Если нация не знает своей истории, если страна теряет свою историю, то после нее они сами могут легко исчезнуть.
Миржакып Дулатов

Қаңлы ғұламалары

1952
Қаңлы ғұламалары - e-history.kz
Қаңлылардың әлемдік өркениетке қосқан өзіндік үлесі бар. Ертедегі шумерлерді кенгірлер-қаңлылар деп атаған.

Қаңлылар Африкада, Индонезияда, Солтүстік-Шығыс Вьетнамда, Суматра және Ява аралдарын мекендеген. Әлемде өркениет тіпті қаңлылардан бастау алады деуге болады. Қаңлылар металл балқытуды меңгерген әлемдегі үш халықтың бірі болып саналады.

Олардың шығу тегі туралы Ресей зерттеуші-ғалымы Б.Грозный «Шумер (кенгірлер-қаңлылар) халқы қазіргі Киргиз (қазақ) даласынан, ұзын басты үнді-европалық пен қысқа басты турандықтардың шекарасынан шыққан» деп түсіндіреді. Еуропаның белгілі ғалымдары Ф.Хоммел және А.Фалькенштейн өткен ғасырдың өзінде шумерлердің арғы аталары қаңлы болды деген пікір айтқан еді. Шумерлердің ежелгі тарихын зерттеген қазақтың талантты ақыны Олжас Сүлейменов пен белгілі ғалым Сәрсен Аманжоловтың бұл туралы пікірлері ашық айтылмаса да, жоғарыда аталып өткен шетелдік ғалымдардың тұжырымдарымен тұспа-тұс келіп жатады.

Оқи отырыңыз:  Қаңлы мемлекеті 

Қытай жылнамалары шумерлердің (кенгірлер-қаңлылар) бір кезде шығыстан батысқа және оңтүстік-батысқа қарай жыл­жығанын жазады да, сол жылжудың дәл қай кезден, қай кезге дейін жүзеге асқанын анықтап айтпайды. Ал Геро­дот шумерлер (кенгірлер-қаңлылар) Қара теңіз бойында да, Орталық және Кіші Азияда б.з.д.V ғасырдан бұрынырақ өмір сүрген деп жазады. Ал біз қаңлыдан шыққан ғұламалар туралы әңгіме өрбітіп көрелік.

Анахарсис (Анарыс):

Қазақстан Республикасы аумағындағы жерлерде бірінші болып, б.з.д. V ғасырдан бұрын Қаңлы мемлекеті пайда болған. Қаңлы біздің заманымызға дейінгі кезеңде кангюй деген атпен мәлім болған. Қаңлы-скиф философы, әлемдік философия тарихында әйгілі Анахарсис (қазақша есімі Анарыс) дүниеге келіп, өмір сүрген. Анахарсис жөнінде Геродоттың «Тарих» еңбегінде және Платонның «Протагор» деген еңбегінде оны «Жеті ғұламаның» бірі деп санаған. Анарыстың скиф және эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, кәсібі туралы 800-ден астам еңбектері бар.Анарыстың даналық сөздерінің болмыс-бітімі қазақтың белгілі шешен-билерінің сөздерімен қабысып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қаңлылардың шаруашылығы, саудасы мен қолөнері
 

Сиддхарта Гаутама

Үндістандағы будда діні (б.з.б.V-VI) ғасырда пайда болды. Оның негізін салушы Сиддхарта Гаутама. Тегі қаңлы-сақ деп жазды тарихшы В.В.Григорьев. (В.В.Григорьев, «Указанная работа». 75-80 беттері).

