Батыр, қаламгер Жәлел Қизатов
29.11.2021 2620

Жәлел Қизатов – қазақ халқынан туып шыққан Ұлы Отан соғысының қаһармандарының бірі. Кеңес Одағының батыры, еңбек және соғыс ардагері, қоғам қайраткері Жәлел Қизатұлы Қизатовтың өмірі мен шығармашылығы туралы тоқталып өтуді жөн көрдік. Қазақ халқынан шыққан даңқты батыр Жәлел Қизатов – ІІ дүниежүзілік соғыстың ең үлкен бөлігі – Ұлы Отан соғысында барша совет жауынгерлерімен қатар, қазақтар да жан аямай соғысты. Жүзге тарта қазақ Кеңес Одағының батыры деген ең жоғарғы атаққа ие болды. Солардың бірі – Жәлел Қизатов.


Жәлел Қизатов 1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданының Қарғай аулында дүниеге келеді. Жәлел Қизатовтың қазақ жөнмен алғандағы ата-тегі – арғынның қарауыл руынан тарайды. Қарауыл өз ішінен 8 атаға бөлінсе, солардың бірі – Жақсылық руы. Жақсылық Баян, Түгел, Малтабар, Құлтабар, Тәңірберді, Құдайберді деген алты атаға бөлінеді. Құлтабардан Тілеп, одан Байұзақ, одан Қыдырбай, одан Жолды, Жолдыдан Бекмағамбет. Бекмағамбеттен Қизат, Баһрам, Мұхаммади, Кенжеғали туады. Батырдың әкесі Қизат Бекмағамбетұлы 1922 жылы 33 жасында қайтыс болады. Екі жасында әкеден жетім қалған Жәлел атасы Бекмағамбет пен анасы Жамалдың қамқорлығында өседі. Анасы Жамалды қазақтың әмеңгерлік салтымен Баһрамға қосады. Атасы Бекмағамбет Жолдыұлы өте қарулы, қандай үлкен арлан қасқырды бір ұрғанда, құлатып түсіретін, жаяу жүргенде ешбір адамға жеткізбейтін, ширақ адам болыпты. Әкесі Қизат Бекмағамбетұлы өзінің жерлесі Үкілі Ыбырайдың, Ақан сері мен Біржан салдың әндерін нақышына келтіріп, тамаша орындайтын, асқақ дауысты әнші болған екен. Анасы Жамал Сәбиқызы жасынан «Шебер Жамал» атанып, сол төңіректегі елдің белгілі тігінші шебері ретінде танылғандығын Жәлел Қизатұлы жазып қалдырған.

Жәлел Қизатов туып-өскен Жалғызтаудың баурайындағы ойдым-ойдым орманды, шалғын жазықты далада қазақтың небір әйгілі тұлғалары өмір сүрген.

 

Жәлел Қизатов туып-өскен Жалғызтау өңірімен қанаттас өлкеде дүниеге келген әйгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықов жерлес батыр жайындағы жадында қалған естелігін былай деп жырлаған екен:

 

Жәлелді көрдім жасымда,

Ауылға келген Есілден.

Ұқсады отты жасынға,

Ешқашан кетпес есімнен.

Отырды батыр қақ төрде,

Сыпайы күліп, ерленбей,

Құбылыс біздей жас төлге,

Қобыландыны көргендей.

Басында шашы толқындап,

Желпінген талдай еседі.

Атамды отыр ол тыңдап,

Өмірді айтқан кешегі.

Көрінді атам қарлы күз,

Жас батыр гүлді көктемдей,

Сымбатты екен нұрлы жүз,

Қабағы ашық өткелдей, - 

деп бала күнінде өз аулында, майданнан оралған Жәлел батырдың бейнесін өлеңмен бейнелейді. Жәлел Қизатовтың өзгеше бір қыры – жастайынан өлең-жырға құмар, ән мен күйге құлағы түрік азамат болғандығы. Оның да өзіндік себебі бар еді. Тек Есіл-Көкше өңірінің ғана емес, күллі қазаққа әйгілі Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар, одан бергі Молдахмет Тырбиев, Сұлтанмұрат Әміреұлы қатарлы әйгілі әншілер осы өлкеде туып-өскен адамдар еді.

