Отыншыны ойландырған қандай жаман әдет?
18.11.2024 279

Алаш қайраткері, педагог, ағартушы Отыншы Әлжанұлы «Сарттардың тобындағы мәжіліс» деген жазбасында сұмдық бір нәрселерді жазады. Ол мақала «Дала уалаяты газетінің» 1896 жылғы №6 санында Бабайбүркіт деген лақап атпен жарияланған. 


Табиғаты таза, діні асыл, бойын адал ұстайтын қазақ халқының ғұрпында жоқ, бұрын көз көріп, құлақ естімеген жайттың шетін шығарады. «Бір Асан Қайғы деген «Қазақ» газетінің 4-нші номерінде Алматыдан білдіреді сондағы осы мұқырлар Жиенбай балалары былтырғы жылы октябрь айында жеті күндей үлкен той қылды деп. Әрине Орта Азияның байырғы адамдары өздерінің байлығын көрсетпекке мұндай үлкен той қылуды жақсы көреді. Бұл еш нәрсе емес. Бірақ той уақытында көркем жүзді еркек балаларды қызша киіндіріп, ойынын ойнатты һәм оларды құрметті көпестер сүйіп, бұларға ақша сыйлап берісті дегені болмаса». 

Қаламгердің «қызша киінген көркем жүзді еркек балалар» деп отырғаны – бача-базилар.  Бача-бази – орта ғасырдан бері келе жатқан жасөспірім ұлдар арасындағы зорлық-зомбылықтың түрі. Парсы тілінен сөзбе-сөз аударғанда бача – «ұл», бази – «ойнау», яғни «ұлдармен ойнау» деген мағынаны білдіреді.(Mondloch, Chris. «Bacha Bazi: An Afghan Tragedy Wayback Machine» Foreign Policy. Monday 28 October 2013).

«Баша» деп сарттар көркем жүзді еркек балаларды айтады. Қаюларды сарттар баяғыда өздерінің үйреншікті жаман ғадет мінездерімен ұстаушы еді» деп жазады О. Әлжанұлы (Отыншы Әлжанов. Шығармалар. – Алматы: Алаш, 2004. 104-б.).

Бача-бази әуесқойлары жасөспірім ұлдарға қыздың киімін кигізіп, бояндырып, әшекей тағып, ақшалы ер адамдардың алдында билеуге мәжбүрлейді. Көбінде бача-базидің құрбандары кедей отбасынан шыққан ұлдар болған. Оларды көбінде көшеде ашық түрде ұрлап әкетсе, кейбір балаларды ата-аналары қомақты қаражатқа өздері  сатқан. Осылайша ел ішінде кәсіптің бұл түрі дамып, жеңіл ақша әкелудің жолы болды. «Би билейтін ұлдарға» ие болу өте беделді кәсіп болып саналды, сондықтан байлар өз мәртебесін көрсету үшін жиі қойылым ұйымдастыруға тырысқан. Құлдықта ұстаушылар көбінде 10-11 жасар сымбатты ұлдарды таңдап, артынан оларға дәстүрлі биде билеу мен ән айтуды үйретіп, жылтыр көйлек пен тіпті жасанды төс тағуға мәжбүрлегені турасында Отыншы Әлжанұлы: «Көркем жүзді еркек балаларды қызша киіндіріп баша ойынын ойнатқанынан һәм құрметті көпестердің башаларды сүйгендерінен бұл той иелерінің де сондай жаман мінезді машық қылғандарын байқауға анық дәлел болып тұр» дейді.

Бача-бази ХІХ ғасырдың соңында Бұхара, Ташкент, Самарқан,   Ауғанстан және Пәкістанда танымал болды. Кейін діндегі имамдар мұның исламға қайшы екенін айтып, тыйым салған екен. Отыншы Түркістан өңірінде тараған бұл жаман әдетке тыйым салғаны жайлы жазады: «Мұндай жаман қылық сарттарда ғана болушы еді. Түркістан Русияға табиғ болғаннан бері сарттарға баша ұстауды қатты тыйым қылған еді. Сонда да сарттардың бұзылғандары оларды жасырын ұстай берген. Бұл мінездерімен олар хайуаннан да төмен болған».