Самға Күй

Ақыш атты Отырар саудагерінің баласы. Руы қаңлы. Керуенмен Үндістанға барғанда, оннан асқан шағында ата-анасынан айырылады да, ол Самға (Samgha)аталып кетеді. Самға Күй жасынан-ақ білімге құмар, оқуға алғыр, ізденгіш, көгел (ұқыпты да пысық) болып өседі. Ол Бұдда классиктерінің ілімін жетік меңгеріп, алты Кәрімді игеріп, абыз деңгейіне көтеріледі.
Бұдда дінінің үлкен маманы ретінде Самға Жунгуоға (Қытайға) ауысады (уақыты көрсетілмеген). Содан ол Қытайдағы Нанжин қаласындағы Жуан–Шусы атты алғашқы пұтханасын салдырып, соны басқарады. Ол пұтханада «Сакия – мони пұт» лауазымына лайықты өте ауыр әрі күрделі көшірмелердің мифологиялық баяны түсірілген «Фан Патшаның көшірмесіне» жататын көп кітапты (санскриттен қытай тіліне) аударып, тілінің оралымдылығы мен шешендігі, мазмұнының тереңдігі мен дәлдігі жағынан ерекше беделге ие болады. Бұдда мәдениетінің Жуңгоға (Қытайға) таралуына айрықша үлес қосқан Қаңлы Самға Күй 280 жылы қайтыс болған деп жазады Сұлтан Жанболатов (Рефераттар, мақалалар. Іле халық баспасы. Үрімжі, 1993, 75-б.).
Міне, бұл қысқа деректің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па? Отырарлық Ақыш атты қаңлы саудагердің баласы – Самға ата-анасынан жастай жетім қалып, Үндістанда Бұдда классиктерінің ілімін жетік меңгеріп, Қытай жеріне оны таратуға үлкен үлес қосқан діни қайраткер болғандықтан, Қытай тарихында есімі сақталып отыр. Шіркін, оның осы игілікті істерін тереңдеп, тексере түсер ме еді?!

Қаңлы шайхылары мен
монахтары

Қаңлы шайхылары мен монақта­рының қытай будда діни істеріне орасан зор үлес қосып, Қытай көркем жазуының негізін салып, ережесін жазып, мәдени-ағарту мен ғылым мен техниканы дамытуда, тарихын жазуда үлкен үлесі бар. Мұны Қытай ғалымдарының өздері де мойындап отыр. Лоянның суреттерінде Қаңлы елінің қыруар шайхы-монахтарының бейнеленуі бұған толық айғақ. Сондықтан қытай ғалымы Су Бейхай: «Таң дәуірінде (VI-VII ғасырлар) қазақтың Қаңлы шайхылары мен монахтарының қытай будда діни істеріне орасан зор үлес қосқандығын тарихи фактілер арқылы дәлелдеп отыр»(«Қазақ мәдениет тарихы» қытайша, 181-б). Сол кездегі Кусан шаһары (Шынжанда) будда мәдениетінің ірі орталығы екен, онда он мыңнан артық монах жұмыс істеген, алтыннан құйылған отыз метрлік биік мүсіндер, алып мұнаралы ғибадатханалар, бір сәтте үш мың адам тауап жасайтын пұтхана орындары болған. Мұнда Қаңлы шайхылары мен монахтары будда діни істерін насихаттауда үлкен жұмыстар жүргізген.

Қорқыт Ата

«Қорқыт Ата VII-VIII ғасырлар аралығында Жаңакент (Йеникент) қаласында Сырдарияның Арал теңізіне құйылатын (Қазалыдан 20-25 шақырым) жерінде дүниеге келген» деген пікір қалыптасқан, оны қазақ халқының арасында бар «су аяғы – Ер Қорқыт» деген қанатты сөз де дәлелдей түсетін сияқты.
Сәбетқазы Ақатай бұл аңыз-әңгімені одан әрі былай деп жалғастырады: «қайы Қаңлы тайпасынан шыққан Инал-Иаваны елбасы етіп көтергенде, Қарақожаның баласы (ол да қайы қаңлы тайпасынан) – Қорқыт оның уәзірі болып тағайындалады. Ол 290 жыл өмір сүріп, одан кейінгі үш елбасының тұсында да уәзір болып істейді. Дұйлы-Қайыдан кейін билік Көл-еркеге (басқа жерде – Кел-еркен), одан кейін оның батыр баласы – Қаңлы-Йавлыға ауысады. Ол тоқсан жыл билігін жүргізіп, қайтыс болады» деп көрсетеді автор (С.Акатай, «Великий Коркыт и его учение».) Қорқыт Ата туралы аңызды қаңлылар түрік жерінде де дәріптеген. Түркия түріктері Қорқыт атаны біздің бабамыз деуі содан шығар.