 

Жәлел Қизатов та есейе келе өз жанынан өлең шығарып, жырмен, қара сөзбен туған жері туралы жазбалар қалдырады. Осының айғағы: Жәлел Қизатұлының 1995 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Өмір мен өлім» атты кітабы. Аталған кітапта «Өмір мен өлім» деректі хикаяты мен «Ақан батыр» поэмасы топтастырылған. 2000-жылы Жәлел Қизатұлы дүниеден өткеннен кейін бір жылдан соң, 80 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласындағы «ХХІ ғасыр» баспасынан «Шарболат» атты шағын жинақ жарық көрген. Онда Жәлел Қизатұлы жайындағы тұстастарының естелігіне қоса, бірнеше ақынның арнау өлеңдері, өзі жазған жырлары берілген. 

«Өмір мен өлім» хикаятында батырдың туған жері туралы толғаныс-суреттеулері бар: «Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан облыстарының шекарасында Жалғызтау атты тау бар. Бұл атақты Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының ата мекені. Таудың өңірі мен жотасын жапқан қалың қайың мен қарағай көз тұндырады. Қайыңның іші – шие, төңірегі жидек. Көкше өлкесінде Жалғызтау биік таудың бірі, көкке тиген төбесінен қысы-жазы бұлт кетпейді».

 

Жәлел Қизатовтың жазба мұрасындағы туған жер туралы толғамдарын оқығанда, майдан шебінде қайтпас батыр, бейбіт өмірдегі ерінбей еңбектенген іскер басшының көңіл толқынысын қазғаға түсіріп қалам тербер шығармашылық әлеуеттен де құр алақан болмағанын аңғарамыз: Батыр өзінің туған жері Жалғызтаудың алабы, онда туып-өскен белгілі адамдар туралы толғанысы қара сөзбен де, өлеңмен де беріліп отырған. Қызылжар туралы былай деп жазады: «Шіркін, Қызылжар! Ата-бабамның туып-өскен, көркің көктем, көкірегің көтеріңкі ерке де паң Қызылжарым! Ерлер мен серілердің мекені. Сенің батыр, сымбатты, сұлу інің Көкшетау екеуіңді білмейтін кім бар? Байтақ қазақ даласында сендерді жыр етпеген ел, мақтаны етпеген ер бар ма? Сонау шалғайдағы асқақ Алатаумен сыр шертісіп, Балқаштың күйін тыңдаған, Жетісудың кемеңгер ақыны Ілияс: «Әндері тым тәтті екен төменгі елдің», - деп неге бекер айтты дейсің!

 

Майда лебізді әдем әуенді Ақан сері, асқақ әнін алты қырдан асырған біржан сал, жиырма бес биенің сабасының қорындай Бертағының баласы Орынбай, Торанғұлдың аққуына үн қосқан Үкілі Ыбырай, адамзаттың ділмары, соқыр Шөже, арыстан блекті, жолбарыс жүректі, бұлбұлдай сайраған Балуан Шолақ – бәрін де сен, Қызылжар, алақаныңда аялап өсірген жоқсың ба?»

 

Расында да, алыстан қарағанда жазық даладағы жалғыз биік ретінде бірден көзге түсетін, Көкшетау тауларының ең қиыр солтүстігінде жатқан Жалғызтаудың басынан бұлт кетпейді. Батыр өзінің туған жері туралы былайша суреттейді: «Осы таудың бір жотасына шығып, күн батыс жағына көз тастасаң, теңіздей теңселіп жатқан Аяқкөл көлін көресің. Бұл – дөп-дөңгелек, көлемді көл. Жағасы жасыл шалғын мен қамыс қопасы. Ортасы жалтыр су. Дөңестеу жерден қарасаң, орталай құйған қымызы бар сырлы аяқтан айнымайды. Ертедегі шешен де тапқыр бабаларымыздың көлдің атын Аяқкөл қоюының себебі де осыдан болуы керек. 

