«Тұңғыштар мекеніне» 220 жыл
12.11.2021 2356

 

Егер Бөкей көшпесе, жүрер едік біз қайда,

                                               Шекараны өзге жұрт басқа жерден сызбай ма?!

 

                                               Егер Бөкей көшпесе, Еділ-Жайық бетке алып,

                                     Құмнан аспай, қалың жұрт қалар ма еді тоқталып?!

 

                                                        Егер Бөкей таппаса ақ патшаның көңілін,

                                               Болжап білер кім бар-ды келер ұрпақ өмірін?!

 

                                                        Айтам енді бір тоқтам, сөзім емес ақырғы:

                                                                                     Батырлары бар елдің,

                                                                                     Хандары да ақылды!


Ақын Ғайса-Ғали Сейтақ жазған осы бір жыр жолдарымен ҚР Ұлттық музейінде шымылдығы ашылған «Бөкей Ордасы – ел мұрасы» атты көрме мағыналық, мазмұндық жағынан ерекше құлшыныспен басталды. Иә, Ресейдің, сол кездегі патша үкіметінің ықпалында бола тұрып, өзіндік басқару жүйесі орнаған Бөкей Ордасы тарих бедеріндегі көп тақырыпқа жүк екені анық. Ақыны мен батыры, ханы мен сұлтаны қарама-қайшылықта өмір сүрсе де, қазақ топырағындағы білім саласында, медицина саласында болған реформалар алғаш осы өлкеден бастау алған еді. Мұның бәрі – түптеп келгенде, дамуға, білім мен ғылымға деген ұмтылыстың жемісі.

Көрме аясында ХІХ ғасырда мәдениеті мен өнері, білімі мен сауда-саттық қатынасы дамыған орталық болған, Бөкей негізін қалап, Жәңгір жаңартқан тарихи мекеннің екі ғасырдан астам шежіресі көрініс береді. Оған қоса залда «Бөкей хан», «Жәңгір хан», «Бөкей Ордасындағы реформалар», «Исатай-Махамбет», «Ішкі Орданы басқару жөніндегі уақытша кеңес кезеңі», «Бөкей Ордасының атақты тұлғалары» және «Бөкей Ордасы ауданы» тақырыбында жәдігерлер орналастырылған.


Сонымен қатар іс-шара барысында «Бөкей хандығы – өркениет ордасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына музейтанушылар, тарихшылар, археологтар, этнологтар, этнографтар, өнертанушылар және ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Құлшар Мәлік Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Сарыарқа төсінде өтіп жатқан көрменің ашылу салтанатымен құттықтады.

- Өткен тарихымызға көз жіберсек, осыдан 220 жыл бұрын Бөкей Нұралыханұлы Еділ мен жайықтың арасына Кіші жүз қазақтарының көшін бастағанда басты мақсаты қазақ халқының ықылым заманнан жайлаған қасиетті мекенін кейін қайтару еді. Ол ұлы мақсат та жүзеге асты. Осы айтылған Жайықтың жоғары жақ бетінде қазір Батыс Қазақстан облысының 6 ауданы, Атырау облысының 2 ауданы орналасқан. «Тұңғыштар мекені» деп тарихта аты қалған Бөкей Ордасынан хан мен сұлтан да, ақын мен батыр да, көсем мене шешен де шықты. Күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Дина, қол бастаған батыр Исатай мен дауылпаз ақын Махамбет, Кеңес Одағының батыры Мәншүк пен Халық қаһарманы Хиуаз, ғалым(академик) Асан Тайманов пен дәрігер Мәжит Шомбалов, Қазақ автономиялық Кеңес социалистік республикасы Орталық комитетінің алғашқы төрағасы Сейітқали Меңдешев, одан бөлек Алма Оразбаева, қазақтан шыққан алғашқы генерал Шәкір Жексенбаев сияқты тұлғалар – осы өлкенің түлектері. Әрине, бұл тізімді жалғай беруге де болады. Алайда бастысы киелі топырақтан жаралған талай тұлғалар тек ел басына күн туғанда, қан майданда, жерін қорғауда ерліктің үлгісін көрсетіп қойған жоқ. Бейбіт өмірде де еңбектің көрігін қыздырды. Тек соғыстан кейінгі 1948-1949 жылдары, яғни, осы 2 жылдың ішінде Бөкей ордасы ауданынан 25 азаматқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Тарихы терең, киелі де қасиетті Бөкей Ордасының өткені мен бүгінін көрмеден тамашалай алатын боласыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ауданымызға қазір қатқыл табанды жол салынып жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығында облыс орталығынан 600 шақырымда орналасқан Бөкей Ордасы ауданына, ауылдық елді-мекендердің көпшілігіне табиғи газ бен ауыз су жеткізілді. Әлеуметтік обьектілер, білім, денсаулық, мәдениет, спорт ғимараттары жөнделді. Кейбірі жаңадан салынды. Тұрғындарымыздың тұрмысы түзелді. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз мәңгілік болсын!-деді ол.


