Қазақ спортының жарқын сәттері (1991-2004 жылдар)
18.10.2016 3110
Қазақ спортының 1991-2016 жылдар аралығында болған спорттағы маңызды оқиғалар хроникасын ұсынамыз

Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет атанғанына 25 жыл. Осы уақыт аралығында еліміз спорттық жарыстардан толағай табыстарға қол жеткізіп отыр. Көбіне спорттық жарыстарды тізіп шыққанда соңғы жылдардың нәтижесіне тоқталып, арадағы табысты жылдарды қалдырып кетіп жатамыз. Осындай жылдар хронологиясында өткен жылдарды да еске түсіріп қайтқанымыз абзалырақ. 

Е-history.kz порталы «Тәуелсіз Қазақстанның 1991-2016 жылдар аралығында болған спорттағы маңызды оқиғалар хроникасын оқырман назарына ұсынады. Тәуелсіздің алғаннан кейінгі азат еліміздің алғашқы спорттық жетістіктеріне көзімізді жүгіртейік. 

 1991 жыл 

1991 жыл тарих бетінде КСРО-ның дәуірлеген спорттық алпауымен есте қалды. КСРО чемпионатынан топ жару деген әлем біріншіліктерін бағындырумен тең еді. Қазақстан тәуелсздігін 1991 жылдың желтоқсанында баянды етті. Сондықтан бұл жылғы спорттық бәсекелер КСРО тарихына еншіленді. 

1991 жылы болған спорттағы маңызды оқиға ретінде Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен бокстан КСРО чемпионатын жатқызуға болады. Бұл сында қазақстандықтар қатарынан атыраулық Болат Теміров 52 кг салмақта КСРО чемпионы атанса, ең жеңіл салмақта (48 кг) Бектас Әбубәкіров, 75 кг Кәміл Хабибрахманов, ауыр салмақта (91 кг) Игорь Шишкин күміс жүлдені иеленді. Николай Кульпин, Дапанкуловтар қола медаль иеленді. 

1991 жылы Қазақстан мүгедектерінің денешынықтыру және спорт қауымдастығы құрылды (тұңғыш төраға – Алевтина Фукс). Қауымдастық қызметінің басты бағыты елімізде мүгедектер спортын дамыту және Қазақстанның мүддесін халықаралық аренада білдіру болып табылады. 

1992 жыл 

Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бастап халықаралық дүбірлі додаларға егеменді ел ретінде қатыса бастады. Осы жылдардағы спортшыларымыздың маңызды додалардағы жеңістері мен жетістіктері тәуелсіз Қазақстанның спорт бетіндегі жаңа тарихын бастады. Сонымен 1992 жылғы спорттағы маңызды жетістіктерге тоқталсақ. 

1992 жылғы спорттық жарыстар «Біріккен құрама» біріншілігі ретінде өтті. Өйткені Кеңес Одағы ыдырап, әр ел тәуелсіздігін жариялап, жеке-жеке шаңырағын көтере бастағанда КСРО құрамындағы 15 мемлекеттің спортшылары біраз сергелдеңге түскен болатын. Әр елдердің спорттық басқармалары өз мәртебелерін анықтап үлгермеген-ді. 

«Біріккен құраманың» алғашқы ірі спорттық жарысы 1992 жылы 7-16 ақпанда Ресейде өтті. Бұл күні Тамбове қаласында «Антей» спорт кешенінде бокстан ТМД елдері арасындағы ішкі біріншілік жалауын көтерді. Алғаш рет Біріккен құрама бәсекесіне 12 елден 236 боксшы қатысып, Барселона олимпиадасының жолдамасын сарапқа салды. Қазақстан құрамасы қатарынан 4 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль, барлығы 11 медальмен жалпыкомандалық есепте Ресейден кейінгі екінші орынды иеленді. Болат Жұмаділов, Болат Теміров, Кәміл Хабибрахманов, Аркадий Топаев, Сұлтан Абдуразаков, Бектас Әбубәкіров, Марадек Жүсіповтер КСРО чемпионатының һас жұлдыздарына айналды.

Біріккен құрама біріншіліктерінде еркін күрестен Мәулен Мамыров 52 кг салмақ дәрежесінде қола медальді еншіледі. Алматының «Динамосы» ТМД чемпионатында допты хоккейден командалық есепте үшінші орынға ие болды. 

