Орынборда болған Екінші Жалпы­қазақ съезі туралы. С. Меңдешев
31.01.2022 2180

1921 жылы 6 қазанда съезд соңында Қырғыз Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сейтқали Меңдешев қорытынды сөз сөйледі. СМ. Меңдешев (1882-1937) – кеңестік партия және мемлекет қайраткері. Сейітқали Меңдешев 1919 жылдан Коммунистік партияның мүшесі болған. 1919-1920 жылдары Бөкей губерниялық атқару комитетін басқарды, Кирревкомның мүшесі болды. Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы құрылуымен ҚАКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, 1924-1925 жылдары КСРО Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болды.


Ол республика құрылған алғашқы жылдағы мемлекеттік-шаруашылық құрылыстың қорытындысын шығарып, өзекті сауалдарға жауап берді. Съезд жұмысы барысында делегаттардың президиумға жазбаша жолдаған сауалдарына Сейтқали Меңдешев жауап берген.

Депутат сауалы:

- ҚырОАК-те ҚССР бойынша жерді қайта бөлу туралы мәселе көтерілді ме, егер көтерілсе, ол қалай шешілді? Екінші сұрақ: ҚССР бойынша кеңестік мекемелерде негізгі және ресми тіл қырғыз тілі болады деген мәселе көтерілді ме?

Сейітқали Меңдешев:

- Жолдастар, бірінші мәселе бойынша - жерді қайта бөлуге қатысты, біздің жерге орналастыру саласындағы саясатымыз бойынша, қазір қайта бөлу туралы әңгіме жоқ және онгдай әңгіменің болуы да мүмкін емес деп жауап берер едім. Біз социалистік жерге орналастыру деп аталатын қағидатты ұстанамыз, оған сәйкес жер жалпыхалықтың игілігі болып табылады және еңбекші халыққа, яғни жұмыс істейтіндердің барлығына оның жерге деген еңбек құқықтары негізінде беріледі және жерді қайта бөлу туралы сөз де жоқ... Шамасы, маған осы сұрақты қойған жолдас, осындай сұрақ қойған соң, басқа қағидаттарды ұстанатын сияқты. Одан әрі, тіл мәселесіне келер болсақ, бұл жерде съезд регламентінде орыс және қырғыз (қазақ) тілдерін негізгі тіл деп тану керектігі айтылды, мемлекеттік тіл мәселесіне келсек, бұл мәселе көтерілген жоқ, көтерілмейді де. Өйткені, біздің Кеңес өкіметі мен Коммунистік партия қағидаттары бойынша үстем тіл жоқ, әрбір азаматқа, әрбір адамға өзі сөйлей алатын тілде сөйлеу құқығы берілген. Бұл мәселеде ешбір шектеулер болуы мүмкін емес. ҚырОАК мемлекеттік тіл туралы ешқандай мәселе көтерілген емес, көтерілмейді де.

Депутат сауалы:

- Қазақ халқының еңбекші бұқарасын ұйымдастыру үшін не істелді және қазақ бұқарасының Кеңес өкіметіне деген көзқарасы қандай және ол кеңестік құрылысқа қаншалықты белсенді қатысуда?

Сейітқали Меңдешев:

- Кеңес жұмысы жақсы жолға қойылған жерде қырғыз бұқарасы жұмысқа тартылып, олардың Кеңес үкіметіне деген көзқарасы оң және ниеттес. Жалпы Кеңес өкіметі еңбекші халықтың өз билігі болғандықтан, оның билігін орнату мен нығайту міндетін халықтың өзі қолға алғандықтан, оның Кеңес өкіметіне қатысын да көруге болады, және әртүрлі жағдайларға байланысты біз бұл жұмысты әлі дұрыс жүргізе алмай жатқан жерлердегі халықтың, әсіресе қырғыздардың қатынасын пассивті қатынас деп сипаттауға болады.

Депутат сауалы:

- Жаңадан қабылданған Ақмола, Семей губернияларында жергілікті орыс жұмысшыларының көпшілігі, аймақтық маңызы бар жоспарлы жұмыстарды орындау тұрғысынан да, жұмысшылардың қозғалысы тұрғысынан да барлық бұйрықтарды елеусіз қалдыратынын, бұл губерниялардың Қырғыз республикасына қосылуына қарсы болғандықтан ҚырОАК-тің ықпалы сезілмейтінін ҚырОАК біле ме? Бұл мәселеге ҚырОАК қалай қарайды? Ол бұл құбылысқа отарлаудың ұлыдержавалық көрінісі ретінде қарайды ма, жоқ па, және ҚырОАК бұл мәселеге қатысты қалай әрекет етуге ниетті?

