дәуірдегі кезеңнен бергі және қазіргі нарық қатынастары мерзіміндегі ішкі және сыртқы сауда қатынастарын іске асыруға мүмкіндігі де шектеулі болып келеді.

Тарбағатай, Зайсан көлі аңғарының табиғаты мен ауа-райының күрделілігі, соған байланысты бұл өңірге тұрғындардың қоныстануы мен шаруашылықтың өнімді түрлерін жүргізудің қолайсыздығы туралы   ерте дәуірлік Қытай, шығыс жиһангерлерін айтпағанда ХҮІІІ-ХХ ғасырлар басында бұл аймақтарда болып, оның жер жағдайларымен жете танысқан Батыс Еуропа, Ресей зерттеушілері кеңінен жазды. Мысалы, ХҮІІІ ғасырдың соңында аталған өңірде болып, оның табиғат ерекшеліктерін кеңінен зерттеген неміс ғалымы К.Ф.Лебедурдың жазуынша: «Мұндағы ұзаққа созылатын қыс мерзімі аса қатты аязы, күрт басталатын жылымығымен ерекшеленеді. Дауыл мен боран өзара жалғасып, аласа үйлер мен қоныстарды қар толығымен басып тастайды. Көктемгі кеш аяздар, негізін құрғақ желді жаз, ал, бұған керісінше, жылы және жаңбырсыз күз, алайда тамыз айының соңынан алғашқы жеңіл, кешкі аяздар пайда болады»[2].

Ал, ХІХ ғасырдың басында бұл жерлерде болған орыс өлкетанушысы И.Завалишин: «Бұл өңірдегі миллиондаған көшпелі тұрғындар үшін отырықшылықпен айналысуға қолайлы жер жоқ, сонымен қатар саны мол мал шаруашылығын жүргізуге арналған жайылымдық та жетіспейді»[3]- деп көрсетіп, өңірдің ауыр табиғи жағдайына сипаттама жасады.

ХІХ ғасырдың соңындағы Тарбағатай аймағының табиғат жағдайлары, жалпы тарихын зерттеумен жеткілікті тұрғыда шұғылданған А.Н.Седельников:«Отырықшы халыққа арналған қолайлы орындарды табу қиын. Өңірдің табиғи-тарихи жазбаларынан айқын болатынындай, бұл жердің басымдылығын   құрғақ және жартылай құрғақ тұзды аймақ құрайды»[4],- деген сипаттама жасап, аталған өлкенің шаруашылықты жүргізудегі қиындықтарына тоқтады.

Міне, осындай жерде дүниге келген Мұқаш Қарасайұлының балалық мерзімінен басталатын барша өмірі орын алған қиындықпен күрес, мақсаткерлік пен талапшылдық, ізденімпаздық қасиеттерге негізделген еңбек жолынан тұрды. Жоғарыдағы аталған табиғаттың ауырлығымен қатар, ол дүниеге келген ХХ ғасырдың 30-жылдарының басы Кеңестік Қазақстандағы ауылшаруашылығын сталиндік күшпен ұжымдастыру науқанының жергілікті халыққа әкелген алапат аштығымен жалғасты. Ешқандай дайындықсыз, күшпен ұйымдастырылған бұл саяси науқан бүкіл елмен қатар, Шорға ауылына да өзінің қасіретін ала келді. Мұқаш Қарасайұлы бір өңірдің ғана емес, барша қазақ халқының қайғысына айналған осы ұжымдастырудың сәбилік есінде қалған зардаптары туралы: «Сегіз жасқа толмаған баламын, алайда ұжымшардың көлік аттарын бағатын әкем: « Бір уыс қуырылған бидай бұйырмаған, барлық малдары әр тұяғына дейін тартып алынған ауылдың жасы-кәрілерінің басым бөлегі қырылып қалды. Олардың өліктері көмілмей, далада жататын еді, Сен осы алапаттан екі- үш жыл кейін тудың ғой, балам, мардымсыз аз ғана қара нанға аузымыз тиген уақытта. Сенің төрт жасыңда шешең де осы аштық зардабынан дүниеден өтті емес пе» деп айтып тотырушы еді»,-деп еске алатын еді.

