Кеңгірде болған көтеріліс
29.11.2024 70

Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» кітабында «Кеңгірдің қырық күні» деген бөлімде Ұлытау облысында болған Кеңгір көтерілісі жайлы баяндалған.  Бұл Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кеңес лагерьлерінің тарихындағы ең қайғылы оқиға. Сол кезеңде ең көп қолданылған 58-баппен бас бостандығынан айырылған 20 мыңдай тұтқын Кеңгір су қоймасын, жылу-электр орталығын, байыту фабрикасын, болашақ Жезқазғанның әлеуметтік нысандарын салып, қайнаған құрылыстың бел ортасында жүрді. Солардың күшімен Крестовский, Теректі кенттері бой көтерді. Шахта мен карьердегі, Байқоңыр көмір ошағындағы, Балқаштағы, Екібастұздағы, Алтайдағы ауыр жұмыстарға да тұтқындар аяусыз жегілді. «Степной лагерьдің» Кеңгір бөлімшесінде 1954 жылғы 16 мамырда басталған көтеріліс қырық күнге созылып, Кеңес Одағындағы «ГУЛАГ» жүйесінің бұдан әрі таратылуына себепкер болған еді.


Сталин өмірден өткен соң 1954 жылы жазасын өтеушілер жеңілдік болады деп күткен еді. Бірақ, ондай жағдай болмады. Негізінен, 58-бап бойынша саяси тұтқындар отырған үш бөлімшеге 600-дей «тұрмыстық» қылмыскерді әкеліп қосады. Олар лагерьдің әйелдер бөлімшесіне басып кірмек болады. Күзет қызметіндегілер қару қолданып, ата бастайды. 18 адам оққа ұшып, 16 мамыр күнгі жаппай бас көтеруге ұласты»,-деп жазады. Ортақ мәмілеге келмек болған комиссия қалыптасқан жағдайды «лагерьдегі жеке республика» деп бағалаған көрінеді. Өйткені олардың өздерінің үкіметі, басшысы, қосшысы бар дегендей. Концерт, спектакль қоятын көркемөнерпаздары, фото ателье, қабырға газеті, өз хабарын лагерь ішінде тарататын радио желісі жұмыс істеген. Өздері құрастырған қысқа толқынды хабар таратқышпен сыртқы әлеммен байланыс орнатпақшы болған.

«Степной лагеріндегі» тұтқындардың ішінде әртүрлі ұлт өкілдері болды. Солардың қатарында 9596 украиндық, 2690 литван болды. Олардың елеулі бөлігі Украина иен Литвадағы ұлттық қозғалыс ереуілдеріне қатысқаны үшін сотталғандар. 18180 адам шпиондықпен, терроризммен, бүлікшілікпен және саяси бандитизммен айналысқан деп айыпталыпты. Олардың қатарында Молдавияның баптистерінен бастап Красноярскінің ескі салтын ұстаушыларына дейінгі әртүрлі діннің өкілдері бар болатын. Сонымен қатар, жапондар, финдер, шешендер де болды. Кеңгір көтерілісіне осындағы үш бөлімшеден 8 мыңдай тұтқын қатысты. Лагерь әкімшілігінің тәртіп орнатпақ болған әрекетіне тұтқындар жаппай қарсылық көрсетеді. Жағдайды бұзақылыққа қарай ушықтырмай, өз талабын қою ниетімен Кеңес Армиясының подполковнигі болған, осы кезде босап шығуға жақын қалған К.Кузнецов көтеріліс тізгінін өз қолына алады. Сонымен қатар Э.Слученков, Г.Келлер, М.Шиманская, А.Михайлович басқарып «лагерь комиссиясын» құрады. Олар тұтқындар жиналысында қабылданған кесімді талабын ІІМ Степлаг басқармасының бастығына жолдайды. Мәскеуден комиссия келуін сұрайды. Комиссия келгенше жұмысқа шықпауға, лагерь әкімшілігін өздері тұратын аймаққа жібермеуге шешім қабылдайды. Көтерілісшілер штабы КОКП Орталық Комитетіне дейін жіберген шағымында лагерь әкімшілігінің бетімен кетіп, тұтқындарды қорлайтындығы айтылады. Күніне 10 сағат адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейтіндігі, тұрмыс жағдайы мен тамақтың өте нашарлығы туралы ашына жазады. Қит етсе жазалайтынын, қару қолданатынын жеткізеді.