Көлдің шығыс жақ дөңесінде, ақ қайың орманын әрдайым көк мұнар басып тұрады. Осы ағашты паналай қонған «Аяқкөл» аулы тұр. Міне, мен осы «Аяқкөл» аулында, 1920 жылы, Сібірде қарлы-жаңбыр араласып жауатын кезде – 9-қазан айында дүниеге келіппін». 

Батырдың дүниеге келген шағында өзіне ат қойылуын баяндаған төмендегі жолдардан ХХ ғасыр басындағы барша қазақ ауылына ортақ спатты аңғарамыз. Өзіне Жәлел деген аттың берілуі туралы мынадай дерек келтіріледі: «Ол кезде қазақта туған баланы тіркейтін заң орны болмаған. Әкем балаларының атын, туған жылын және күнін «Қисасы үл-әнбия» кітабының бірінші бетіне жазып қояды екен. Қазақ туған баласына шілдехана жасап, мал сойып, той жасамай қоймайды. Мен туғанда да үлкендердің айтуына қарағанда, үш күн, үш түн ойын-сауық болыпты. Ауылдағы Фарди атты татар молдасы азан шақырып, Ғабдол-Жәлел деп қойыпты бірақ ес білгелі өзімді «Ғабдол-Жәлел» деп атаған кісіні көргенім жоқ. Туыстарым да, басқалары да қосалқы атымның бірінші жартысын алып тастап, тек «Жәлел» деп кеткен көрінеді».

 

Бала Жәлел 1927 жылы туған аулы Қарағайдағы мектептің (бұл білім ордасы осы күні батырдың атында) бірінші сыныбына қабылданады. Ол кезде жеті жастағы балалар мектепке бара бермеген. Жәлелмен бірге жасы өзінен екі есе үлкен бозбалалар да оқиды. Ауыл мектебін бітірген соң Қызылжар қаласына оқуға аттанып, ФЗУ мектебінде оқиды. Оны бітіріп келген соң 1934 жылдың күзінде «Бұлақ» кеңшарында есепшілік қызметке орналасады.

Осы жылы кеңшар әкімшілігінің сұрауымен Айыртау ауданы орталығы Саумалкөлде екі айлық есепшілер курсында оқиды. Ақжар (Покровка) селосындағы Ленин атындағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түседі. Осы оқу орнында болашақ қоғам қайраткері, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін ұзақ жылдар атқарған болған мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовпен бірге оқиды. 

Ауылшаруашылық техникумын бітірген соң «Қарағай» аулындағы бастауыш мектептің меңгерушілігіне тағайындалады. Бұдан соң Қызылжар педагогикалық институтының тарих бөліміне түсіп оқиды.

1940-жылы 8-ақпанда әскери комиссариаттан шақырту алып, әскерге аттанады. Қызыл Армия қатарында Украинаның Чернигов облысы, Нежин қаласына әскери борышын өтейді. Ол тұста Кеңес Армиясы Финляндиямен соғысып жатқан болатын. Аталған соғыс аяқталысымен, Кеңес Армиясы немістермен соғысқа дайындала бастайды. Жәлел Қизатұлы құрамына кірген әскери бөлім Ұлы Отан соғысы басталғанда Одесса маңында майданға араласады. Новороссийск, Симферополь қалалары үшін шайқасады. 157-атқыштар дивизиясы, 422-артиллерия полкы Қырым аймағында әрекет етеді. Майданның қызу шағында Жәлел Қизатұлы Сталинградқа командирлер дайындайтын курсқа оқуға аттанады. 1942 жылы қазан айында оқуды бітіріп, Сталинград майданына қайтадан соғысқа кіреді. 1943 жылдың 28-қыркүйегінде 14-Чернигов гвардиялық атқыштар дивизиясы, 4-батальонының взвод командирі Орел-Курск соғысына қатысады. Чернигов қаласын азат еткендегі ерлігі үшін Бас Қолбасшы, Кеңес Одағының Бас хатшысы, маршалл И.В.Сталиннің бұйрығымен командир Жәлел Қизатовқа алғыс жарияланады.

