Көші-қон – адамның тұрғылықты жерінен басқа мекенге белгілі бір себептерге байланысты қоныс аударуы. Оны көбіне әлеуметтік тұрғыдан «құбылыс» ретінде зерттейді. Қазақ тарихында «Елім-айлап» көшкен көштен бастап, бүгінгі күні шетел асқан толассыз ағын толастар емес. Өйткені өмір заңы, табиғат заңдылығы солай. Біз бүгін сөз еткелі отырған тақырып та – осы көші-қон мәселесі. Оның қазақ тарихында алар орны, бүгінгі күні алған бағыты қандай, оны кімдер жіті зерттеп жүр? Осы және өзге де сауалдарға жауап табу үшін Қазақстан жас әлеуметтанушылар форумының Төрайымы, әлеуметтанушы Айгүл Жанадиловамен тілдесіп, негізгі сұрақтарымызға қысқа да нұсқа жауап алған едік. Ендеше сол тақырыпта өрбіген әңгімемізді мәртебелі оқырмандардың назарына ұсынамыз!
Көші-қон мәселесінің қазақ тарихында алар орны қандай, елдегі миграциялық процесстер қай кезеңдерді қамтиды?
Шындығында, көші-қон тек біздің дәуірімізге тән жаңа құбылыс емес. Адамдар әрқашан жаңа мүмкіндіктер іздеумен немесе кедейліктен шығу, белгілі бір қақтығыстардан немесе табиғи апаттардан құтылу үшін қоныстарын өзгертіп отырған. Алайда дүние жүзіндегі көші-қон еуропалық экспансияның әсерінен жаңа сипат алды. Кастэльстің айтуына қарағанда, XVI ғасырда Еуропа аймақтарынан 59 миллионға жуық адам қоныс аударған. Бұған қоса ХІХ ғасырда орын алған өнеркәсіптік революция халыққа, қалалар мен ауылдардың өзіндік ерекшеліктеріне әсер етті. Кейіннен мұның бәрі ел ішінде және шетелде халықтың ауылдан қалаға жаппай қоныс аударуына тікелей әсер етті. Ал Қазақстан аумағында өмір сүрген тайпалар үшін «көші-қон» олардың өмірінің бір бөлігі болған. Түркі тайпаларының өздерін «көшпенділер» деп атауы тегін емес. Мысалы, бұл тайпалар қазіргі уақытта Орталық Азия мен Батыс Еуропа, Алтай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Венгрия елдерінде тұрады.
Қазақстандағы көші-қон процестері өзінің тарихи дамуына байланысты бірқатар ерекшеліктерге ие. Сыздықбековтың деректеріне сүйенер болсақ, XX ғасырда Ресей империясының, одан кейін Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан иммиграцияның негізгі үш толқынын бастан кешіргенін көреміз. Бірінші толқын Столыпиннің қоныстандыру саясатын жүзеге асыру кезінде Ресейдің орталық бөлігінен шаруалардың Қазақстанға қоныс аударуымен сипатталады. Екінші толқын КСРО-ның еуропалық бөлігінен Қазақстанға жұмысшыларды жаппай эвакуациялау жүргізілген Ұлы Отан соғысы жылдарында болды. Үшінші толқын тың және тыңайған жерлерді игеруде, сондай-ақ өнеркәсіптік нысандарды кең көлемде салу мен пайдалануды жүзеге асыру. Бұл КСРО-ның басқа республикаларынан Қазақстанға көптеген мамандар мен жұмысшылардың келуіне ықпал етті. Сонымен қатар эммиграция да жүзеге асты. Қазақстаннан Ресей өкіметінің сол кезде жүзеге асырған саясатынан қашып, басқа елдерге қоныс аударған қандастарымыз да көп болғаны жасырын емес.