Ал көрменің ашылуына орай алыстан арнайы ат басын бұрып, БҚО, Бөкей Ордасы ауданының әкімі Даумов Нұрлыбек Жасқайратұлы да келген еді.

- Құрметті, бүгінгі іс-шараға қатысушылар, қадірменді қонақтар! Біріншіден, осы көрме мен конференцияны ұйымдастыруға мүмкіндік берген, жан-жақты қолдау көрсеткен ҚР Ұлттық музейінің басшылығына және ұжымына үлкен алғыс айтамын. Батыс Қазақстан облысының мақтанышы – «Тұңғыштар мекені» деп атанған Бөкей Ордасының тарихының тамыры тереңге жайылған. 220 жылдың ішінде киелі мекенімізден бірталай тұлғалар, атақты күйшілер, ғалымдар, батырлар шыққан болатын. Мұның бәріне мұрындық болған Бөкей ханның ұлы Жәңгірхан екені сөзсіз. Заманнан озып, өзі кезінде Хан ордасында білім мен ғылымды, медицина мен орман шаруашылығын және басқа да салаларды дамытуға үлес қосты. Бүгін Ұлттық музейде өтіп жатқан көрме киелі мекеніміздің бай тарихын барша елордалықтарға, қазақстандықтарға ұлықтаумен қатар, тарихқа деген қызығушылығын оятады деп сенемін. Елорда төрінде, ҚР Ұлттық музейінде Бөкей ордасының 220 жылдығының аясында көрменің тұсаукесері өтіп жатыр. Бұл – Бөкей ордасы ауданында орналасқан «Бөкей Ордасы» тарихи музей кешенінде 1801 жылы Ішкі Орда құрылғаннан бастап барлық кезеңдер қамтылған. Көрменің мақсаты – халқымызды бай тарихымызбен таныстыру. Бөкей Ордасын Тұңғыштар мекені деудің негізгі себебі: 1841 жылы Жәңгірханның алғаш болып қазақ-орыс мектебін ашуы, аурухананы салуы, обаға қарсы екпе жұмыстарын жүргізуі, бактериологиялық станса салуы, банк жүйесінің пайда болуы, сонымен қатар орман шаруашылығын дамытып, құм басу процесін тоқтату үшін ағаш егуі. Міне, аталған дүниелер Жәңгірхан атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Ал одан өзге бұл киелі топырақтан қазақ ғылымына, өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың шығуы «Тұңғыштар мекені» дейтін сөзімізді айғақтай түседі!-деді Н. Даумов.

Көрме барысында Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасынан келген музейдің қызметкерлері жиналған көпшілікке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хандық дәуір кезіндегі қолданылған бұйымдарды таныстарды. Сонымен қатар көптеген тарихи дәйектерді мысал қыла отырып, маңызды ақпараттардан құлағдар етті. «Қазақстан тарихы» порталы да сол жердегі куә болған маңызды мағлұматтарды оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отыр...

Тарихи фактілер:

1942 жылдың тамызында соғыстың от-жалыны Еділдің төменгі жағалауларын, онымен іргелес жатқан Орда ауданын, соның ішінде Сайқын селосын шарпи бастады. Станция шұғыл соғыс жағдайына келтіріліп, Сталинград, Оңтүстік Шығыс майдандарының таяу тылына айналды. Қыркүйектің 22-сінен 23-іне қараған түні Сайқын, Шоңғай станциялары және аудан орталығы Орда жау авиациясының шабуылына ұшырады. Сталинград майданының тікелей қажетін атқаратын темір жол линиясы болғандықтан, оны қорғауға барлық күш жұмылдырылды. Басқыншылардың әуе шабуылын тойтару үшін 1942 жылдың 24 қыркүйегінде Орда поселкасында Мемлекеттік Әуе Флотының Киевтік авиатобының бас отряды орналасады. Жау шабуылы 1942 жылы қазан, қараша айларында өте күшті болды. Орда ауданының шаруашылығына, соның ішінде Шоңғай станциясына, Калинин атындағы колхозға, Орда орман шаруашылығына үлкен шығын келтірілді. 1942 жылдың қазан-қараша айларында Жәнібек, Сайқын, Шоңғай теміржол станцияларына және Орда ауылына 11 рет жекеленген, 22 рет топталған түрде 138 неміс ұшақтарының қатысуымен 538 бомба тасталды. Аудан соғыс жағдайында болса да, майданға көмек ұйымдастырып, эвакуацияланғандарды қабылдады. Осы кездерде Ордада әйел адамдардан жасқталған атқыштар мен санинструкторлар дайындайтын курстар болды.


1942 жылы Орда ауданы, Шоңғай стансасының маңында жау бомбасынан қаза болған 196-шы Қызыл Тулы Гатчинск дивизиясы жауынгерлерінің жеке заттары: одеколон құтысы, спирт құтысы, портупея үзіктері, бинт, мүштектер, махорка сауыты, оқтар.

Қазіргі уақытта Бөкей Ордасы ауданының ауылдық округтар тізімінде 7 округ бар. Олардың құрамына Хан Ордасы ауылдық округі, Мұратсай ауылдық округі, Темір Масин ауылдық округі, Саралжын ауылдық округі, Ұялы ауылдық округі, Бисен ауылдық округі, Сайқын ауылдық округі кіреді.

Ал 1851 жылы Неплюев кадет корпусын бітірген Жәңгір мектебінің алғашқы түлектері: Аслангерей Бөкейханов, Зұлқарнай Нұралиханов, Мұхаметжан Бекмұхамедов, Мұхаммед-Салық Бабажанов, Мырзағали Саңғырықов, Жүсіп Ниязов, Мұхамед Қасымов, Мұхамед-Кәрім Наурызбаев, Исмаил Бөкеев.

1948 жылы КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен Орда ауданының 1 557 мың га жері Қарулы Күштердің қарамағына беріліп, ядролық сынақтар жүргізіле бастады. Сол кездері Орда ауданының құрманыдағы 17 ауылдық кеңесте 48 колхоз, 1 жылқы, 1 түйе зауыты, 2 МТС болды. 1952 жылы Орда ауданы таратылып, ауданның 19 колхозы Оңтүстік Қазақстан облысына және облысымыздың өзге аудандарына көшірілді.


Хан Жәңгір ел билеген тұста жүзеге асқан игі істер Уақытша Кеңес басқарған кезде де өз жалғасын тапты. 1862 жылы Ставкадағы мектеп жанынан көпшілікке арналған кітапхана ашылды. 1867 жылы Казначейство мекемесі, 1869 жылы қазыналық өрт сөндіру обозы мен 6 адамнан құралған өрт сөдірушілер отряды құрылды. 1870 жылы Ордаға ауа райын бақылауға арналған құрал-жабдықтар жеткізіліп, метеорологиялық станса өз жұмысын бастады. 1902 жылы тұтынушылар одағы ұйымдастырылып, 1908 жылы Хан Ставкасында обаға қарсы бактериологиялық станса ашылды.

Ішкі Орданың соңғы билеушісі, қазақ даласындағы хандық биліктің соңғы иегері Жәңгір Бөкейұлы төрт әйелмен тұрмыс құрған. Олардан он ұл, бес қыз сүйген. Ханның Ескендір Зұлқарнай атты ұлдары Неплюев училищесінде білім алған. Жастайынан оқудан гөрі шаруа мен дәулетке бейім Сейіткерей небәрі 23 жыл ғұмыр кешсе, Исмаил Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқып жүріп, 16 жасында көз жұмады. Бақтыгерей, Сәлімгерей атты ұлдары да жастай дүние салған. Ханның Сақыпкерей, Ибраһим, Ахметкерей, Ғұбайдолла атты ұлдары Санк-Петербургтегі Паж корпусында білім алған. Ханның зор үміт артып, хан тағының мұрагері деп таныған Сақыпкерей де, Орынбор және Самар генерал-губернаторы жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі офицер шенінде қызмет еткен Ибрагим де ерте қайтыс болды. Ахметкерей Ресей армиясында қызмет атқарса, Ғұбайдолла телеграф департаментін басқарған.