Қаңлы қызы
Түркенхатун

Ол Хорезм шахы Текештің әйелі, Мұхаммет Хорезм шахтың анасы, Хорезм мемлекетінде өз ықпалын жүргізген, өзіне ғана бағынатын 60 мың әскер ұстаған, еркекке бергісіз ерекше қасиеттері үшін «әлемге әйгілі ханшалардың ханшасы» («Шахиня шахин вселенной») атағына ие болған мемлекет қайраткері, сұлу да ақылды әйел болған. Отырар қаласының билеушісі Қайырхан Түркенхатунның ағасының баласы.

Потодын

Қытай тілінде жазған Қаңлы ақыны Потодын 10 томдық шығармаларымен бүкіл хан еліне танылған ғалым, ақын, сазгер болған. (Батыс өңір аз ұлт жырларынан таңдамалар, Қытайша 4-бетін қараңыз). Біздің заманымыздың 232-348 жылдары жасаған, ақын 117 жыл ғұмыр кешіпті. Ол үлкен оқымысты ғұлама адам болған. Зерттеу жұмысымен бүгінгі Кашмир, Үндістан өңірін аралаған, ақынның көптеген өлеңдері сол кездегі Қытайдан шыққан атақты «Гаузуннама» деген кітабында жарияланды.

Жұң-да

Қаңлы Жұң-да: Жуңгоның (Қы­тайдың) кескін, мүсін өнеріне орасан зор үлес қосқан, дамуына ықпал жасаған, өзінің айшықты өнерімен атын паш еткен пұт суретшісі саналған. Ол Миуа-дамен (қара)аталас, түп-тегі қаңлы руына жататын. Бұдан басқа оның өміріне қатысты дерек жоқ. Сұң әулеті тұсында оның суреттері жоғала бастайды. Тек «Салт атты» деп аталатын бірнеше кескінді суреті ғана сақталған.
Алайда Қытай өнері тарихында Жұң-даның суретшілік өнері «Киімнен су шығар» деп аталып, өзіндік стильге ие, нағыз Батыс (Қытайдағы түркі тайпалары жасап келген аймақтарға) өңіріне тән ерекшеліктерге жататыны көрсетіледі. Мұндай тәсілдің басты белгісі – жіті сызықтар арқылы адамның киімі етіне жабыстыра сызылып, оның бой-бітімі айқын көрініп тұруында. Әрине, бұл кескін (живопись) өнерінде де, мүсін (скульптура) өнерінде де өте қонымды тәсіл саналған.
Жазба деректерде Жұң-даның туған, өлген жылдары көрсетілмейді. Алайда, оның Би Яи патшалығы (бұл 550-577 жылдары Қытайды билеген) кезінде өмір сүргендігі белгілі.
Сонымен, Қаңлы тегін тектегенде, VI ғасырдың өзінде сонау Қытай елінде кескін, мүсін өнерінің дамуына өз үлесін қосып, өз ықпалын жасаған Жұң-даны қытай жазбалары көрсетіп отырғанда, бүгінгі қауымның да біле жүргені артық емес деп ойлаймыз.

Хату

Қаңлы Хату әрі ақын, әрі сазгер, әрі ғалым болған, 589 жылы 10 томдық шығармасы жарық көрген. Оның көптеген өлеңдері, ғылыми еңбектері өз дәуірінде жоғары баға алды. Оның «Чаң-Ән аймағы» деген өлеңі алыстап кеткен заманды көз алдыңа елестетеді.
Чаң – Әннің жолы тар, иір-қиыр,
Бұтақталып жан-жаққа таралады.
Кестелеген қорамсақ ернеуінде
Дөңгелектер шиқылдап ән салады.
Улында (жер аты) көп тақуа,
сөзуарлар,
Топ-тобымен жасақтар жар салады.
Жастар қалай түсінсін қарт сардарды,
Тек ашумен толады бар шанағы…

Ақынның бұл өлеңінен жасақ басқарған сардар екендігі, қаруларын арбаға тиеп, шеру тартып жүргендігі айтылады. Өлеңнен қаңлылардың жауынгер халық болғандығын аңғаруға болады.