Белгілі ағылшын әлеуметтанушысы, картограф Э. Равенштайн көші-қонның өзіне тән ерекшелігі ретінде ауыл тұрғындары қала тұрғындарына қарағанда көші-қонға бейім екенін жазады. Бұл теория әлемнің қай елінде де орындалатыны сөзсіз. Бірақ осы тұрғыдан ауылдан қалаға көшіп келген қазақстандықтардың сапасы қалай өзгереді?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ХІХ ғасырда орын алған өнеркәсіптік революция, кейіннен ғылыми революция халыққа, қалалар мен ауылдардың өзіндік ерекшеліктеріне әсер етті. Өнеркәсіптік революция кезінде шаруалар егістіктерді тастап, отбасын асырау үшін қалаларға көшуге мәжбүр болды. Қалада экономикалық тұрғыдан адамдардың өмір сүруіне, сапалы білім алып, мәдени дамуына қолайлы атмосфера туындады. Ауылдан қалаға көшіп келген қазақстандықтардың өзгеруін, адаптациясын жан-жақты қарастыруымыз керек.
Адам – әлеуметтік жаратылыс, оның қоғаммен қарым-қатынасы өте маңызды. Қалаға көшіп келген адам көбіне өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Оның бір себебі, ауылдық жердегі туысқандық қарым-қатынас, көршілермен байланыс өте тығыз болғандықтан. Қалаға келген сәтте адам осы қарым-қатынастың аз әрі әлсіз болуына байланысты «жалғыздықты» сезінуі мүмкін, содане барып, бұл жерден «индивидуализмнің» қалыптасуын көре аламыз. Қазақта қонақтың рөлі үлкен. Осы тұрғыдан талдап, айтып көрейін. Қалалық жерде үйге қонақ келуі үшін оларды арнайы шақыру қажет, көбіне ескертусіз келмейді. Себебі үйінде болмауы әбден мүмкін. Қонақ шақыру белгілі бір шығынды талап етеді, жалақының мөлшері көбіне қонақ шақырудың азаюына да алып келеді. Қонақ келсе де, оның саны шектеулі болады. Оған отыратын орындықтардың саны, төсектің артық болып-болмауы әсер етеді. Бірақ ауылдық жерде «орын жетпей қалады, ұйықтайтын жер табылмайды» деп уайымдамаймыз. Осылайша қала шалғайдан келген адамдарды өзіне бейімдейді, уақыт өте адамдарды өзгертеді.
Миграция заңына сәйкес, кез келген аумақтан екінші бір аумаққа көшу үдерісі болғанда, сол ортадан шыққан жергілікті тұрғындар бірін-бірі іздеп тұратыны «табиғи дүние» ретінде түсіндіріледі. Мысалы, Қытайдан, Моңғолиядан елге көшіп келген этникалық қазақтардың бірін-бірі іздеуі немесе Шығыс, батыс, оңтүстіктен басқа қалаға көшкен адамдардың бірін-бірі іздеуі заңды құбылыс болып есептеледі. Ал мұның екінші жағына үңілсек, «жершілдік» мәселесі қылаң беретіндей көрінеді. Санамызға әбден сіңіп қалған жершілдік мәселесі мен табиғи процесті қалай бөліп қарастыруға болады?
Ол тек адамның дүниетанымына байланысты мәселе. Әлеуметтанушылық тұрғыдан қарасақ, адамдар белгілі бір жерге көшкенде өзінің бұрын үйреніп қалған ортасын, өзіне тән мәдениеті мен менталитетіне сай адамдарды іздейді. Бұл – табиғи құбылыс, дегенмен уақыт өте адаптациялық кезеңді өткергеннен кейін басқа ортаға сіңісе бастайды. Тығыз қарым-қатынас бәріне үйретеді, бірақ ол бірнеше жылдарды қамтуы мүмкін. Менің айтарым, адамдарды жерге емес, адамгершілік қасиеттері мен құндылықтарына қарап бағалауымыз керек. Стеоретипті көзқарастан шығып, ол мәселеге басқа жақтан қарап көрген жөн. Бұл формуланы кез келген ситуацияға байланысты қолдануға болады. Сол кезде «жершілдік» проблемасы азаяды деп ойлаймын.
Әлеуметтанушы, Айгүл Жанадилова
Соңғы уақытта қазақстандық БАҚ беттерінде қазақстандық жастардың шетелге кетуі жиілегені жазылып жүр. Бұған не әсер етуі мүмкін? Жалпы жастардың өзге мемлекетке кетуіне қандай жағдайлар себеп болуы мүмкін? Бұл қауіпті ме, әлде қалыпты ма?
