Бүгін біз ауыр атлетика өнері тарихында қазақ қыздары арасында тұңғыш Әлем чемпионы атанған спортшымыз Жазира Жаппарқұл туралы сөз етпекпіз. Ол сонымен қатар, ел тарихындағы қазақ қыздары арасында Олимпиада ойындарынан медаль алған тұңғыш спортшы саналады.
Жазира Жаппарқұл 2012 жылы Гватемала еліндегі Антигуа қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатында Жазира Жаппарқұл Әлем чемпионы атанды. Бас-аяғы сегіз күнге созылған байрақты бәсекеге әлемнің 52 елінен 440 спортшы қатысқан болатын. Қарсыластарының барлығын шаң қаптырып финалға дейін жеткен Жазира 69 келіге дейінгі жұлқа көтеруден 106 келі, ал серпе көтеруде 133 келіні бағындырып (қорытынды салмақ 239 кг) әлемнің ең үздік атлеті атанып, елге абыроймен оралды.
Жазира Жаппарқұл 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Ауыр атлет болуды армандаған болашақ чемпион алғаш рет жаттығу залының табалдырығын сегіз жасында аттаған екен. Басында Жазираның анасы «бұл қыз балаға тән спорт па?» деп жан-тәнімен қарсы болған. Алайда алған бетінен қайтпайтын қайсар қызын жаттығу залынан алыстата алмайды. Ақыры, алған бетінен қайтпасын біліп, ата-анасы батасын берген.
Жазираның спортқа деген қызығушылығын сол кездегі бапкері Дүйсенбек Құрманов дер кезінде байқап, дұрыс бағытқа итермелей бастайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұқбатында спортшының өзі бұл сәтті былай еске алған екен:
«Жалпы спортқа деген қызығушылығымды оятып, әрі ауыр атлетикаға жетектеп әкелген бапкерім – Дүйсенбек Құрманов. Дене шынықтыру пәнінен сабақ берген ағайымыз зілтемірді көтерудің де қыр-сырын үйретті. Шыны керек, бала болғаннан кейін жай ғана қызығушылық үшін барып жүрдім. Дәл сол жылдары Бекзат, Ермахан ағаларымыз Олимпиадада атой салып, еліміздің даңқын асқақтатқан кез еді. Мен де сол кісілер сияқты Қазақстанның атын шығарып, Олимпиада чемпионы болуды армандай бастадым. Бірақ анам ауыр атлетикамен айналысуға қарсы болды. Дегенмен ауыр атлетика өмірімнің бір бөлігі екенін түсінген соң, еш қарсылық танытпады».
Ақыры жас спортшының арманы орындалып, алғашқы сайысқа да қатысатын сәт туады. Бұл облыстық деңгейдегі сайыс еді. Кіл мықтылар іріктеліп келген таласты бәсеке болады. Алайда соған қарамастан, ол бұл сайыстан қарсыластарының барлығынан басым түсіп, алтыннан алқа тағынып қайтады. Осыдан кейін кәсіби бапкерлердің көзіне түсіп, дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына шақырту алады.
Ел ішіндегі жарыстарда өзінің мықтылығын сан рет дәлелдеген спортшы қызымыз 2009 жылы алғаш рет халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысып, Олимпиада жүлдегері болып қайтады. Бұл - Ташкентте өткен Азия чемпионаты еді.
Расы керек бұл медаль Жазира Жаппарқұлға бақ болып қонады. Үлкен жарыстар мен байрақты сайыстарға жол ашады. Араға бір жыл салып, яғни 2010 жылы Сингапурде жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарында топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінеді. Расын айту керек, бұл сайысқа қатысу Жазираға оңайға соқпайды. Ең алдымен бапкерлері «сенімсіздік» білдіреді. Орын ала қайтсаң, бетің қайтып қалады деп ақыл айтқандар табылады. Олимпиадаға жолдаманы сарапқа салатын үш бірдей үш турнирде жеңіске жетіп тұрса да, ешкім апарғысы келмейді. Ақыры сәтін салып, бапкерлерінің бірі райынан қайтып, рұқсатын береді. Аттанарда «тым болмағанда қола жүлде алуғыа тырысшы!» деп өтініш қылады. Алайда, батыр қыз «жоқ, мен алтынсыз оралмаймын!» деп жауап береді.
Ақыры айтқан сөзінде тұрады. Қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, финалға жолдама алады. Шешуші айқас Еуропа чемпионы, ресейлік ауыр атлет Диана Ахметова екеуінің арасында өтеді. Алайда намысты қыз Еуропа чемпионын жерге қаратып кетеді.
«Бапкерлерімнің құрған тактикасының арқасында жұлқа көтеруде 92 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 115 келіні бағындырдым. Қоссайыс нәтижесі бойынша қарсыласымнан үш келі артық көтеріп, 63 келі салмақта жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атандым. Осылайша жеңетініме сенбей, жақсы нәтиже көрсете алатыныма күмәнмен қарағандардың аузына құм құйылды», - деп еске алады ол бұл сәт туралы. Расында да бұл жүлде оның спорттық мансабындағы ең үлкен жетістіктің бірі еді.
Осылайша ол қазақ қыздары арасында ауыр атлетикадан Әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы атанады. Басында айтып өткеніміздей Гватемаладағы 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен додада топ жарады.