Тек қана ұжымдастыру шараларының зардаптарымен қатар, материалдық-техникалық жарақтануы мүлдем сын көтермейтін, жоғарыдағы аталған қатал табиғат, ауа-райы жағдайларының ерекшелігіне қарсы тұра алмайтын, ұсақ, әлсіз ұжымшарлар қатарына жататын Шорға ауылындағы шаруашылық та тұрғындардың ең қарапайым қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмады. Бұлармен қатар, үнемі қайталанып отыратын қуаңшылық та халықты үнемі күйзелтіп келді. Осыған қарамастан социалистік жоспар мен міндетті орындауға деген талап одан ары ұжымшар мүшелерінің жағдайын қиындата түсетін еді.


Осындай жағдайдағы ауыл тұрмысына ес біле бастағаннан қанық болған ол Ұлы Отан соғысы басталысымен әкесіне көмектесуі арқылы ұжымшар шаруашылығына араласа бастады. Міне осылай, Отан қорғауға аттанған ауыл азаматтарының орнын балалар басып, өзінің тоғыз жасқа толмаған уақытынан шаруашылықтың ауыр жұмыстарын атқаруға толығынан қосылды. Күзгі қырмандағы жиналған астықты бастырудағы тиірмен тасын айналдыратын атқа отыру, оны кептіру, тазалау, дайындалған мал азығындық пішенді шөмелеу, тасу, Зайсан көлінен балық аулауға қатысу, тағы да басқа науқандық жұмыстардың барлығы Мұқаш сияқты белі қатпаған балалардың үлесіне тиді. Осы уақыттағы өзінің алғаш рет тыл еңбегіне тартылуы туралы оның «Жаз айларында таңертең күн шықпастан пішен шөмелеу жұмысына тартылған өзіммен жасты балалар түс уақытында бір уыс бидай мен оның талқаны берілетін мардымсыз аспен қоректенгеннен кейін шыжыған ыстықтан қорғану және ұйықтап алуы үшін өздеріміз үйген шөмеленің ішіне еніп, жата кетеуге асығатынбыз. Алайда бригадирдің шөмелені қамшымен соға айғайлауы біздің бұл үмітімізді үзіп, әбден кеш түскенге дейін жалғастырылатын жұмысқа қостыратын еді. Ешқандай да балалықтың қызығын көрмей, ересектермен қатар еңбек ету    осылай үлесімізге тиді ғой»,-деген еске алулары да қазіргі ұрпақтың көз алдарына өткен ата-бабаларының бастарына түскен ерлікті де ауыр тұрмыс тарихын жария ететіндігі белгілі. Кәмелеттік жасқа толмаған бүлдіршіндей балалардың осындай ауыр жұмыстарды атқаруы Ұлы Отан соғысы аяқталған алғашқы жылдары одан ары жалғасты.   Мұндай қиын тірлікпен қатар ол ауылдағы бастауыш мектептегі сабағына да үлгере алды.

Өзінің «Ақталған тамшы тер» атты естелік кітабында    Мұқаш Қарасайұлы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы майданнан қайтпаған азаматтардың орнын басуға жұмылдырылған мүлдем жас балалардың ұжымшардың мемлекеттік тапсырманы орындау мақсатындағы Зайсан көлінен түгелдей қол күшімен атқарылатын балық аулау ісіне тартылуы туралы: « ... мені Ақтүбекке балық аулауға жіберетін еді. Суық суға түсіп, төрт айдай ау тартып, балық аулауға тура келді. Жазға салым көлдің мұзы толық ерімей кесек-кесек болып, су үстінде қалқып жүргенде омыраудан жалаңаш суға түсіп, кесек мұздарды итеріп қойып, ау тартатын едік. Ол кезде аулаған балығыңның барлығын түгелімен өзіміз жеместен, ұжымшардың жоспарын орындау үшін тапсыратынбыз. Бізге сол балықтың ішек-қарнын өлшеп қана беретін»[5],-деп жазады.