Жастардың шетелге кетуі, сонда қалып қоюы – мен үшін де өте қызықты тақырып. Әлеуметтануда «мидың ағуы (brain drain)» деген термин бар. Қысқаша айтатын болсам, мидың ағуы – елдегі білікті мамандардың шет елге көшуі. Ол өз адамын өзге елге жіберетіндер үшін қауіпті, инвестицияның кетуімен теңбе-тең. Себебі мемлекет бір тұрғын үшін көптеген энергия мен қаржы бөледі, маман ретінде дайындайды. Ол басқа елге көшкен сәтте, сол елге өзінің еңбегі арқылы пайда әкеледі. Қазақстандағы жастардың шетелге кетуі біздің ел үшін экономикалық, мәдени және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қауіпті. Оған итермелейтін көптеген себептер бар: салыстырмалы кедейлік, жұмыссыздық, теңсіздік, әлсіз институттар және сыбайлас жемқорлық, болашаққа деген сенімсіздік, білімнің қолжетімсіздігі, бюрократия, өмірге қанағаттанбау. Осылар белгілі бір деңгейде елден кетуге итермелейтін факторлар. Әр мәселенің ағы мен қарасы бар демекші, тек негативті тұрғыдан да қарауға болмайды. Бүгінде XXI ғасыр азаматы – өте мобильді, ол үшін барлық жағдай жасалған. Бір күнде басқа елге оңай ұшып барып-қайтуға болады. Шет елге кетіп, белгілі бір түрде дамып, білім алып, қайта келіп жатқан жастар көп. Еліміздегі жүйені, институттарды жаңа көзқарастар арқылы жақсы жақа өзгертуге болатынына сенімдімін.
Қандас пен жергілікті тұрғындар арасындағы тілдік, көзқарастық, танымдық түсініктердің мүлдем өзге болуы әлеуметтік тұрғыдан қаншалықты зерттеліп жүр? Одан бөлек, басқа елден көшіп келген өзге ұлт өкілдері мен жергілікті қазақтар арасындағы ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау үшін не істеуіміз керек?
Өз тәжірибеме сүйенетін болсам, дүние жүзі бойынша сіз айтқан «қандас» пен «жергілікті тұрғындар» арасындағы тілдік және танымдық түсініктердің өзгеше болуы, әлеуметтанушылар және басқа әлеуметтік саланың мамандары тарапынан жан-жақты зерттеліп жатыр. Қазақстанда да кем дегенде он шақты мамандардың бұл мәселені тың зерттеп жүргендеріне куә болдым. Екінші мәселе, ұлтаралық қақтығыстарға байланысты. Тарихқа үңілетін болсақ, ұлтаралық келіспеушіліктердің көп болғанын және жалғасып жатқанын көріп келеміз. Бұл қақтығыстардың өрбуі әлеуметтік, саяси, экономикалық, гендерлік мәселелерге байланысты болуы мүмкін. Еліміздің ұстанатын бағыты – толеранттылық. Яғни, басқа ұлттарды бөліп-жармау. Осы ұстаныммен толықтай келісемін, алайда ол қай дәрежеде орындалып жатыр? Бұл – өте маңызды сұрақ. Ұлттың сақталуы, дамуы үшін төрт маңызды көрсеткіш керек. Олар: тіл, діл (менталитет), дін және мәдениет. Басқа елден көшіп келген өзге ұлт өкілдері мен жергілікті қазақтар арасындағы ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау үшін үкімет тарапынан келесідей шаралар қабылдануы керек. Ең алдымен – мектептерге көңіл бөлу. Яғни, ұстаздар адамды ұлтына, дініне және нәсіліне қарап бөлмеуі керек және «бөлуге болмайтыны» жайында балалармен, ата-аналармен түсіндірушілік жұмыстар жасауы қажет. Қағаз жүзінде емес, шынайы түрде. Әр адам өзінің және басқа ұлттың тілін, мәдениетін, ділі мен дінін құрметтеуі керек. Адам өзінің жеке дамуымен, білімін жетілдіруімен айналысқан сәтте ұлтаралық қақтығыстарға ұрынатын уақыты да болмайды деп ойлаймын.