Сейітқали Меңдешев:

- Иә, біз жаңадан қабылдаған губернияларда, біздің, ҚырОАК-тың ықпалы әлі жеткілікті дәрежеде сезілмеуі әбден мүмкін, өйткені олардың ауысуы маусым айында ғана аяқталды, мен тіпті әлі күнге дейін шешілмеген мәселелер туралы хабарлаған да болатынмын. Бұл жерде айтылған отарлау туралы, ол жақта біздің бұйрықтарымыздың еленбейтіндігі туралы айтатын болсақ, әрине, отарлаушылық бағыт та, сонымен қатар ұлтшылдық бағыт та Кеңес өкіметін нығайтуға, социалистік идеяларды ілгерілетуге бірдей зиянды болғандықтан, ҚырОАК федералдық үкіметтің директиваларына және Коммунистік партияның директивасына сәйкес позицияны ұстанады және осыған қарсы күрес барынша аяусыз болады. Міне, ҚырОАК бұған осылай қарайды. Әрине, бұл құбылысты жою үшін сәйкесінше шаралар қабылданады.

Депутат сауалы:

- Бұқтырма уезінің мәселесі қандай деңгейде, ол Қырғыз республикасына қосыла ма және қосылу немесе қосылмауына қатысты қандай себептер бар?

Сейітқали Меңдешев:

- Бұл сұрақты Семей губерниясының делегаты қойып отырған сияқты, Семей губерниясына жақын орналасқандықтан Бұқтырма уезінің Семей губерниясы құрамына кіргенін және Қырғыз республикасына қосылғанын да білуі керек,сондықтан бұл жерде басқа сұрақ болуы мүмкін емес. Мұнда бір ғана уәж бар - Бұқтырма уезінің болыстары Алтай тауының оңтүстік-шығыс беткейінде орналасқан және Семейге жақын, олар тек Семей губерниясының шегінде немесе оның құрамында қала алады.

Депутат сауалы:

- Омбы қаласы мен оның төңірегі қандай себептермен Қырғыз республикасынан кетеді?

Сейітқали Меңдешев:

- Бұл мәселе бойынша менің айтарым, бізге кірген уездерден басқа, Омбы губерниясының құрамына Омбы қаласының солтүстігінде орналасқан уездер де кіреді. Бұл - Калачинский, Тарский және т.б. уездер. Олар Омбыға қарайды және ешбір жағдайда да Қырғыз республикасына қосылмайды. Егер Омбы қаласы Қырғыз республикасына берілетін болса, онда бұл уездер оларды біріктіретін орталықсыз қалады. Себептердің бірі – осы. Сонымен қатар, Шығыс Сібір мен Ресей Республикасының екі маңызды темір жолының тоғысында орналасқан Омбы Сібір мен жалпы Ресей Республикасы үшін үлкен маңызға ие, екінші себебі осы. Міне, осы себептердің негізінде БОАК (ВЦИК) бұл қаланы бізге бермей, Сібірде қалдырды.

Депутат сауалы:

- Орынбор губерниясы мен Орынбор қаласы Қырғызиямен немен байланысқан, БОАК-тың Орынборды Қырғыз Республикасы құрамына қосу туралы декреті неге негізделген?

Сейітқали Меңдешев:

- Бұл сұраққа жауап бере отырып, мен Орынбор қаласының Қырғыз республикасы үшін тарихи маңыздылығын көрсетуім керек. Біріншіден, Торғай облысының басқармасы Орынборда болғанын ескеру керек, демек, Торғай облысы тарихи түрде Орынбормен байланысты, өйткені Торғай облысының басқару орталығы осында орналасқан. Екіншіден, Қырғыз республикасындағы Кеңес үкімет жалпы Кеңес үкіметі сияқты тек ұйымдасқан пролетариатқа ғана арқа сүйей алады, ал бұл ретте Орынборды жалғыз ғана орталық деуге болады, БОАК Орынбор губерниясы мен Орынбор қаласын Қырғыз республикасына қосқан кезде, осыны негізге алды. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті осы арқылы Кеңес үкіметінің пролетарлық күшке сүйенуіне мүмкіндік бергісі келді.

Депутат сауалы:

- Қырғыз Орталық Атқару Комитеті қазір Түркістан Республикасының құрамына кіретін қырғыз облыстарымен бірігуді қалай және қашан және қандай нысанда бірігуді ойлайды?

Сейітқали Меңдешев:

- Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1921 жылғы 1 шілдедегі қаулысына сәйкес мен өз баяндамамда бұл мәселеде принципті түрде ешқандай түсініспеушілік туындамайтынын айттым. Іс тек нақты жұмыста ғана. Мен өз баяндамамда бұл іске кірісуге, оны жүзеге асыруға мүмкіндігіміз болмағанын айтқан болатынмын. Менің ойымша, болашақ ҚырОАК бұл облыстарды ҚССР-ға қосуды өз алдына кезекті міндет ретінде қояды деп ойлаймын.

Депутат сауалы:

- Орталықтағы және жергілікті жерлердегі кеңестік жұмыстарда отарлаушылардың зорлық-зомбылығы байқалмады ма, отарлаушылық қандай формада көрінді және ҚырОАК барлық шеткері жерлерде кең етек алған осы зұлымдықты жою үшін не істеді?