Қазіргі Ұлытау облысы, жезді қала Жезқазғанда орналасқан «Степлагтың» бірінші бөлімшесі алғашқы кеніштерден ауыр жағдайда кен қазуға жұмылдырылды. Сондай-ақ Степлагтың Рудникте, Кеңгірде бөлімшелері орналасты. Кенді құрғақ жағдайда, шаң-тозаңның қалың ортасында бұрғылаған тұтқындар ауыр жұмыста түрлі  ауруларға шалдығатын. Ол аурулардың ең көп таралғаны – туберкулез болған.  Ауырған жағдайда оларды Спасскідегі жұмысқа жарамсыз адамдардың лагеріне апарған. Топырлап өліп жатқандарда есеп жоқ. Тұтқындардың жартысынан астамы 15-25 жылға сотталғандар болатын. Осы мерзімін қысқарту жөнінде, туысқандарымен кездесуге рұқсат беру туралы талап та болды. Алайда, бұлардың талабы орындалмады. Оларды жұмысқа шығуға үгіттеуден де ештеңе шықпады. Жағдай ушыға түсті. 

Жарғақ құлақтарты жастыққа тимеген құзіретті орган қызметкерлерінің де зығыры шықты. Көтеріліске қатысушылармен арадағы келіссөз еш нәтиже бермеген соң, арада 40 күн өткенде ішкі істер министрі, генерал С.Кругловтың бұйрығы бойынша ішкі әскердің Оралдағы бірінші танк дивизиясынан бес танк жеткізіліп, түн ішінде лагерьді қоршауға алады. 

Қозғалыстың соңы қорқынышты болды. 1954 жылдың 26 маусымында таң ата Кеңгірдегі  лагерьдің аумағына 2 әскери күзет дивизионы мен ішкі күзет дивизионы кірді. Олардың құрамында 1600 қарулы адам, 98 арнайы дайындалған ит, 3 өрт сөндіру көлігі және 5 Т-34 танкі болды. Танкілер қорқыныштан қорланған, өздерін қорғауға дәрменсіз адамдардың денелері үстінен тура жүрді...Ышқына шыққан дауыстардан да ешкім тоқтаған жоқ. Бұл — танк дивизионы қатысқан жалғыз лагерь көтерілісі болды. Жалпы осындай аса қатыгездік кімге және не үшін қажет болды, әсіресе жаппай ақталулардың қарсаңында? Биліктің көтерілісшілерге деген үнемі қорқынышының көрінісі ме? Немесе бұл зұлым империяның әрекеті ме? Сонда неге 40 күн бойы келіссөздер жүргізіліп, тұтқындарға үгіт-насихат оқылып, оларға жоспарды орындау және орыс пен украин халықтарының достығы туралы айтылды? Барлығы көзбояушылықа әкелді. 

Қанды қақтығыстың қатысушысы болған Норма Шикман оқиға туралы былай дейді: «Мен барактан жүгіріп шықтым, кенеттен қарасам, қақпадан танкі  кіріп келеді.  Ол былай келе жатыр (қолымен көрсетеді) — ораммен, ал біз қабырғаға таяу тұрмыз. Ол дәл жанымыздан өтті. Жағдайдың қатты ушығып кеткенін түсіндім, солдаттар мүлдем мас, қайда бара жатқанын білмейді. Бір танк барактың бұрышын түгелдей құлатып кетті. Бізде аймақта кішкентай шатқал болды, ол аймақтың шетін бөлетін. Танк оны өте алмай қалды. Мен тез арада сол шатқалды өтіп кеттім, ол мені құтқарып қалды. Болған жағдайды айту қорқынышты...»

Анна Дмитриевна Витта оқиға туралы баяндаған:  «Мен және күйеуім (Константин Витт пен Анна Гричаник Кенгир көтерілісі кезінде некелесті) сол түнде бірге болдық, бірдеңе болатынын білдік — ешкім ұйықтамады. Екі барак бірігіп, бірдеңені сезгендей болдық. Танк баракқа жақындап, терезелерге оқ ата бастағанда — матрацтар өртене бастады.Далаға шығуға тура келді. Барлық адамдар қабырғаға тіреліп тұрды. ...Мен ондай қорқынышты ешқашан көрген емеспін — танк тікелей бізге келе жатты. Күйеуім — майдангер, бірден мені бір жаққа итеріп жіберіп, басқаларға артқа шегінуге бұйырды... Бірақ кеш болды, танк адамдарға қарай жүріп кетті... Марийка Монтыка мен күйеуімнің бригадирі Зенка танкінің астында қалды. Екеуінің де мерзімі аяқталып келе жатты, оларды бостандыққа шығарамыз деген еді, бірақ олар бәрімен бірге лагерьде қалды. Отбасы құруды қалаған, бір-бірін сүйетін, осылайша бір бейітке жатты...». 