 

Бастапқы жылы Сталинградқа дейін шегінген Кеңестік Қызыл Армия 1942 жылдан бастап барлық майданда жаудың шабуылын қайтадан кері тойтара бастайды. Украина жеріне енген кезде Днепр өзенінің мықты қорғанысына тап болады. Жоғарғы Командованиеден Жәлел Қизатов басқаратын взводқа Днепр өзенінен өту үшін, оң жағалаудағы жаудың атыс нүктелерін барлау, Кеңес әскерлері өтетін өткел іздестіруге бұйрық беріледі. Взвод шапшаң маневр жасап, іңір қараңғысында өзен жағасына келеді де, қайықтармен арғы жағаға шығып, немістердің қорғаныс окоптарының жүйесі мен жасырын жолы бар 12 блиндажын анықтайды. Қизатов взводы блиндаждарды қоршап, плацдармды басып алады. Таңертең жау 5 танкінің қолдауымен шабуылға шығады. Қизатов радио арқылы артиллерияшылармен байланыс жасайды. Артиллерияның күшті атқылауынан кейін жаудың жаяу әскерлері танкілерден бөлініп қалады. Взвод бірнеше танкіні қиратады. Жау кеңес әскерлері позициясына жақындап қалғанда артиллеристер жауға оқ боратады. Днепр өзенінен өтер кезде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Жәлел Қизатовқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1944 жылы Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.

Осылайша, Отан алдындағы борышын жанқиярлық ерлігімен өтеп, өшпес ерлік жасап қазақ халқын кеңес әлеміне паш еткен батыр жеңіспен елге оралады. Жәлел Қизатұлы осы кездегі көңіл-күйін былай деп өлең жолдарымен берген екен:

Сағындым Сарыарқаның кең даласын,

Ағайын, туыстардың кәрі-жасын,

Сағындым туған жердің топырағын,

Сұлу, ерке Көкшенің тау мен тасын.

Сағындым көк Есілдің атырабын,

Қарағай, аққайыңның жапырағын,

Сағындым Солтүстіктің Жалғызтауын,

Төсінде ойға батып отыратын.

Сағындым, аналарды, аталарды,

Бірге өскен інілерді, аталарды.

Сағындым қарындастар, жеңгелерді,

Қарағай, Бұлақ, Ақтас, жоталарды.

Сағындым Тораңғұлдай таза көлді,

Кір жуып, кіндік қаным тамған жерді.

Сағындым айналайын туған елді,

Қарсы алшы, қан майданнан балаң келді[2,5-бет].

 

Майданда ерлік көрсеткен Жәлел Қизатұлын дивизия командирі, генерал Кирсанов елге 45 күндік демалысқа жібереді. Туған жерге келіп, Бұлақ кеңшарына көшкен шешесі Жамал мен қарындасы Қарапаға барып жолығады. Осы кезеңде жары Шәмшібануға үйленеді. Демалысы біткен соң жолдасын Қызылжарға қалдырып, дивизия командирінің тапсырмасымен Орал қаласына аттанады. Онда еңбекші халықпен кездесіп, майдан туралы әңгіме-сұхбаттар өткізеді. 

Жәлел Қизатұлы 1945 жылы Ленинградтағы Жоғары артиллериялық офицерлер мектебін төрт ай оқып бітіреді. Соғыста қаза тапқан досы, Ақмола облысы, Атбасар ауданы «Қосбармақ» аулынның тумасы Ақан Құрманов туралы «Ақан батыр» атты поэмасын жазады. Жәлел Қизатұлы капитан шенімен запасқа шығады. Қазақ деген батыр халықтың қаһарман ұлдарының бірі ретінде тарихта мәңгі қалды. 

1944 жылы қаңтардың 15 күні СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы жарияланады: «Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын тамаша орындап, Днепрден өткенде көрсеткен асқан ерлігі мен батырлығы үшін СССР Жоғарғы Советінің Президиумы өзінің 1944 жылғы 15 январьдағы Указы бойынша төмендегі солдаттар мен кіші командирлерге, офицерлер мен генералдарға Совет Одағының батыры атағы берісін!» - дей отырып, Жәлел Қизатовтың аты-жөні жазылған газетті Жәлел Қизатов әскери госпитальде жараланып, емделіп жатып естиді.

