«Дон Кихотты» жазған әйгілі испан жазушысы Мигель де Сервантестің «Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы» дейтін ұлы сөзі бар. Бұл сөзге сүйенсек, тарих арқылы ұрпақтың, қоғамның, ұлттың, мемлекеттің өз-өзіне айнадан қарауына жағдай жасап, кеткен олқылықтар мен кемшіліктерді түгендеуге мүмкіндігіміз зор. Осы тұрғыдан бізге тарих оқулықтарының айна-қатесіз жазылуы, дәйектер мен деректердің бұрмаланбауы керек. Міне, сол мақсатты көздеген жас буын, дәлірек айтсақ, жас тарихшылар жетерлік. Соның бірі – жас тарихшы Әлішер Алдоңғар. «Zerdeli» білім орталығында қызмет ететін тарихшыдан сыр тартып, тарих оқулықтарының мектептегі жағдайын сұраған едік...
- Әлішер, тарих оқулықтарындағы бірді-екілі қателіктердің болуына немесе кейбір фактілердің бұрмалануына жол бермеу не үшін маңызды деп ойлайсың?
- «Тарихи фактілер мен тарихи оқиғалар бұрмаланбауға тиіс» деген көзқарасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылы 26 қаңтардағы жиында мәлімдеген болатын. ХХ ғасырдың басында «Сөздің ең ұлысы – тарих» деп Алаш партиясы һәм Алашорда үкіметінің мүшесі, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы жазып кеткен екен. Сондықтан да мемлекет деген алып діңгектің тіреушісі де, қозғаушы күші де, бағыт беруші шамшырағы да, ғасырларға толы дәуірлердің куәгері де – халықтың рухани болмысы оның тарихы саналады. Тарих – мемлекеттің тұтастығы мен бірегейлігі жолында тіршілік ететін ағза ғана емес, рухани ақыл ойдың дамуы екені анық. Тарих ғылымы тіршілік етіп, ортасына қарай өзгеріп, оған деген көзқарастардың, сан алуан пікірдің беріліп отыратыны анық. ХХ ғасырдың 20-90 жылдары өмір сүрген халықтың түрмесіне айналған КСРО мемлекеті билігі шағында ұлттық құндылықтарға шабуыл жасалып, түп-тамырымен тарихи жадты жоюға бағытталған шаралар жүргізілді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық пен іле-шала ұйымдастырылған қызыл террорға негізделген саяси режимнің ұлттық интеллигенцияға деген лаңкестік саясаты тарихи санада қалды. Сананың ашықтығы сынды ұғымдармен біте қайнасқан адами капитал құндылығының дамуы барысындағы жаһандану үдерісіне қадам басқан Қазақстан Республикасының парасаттылық, жоғарғы санадағы гумманизмге негізделген тарихы қалай жазылып жатыр? Ұлттық бірегейлікке негіздейтін және мемлекетшілдік, отансүйгіштік қасиеттерге серпін беретін азаматты тәрбиелеп шығаратын тарих болып қалыптасты ма? Мектеп оқулықтарының сапасы қандай? Міне, мені осы секілді сауалдар жиі мазалайды. Сол себепті мен де өзімді ұлттық тарихтың жоқтаушысы ретінде сезінемін әрі тарих оқулықтарының кемшіліктері туралы баяндағым келеді. «Қазақстан тарихы» порталына сұхбат берудегі берудегі мақсатым – қазіргі Қазақстан және дүниежүзі тарихы оқулықтары бойынша жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді жүйелі түрде көрсету. Бәлкім осы әңгімемізді санасының саңылауы бар біреулер оқып, жас тарихшылар тамшыдай болсын ой түйер, оқулық құрастыратын адамдар түзету енгізер деген болмашы ниет қана.
- Ендеше тарих оқулықтарынан өзің байқаған қателерді тізіп берсең...
- Біріншіден, оқулықтардың бәсекелестік ортаға берілуі салдарынан әрі мектеп оқулықтарының әртүрлі баспадан шығуының кесірінен оқулықтардағы ақпараттар «жер мен көктегі» сыңайдағы сипатқа келіп отыр. «Мектеп» және «Атамұра» баспаларының кітаптарындағы ақпараттар бір-бірінен бөлек. Ұлттық Біріңғай Тестілеу сынды сынақтар кезінде «Мектеп» оқулығынан келген сұраққа «Атамұра» баспасымен оқып жүрген оқушы қалай жауап береді?
Екіншіден, оқулықтардың сыныптар арасындағы байланысы мүлдем төмен. Мысалы, 6-сыныптың Қазақстан тарихы оқулығында «Шыңғысхан 1224 жылы қайтыс болды» деп көрсетілген. Бірақ сол ақпарат 6-сыныптың екінші оқулығы мен 10,11-сынып оқулықтарында 1227 жылмен көрсетілген.
Үшіншіден, себеп – анық тарихи желіге сүйенбеген ақпараттардың болуы. Мысалы, 6-сыныптың оқулығында Қимақ қағанатының құрылуы туралы «Тайпаның өз алдына бөлектенуі Батыс Түрік қағанатының құлауы барысында 656 жылы іске асты» дегенді жазып қойған. Ғылыми-тарихи еңбектерге сүйенсек, Батыс Түрік Қағанаты 704 жылы саяси сахнадан мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатқан.