Он төрт жасында ұжымшарда уақытпен санаспай ұдайы ауыр да қажырлы еңбек етіп, денсаулығы бұзылған әкесі Қарасай жалғыз ұлы мен оның туған апайы, әлі бұғанасы қатпаған Үкіжанды тағдырдың тәлкегіне тастап, өмірден өтті. Міне осы уақыттан бастап, Мұқаш ата-анасынан толығымен айырылып, өмірдің бар қиындығын басынан кеше бастады. Алайда жақын-алыс туыстарының қамқорлығы, ең бастысы өзінің өмірге деген құштарлығы, талапкерлігі, шыдамдылығы, табиғи мақсаткерлігі мен жігерлілігі арқылы ол басына түскен сынның түгелін жеңе білді. Еңбекке толық араласа отыра, әкесінің жақын туыстарының шақыруымен Ақжар ауылына қоныс аударып, мұндағы жеті жылдық мектепті жақсы үлгеріммен аяқтады.

Жастық өмірінің осы кезеңіндегі туындаған қиындықтарға қаймықпаған ол еңбекпен оқуды қатар алып жүре отыра, 18 жасқа толған шағында Кеңес Одағы Қарулы Күштері қатарына қызмет етуге шақырылып, бұл міндетін де үш жыл бойы Қиыр Шығыстағы әскер бөлімінде абыроймен орындады. Алыс қазақ ауылынан келген ол осы үш жылды босқа өткізбей, орыс тілін ойдағыдай меңгерді, іскерлігі мен жауапкершілігі нәтижесінде тоғыз айлық курстан өтіп, бөлімше командиры міндетін атқарды. «Әскери өмірімнің ең алғашқы ойымда сақталғаны, деп еске алады ол сол жылдар туралы,- нанды тұңғыш рет тоя жеуім болды».

Кеңес Армиясы қатарындағы азаматтық борышын толығымен аяқтағаннан кейін туған ауылына қайтып оралған Мұқаштың бүкіл саналы ғұмырын құраған Тарбағатай ауданының көптеген аймақтарындағы саяси және шаруашылық жұмыстарына араласып, оны ойдағыдай атқаруы болды.

Міне, осы жылдардан басталатын алғашқы ресми қызметі сол кездегі аудан орталығына айналған Ақжар қонысына жақын орналасқан үжымшардың орталығы «Андреев» атындағы ауылдағы оқу үйінің меңгерушісі болды. Егер де оның еңбекке араласқан бүкіл өміріне шолу жасайтын болсақ, тура осы мерзімнен   Мұқаш Қарасайұлының тұрғындар арасындағы   ұзақ мерзімдік, үздіксіз жалғастырылған әр деңгейдегі жетекшілік, тәрбиелік, шаруашылыққа басшылық қызметі бастау алады. Аталған уақыттан оның адамдармен жұмыс істеуі, оларды бір мақсатқа жұмылдырудағы ұйымдастырушылық қабілеті, қарапайымдылығы мен іскерлігі, әділдігі мен қамқорлығы жете көрініп, қалыптасқан игі қасиеттері одан ары жалғастырылды және барша өмірінің мақсатына айналды. Мұндай қасиеттер, өзін қоршаған ортасына, жоғары басшылық орындарына белгілі бола бастады. Қызметтен қол үзбей жүріп, сырттан оқуы арқылы орта білім алды.

Өзіндік осындай ерекшеліктеріне орай ол арнайы шақырумен   біраз уақыт Тарбағатай аудандық комсомол комитетіне қызметке алынып, ондағы «Есеп және статистика» бөлімін басқарды.

