Кеңес үкіметі Қоқан автономиясын қиратып, тұтқындалудан қашып жүрген Мұстафа Шоқаймен 1918 жылғы 18 сәуірде бас қосқанда басталған, ал өзі ерекше терең түсіне сүйген жары 1941 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден озған кейін жалғаса түскен сан салалы ширек ғасырдан астам уақытқа созылған жалғыздықтың қиыншылықтарына тап болған Мария Яковлевна Горина кім еді?
Өмірбаяндық мәліметтеріміз тым кедей. Жақында қолымызға түскен орыс тілінде жазылған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құжаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылғы 23 желтоқсанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке-шешесі – Яков және Анастасия Карцинкиндер. Одесса операсының әншісі болған» деп жазылған. Сонан соң білетініміз, төрт жасынан он алтыға дейін Одессада тұрып, 1912 жылы Мәскеу операсының труппасында болған. Әртүрлі ақпараттардан алған бар мәліметіміз осы ғана. Ал тағдыр қосқан Мұстафамен таныс болғаннан кейінгі жиырма бес жылдай өмірін өзі жазып кетті.
Мария Шоқай 1916 жылғы 10 тамызда Ташкентте генерал Сахиб-Гирей Еникеевтің үйінде Петербургтен келген қонақтармен бірге болғанда Мұстафамен алғаш рет танысқан еді. Тіпті жас қонаққа арнап бірнеше ән де шырқаған көрінеді. Ол кезде Петербургте оқитын Мұстафа С.Еникеевтің балаларымен, Ташкент гимназиясында оқыған кездегі достарымен бірге қызықты күндер өткізеді. Мария Горина астаналық модамен әдемі киінген, тәрбиелі, өте ұқыпты жанның қасында жүру аса қызықты көрінетін деп жазған-ды. Ол кезде Мұстафа Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Дума мен Үкіметтің тыңдауына Дума жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Тевкелев жетекшілік еткен құрамда фракция мүшесі Ш.Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Ф.Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде болды. Делегация 1916 жылғы патша үкіметінің тылдағы жұмысқа 19-43 жастағыларды алу туралы жарлығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісін қатыгездікпен басқаны туралы арнайы материалдар жинау мақсатымен келген еді. Комиссияның Түркістандағы тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелері қызу араласады, мұның құрамында Мария Горинаның күйеуі де бар болатын. Ал өзі Ташкенттегі опера театрының әншісі-тұғын. Мұстафа Шоқай комиссиямен бірге бірнеше рет бұлардың да үйінде болады.
Қоқан қырғынынан соң Мұстафа Шоқай бас сауғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке жетіп, жасырынып жүрді. Өзіне қиын-қыстау кезеңде сүйеніш болатын адам іздеді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ арада өткен бірер жылда кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға бұрын табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуімен ажырасып, енді Мәскеуге кетудің қамымен жүргені себеп болған сияқты.
Мария Яковлевна бірде көктемнің шығуына байланысты кешкілік бұрынғы үйіне жаздық киім алу үшін келгенде алдынан қасында қорғаушысы бар, осы үйде біраздан бері өзін күтіп жүрген Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Үлкен ғимараттың бір бөлігінде бұрыннан таныс үй иесімен келісіп уақытша тұрып жатқан ол сөз арасында паналайтын жаңа жер іздеп жүргенін, бұл үйде көп тұра алмайтынын айтып, көмек сұрайды. Алдымен Мұстафа Шоқайға әскери киім тауып беріп, шаһардың оңашалау ауданынан күйеуі майданға кеткен, өзі жақсы танитын әйелдің үйіне уақытша орналастырады. Марияның өзі онда жиі барып, азық-түлік жеткізіп тұрады. Осылай 1918 жылдың наурызы екеуін мәңгілік табыстырады. Мұстафаның талап етуімен христиан дініндегі Мария мұсылмандықты қабылдап, сәуірдің 18-і күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы неке қияды. Сол күннен бастап Мария Яковлевна өзіне Шоқай атын қосып алады. Енді Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек болады. Қаладан тысқары жерге аттап басуға рұқсат жоқ. Мұстафаның басына 1000 рубль бәйге жарияланған. Іздестіру шаралары өте жіті жүріп жатқан кез. Оны таныған кез келген ресми органның адамы «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып тастауы мүмкін еді. Мария Яковлевна жарын қаладан алып шығу туралы ойларын ешкімге айтпай, оны оңайлықпен адам танымайтын етіп ауыр жаралыға ұқсатып, бет-аузын таңып, жолға дайындап, станцияға келіп, поезға отырады. Жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеріп жатқанын көріп қатты абыржуға түседі. Бұл – мамырдың 1-і болатын. Мұстафаның аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ашық қалдырып, басын жақсылап таңып тастаған еді. Күн ыстық әрі қорқыныштан Мұстафа зорға шыдайды. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Тиісті құжаттар дайын болғанымен, бет-жүзін ашып тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша бұлар тексеруден құтылады, поезд да қозғалады.