Отыншы жазбасын сарттардың башаны құрметтеген ойын мәжілісіне қатысқан бір қазақтан естіген әңгімесімен жалғайды: «Қазақ айтады: «Мен өз жұмысым турада Түркістанның көп шаһарларында болып сарттардың тілін, заңын, ғадет рәсімін бек жақсы білдім. Сондықтан да сарттардың ойын-мәжілісін, башаны қалай құрметтейтінін көре алмадым. Себебі сарттар тамашаларын сарт емес адамдардан жаһат етіп-ақ жасырады. Сонда да мен танысым бір сарттардың қазысы арқылы сарттардың өздері жасырын мәжіліс құратын үйлеріне де кірдім. Бұл үйде сарттардың жаман гадет ойындары болып жатыр екен. Мен сарттар білмесін деп сартша киіндім де, жұмыскерлеріммен таныс қазыма еріп мәжіліс үйіне бардым. Жұмыскерім мені бір аранға алып кірді. Ол аранның дөп жерінде сәкілесі тұр екен. Біз сәкілеге кірдік. Іші едәуір кең екен. Көп сарттар жиылыпты. Бұлардың ішінде недәуір жастағылары да бар. Бастарында әсемдеген үлкен ақ шалмалары бар, сақалдарына ақ кірген. Бұлардың бәрі де отыр екен. Орталарында жібек кілемнің үстінде бір көркем жүзді еркек бала отыр екен. Үстінде әсемдеп безеп тастаған әйелдің киімі бар. Басынан аяғына шейін алтын-күміс теңгелерменен безеп тастаған. Оның алдында подностың үстінде үлкен шәйнек пен кішкентай қытай кесе тостаған тұрды». 

Жинақталған деректерге қарағанда, бача бази – ер балаларға зорлық-зомбылық жасау, пайда табу ғана емес, сонымен қатар жоғары лауазымдағы ересек адамдар үшін зор мәртебе мен ен байлықтың белгісі. «Сақалдарына ақ кірген, үлкен ақ шалмалары бар» адамдар» саясат серкелері, ел арасында беделі бар, құрметті тұлғалар болуы әбден мүмкін. Олар өздерінің мүмкіндіктерін бос жібермей, жүзі көркем, реңді ұлдарға ие болуға тырысады, сөйтіп беделін арттыра түскісі келеді. 

Отыншы жазбасының жалғасы: «Мен білдім бұл бала сірә, баша болса керек деп. Баша шәйнектен кесене шәй құйып отырды. Сондағы жиылғандардың бәрі де оған көздерін сатып телміріп қарап отырды. Баша бір кесе шәйді құйып жақсы киінген бір жігітке ұсынды. Бұл жігіттер орнынан ұшып тұрып, башаға келіп қол қусырып тағзым қылып, тізесінен жүгініп алдына отырып ұсынған шәйін алды да шәйін ішіп, кесенің ішіне бір уыс ақша салып балаға қайтарды. Бұл жас сарт өзгелердің «сен бақыттысың» деп дауыстап қолын, бетін сүйгеніне мәз болып келіп орнына отырды. Мұнан соң баша сол кесеге шәй құйып қалғандарын сыйлады. Олардың да әрқайсысы ішіне ақша салып кесені башаға қайтарды. Сонда да кейінгілердің еш қайсысы бастапқыдай құрметке иелене алмады. Шәй ішіліп болғаннан соң шәйнек пен кесені жиып алып кетті» деп, бачи-база мен «қожайындарының» қарым-қатынасын жеткізген. 

«Бұлардың бәрі де апиын мен гашиш тарта бастады. Үйдің іші түтінге толып кетіп дем алуға мүмкін болмады. Тартымпаздардың аузынан сілекей ағып қозғалмастан бастарын бір жағына қиқырайып көзден сатып, телміріп отырып алды. Сол уақытта олар бір бек жақсылық халде болған тәрізді көрініп тұрды. Баша орнынан тұрды. Сол уақытта жиылғандардың бәрі бастарын көтерісіп, кімі қобызын, кімі сыбызғысын ойнай бастады. Баша жүріп қайсы біреулерінің қасына барып тоқтап тұрып әр түрлі сүйкімді мінез көрсетеді. Қашан баша сарттардың қасына келгенде сарттар жаһатын салып башаның киімінің етегінен, қолынан һәм башмағынан сүйісті. Яки қолдарын башанын киіміне, башмағына тигізіп алып өз қолын өзі сүйіп айтты: «Уай, мен сенің құрбаның болайын, мені құрбанына шал» деп. Көпке шейін баша секіріп биледі. Апиын мен гашиштың түтіндерінен менің басым ауырып қоштанып отырған сарттарды қалдырып ол  сәкіден шықтым. Мұнан соң не болғанын білмеймін. Міне, башалардың мәнісі». 