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы КСРО-ның 15 елі бірігіп 1992 жылғы XXV жазғы Олимпиада ойындарында «Біріккен команда» (Unified Team) ретінде өнер көрсетті. Кеңес Одағы ыдырап, әр ел тәуелсіздігін жариялап, жеке-жеке шаңырағын көтере бастағанда КСРО құрамындағы 15 мемлекеттің спортшылары біраз сергелдеңге түскен болатын. Әр елдердің спорттық басқармалары өз мәртебелерін анықтап үлгермеген-ді. Осылай Пиреней түбегіндегі жазғы Олимпиадаға Кеңес Одағының Балтық жағалауы елдерінен басқа 12 мемлекеті бір команда болып қатысты. Барселона төрінде 5 қазақ спортшысы олимпиада жүлдегері атанды. Біріккен команда қатарында ТМД баскетболшыларын алға сүйрегендердің бірі, Павлодарда туып өскен – Ирина Герлиц болды. Волейболдан ТМД командасы қатарында еліміздің екі бірдей өкілі, Қарағанды облысының тумалары – балқаштық Елена Чебукина мен теміртаулық Татьяна Меньшова бақ сынады. Волейболшы қыздарымызға бұл жарыста күміс медаль бұйырды. Сонымен қатар грек-рим күресінің хас шебері Дәулет Тұрлыханов пен нысана көздеуші Владимир Вохмянин Каталония сапарынан қола медальмен оралды. 

1992 жылы Қазақстан Республикасының әуесқой бокс Федерациясы АИБА-ға мүше ретінде еніп, Азия құрлығындағы әуесқой ассоциациясының толыққанды мүшесіне айналған. 1992 жылы Қазақстан Футбол Федерациясы құрылды. Тұңғыш ел біріншілігінің чемпионы Алматының «Қайрат» командасы. 

1993 жыл 

1993 жылы Қазақстанның хоккей құрамасы Словенияда өткен әлем чемпионатына қатысып, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпион атағын Өскемендік Торпедо командасы еншіледі. 

1993 жылы Қазақстанда тұңғыш рет студенттік спорт федера¬циясы құрылды. Сол жылы федерация FІSU мүшесі болып, алғашқы рет 16-Қысқы Универсиадаға қатысып, Польшаның Закопане қаласында біздің хоккей командамыз тұңғыш күміс медалін иеленді. 

 1994 жыл 

1994 жылы 12-27 ақпанда Норвегияның Лиллехаммер қаласында XVII қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан алғаш рет жеке мемлекет ретінде қатысып, қанжығасына 1 алтын, 2 күміс 1 қола медаль байлады. Бұл төрт медальдардың төртеуін де шаңғышы Владимир Смирнов еншіледі. Тәуелсіз ел жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген Владимирдың 4 медалі Қазақстанды жалпыкомандалық есепте 12 орынға тұрақтатты. 

1994 жылы 2-16 қазанда Жапонияның Хиросима қаласында XII Жазғы Азия ойындары өтті. Онда біздің спортшылар 25 алтын жүлде (жалпы 77 медаль) иеленген еді. 

1994 жылы Тайландтың Бангкок қаласында бокстан Әлем кубогі жалауын көтерді. Бұл сында қарағандылық А.Топаев алтын медаль жеңіп алды. К.Шағатаев күміске күптелсе, Б.Ниязымбетов пен В.Шторм қола жүлдегерлер атанды. 

1994 жылы Қазақстан футболдан FIFA-ның толыққанды мүшесі атанды. 

1995 жыл 

1995 жылдың 30 маусымында Алматы жанындағы биіктігі 4010 метрлік Абай шыңына шыққан көпшілік альпиниадасында Анатолий Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке нұсқаушысы болды. Артынша Манаслу мен Чо-Ойю сегізмыңдықтарына сәтті жасалған Екінші және Үшінші қазақстандық гималай экспедициясына қатысты. Жалғыз өзі Лхоцзе, Шишабангма, Броуд-пик, ІІ Гашербрум сегізмыңдықтарын бағындырып, ғаламшардағы ең мықты альпинистердің бірі атанды. 

1995 жылы 5-13 тамызда Швецияның Гётеборге қаласында жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 191 мемлекетінен 1800-ге жуық атлет сынға түскен бәсекеде Қазақстан қоржыны бір күмісті еншіледі. Қыздар арасында 100 метрге жүгіруде Ольга Шишигина әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 

1995 жылы қыркүйекті I жазғы Бүкіләлемдік Армиялық ойындар өткізілді. Әлемнің 93 елінен қатысқан Армиялық ойындар спорттың 17 түрінен өтті. 103 адамнан тұратын Қазақстан Қарулы Күштерінің құрама командасы спорттың 12 түрінен бақ сынап, 1 алтын, 3 қола медальді иеленді. Жалпыкомандалық есеп бойынша 83 елдің арасынан 18 орын алды. 

1995 жылы Германияның Берлин қаласында бокстан әлем чемпионаты өтіп, Б.Жұмаділов күміс медальді, В.Жиров қолаға ие болды. 

 1996 жыл 

1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет қатысты. Барлығы 3 алтын, төрт күміс, төрт қола медальмен әлемдік рейтингтің 24-нші сатысында табан тіреген Қазақстан құрамасы сол бастамасы сәтті болды. Василий Жиров (бокс), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі) алтын, Анатолий Храпатый (ауыр атлетика), Сергей Беляев (нысана көздеу), Болат Жұмаділов (бокс) күміс, Мәулен Мамыров (еркін күрес), Болат Ниязымбетов (бокс), Ермахан Ыбрайымов (бокс), Владимир Вохмянин (нысана көздеу) қола медаль алып, командалық есепте 196 елдің арасынан 24-ші орынға тұрақтады. 