Сондай-ақ 2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысып, қоссайыс нәтижесі бойынша 232 келі көтеріп күміс жүлдегер атанады. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы жарысы еді.
Ауыр атлетіміз осыдан кейін де кіл мықтылар күш сынасатын талай шайқасқа қатысады. Қарсыластарының көбінен басым түсетін спортшы қызымыз осындай еңбегінің арқасында мемлекеттік наградаларға ұсыныла бастайды. «Парасат» орденін алады.
Айтпақшы, Жазира Польшада өткен жарысқа қатысады. Сол секілді 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарына жолдама алады. Өкінішке қарай, бұл жолы 69 келі емес 75 келі салмақта өнер көрсетуге тура келеді. Төртінші орынды қанағат тұтады.
Осылайша спортшымыз 2014 жылғы Алматыдағы әлем чемпионатына дайындалып жатады. Жұрттың бәрі чемпионаттың басты жүлдесі Жазираға бұйырады деп, нақты сеніммен айта бастайды. Алайда жұрт ойлағандай болмай шығады. Жарысқа бірер күн қалғанда Жазира ауыр жарақат алып қалады. Осылайша, жарысқа жарақат алған күйі шығады.
Жұлқа көтеруде 118 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 144 келіні бағындырады. Осылайша, қорытынды есеп бойынша 262 (118+144) салмақты бағындырып, Алматыдағы әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанағат тұтады.
Бірақ сол алған жарақаты спортшыға үнемі тұсау бола берген еді. 2015 жылғы Хьюстон әлем чемпионатына да осындай қиын жағдайда аттанады. Өйткені бұл Рио олимпиадасына жолдама еді. Қолының буындары, шынтақ, иық, тізе секілді жерлері шыдатпай қақсаса да, жеңіс тұғырына көтеріле білді. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 21 жастағы спортшы қыз жұлқа көтеруде алғашқы жаттығуын 112 келіден бастады. Екіншісінде 116 келіге тапсырыс берген ол мұны да сәтті орындайды. Тек үшінші мүмкіндігінде ғана 120 келіні бағындыра алмайды. Серпе көтеруде 140 келіні алғашында игере алмаса да, екінші мүмкіндігінде бұл жаттығуды сәтті орындады. Осылайша Жазира екінші орын алады.
Ақыры 2016 жылғы Рио олимпиадасы да келіп жетеді. Оғанда сол жарақатынан толық айықпаған күйі барады. Жазира серпе көтеруде алдымен 140 келіге тапсырыс берді. Алайда оны бағындыра алмайды. Екінші мүмкіндігінде ол осы салмаққа қайта ұсыныс беріп, екіншісінде еркін көтерді. Ал үшінші мүмкіндігінде Жазира Жаппарқұл 144 келіні бағындырды. Қос сайыстың қорытындысы бойынша ол 259 келі бағындырып, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанады.
Бас жүлде қоссайыстың қорытындысы бойынша қытай қызы Сян Яньмэйге бұйырды. Үшінші орынды мысырлық Сара Ахмет жеңіп алды.
Жазира Жаппарқұл осылайша қазақ қыздары арасында тұңғыш Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған спортшы ретінде тарихқа кіреді.
Жазира Риодағы жағдайын былай деп еске алған екен:
«Рио Олимпиадасында басты мәселе салмақ болды. Салмағым өсіп кетіп, біраз қиындықтарға тап болдық. Негізі жарысқа бір келі салмақ қуамын. Бұл мен үшін ешқандай қиындық туғызбайтын. Бірақ Риода екі келі салмақты әрең түсірдік. Соңғы 700 грамм түспей, әдбен әбігерге салды. 11 рет моншаға кіріп, салмақ өлшеу рәсімінің аяқталуына бес минут қалғанда әрең түсірдік. Спорттық мансабымда алғаш рет осындай жағдайға тап болдым. Ресми салмақ өлшеу рәсімі біткеннен соң екі сағаттан кейін жарыс басталды. Жарысқа дайындалып, денемізді қыздырып жатқанда сәл-сәл белім ауырды. Қанша ауырса да соңына дейін шыдауға бекіндім. Сөйтіп жұлқа көтеруде 115 келіні, серпе көтеруде 144 келіні бағындырып, жанкүйерлерді жерге қаратпадық».
Өкінішке қарай, талантты спортшы осыдан кейін үлкен жарыстарға шыға алмайды. Бапкерлер толықтай емделу керек деп шешімге келіп, Жазираны демалысқа жібереді. Басында спорт саласының басшылары «Жазираны Германияға апарып емдету керек» деген шешім қабылданады. Алайда, нақты іске келгенде ешкім сөзінде тұрмай қалады.
Осылайша, басшылардың жауапсыздыының салдарынан талантты спортшымыз Токио, Мәскеу, Румыния, Корея сынды елдердегі жарыстарға қатыса алмайды.
Талай дүбірлі додада топ жарып ел намысын абыроймен қорғаған спортшымыз бүгінде бапкерлікпен айналысады. Өз мектебін ашып, жастарға білгенін үйретіп жүр. Оның ендігі мақсаты Олимпиада және әлем чемпиондарын дайындап шығару.