Бұқым

Қаңлы Бұқым Қайранбайұлы біздің заманымыздың 1254 жылы туып, 1300 жылы қайтыс болған ақын. Ол да бала күнінен қытайша тәлім-тәрбие алған. Өз шығармаларын қытай тілінде жазған. Қаңлы Бығым Қарлығашұлы Қайырбектегі, ол кейде қытайша Шы-Йуң деп те аталған. Бығым Батыс өңіріндегі қаңлы тайпасының ақсүйегі. Ол 16 жасында оқудың соңына түсіп, Хұбылай қағанның алқауына ие болды. 1279 жылы қаған қызметіне жіберіледі. Ол алты жылдан кейін Орда қызметіне қайта оралып, 1285 жылдан бастап, қағанат жұмысын шаңшу (министр) міндетінде орындайды. Оның істеген басқа игілікті істері жөнінде мағлұмат көп сақталмаған. Деректе: «Бұғымның «Сы Чау» («Ордадан кету») атты күйі сақталған» деп көрсетеді (деректі аударған Қайрат Ғабитхан).
Ақынның Бұқымның «Умашан бас­тауынан өткенде» деген өлеңі былай басталады:
Кәусар бұлақ бастаудың суы тұнық,
Сусындайды жолаушы бетін жуып.
Баяндайды ол жүргінші халайыққа,
Әлмисақтан бергіні тарих қуып.

Миау-да

Қаңлы Миау-да Самақұлұлы Боламан – саусағынан өнер тамған атақты сазгер. Ол өзінің сазгерлік талантын 550-600 жылдары Орта жазықта (Қытайдың ішкі өлкесінде) таныта білген адам. «Солтүстік патшалықтар тарихы», «Көне Таңнама» атты жазба жылнамаларда Бей Яи патшасы Гау-яң тұсында оның аты шығып, патша құрметіне ие болғандығы, тіпті патшаның өзі Ху-Гу Батыс өңірдегі Қаңлы елдерінің дабыл-даңғырасын соғып, музыканы сүйемелдеуге дейін барғаны айтылады. Бей-Яидың бесінші әулетінен шыққан патшасы Гау-Яңның тұсында қаңлы Миау-даның сазгерлік шеберлігі шарықтау шегіне жетеді, Гау-Ви патша тарапынан ол уаң (князь – Ә.Қ.) дәрежесіне көтеріледі.
577 жылы Бей-Яи әулеті Бей-Жу тарапынан құлатылғаннан соң Миау-да соның құзырында (Терістік Жуда) күй шебері болып істейді. 581 жылы Бей-Жу патшаның өзі орнынан кеткенде, ол Сүй әулетіне қарасты болып қалады және сол әулет тағайындаған «әлем шат» (шат – патша әулетіне нәсілдік жолмен ауысатын мансап)сарайының (яғни ханзадалар сарайының) саз үйретушісі болып тағайындалады.
587 жылы «ескішілдер» жеңіліс тапқан соң да Миау-да бұл жұмысын жалғастыра береді. Біз қарастырған жазбаларда қаңлы Миау-даның сазгерлік шеберлігі ата-бабаларынан (әкесі – Самақұл, бабасы – Боламаннан) келе жатқан нәсілдік өнер екендігі де айтылады. Бұлар да кезінде Орта Жазықтағы күй шеберлері болған. Осыған орай «Батыс өңір күйлері» деген еңбекте қаңлы Боламан, қаңлы Самақұл, қаңлы Миау – да үш бірдей ұрпақ өкілінің Бей-Жу әулетінен уаң (князь) атағын алғандығы жазылады. Онда: «Батыс өңірдің әйгілі күйшілері Орта жазыққа келген соң, олардың атағы мен ықпалы бұл жақты дүр сілкіндірерліктей күшті болды» деп жазылған (Шыңжаңның жерлік тарихы. Үрүмжі, 1992, қытай тілінде, 67-б.) Оны аударушы – Сұлтан Жанболатов.
Көріп отырғанымыздай, бұл қаңлы текті үш ұрпақ өкілі Батыс өңірінің (яғни түркі тайпалары жасайтын өлкелердің) музыкалық өнерін Шығыста Қытай жерінде таратып, оны мәуелете түскенін көреміз. Қытай зерттеушілері: «Қаңлы Миау-даның өмірі – Жуңхуа (қытай) ұлттарының көркем өнерін дамытуға үлес қосқан, ол – арттағылар мәңгі естен шығармауға тиіс адам» деп көрсетеді («Батыс өңір мәдениетінің әңгімелердің шежіресі» Үрімжі, 1991, 27-б.). Қытай тілінен аударған шәкіртім Қайрат Ғабитхан.
Міне, сонау VI ғасырдағы аты шулы сазгер қаңлы Миау-даны қытай тарихында орын алған, қазақ халқының бір ғұламасы деп айтуға құқылы.