Қазақстан тұңғыш рет Қысқы Азия Ойындарына 1996 жылы қатысты. Қытайдың Харбин қаласында өткен ІІІ Азия біріншілігінде қазақ спортшылары 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медальмен оралып, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді. Қазақстан хоккейшілері Азия біріншілігінде командалық құрама бойынша алтыннан алқа тағынды. 

1997 жыл 

1997 жылы Венгрия астанасы Будапеште бокстан әлем чемпионаты өтіп, Е.Ыбырайымов күміс медаль, Б.Жұмаділов қола медаль алды. 

1997 жылы Үлкен теннистен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогі атты ашық турнирі бастама алды, оған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің спортшылары белсене қатысты. 

1998 жыл 

1998 жылы Наганода өткен ХVІІІ қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан 2 қола медаль алды, олар шаңғышы Владимир Смирнов және конькиші Людмила Прокашева болды. 

XIII жазғы Азия ойындары 1998 жылы 6-20 желтоқсанда Тайланд астанасы Бангкокта өтті. Азияның 41 елінен келген 6554 спортшы 36 спорт түрі бойынша бақ сынады. Қазақстан бұл бәсекеде 24 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль еншілеп, командалық есепте бесінші орын алды. 

1999 жыл 

1999 жылы Корей елінің Чангвон қаласында өткен қысқы Азия чемпионатында еліміздің хоккей саңлақтары үздік ойын көрсетті. Бұл жолғы бәсекеде қазақ спортшылары 10 алтын, 8 күміс, 7 қолаға қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте Қытай мен Оңтүстік Корея елдерін алдыға жіберіп, үшінші орынға тұрақтады. 

АҚШ-тың Хьюстон қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында қазақ баласы тұңғыш рет тұғырдың биік сатысына көтерілді. Б.Жұмаділов алтын медальға лайықты болса, М.Ділдәбеков күміс, Е.Ыбырайымов қола медаль еншіледі. 

2000 жыл 

2000 жылы Сидней олимпиадасы – Қазақстан спортының жұлдызды шағы болды. Өйткені XXVII жазғы Олимпиада ойындарында қазақ спортшылары 199 ел қатарынан командалық есепте 22-орынға көтерілді. Олимпиаданың биік төріне қазақтың қос намысты ұлдары Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов көтерілді. Екеуіде бокстан ел қоржына алтын алқа салды. Ольга Шишигина жеңіл атлетикадан үшінші алтын алқаны иеленді. Б. Жұмаділов, М. Дәлдібеков (бокс), А. Винокуров (велоспорт), И. Байрамуков (еркін күрес) секілді сайыпқырандар күміс-қола медаль алып, алтын әріппен атын жазып қалдырды. 

2001 жыл

2001 жылы 3-12 тамызда Канаданың Эдмонтоне қаласында жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Әлем біріншілігіне 200 елден 1766 спортшы қатысты. Қазақстан қоржыны бұл сында жалғыз қоланы қомсынбады. 100 м жүгіруде Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина әлем чемпионатының қоласын ел қоржынына салып, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына тарту етті. Қазақстан үйеңкі жапырақтар елінде өткен бәсекеде жалпыкомандалық есепте 36 орын иеленді. 

2002 жыл 

2002 жылы Швеция астанасы Стокгольмде УЕФА Конгресі өтіп, қазақ футболы үшін тарихи оқиға болды. Қазақстан футбол одағы ресми түрде Еуропа футбол қауымдастықтары одағының құрамына қабылданып, Еуропаның үздік командаларымен кездесетін мүмкіндіктер туды. 

2002 жылы 29 қыркүйек пен 14 қазанда Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында XIV жазғы Азия ойындары өтті. Азияның 44 елінен 7711 спортшы бақ сынаған құрлықтық ойындарда Қазақстан құрамасы 20 алтын, 26 күміс, 30 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға көтерілді. 

002 жылы XІХ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтті. 77 елден 2390 спортшы келді. Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиадада жүлделі орыннан көріне алмады. 

 2003 жыл 

Жапонияның Аомори қаласында V Қысқы Азия ойындары жалауын көтерді. Қазақстан құрамасы бұл сында 7 алтын, 7 күміс, 6 қола жүлдені еншіледі. 

2003 жылы Тайланд астанасы Бангкокта өткен әлем чемпионатында қазақтың қос боксшысы Ж.Жафаров пен Г.Головин жеңістің алтын тұғырына көтерілді.

2004 жыл

2004 жылы Грекия өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарында Бақтияр Артаев (бокс) алтын, Геннадий Лалиев (еркін күрес), Георгий Цурцимиа (грек-рим күресі), Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыл атлетика) күміс, Серік Елеуов (бокс), Мкхитар Манукян (грек-рим күресі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) қола жүлдені иемденді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-шы орынға табан тіреді.

Дайындаған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Суреттер: ғаламтор бетінен алынды

Жалғасы бар...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)