Спартак (немесе Сергей, лагерьде осылай атайтын) Тимурович Дедюкин Кеңгірге Сталиннің өлімінен кейін келді. Оның жазасы қысқа болды. Көтерілістен кейін көп ұзамай оны босатты, және ол Мәскеуге қайта оралуына мүмкіндік алды. 1994 жылы С.Т. Дедюкин радио арқылы Мәскеуде Кеңгір көтерілісінің 40 жылдығына орай  қатысушылардың жиналып жатқанын естіді. Осыдан кейін ол ұйымдастырушыларды тауып, қаюлы жанын емдеу үшін ішіндегісімен бөліскен. 

«Біз барактардың арасында жүгіріп келе жаттық, қасымда тағы бір жігіт, литвалық болды. Оның есімі есімде жоқ, біз жақын таныс емес едік. Біз танктен қашып келдік, ол бізге баяу жорғалап келе жатты. Кенеттен құлақ жарған дауыспен — бір оқ атылды. Менің денемді ыстық бірдеңе басып өтті... Бұрылып қарасам, қасымда тағы бір бассыз адам жүгіріп келеді».

Сол оқиға кезінде солдаттардың көбі ішімдікке салынып, өздерінің не істеп жүргендерін де білмегендігі жайлы куәгерлер айтқан. Мысалы, Эмма Войцехович екі мас солдатты көргенін айтады.

- Олар 4-баракқа кіріп, саяси тұтқындардың заттарын ақтарып жатты. Олар қарақшылардан құралған топ еді.

Сипатталған көрініске тағы бір эпизодты қосу керек, ол, бір қарағанда, онымен тікелей байланысы жоқ сияқты. 1954 жылдың 25 маусымы, яғни Кеңгір көтерілісінің басылуына бір күн қалғанда, оның екі негізгі ұйымдастырушысы ордендермен марапатталды. Кеңес Одағы Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор Сергей Егорович Егоров Қызыл Ту орденімен, ал ГУЛАГ басшысы, генерал-лейтенант Иван Ильич Долгих Ленин орденімен марапатталды. Штурмға қатысқан және ұйымдастырған басқа адамдарға марапаттар берілді ме, бұл әлі анықталған жоқ. Егер марапаттаулар Кеңгір көтерілісімен байланысты болса, онда оларға басып-жаншылудан бір күн бұрын, алдын ала берілгендей болып көрінеді. Түсініксіз жәйт. 

Көтерілісшілердің көпшілігі арасынан, әрқайсысының өмірі туралы роман жазуға болады, Юрий Альфредович Кнопмустың өмірі (1915—1956) ерекше қызықты. Ол 1954 жылы Степлагтағы Кеңгір көтерілісінің насихат бөліміне жетекшілік еткен. 90-шы жылдардың басында ол туралы өте аз мәлімет болды, тіпті «ГУЛАГ архипелагында» оның тегі қате жазылып, өмірбаяны шатастырылған еді. Бірақ оны көрген барлық адамдар ол туралы таңғажайып естеліктер қалдырған: оны ерекше білімді, ар-ожданы мол, төзімді адам деп айтатын. Кнопмус басқарған насихат бөлімі қабырға газеттерін шығарды, радио хабарларын жүргізді, аймақтың шекарасынан парақшалар таратты. Бірақ ең бастысы, Кнопмус әлемдік қоғаммен байланысу мүмкіндігіне сенді.

1955 жылдың 8 тамызы Қазақ КСР Жоғарғы сотында Степлаг көтерілісінің жетекшілеріне қатысты іс қаралды. Сот Кузнецов пен Слученковты ең жоғары жазаға (Кузнецовқа шығарылған үкім 25 жылға ИТЛ-ге өзгертілді, 1960 жылдың 12 наурызында ол екі істе де толық ақталды) кескен. Слученков 1956 жылдың 12 қыркүйегінде атылды.

1956 жылдың 24 сәуірінде Степлаг жабылды.