Мұстафа және Мария Шоқай мінген поезд Ақтөбеге жеткеннен кейін тоқтайды. Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланысты жабық болатын. Содан түрлі көлікпен алдымен Орынборға, сонан соң Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке жетеді. Ал Челябинскіде болғанда онда қалыптасқан саяси жағдайға байланысты 1918 жылғы 19 қарашада Екатеринбургте таратылған Құрылтай мәжілісінен кейін қосылған украиндықтардан осы жиынға сайланған Вадим Чайкин екеуі бөлек, Кавказға қарай қашуға мәжбүр болады. Ал Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, 1919 жылдың 20 сәуірінде Бакуге жетеді. Содан бірнеше күннен кейін Тбилисиге бағыт алып, поезд мамырдың 1-інде станцияға тоқтағанда, қолында бір шоқ гүлі бар Мұстафа Шоқай күтіп тұрған еді. Осылай қайта табысқаннан кейін де бұлт ыдырап, күн жарқырай қойған жоқ. Қызыл армия мұнда келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастағанда, бұлар Батумиге кетеді. Сол жерден түрік кемесіне мініп, Ыстамбұлға барады.1921 жылдан Францияда Париж қаласына жеткеннен соң да жат жердің жаңа қиыншылығы күтіп тұрды. Шет ел болса да Мария Шоқай өзінің кәсіби мамандығы бойынша өнер саласымен айналысады. Ол өз естеліктерінде Мальчевскийдің орыс хорына қатысқанын, Эльхамра Олимпиа және Доминов театрларының құрамында ән шырқап Италия, Англия елдерінде өнер көрсеткенін еске алады. Алайда, көп ұзамай Мұстафамен екеуінің табысы күнкөріске жетпей, ақшалары таусылып тұрмыстары қиындайды. Қалталарында не бәрі 15 франк бар, мойындарына алжапқыштарын іліп, жұртқа дәм дайындап, күнелтудің қамына кіріседі. Мария Шоқай мынадай хабарландыру даярлайды: «Мадам Шоқай үш түрлі тағамнан тұратын түскі ас береді. Бағасы – 5 франк. Тамақ беретін уақыт 12-ден 3-ке дейін. Тамаққа келгісі келген адамдардың жазылып қоюын өтінемін». Сағат 3-терде тамақ жеуге алғашқы клиент келеді. Мария Шоқай оған бүгін тамақтың таусылғанын айтып, ертеңге алдын ала ақшасын төлеп жазылуын өтінеді. Ол таңқалады. Осы кезде Мұстафа келіп қалып, онымен түрікше сөйлесе бастайды. Танысқаннан кейін бұрын Ресейде Иранның елшісі болған ол 10 франк беріп кетеді. Осылай басталған шет елдегі тағдырдың да бұдан былайғы 20 жылдан астамының рахаты мол болды дей алмаймыз. Мұстафа Шоқай елім деп, түркі жұртым деп өмір сүрсе, солардың болашағы үшін бар ақыл-парасатын, қажыр қайратын салып күрессе, Мария Яковлевна жан жарым деп өмір сүрді, бәрінен бұрын соның жағдайын ойлады. Күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды. Ері қайтқан соң ширек ғасырдан астам уақыт жалғыздықтың азабын әбден тартты. Бірақ өзі рухани суалып, тұрмыс жағдайы күйзелісте болса да, Мұстафа деп келгендерге қолынан келген қамқорлығын аямады.
1939 жылдың 1 мамыр күні Муссолини Францияға соғыс жариялайды. Италияның әскери ұшақтары Париж аспанын торлайды. Көшеде жүру қауіпті бола бастайды. Мұстафа үйде отырып жазумен айналысып, 5 лампалы радио қабылдағыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдады. Радио ескі болғандықтан, кейде хабарлар дұрыс естілмей Мұстафа қатты ашуланып, каналдарды түрік, неміс тілдеріндегі толқындарға ауыстырып әбігерге түсетін. Кейбір кездері өзімен-өзі болғанды қалап, тұйықталып та қалатын. Әсіресе, соғыс басталғалы жүйкесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтатын. Бірақ Мария Яковлевна ештеңе сұрап мазаламайтын, кейін оның себебін Мұстафаның өзі айтып беретін.
Сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік пана іздеушілер (эмигранттар) үшін демократиялық тұрғыдан алып қарағанда қолайлы болды. Бірақ Германия соғысты бастағаннан соң эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатты. Мұстафа Шоқайға да кетуге мүмкіндік болды, Америкаға визасы да бар еді. Алайда Мұстафа мұндағы идеялас жолдастарын тастап, мұхит асып, елден тым жырақ кетуді қаламады. Ол «Маған паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету, өз Отаныңды тастап кеткенмен бірдей» деп ойлады. Мария бұл жөнінде ойлағанымен, жары сыңай танытпағандықтан жабық күйінде қалады, сабыр сақтайды.
Көп ұзамай 1940 жылғы 13 мамыр күні немістер Парижге келеді. Германия Францияны басып алғаннан кейін жаңа париждіктерді жағдайы күрт өзгереді. Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады. Одан босатқаннан соң екі күн Германияға, Берлинге кетуге дайындалады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу туралы ұсыныс жасалады. Бірақ Мұстафа тұтқындармен кездеспей, оларға радио арқылы ештеңе айтпайтынын түсіндіреді. Сонымен екі күннен кейін Берлинге кетеді. Ол кетерінде хабарласып тұруы үшін үйінде екі рет болған неміс полициясының қызметкері Уали Каюм сарайының адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де хат салып тұратынын, соғыс кезінде осылай еткен дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жатқан сәтін көру үшін терезеге жақын барып, оның соңғы рет ишарат етіп «сүйдім» дегенді білдіріп қолын бұлғағанын, содан кейін оны көре алмағанын еске алады.
Мұстафа Шоқай екі жарым ай лагерьлерді аралап, қайтатын болып, поезға отырғанда басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруханасына түсіп, 27 желтоқсанында сүзек деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады. Осы кезге дейін күдік арқалаған осы жұмбақ өлім қаншалықты жанға батқанмен, жасынан жалындап жалқы өскен қайсар Марияның сағын сындыра алмайды. Сергек жан есін тез жинайды. 1942 жылдың 8 ақпанда күйеуінің қырқын өткізіп, жора-жолдастарын шақырады. Аста Мемлекеттік думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Әзербайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Е.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың жарқын өмірі мен қызметі туралы сөйлейді. Әсіресе Украина Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі болған Александр Яковлевич Шулгиннің сөзін жиналған көпшілік беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді» дей келіп, Мұстафа Шоқайды Орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі, егер тірі болса, Джавахарлар Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді дейді.
Осыдан кейін Мария Шоқай құдай қосқан қосағы үшін әлі де атқарылуға тиісті жұмыстардың ауқымын топшылайды. Ендігі қалған өмірінің барлығын Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларын келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алады. Оларды сұрыптап, түптеп, арнайы қораптарға салып мұрағатқа өткізеді. Бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де көп жылдан өздерімен алып жүретін жалғыз пианиносын сатып, ерінің бейітіне бюсімен ескерткіш орнатады. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 1941-1963 жылдар аралығында «Менің Мұстафам» атты естелік жазады. Бұл шын мәнісінде мұстафатану ғылымының бастауы болатын. Өз қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, жарының жетістіктері мен қателіктерін ешбір қоспасыз айтып, шынайы болмысын қарапайым тілмен суреттеп шығады. «Мен өмір сүруден шаршадым. Жалғыздықтың қаншалықты ауыр тиіп жатқанын да бір Алла біледі» деп естелігін аяқтаған Мария Шоқай өмірінің соңғы кездерін қарттар үйінде өткізіп, 1969 жылы бұл пәни дүниеден бақилыққа Мұстафам деп аттанады.
Осылай Мұстафа Шоқайдың 1918 жылғы таңдауы да, іздеуі де әсте қате болған жоқ. Сол жылдың сәуірінде Ташкентке келген Шоқайдың үлкен ұлы Сыздық інісінің үстелі үстіндегі Мария Горинаның суретін көріп: «Әйелің ғой, ә?» деп сұрайды. Інісі құптағаннан соң мақұлдағандай бас изеп, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпанын көбейіп барады, құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» деген еді. Қос арыстың қиыншылыққа толы бар өмірі бұл сөзді толық дәлелдеп шықты.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, профессор.