Сейітқали Меңдешев:

- Осы жерде, орталықта, отарлаушылардың ешқандай қысымы болмағанын мәлімдеуім керек. Қырғыз даласындағы жағдайды білмейтін және жұмысқа олақ қараған жұмысшылар, алайда қырғыз тұрмысымен таныс жұмысшылардың арқасында, қалай болғанда да мұндай жұмысшылар жойылды, ал жергілікті жерлерге келетін болсақ, өкінішке орай, бұл құбылыс әлі де бар, бірақ оны жою үшін қажетті шаралар қабылданды және қабылданады да.

Депутат сауалы:

- Басып алынған жерлерді қайтару кезінде қандай кедергілер болды? ҚырОАК декреттерін жергілікті органдар орындады ма? Декретті формальдылық деп атап, ал іс жүзінде қырғыз жерлерін одан әрі басып алуды ынталандыра отырып, бұрынғы рухта жалғастыра берген отаршылдық губерниялық атқару комитеттері мен губерниялық жер бөлімдерін басу үшін не істелді? Барлық басып алынған жерлер қайтарылды ма?

Сейітқали Меңдешев:

- Мен жерге меншік туралы, халықтың қандай да бір тобының жерге меншігі болуы туралы сөз болуы мүмкін емес деп айтқан болатынмын. Міне, басып алынған жерлерді қайтару туралы декретіміз осы жерлерде, тіпті басып алынған жерлерде тұрып жатқандардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етті. Егер басып алынған учаскеде еңбек шаруашылығы құрылған болса, онда ол жойылмайды, тек кулак шаруашылықтары өздігінен басып алған учаскелер ғана өңдеуге қолданылатын болады. Бұл жерлер, шын мәнінде, кері қайтарылуға жатады, және оларды қайтару үшін тиісті органдар шара қолданып жатыр, олардың кері қайтарылуы әлі аяқталған жоқ.

Депутат сауалы:

- Баяндамада патша үкіметінің қырғыздардан тартып алған жерлерін орыс халқынан қырғыз халқына беру туралы айтылған. Жері алынған орыс халқы бұған қалай қарады және осы мәселені жүзеге асыру кезінде тұрғындардың қоныс аударуы болды ма?

Сейітқали Меңдешев:

- Мен бұл сұраққа жауап бердім, бұл декретті мен орыс немесе қырғыз не болмаса қалмақ халқының қандай да бір тобының еңбек құқықтарын бұзу туралы айтқан жоқпыз деп айттым. Осылайша, біздің декрет жұмыс істейтін халықтың мүдделеріне әсер етпейді, біздің декрет тек қана ірі кулак шаруашылықтарының мүдделеріне әсер етуі мүмкін. Иә, бәлкім, бұл элемент кей жерлерде оған қарсы болған шығар, бірақ біз олармен санаспаймыз. Тұрғындардың қоныс аударуына қатысты сұраққа келер болсақ, ҚырОАК оны байқаған жоқ. Шындығында, қазір республикадан көшіп жатқандар бар, бірақ бұл жерді қайтару туралы біздің декретімізбен байланысты емес, бұл біздің республикамыз тап болған қасіретке ғана байланысты.

Съезд жұмысының қорытындысы бойынша құжат қабылданды

Қазақ АССР Кеңесі II съезінің қарары

«ҚАССР-дегі Кеңес өкіметі органдарының жақын арадағы міндеттері туралы»

10 қазан 1921 ж.

1. Кеңестік құрылыстың міндеті – кеңес органдарының жұмысына халықтың еңбекші бөлігінің өкілдерін тарту; бір жылдық тәжірибе көрсеткендей, бұл тапсырма тек екпінді ретінде қойылған жағдайда ғана орындалады.

2. Шешуді талап ететін нақты мәселелер:

а) Қазақтардан жұмысшы кадрларын дайындау.

6) Жергілікті Кеңес өкіметінің аппаратын жақсарту.

3. Курстарды, мектептерді және т.б. ұйымдастырудан басқа, қызметкерлерді даярлау жаппай сипатқа ие болуы керек, ол үшін практиканттар институтын ҚАССР-дің орталық органдарында да, жергілікті органдарда да жүзеге асыру керек.

Осы оқиғаның егжей-тегжейлерін әзірлеу және оны іс жүзінде жүзеге асырылуын ЖШИ Халық комиссариатына жүктеу.

4. Кеңес өкіметінің жергілікті аппараттарын жетілдіру мәселесінде қажет:

а) Әр ведомоствоның құқықтары мен міндеттерін нақты және айқын белгілеу; жергілікті жерлерде және орталықтарда функцияларды алмастырушылықты түпкілікті жою; кейбір органдардың өзінікі емес іске араласуын (мысалы, милицияның – неке ісіне), қызметін асыра пайдаланушы кейбір билік өкілдерінің әкімшілік бассыздықтарын тоқтату.

6) Қырғыздар мекендеген жерлер үшін Қазақтардың өз ортасынан милицияға алуға дереу кірісу .

в) Жергілікті жерлерде ана тілінде іс жүргізуді ұйымдастыруға дереу кірісу. Бұл Кеңес өкіметінің жұмысына еңбекші бұқараны тартуға және биліктің бұқараға жақындауына түрткі болады.