Көп ұзамай, аудандық партия ұйымы басшылығы және комсол комитетінің ұйғарымымен өңірдегі ең ірі де озық, шаруашылығы үлкен, жастар молынан шоғырланған, Ақжар ауылынан қашық орналасқан ( Автордан: бұл жылдары Тарбағатай ауданы территориясы Зайсан ауданына қосылып, аудан орталығы Зайсан қаласына көшірілген еді) Шілікті кеңшары комсомол комитетінің хатшылығына сайланып, осы шаруашылықтағы бірнеше жылдарға созылған еңбек ұжымы жастары мен еңбеккерлерді ортақ іске жұмылдырудағы ұйымдастырушылық қызметі бастау алды. Бір-екі жылдан кейін аталған кеңшар жұмысшылар комитетінің жетекшісіне сайланып, кеңшар басшылығы құрамында   еңбеккерлерді мемлекеттік жоспар мен тапсырмаларды орындауға жұмылдыру ісінің басында бола білді. Осы қызметінде ол   кеңшар жұмысшыларына, олардың жанұяларына мүмкіндігінше материалдық, моральдық жағдай жасалуына басты назар аударды.

Оның шаруашылықты ұйымдастыру және еңбек адамдарын ортақ іске жұмылдырудағы нәтижелі бастамаларына, жауапкершілігіне назар аудара отыра Шілікті кеңшары дирекциясы мен партия комитеті Мұқашты кеңшардағы ірі қара малы мен бүкіл шаруашылықтың астық өндіру ісі шоғырландырылған Қазақстан фермасына басшылық етуге жіберді. Бұл қызметінде де ол үлкен жауапкершілік пен іске жаңашылдық, талапкерлік тұрғысында қарау қабілеттерін толығымен көрсетіп, ферманың өндірістік көрсеткіштері аудан шаруашылықтарының алдыңғы қатарына қосылды. Аталған уақытта Мұқаш Қарасайұлы Семей зоотехникалық- малдәрігерлік институтының зоотехника факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1967 жылы оны жоғары білімді «Ғалым – зоотехник» деген дәрежемен ойдағыдай аяқтап шықты.

Мұқаш Қарасайұлының шаруашылықты басқару, еңбек адамдарын жауапты іске жұмылдырудағы іскерлігін есепке алған Тарбағатай аудандық партия комитеті 1965 жылдың күзінде (Автордан: 1965 жылдан бастап, өзінің бұған дейінгі территориясы толығымен қосылып, Тарбағатай ауданы қайтадан негізделген еді) оны жаңадан ашылып жатқан Покровка кеңшары партия комитетінің хатшылығы қызметіне жіберді.

Бұл жұмысында Мұқаш Қарасайұлының еңбек адамдарымен арадағы тығыз қатынасы іске асырылып, еңбек ұжымының мамандары, еңбеккерлерін алдыға қойылған міндеттерді орындауға жұмылдырудағы ұйымдастырушылық қабілеті толығынан ашылды. Жаңадан негізделген кеңшардағы қарапайым адамдардың тұрмыс жағдайларының тұрақты негізде жақсара түсуіне жетісуді өз қызметінің басты бағдарына айналдырды. Осындағы еңбек жетістігімен көріне білген жастарды партия қатарына тартуды жоспарлы негізде іске асыра білді. Олардың шаруашылықтың әр саласындағы авангардтық роль атқаруына үнемі назар аударды. Кеңшар дирекциясымен бірлескен осындай нақты шаралардың барысында құрылғанына бірнеше жыл ғана болған еңбек ұжымы аудандағы мемлекеттік жоспар мен міндеттемені орындаудың белортасынан лайықты орын тепті.

Шаруашылықты басқару және саяси-ұйымдастыру жұмыстарын жүйелілікпен ұштастыра білген, жоғары білімді «зоотехникалық» мамандығы бар оны Тарбағатай аудандық партия комитеті бюросының шешімімен 1969-жылдың жазында аудандағы ірі көлемдегі егін және мал шаруашылығымен айналысатын Қарасу кеңшарына бас зоотехникалық, сонымен қатар кеңшар директорының орынбасары қызметіне жіберілді. Яғни, ауданның партия, шаруашылық басшылары оны одан арғы үлкен шаруашылықты дербес басқаруға дайындауды есепке алған болар. Өйткені осы кеңшардағы жауапты екі қызметті бірлесе атқарып келе жатқан Мұқашты келесі жылы ҚКСР Ауылшаруашылығы министрлігінің кеңшар директорларын дайындайтын алты айлық курсына жіберіп, оны да ойдағыдай аяқтады.

