Қазақтың Қадірі 80-ге толды
06.01.2015 2788
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ — қазақ емес, Нағыз қазақ — Домбыра! Қадыр Мырза Әлі

Қадыр Мырза Әлі. Бұл есімнің өзі біраз нәрсе айтып тұрған жоқ па? Қаншама қарымды өлеңдердің авторы. Проза мен драматургияға да қалам тартып, біраз туындыларды дүниеге әкелді. Әнге арналған 200-ден астам өлеңнің авторы. Кейіннен ол «Күндер-ай» деп аталатын жеке жинақ болып шыққан.


Ой үстіндегі ақынның суреті. Отбасылық мұрағатынан алынды


Бүгін қазақтың Қадірі көзі тірі болғанда 80-ге келер еді. Бірақ сұм ажал 2011 жылы оны арамыздан алып кете барды. Ақын өміріне үңілсек ол 1935 жылы Батыс Қазақстан өңірі, Жымпиты кентінде дүниеге келген екен. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңде өтеді. Кейін жазған естеліктерінде, «бала кезінде жетім өскен адамға, қытай иероглифін оқу қиын емес»,-деп еске алады. Сондай ауыр кезеңдерді бастан өткізген ақын қай нәрсеге де өте ұқыпты қарайды. Дәптерге зәру болғандықтан, газеттердің жол арасындағы ашық жеріне жазатын едік дейтін. Сондықтан болар ақ қағазды бей-берекет жұмсамай, үнемдеп пайдаланатын. 

Қадірдің қолтаңбасы


1958 жылы сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-нің филология факультетін тәмәмдап, жаңадан ашылған «Балдырған» журналына жұмысқа орналасады. Ол жерде өнімді еңбек етеді. Ақынның бірінші өлеңдері сол жерде жұмыс істеп жүргенде дүниеге келеді. Оның бөбектерге арналған өлең жинақтары жарық көреді. Кейін, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында жұмыс істейді. 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығын алады. Айта кетер жайт, ақын естеліктерінде «Ой орманы» өзім жасаған қатаң тәртіптің арқасында дүниеге келді. Жұмыста соң үйге асығам, сосын түнімен отырып, жазу жаздым, өзім жасаған темірдей тәртіптің арқасында дүниеге келген туынды» деп жазып кеткен. 

Жұмыс үстінде


Ақыры, ақын алған сыйлықтар жайлы жаздық қой аяқтай кетсек. 1980 жылы ол «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алады. 1993 жылы әлемдік поэзияға қосқан үлесі үшін Моңғолияның «АВЬЯС», 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығына ие болады.

Қойын дәптері


Қадыр Мырза Әлінің көркем аударма саласында да жемісті еңбектері өте көп. Әлемдік әдебиет алыптарының талайының шығармаларын ол қазақ тіліне аударған. Ал оның біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері, ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылып, орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), Әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды.

Жесірі Салтанат апаның айтуына қарағанда Қадыр өте кітапқұмар адам болған. Көзі тірісінде 7 мыңға жуық кітап жинап, барлығын түгел, кейбірін тіпті екі-үш қайта оқып шыққан екен. Жасы келген шағында кітаптарын қоятын үй салмақ болып тірнектеп, ақша жинайды. Кейін Кеңес Одағы тараған аласапыран заманда жинаған 85 мың рубль, ақшасы желге ұшқанда еш қайғырмай қолын бір-ақ сілтеген екен. Нағыз, ақынға тән мәрт мінез емес пе? Кейін заман түзеліп, 85 мың долларға өзі ойлаған үйін алып, кітаптарын жайғастырған екен. Қазақтың ақынның киесі бар деген осы емес пе? Ақын халықтың қамын ойлаған әрі елдің атынан сөйлеген Қадыр халық қалаулысы ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып сайланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болған.
Сөз соңында, ақынның мына бір өлеңін ұсынып отырмыз. Кезінде, қазақша білетін, орыс тілді үш, ақын отырып аудара алмаған екен (Мәлімет, ақынның «Иірім» кітабынан алынды).
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер.
Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға
Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Тұма-бұлақ дариядан үміткер.
Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге,
Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Теңіз кешіп, шың басына шығыпты ер.
Көре тұра мынау ұлы даланы,
Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер!

Олжас БЕРКІНБАЕВ

«Қазақстан тарихы» веб-порталының редакциясы мақаланы әзірлеу барысында отбасылық суреттері мен естеліктермен бөліскен ақынның жесірі Салтанат апаға өз алғысын білдіреді.