Бұқа ақын

Бұқа – қаңлының әйгілі ақыны. Жазба деректерде оның тек 74 жол өлеңі ғана сақталып қалған. Бұл өлең сол кездегі сызба суретке арналыпты. Бұқа өз тұсында Қытайдың оңтүстік Суң патшалығының (1177-1279) «Төрт қарагер» деп аталған төрт ақыннан (Бұқа, Ма-иуан, Ли-Таң, Лиу-Суң) тұратын құдіретті төрттік топтың бірі болып саналған.

Қоңай ақын

Қоңай Бығымұлы Қайранбектегі жылнамада 1283 жылы туған атақты ақындардың біріне, ұлылардың қатарына жатқызылады. Оның бүгінге «Жи атайлы жоқтау» атты бір-ақ өлеңі жеткен. Сонысына қарамай, қаңлы Қоңай өз кезіндегі Қытайдың атақты ақындарының қатарынан орын алған (қытайшадан аударған Қайрат Ғабитхан).
Алтын Қара ақын

Батыс өңірі қаңлы тайпасынан шыққан, Иуан әулеті (династиясы) тұсында жасаған белгілі ақын, әрі сықақшы (күлдіргіш) адам. Оның да көп өлеңі сақталмаған. Иуан әулеті (бұл моңғолдар құрған патшылық) тақтан тайған кезде Алтын Қара да Тоғантемір (Иуан Шу-ди) патшаға еріп, Терістік аймаққа аттанып, содан кейін із-түзсіз белгісіз болып кетеді деп жазады жылнамада (қытайшадан аударған Қайрат Ғабитхан).

Қазақстан аумағындағы ежелгі мемлекеттер 

Сәрсен

Қытай деректеріне сүйенсек, қаңлы Сәрсен 1295-1345 жылдары өмір сүріп, соңында көп әдеби мұра қалдырған ақын. Қаңлы Бұқұмның ұрпағы Сәрсен-Зсан, Наунау деп те атанған. Ғұлама небәрі 51 жасында Пекинде қайтыс болады. Өмірінің ақырында қатты жоқшылық тартып, жерлеуге кебін табылмаған. Ол сондай-ақ, өз дәуірінің белгілі хаткері, көркем жазу шебері болған зиялы жан. Қытай көркем жазуының негізін салып, ережесін жазып кеткен сан қырлы өнерлі жанды қытай халқы осы күнге дейін ұмытпай, есімін қастерлейді. Солтүстікте Сәрсен – Зсан, оңтүстікте Жаумынжау – екі дегдар, қос гауһар атанған.

Қаңлы қыздарының
«Арыстан биі»

Қаңлылардың мәдениеті өте жоғары дамығанын көне деректер жан-жақты дәлелдей түседі. Қаңлы қыздарының «Арыс­тан биіне» арнап, қытайдың Таң дәуіріндегі классик ақыны Бай Жуйнің жазған «Биші бикеш» деген өлеңі мынадай:
«Биші бикеш ойқастап,
Оңға-солға бой тастап,
Жауған қардай қалықтап,
Құйындай құйғып шарықтап,
Мүдіруді білмеген,
Бұрала,толқып билеген.
Келіпті бикеш Қаңлыдан,
Алты айшылық арыдан,
Жарыса зырлап күйменен,
Көңілі толқып күйменен.
Бидің биік сарасы,
Әлемде жоқ бағасы,
Қол жеткісіз асылға,
Әркімнің бар таласы.
Алқа-қотан айналды,
Жұрттың төре қарасы».

