Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Бұқар Жырау

Бұқар Жырау - e-history.kz
Аты Бұқар Жырау
Қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы.

Бұқар Жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеум. мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артты. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет етті. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлады:

“Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай. Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай!”.

Осы бір шумақ жырда халық пен ханның байланыс-бірлігін қиыннан қиыстыра білген. Жыраудың “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ай, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын” атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Ал, “Садыр, қайда барасың?”, “Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға” деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз етеді. Бұқар Жыраудың Абылай хан саясаты жөніндегі байламды пікірлері де орнықты, әділ. Ол қасындағы Қытай мен Ресей туралы да ұстамды бағыт ұстанады. Соның арқасында ата жауы Жоңғарлардың іштей іріп, азып-тозуы үшін ұтымды саясат қолдана отырып тарих сахнасынан кетуіне қолайлы жағдай жасағанын мақтанышпен жырлайды. Бұл орайда жырау Абылай ханды “әділдігі Наушаруандай, жомарттығы Хатымдайдай” деп бейнелейді. Тіпті, ханның әділдігі мен адамгершілік қасиеттерін де жоғары бағалай келіп, оның байлық-салтанатын “қырық мың атан тарта алмас” деп сипаттайды. Мұның бәрін жырау ханның жас кезеңдерімен тығыз байланыста алып қарастырады:

“Қырық жасқа келгенде, Алтынды тонның жеңі едің. Қырық беске келгенде, Жақсы-жаман демедің. Елу жасқа келгенде, Үш жүздің баласының, атының басын бір кезеңге тіредің!”.

Жырау жас мөлшерін сипаттағанда, бұрыннан келе жатқан дәстүрді ұстанып, оның күш-қайратқа байланысты екенін, әсіресе, жастықтың шыңы жиырма бесті шалқыта жырлайтыны бар. Алайда ол адамның жас кезеңдерін үнемі сол қалыпта сипаттай бермей, оның ақыл-парасат, толысу, кемелдену тұрғысынан да алып суреттейтінін де көреміз. Бұл орайда жырау жас сипаттамаларын Қожа Ахметше жырлайтынын аңғартады:

“Отыз жасқа келгенде, Дүниедей кең едің. Отыз бес жасқа келгенде, Қара судың бетінде, Сығылып аққан сең едің. Қырық жасқа келгенде, Алтынды тонның жеңі едің… Елу бес жасқа келіпсің, Елу бес жасқа келгенде, Жақсы болсаң толарсың, Жаман болсаң, маужырап барып соларсың”…

Бұқар Жырау Абылай ханның “бәйгелі жерде бақ болған” әйгілі батырларын “өзіңе тұғыр болған төрт тірек” деп лайықты бағалай отырып, олардың тарихи ерлік істерін қазақтың абырой-арына біткен ерлер деп асқақ жырлайды.

Мәлімет wikipedia сайтынан алынған.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?