Қазақта «бәтшағар» деген жағымсыз сипатта келетін сөз бар. Ауызекі сөйлеу мәнерінде «Өй, өзің бір бәтшағар екенсің!», «Бәтшағар неме» деген қолданыстар да жоқ емес. Көңіліне жақпаған адамға қарттардың өстіп кейіп жатқанын талай естіп көрдік. Сөйтсек, бұл парсы тілінен енген екен. «Бачча» – «ұл бала», оған «қор» жұрнағы (еңбекқор, бейнетқор, шаруақор) қосылған. Тура аударғандағы мағынасы – еркекқұмар дегенді білдіреді. 

Аты жаман сөздің жексұрын, сұмпайы, оңбаған, әдепсіз деген синонимдес сөздердің мағынасын да беретінін ескерген абзал. Тағы бір нұсқада «бачча» – ұл, «ғар» – есек деп келіп, одан «бәтшағар» – есектің баласы деген мағына тудырған делінеді. Жалғанып тұрған «ғар» сөзінің де бірнеше мағынасы бар, ол бірінде жүргіш, сайқал әйел болады. Жазушы-журналист Б. Қыдырбекұлы «Бәтшағар – «зинақор әйел» деген ойды айтқанда қолданылатын сөз. Бірақ кейін мағынасы өзгеріп, басқа мағынаға ие болған еді. Кейін тіпті жан ауыртпайтын мағына алды. «Бәтшағар, ордан өзім суырып алып, адам қылып едім...» деп жазады (Қыдырбекұлы Б. «Алпамыс». 212-б.). 

Тілімізде әдеби тілдің сөйлеу нормасына жатпайтын, ауызекі тілге тән сөздердің бары белгілі. Оған ауызекі тілдегі дөрекі, тұрпайы сөздер, варваризмдер, жаргон сөздер, кейбір диалектизмдер жатады. Сонымен бірге қарапайым сөздердің қатары кемсіту, мұқату, мысқыл-мазақ, қарғыс, алғыс мәнінде қолданылатын, көркем әдебиетте, ауызекі сөйлеу тілінде стилистикалық бояуы бар сөздерден тұрады. Мысалы, шикі өкпе, сүмелек, тыштаңдау, былшию, адыра шалғыр, көсегең көгерсін, көп жаса, т.б. сөздердің қатарына «бәтшағарды» да жатқызуға болады.

Отыншы Әлжанұлы жаман әдет жайлы жазбасының соңында «қазақта жоқ бұл әдетті сарттар өз арасында бар, жасырып ұстайды» деп қатты сынайды. «Бұл қазақтың айтуынша бұл уақытта қайсы бір бай сарттар пригащигім деп жасырын баша ұстап тұрады дейді. Не болса да әйтеуір ғажап һәм ұят. Бұл уақытқа шейін сарттардың баша ұстайтын жаман ғадет мінезі қалмай келеді».

Отыншы Әлжанұлының «Сарттардың тобындағы мәжіліс» мақаласы өмірде болған оқиғаны тура сол күйінше баяндап беру ғана емес, қолына қандауыр ұстап, қанды іріңді сылып алып тастайтын емші-дәрігер секілді. Қазақ қоғамы мен мәдениетіне жат құбылыстармен күресуші бейнесінде де көрінеді. Шындығына келгенде Отыншы мұндай сорақы қылықтардың, ерсі әрекеттерді қазақ топырағында болмауын қадағалаған, өмірлік, ұлттық құндылықтарға кесел тигізуші зардаптарды бақылай алған, ұйқылы-ояу жүріп емес, айналасына сергек қарайтын көсемсөзші ретінде танытады.