Қарасу кеңшарында жоғарыдағы аталған қызметтерді нәтижелілік тұрғыда атқарған Мұқаш Қарасайұлы бар - жоғы екі жылдан сәл астам уақытта, 1971 жылдың күзінде Тарбағатай аудандық партия комитетінің ұсынысы және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қолдауымен осы аудандағы Покровка кеңшарына директорлық қызметке тағайындалды. Аталған жауапты қызметті ол үздіксіз 20 жылға жуық, яғни денсаулығына байланысты қызметтен босану туралы өзі өтініш берген 1990 жылдың соңына дейін атқарды.

Осы мерзімде Мұқаш Қарасайұлының еліміздегі кеңестік ауылшаруашылығын ұйымдастырудағы барлық қабілеті мен ұйымдастырушылығы көрінді. Тарбағатай өлкесінің, соның ішіндегі өзіне тиесілі территориясы Тарбағатай тауларының бастау алып, үзіліспен Зайсан көлінің төменгі жағалауындағы, кезінде өзі дүниеге келген Шорға өңіріне дейін созылып жатқан   жүз шақырымнан астам шашыранды жерге орналасқан кеңшар шаруашылықтарын басқару, оларды жүйелі тұрғыда аралау оңай емес болатын. Сонымен қатар жоғарыдағы аталып кеткен бұл өңірдің аса қатал табиғаты, жерінің құнарсыздығы, мал жайылымының аздығы істі одан ары қиындата түсетін еді.

Ірі қара малын айтпағанда, қой малының өзі төлімен жаз айында 80-90 мыңға дейін жететін шаруашықтың алдында тұрған аса жауапты міндетті- жайылдымдықты қыста толығымен қалың қар мен мұз басып,   қыстың   ұзаққа созылуына қарамастан Мұқаш Қарасайұлы басқарған кеңшар ұжымы қоғамдық мал басын сақтап, оны өз төлі есебінен өсіруде ойдағыдай тұрақтылық пен нәтижелілікпен үнемі қамтамасыз етіп отырды. Егер де сол уақыттағы нақты деректерге және жер жағдайы мүмкіндігіне талдау жасайтын болсақ, кеңшар территориясындағы табиғи пішен өсетін жерлерді толығымен пайдаланғанның өзінде, қыстық мал азығының 40%-на ғана жететін пішен дайындалатын еді. Қалғанын облыстың басқа шалғай аудандарынан дайындап, тасу қалыптасқан аса шығынды іске айналған еді.   Міне сондықтан да қысқы боранға, қатты аяз бен қалың қарға қарамастан қоғамдық малды үздіксіз жайылымдықта ұстау өзіндік күрделілік тудырып келді.

Кеңшарға бекітілген мал басын аман сақтауда шаруашылық басшысы ретінде Мұқаш Қарасайұлынан үздіксіз жаңашылдықпен жұмыс істеуге, бұл іске жауапты адамдарды өз күштеріне ғана сүйенуге деген сенімдерін қалыптастырудағы ұйымдастырушылығын еселеп арттыруға міндеттеді. Кеңшардағы толығымен суармалы негіздегі астық өндіруге негізделген жұмыс та қосыша жауапкершілікті талап етті. Осындай тынымсыз басшылық қызметтің нәтижесінде Покровка кеңшары аудандағы алдыңғы қатарлы тұрақты көрсеткіштерімен ерекшеленіп отырды.