Кохинилон

Қаңлы Кохинилон – ертедегі Келеңтау (Чиланшан) жағын қоныстанып, кейін Сыр бойына ауып барып, V ғасырға дейін Сыр бойын мекендеген әулеттің ұрпағы. «Ол Тан әулеті билік еткен 785-805 жылдар арасында жетіген музыкалық аспабын жетілдірген және жете меңгерген, әйгілі сазгер «Чан-Эндағы бірінші басбармақ» деген атаққа ие болған талант иесі» деп жазады қытай жазбалары.
Көріп отырғанымыздай, қаңлы Кохинилон да қытай тарихында аты қалған, жетіген аспабының шебері ретінде әйгілі болған бал бармақты талант болып отыр (қытайшадан аударған шәкіртім Қайрат Ғабитхан).

Теміртас, Тайбұха,
Калел, Таутұн

Хан елінің тарихын жазған қаңлы Теміртасты, Бояутайдың баласы ғалым Тайбұханы, қаңлы Калел, Таутұндарды үлкен мақтанышпен айтамыз. Калел, Тайбұха сияқты шеберлер тұтас Шыңғыс хан патшалығының мәдени-ағарту, ғылым-техника жұмыстарын басқарғаны жөнінде деректер көптеп кездеседі. Ляу, Жин, Сун хандықтарының тарихын осы ғұламалардың жазып шыққанынан қытай ғалымы Су Бейхай қытай тілінде шыққан «Қазақтың мәдениет тарихы» деген кітапта жан-жақты талдап жазады.

Асабұқа

Қытайдың көрнекті тарихшысы әрі жазушы Су Би Хай да қаңлы тақырыбына көп қалам тартып, тұжырымды зерттеу жүргізген белгілі оқымыстылардың бірінен саналады. Ол «Юан хандығының тарихы» кітабында жарияланған Қытай патшасы Узонның баяндамасын негізге ала отырып, сол кездегі империя гвардиясының ішінде арнайы «қаңлы қолы» болғандығын, бұл жасаққа қаңлы батыры Асабұқа басшылық еткендігін, олардың батырлығы мен ерлігін жан-жақты жазады.

Әбу Насыр әл-Фараби

Сан қырлы дарын, сан салалы ғалым, данышпан ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби әлем ақыл-ойы алыптарының бірі ғана емес, бірегейі де. Дүйім дүние оны ғылым мен білімдегі, әдебиет пен мәдениеттегі Аристотельден кейінгі екінші ұстаз деп білген. Аристотель мен Платонның еңбектерін көне грек тілінен арабшаға аударып, оларды мұсылман әлеміне ғана емес, байтақ батыстың өзіне танытқан ғұлама әл-Фараби Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасындағы Отырар қаласында, Қаңлы елінің отбасында 870 жылы өмірге келген. Әл-Фарабидің із қалдырмаған саласы кемде-кем. Олар: астрономия, астрология, логика, лингвистика, математика, медицина, музыка, поэтика, социология, табиғаттану, философия, этика, т.б. болып кете береді. Одан қалған ғылыми еңбектердің ұзын саны жүзден асады.

Отырар қаласынан
шыққан ғұламалар

Отырар қаласының өзінде дүниеге келіп, әлемдік ғылым мен мәдениеттің белесіне көтерілген ғұлама ғалымдардың саны отыздан асады. Бізге белгілісі төмендегі ғұламалар:
1.Ғаббас Сайд әл-Жауһари (750-860 ж.ж.);
2. Ысқақ әл-Фараби (1002 ж.);
3. Сымайыл әл-Жауһари(1010 ж.);
4. Ахмет әл-Фараби (1174 ж.);
5. Ахмет Яссауи (1094-1166 ж.ж.);
6. Әбілқасым әл-Фараби (1130-1210 ж.ж.);
7. Әлбіүгнеки (XII-XIII);
8. Смаил әл-Отырари (1488 ж.).