5-сынып оқулығының бірінде ғұн тәңірқұтын «Мөде қаған» деп берсе, екінші кітапта «Шөже қаған» дейді. Тарихи ақпараттарда біркелкілік болуы қажет деп санаймын. Дәл осы секілді ақпараттарда(6-сынып/11-сынып) Иштеми – Дизибул/Сизибул деп берілген. Тарихшы мамандардың білетін ақпаратын 5-сыныптың баласы қайдан білсін?
6-сыныптың оқулығында «ХІ ғасырда қыпшақтар Жетісумен қатар бүкіл Қазақстан жеріне үстемдік етті» деп жазылған. Сонда «942-1212 жылдары Жетісу жерінде өмір сүрген Қарахан мемлекеті билігі қайда болды?» деген заңды сұрақ туады.
6-сыныптың оқулығында көрсетілген Түркі жұртының негізі саналатын теле тайпаларының саны 30 болса, 10-сыныптың оқулығында 15 тайпа деп көрсетілген.
10-сыныптың кітабында «Адамзат тарихындағы жылқы өсірушілердің алғашқы мәдениеті Ботай қонысы б.з.б 3700-3100 жылдары өмір сүрді» деген тіркес бар. Ал дәл осы ақпарат 5-сыныптың кітабында өзге нұсқада берілген.
6-сынып оқулығы бойынша Ұйғыр қағанаты 744 жылы құрылса, 10-сынып бағдарламасы бойынша 745 жылы өз іргесін қалаған.
6-сынып бағдарламасы бойынша Алтын Орда ханы Өзбектің билік еткен жылдары 1312-1342 жылдарды құраса, 10-сынып бағдарламасы бойынша 1313-1341 жылдарды қамтыған екен.
6-сынып бойынша Батудың батысқа жорығы 1236-1242 жылдарды құраса, 10-сынып бойынша 1237-1242 жылдарда болған екен.
6-сынып бағдарламасы бойынша 1518 жылы қайтыс болған Қасым хан 10-сынып бағдарламасы бойынша 1519-1520 жылдары әскери жорықтар кезінде ноғайларды бірнеше рет жеңіліске ұшыратып, Қазақ жерін кеңейтіп жүр екен. Мәселен, осы жерде неге тарихи деректер бойынша көрсетпеске, «1518 жылы М.Х.Дулати дерегі, 1523 жылы орыс деректері бойынша» деп.
6-сынып бағдарламасы бойынша Бұхара маңында 1598 жылы қаза тапқан Тәуекел 10-сынып бағдарламасы бойынша 1599 жылы Сырдария бойындағы қалаларға шабуыл жасап жүр.
10-сынып бағдарламасы бойынша Ташкент қаласын Ресей империясы 1866 жылы жаулап алған екен. Жалпы тарихи деректерге сүйенсек, қамалды 1865 жылы жаулап алған.
10-сынып бағдарламасында «Қазақ КСР-і басшысы Д.Қонаевты қызметінен босатып, Т.В.Колбинді тағайындауға» деген тіркес бар. Генадий Колбиннің есімі неге «Т» болды екен?
6-сыныптың бағдарламасында Жошы ұлысын сипаттағанда «әлемдегі ең ірі, бай» тіркестері қолданылады. Қандай деректерге сүйенген?
6-сынып бағдарламасында «Жошы ұлысы барлық қазақ жерін алып жатты» деген тіркес бар. Сонда Шығыс Түркістан, Жетісу мен Мәуереннахрдағы Шағатай ұлысы қайда кетті?
6-сынып бойынша Батыс Түрік Қағанаты тақырыбында «Ұлы Дала» Алтай мен Қара теңіз аймағын қамтыды десе, дәл сол кітаптың Монғол империясы тақырыбында Алтай мен Дунай өзені аралығы ретінде көрсетілген. Тарихи оқиға мен кеңістіктің бірегей жүйесі жоқ. Л.Н.Гумилевтің «Киев Русі және Ұлы Дала» еңбегі бойынша алады.
10-сыныптың дүниежүзі тарихы оқулығында бірінші дүниежүзілік соғысты бір аптаға ерте бастап жіберген.
6-сынып бағдарламасында «1241 жылы Бату әскерлері жеңіске жетіп, Адрият теңізіне шықты» деген. Ол тарихи дерек қандай ғылыми еңбекке сүйеніп жазылған? Шығыс Еуропа, Московиядан Новоградқа дейінгі жерді жаулап алған Бату қалайша Адрият теңізінен бір-ақ шықты?
- Иә, сені тарихшы ретінде толғандыратын мәселенің, анығын айтсақ, тарих оқулықтарындағы қателіктердің көп екенін түсіндік. Сеніңше, бұған кім жауапты?
- Жоғарыда келтірілген қателіктерді тарих оқулықтарынан жиі байқауға болады. Ғылым докторлары, жауапты хатшы, баспа ма? Кінәліні іздейтін уақыт емес, жүйелі қайта қарауды қажет ететін үлкен мәселе деп ойлаймын. Тәуелсіз Қазақстаннан болашақтың тірегі болатын жастардың үдере көшу себебін жиі іздейміз. Бірақ оған әсер ететін факторларды атап, онымен күрес жүргізудің себебін қарастырмаймыз. Болашақта шығатын кітаптардың сапасы жоғары, ең бастысы әр кезеңді өзінің маманы жазса деген ізгі ниет пен үміт бар.
- Уақыт бөліп, сұрағыма нақты жауап бергеніңе көп Рақмет!