Кеңшардың көпбағытты қажеттіліктерін іске асырудағы, соның ішінде құрылысқа керек барлық ағаш материалдары өз жерінде болмағандықтан үдайы, тіпті облыс орталығынан алыс орманды өңірлерде дайындалып, өз күштерімен тасылды. Ал мұның өзі қосымша жұмыс қолын пайдалану, өлшеусіз мол шығынды қажет ететін еді.

Өзі директорлық қызмет атқарған жылдары Мұқаш Қарасайұлы мал шаруашылығына қалуға тілек білдірген жастардан нәтижелі жұмыстар атқарған үш комсомол жастар шопандар бригадасының құрылып, ойдағыдай жұмыстар атқаруының басында болды. Ерекше көзге түсіп, білімін жалғастырғысы келгендерге арнайы жолдамамен жоғары оқу орындарын аяқтауларына мұрындық бола білді.

Үлкен шаруашылықтың дербес жетекшісі ретінде Мұқаш Қарасайұлы кеңшар тұрғындарының тұрмыстарын жақсартуды, олардың өтініштері мен сұраныстарын қамтамасыз етуді ешқашан ойынан шығармады. Кеңшар орталығын, оған қарасты тағы да басқа елді-мекендерді безендіру, білім беру орындарына материалдық көмек жасау, тұрғын үйлер салуда үлкен нәтижелерге қол жеткізілді. Туа біткен қарапайым мінезі, көпшілдігі, сабырлылығы мен салмақтылығы және турашылдығы мен әділдігі оны Покровка кеңшары ұжым еңбеккерлерінің, тіпті бүкіл аудан тұрғындарының арасында зор құрметке бөледі.

Осындай тынымсыз да нәтижелі істеріне орай ол бірнеше жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды, Тарбағатай аудандық кеңесінің әлдене дүркін депутаттығына сайланды. Тарбағатай аудандық, Шығыс Қазақстан облыстық, Республикалық деңгейдегі Үкіметтік мақтау грамоталарының иесі атанды. Жоғары партиялық орындарының жұмысына қатысып, олардың мүшеліктеріне сайланды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұзақ уақыт бойы Тарбағатай ауданы, кейін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы мектеп оқушылары және жастар арасындағы Еңбек және Ұлы Отан соғысындағы тыл ардагері ретінде Отансүйгіштік және патриоттық тәрбие беру ісіне белсене араласты.

ХХ ғасырдың 30 жылдарының басында сталиндік жеке басқа табыну мен асыра сілтеу саясаты себептерінен Қазақстанды жайлаған алапат аштық жылдарында дүние есігін ашып, балалық шағында Ұлы Отан соғысының қырғыны, ауыртпалығын толығымен басынан өткізген, алайда одан кейінгі мақсатты да қажырлы еңбегінің нәтижесінде бүкіл саналы өмірі мен қызметін туған халқының игілігіне арнаған Мұқаш Қарасайұлы 2021 жылдың мамыр айында 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Бұл тұрғыдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс»[6],- деген сөздері Мұқаш Қарасаевтың осындай өнегелі ғұмыры мен атқарған тарихи қызметіне берілген нақты баға деп есептеуге болады. 

                                       ӘДЕБИЕТТЕР

1. Тоқаев Қ.К.«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»- // Егемен Қазақстан, 2021 жылғы 5 қаңтар

2. Путешествие по Алтайским горам и джунгарской Киргизской степи., Новосибирск,1993, Ледебур, немецкий ученый, исследователь флоры Алтай ского края, Путешествие по Алтайским горам и предгорьем Алтая., Дерпт, январь 1829 г. с.318.

3. Описание Западной Сибири Ипполита Завалишина. Москва,1862.,с.35

4. Седельников А.Н. Озеро Зайсан с тремя картами и тремя таблиц- рисунками. Омск,1910 г. с.246

5. Қарасаев М.Қ. Ақталған тамшы тер., Астана, 2010,17 б.

6. Н.Ә.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» / Егемен Қазақстан, 12 сәуір, 2017

   

                                                        Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының

                                                        докторы, профессор,