Әскери оқу орнын бітіріп, Алматыдағы Дала әскери округіне жолдама алады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жұмысқа орналасуға бөлінген Жәлел Қизатұлының ендігі өмірі ауылшаруашылығымен байланысты болды. Алматыдан сұранып жүріп, анасы мен іні-қарындастарын асыру үшін Солтүстік қазақстан облысына жолдама алып, Солтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасарлығына тағайындалады. Қызылжарға келген соң бірнеше жыл жемісті қызмет атқарады. Қызылорда облысы астық және жем дайындау басқармасының бастығы т.б. қызметін атқара жүріп, әрқашан адалдық жолында болады. 1952 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия мектебін бітіреді. 2 рет Ленин орденімен, 1-дәрежелі Отан соғысы, 3 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталады.

 

Осы жылдар туралы батыр былайша түйіндеген екен: «Қиыншылық та аз болған жоқ. Хрущевтің асыра сілтеуі мен субъективизміне қарсы шығып, жазаландым. Бірақ қорқып, тайсалғаным жоқ. Пікірімді ашық айта білдім. Ұлы Отан соғысында жүз өліп, жүз тірілдім десем, артық болмас. Жолдастарым маған: «Сен көйлегіңмен туған шығарсың, болмаса өзіңнің оққағарың бар шығар», - деп айтып, қауіпті тапсырманы орындап келгенде құттықтай күлісетін. Сондай-ақ, бейбітшілік өмірде, Москваның, орталықтың заңсыздықтарына, олардың ойларына келгендерін істеп, біздің халқымызы, әсіресе қазақ халқын қыспақты қысымға ұшыратқаны үшін қарсылық білдіргеніме орай қандай қатаң соққы беріп, ұлтшыл деген қарғы тақса да, бәрі өтірік жала болса да, өзімнің мойымағандығымды алға тарта аламын», - деп нағыз батыл да батыр тұлға екендігін танытады.

Қызылорда облысында қызмет істеген жылдарында да жемісті еңбек етеді. 1968-1987 жылдары Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы, 1988-1997 жылдары Қызылорда облыстық табиғатты қорғау қоғамы төралқа төрағасының орынбасары және төрағасы қызметтерін абыроймен атқарады. Арал өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шегушілерді әлеуметтік қорғу мәселелері бойынша заңды жетілдірушілердің бірі болды. Мәскеудің Қызыл алаңындағы жеңіс парадына екі рет қатысу мәртебесіне ие болады. 2 рет «Ленин» орденімен, «Октябрь революциясы» және І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен үш рет, «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдермен марапатталады.


Қызылорда облысында қызмет істеу барысында депутаттық өкілеттілігін пайдаланып, Байқоңыр мен Аралдың экологиялық пролемаларын көтеріп, ауыл халқына пайдасы тиеді.

 

Туған жер топырағыңнан айналайын,

Сағынып келгенімде аймалайын.

Таза бұлақ, ну орман, аппақ қайың,

Мен қалай жырға қосып толғамайын...

Жалғыз тау мұнара едің жеке біткен,

Күлімдеп күн қарайды шекеліктен.

Мекені Ақан сері, Ыбырайдың,

Сен сұлу – кең далада бойын күткен, -

деп жырлаған Жалғызтау өлкесіне өмірінің соңында жете алмаған екен. Жәлел Қизатовтың өз туындысындағы Ақан сері туралы деректері де тарихи, әдеби тұрғыда құнды болып табылады.

 

Кіндік қаны тамған Жалғызтау баурынан, Есіл-Көкше өңірінен туып шыққан батыр Жәлел Қизатов осылайша қасиетті Сыр бойында мәңгілікке тыныс тапты. Қиын-қыстау заманда ерлік көрсеткен батыры бейбіт заманның бұралаң жолын бастан кеше жүріп, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етті. Соңында өшпес ерлігі мен өнегесі, туған халқына арнап жазған жырлары мен хикаяты қалды.