Қазақ ұлтына дарыған күйшілік өнердің көгінде шарықтап, мәңгіге қадірі тарамайтын туындыларын туған елге тарту еткен Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлы – екі дәуірдің күйшілері. Екеуі тағдыры да, өнері де қамшы тініндей қатар өрілген күй өнерінің дүдүлдері.


1911 жылы Ордада алғаш рет «Қазақстан» деген атпен газет шығарыла бастады. Бұл газетті шығаруды Б. Қаратаев, Ғ. Мұсағалиев, Ғ. Қараш, Ш. Бөкеев, Б. Құлманов, т.б қазақ зиялылары ойластырған болатын. 1913 жылдың аяғына қарай қаржының жетіспеушілігі мен патша әкімшілігі цензурасының қысымшылығына байланысты газет өз жұмысын тоқтатты. 1917 жылы Ордада жұмасына екі рет Ғ. Мұсағалиевтің ұйымдастыруымен «Ұран» газеті басылды. Көп ұзамай демократиялық бағытты ұстанған «Ұран» газеті де жабылды. 1918 жылы Кеңес үкіметін нығайту мақсатында Мәскеудегі Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариатының Қазақ бөлімі Ордаға көшірілді. Қазақ бөлімінің төрағасы М. Тұнғашиннің қолға алған басты істерінің бірі халық арасында Кеңес идеясын насихаттау үшін баспа ісін ұйымдастыру болды. Баспа бөлімінде қазақ тілінде кітапшалар, үгіт-насихат парақтары басылып тұрды. Ордадағы баспа ісі туындаған қайшылықтарға қарамастан, қысқа мерзім ішінде құрылды. Шаруалар, жұмысшылар, қазақтар, қызыл әскерлер мен балық аулаушылар депутаттары Кеңесінің Облыстық Атқару комитетінің органы «Хабар» газеті баспаханадан жарық көрген алғашқы басылым болды. 1919 жылы «Қазақ дұрыстығы» газеті дүниеге келіп, газет сол жылы ақпан айынан бастап «Дұрыстық жолы» атауымен шыға бастады. 1919 жылы Орда баспаханасында қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық, әдеби «Мұғалім» журналы жарық көрді.

P. S. «Тұңғыштар мекені» деген атқа ие Бөкей Ордасында шынымен-ақ, қазақ даласындағы тұңғыш іргелі орындар бой көтеріп, қазақтың небір зиялы өкілдері дәл осы топырақта һәм құмда дүниеге келді. Бізді ең бір қызықтырғаны – Ордадан білімді, сауатты қазақ қыздарының көптеп шығуы. Әдетте сол кездің өзінде де «дәстүршіл», діни түсінікте әйел адамдардың ғылым-білімге ұмтылғаны құптала бермейтіндей көрінетін. Ал Ордадан шыққан қазақ қыздарының арасында Теңдік үшін күрескен, Мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаева, тұңғыш инженер-металлург Мәдина Бегалиева секілді ірі тұлғалар да болды. Мұның бәрі сол жерде ашылған қыздар училищесінің, дәлірек айтсақ, білім ордасының таным көкжиегін кеңейтуге қосқан үлесінің арқасында болса керек. Бөкей Ордасының негізін Әбілқайыр ханның немересі, Нұралының баласы Бөкей хан қалағанмен, оның нақ гүлденген, көркейген шағы хан Жәңгірдің тұсында екені сөзсіз. Оны тіпті кейбір зерттеушілердің қазақтан шыққан тұңғыш білімді хан деуі де тегіннен тегін емес. Мәселен, хан Жәңгірдің атақты лингвист Дальмен, химик Бергманмен тығыз қарым-қатынаста болуының өзі көп нәрседен хабар береді. Одан бөлек қазынадан қаржы жұмсап, оқушыларды шет елдегі жоғары оқу орнына жіберуі, емтиханды өзі қабылдауы оның білім-ғылымға деген ерекше құлшынысын айғақтай түседі. Білім мен танымды қатар алға қойған игі дәстүрдің арқасында қазақ ғылымына Бөкей Ордасында дүниеге келген Қазақ алфавитін жасаушы Закария Ерғалиевті, Физика-математика ғылымдарының докторы Асан Таймановты берді емес пе?! Енді осыдан кейін «Тұңғыштар мекені» демей көріңіз...