Әбу-л Қасым –
әл-Фараби

Моңғол шапқыншылығынан кейін өмір сүрген бұл ғалым Шығыс әлеміне өзінің «Хали-сату-л-хакаин» деген еңбегімен әйгілі болған. Зерттеушінің толық анықтамасында әл-Фарабидің өз аты – Имад ад-Дин. Әбу-л Қасым – лақап есімі. Әкесінің аты Махмуд Ахмадұлы. Ал бабасының ныспысы – Ахмад әбу-л-Хасанұлы. Имад ад-Дин қаңлы тайпасынан шыққан.

Жамал Қаршы

Жамал Қаршы (шын аты – Әбул Фазыл-ибн-Мұхаммад (1230-1315 ж.ж.).
Жетісуда туып-өскен ғалым, тарихшы, жазушы. Әкесі Мұхаммед Баласағұн қаласында туған. Моңғол заманында Қаршы әкесімен бірге қаңлы тайпасының тарихи шежіресі мен аңыздарын көп тыңдаған. Алмалық пен Қашқарда оқып, араб, парсы әдебиетінің дәстүрінде тәрбиеленген. Жамал Қаршы тарих майданына ХІІІ ғасырдың орта кезінде атақты Жүбани мен Рашид-Ат-Диннен жарты ғасырдай бұрын келген. Ол моңғол дәуірінде Орта Азия мен Жетісуда болған оқиғаларды жете біліп, ол туралы жазған ғұлама ғалым. Сондықтан да оның жазғандарын Жетісудың одан ІІІ ғасырдан соң жасаған білімді тумасы ­­­ М.Х.Дулати ерекше бағалап, оны өзінің ұлы ұстаздарының бірі деп санайды (ҚСЭ, том 4, 245-б.).

Гауһар Ана

Қазақ халқының, әсіресе, Қазақ­стан­ның оңтүстік өлкесі тұрғындарының жадында сақталып келе жатқан діни риуаят, аңыз-әңгімелер бойынша Гауһар Ана есімі әлемге әйгілі Құл Қожа-Ахмет Яссауидің қарындасы, не қызы болып саналады. Гауһар қыздың ел қадірлейтін, бас иіп тағзым ететін ерекше қасиеті оның әулиелі тегіне байланысты болса керек. Оның бұл тарихы қалың жұртқа белгісіз. Бірақ бізге Гауһар қызға «Гауһар Анаға» тән елден ерекше әулиелік, шипагерлік, пәктік, нәсілдік ерекшеліктері тек кейінгі кездері ғана мәлім бола бастады.

Қаңлы ханы
Қайырхан

Шыңғыс ханның екі ұлы қаншама амал-айла жасағанмен, Отырар алты ай бойы қаһармандықпен қорғанды. Селдей қаптаған моңғол шапқыншыларына алты ай бойы қарсы тұрып, жаудың қайтпаған бетін қайтару қаһармандықпен пара-пар еді. (Жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс ханға Қайырханнан басқа ешкім қарсы тұра алмаған) Моңғол шапқыншылығында Отырар қаласындай қайсарлықпен алты ай бойы тізе бүкпей шайқасқан қала бұрын-соңды болған жоқ.
Сондықтан Отырарды Моңғол шапқыншылығына қарсы соғыста теңдессіз ерлік көрсеткен қаһарман қала деу дұрыс, ал оның әкімі қаңлы Қайырхан – Отан үшін қан төгіп, жанын қиған халық қаһарманы, ерлігі естен кетпес ердің ері.
Шыңғыс хан қолына қарсы Үргеніш қаласының қорғанысын ұйымдастырушы қаңлы қолбасшысы Құмар әкім болған. (Ол кезде Хорезмшах батысқа кетіп қалған). Ал Самарқанды қорғауды ұйымдастырушылар да қаңлы тайпасының қолбасшылары болатын. Тарихи деректерде солардың бірқатарының есімдері де сақталған. Соның бірі Тоған хан. Ал Бұхараны қорғауды ұйымдастырған хан Инандж хан (Көк хан деп те атайды). Еңке қаңлы хан Шитемір Ташкенттің билеушісі болған. Шитемір қайтыс болғаннан кейін үлкен ұлы Арақы хан болып сайланады. Кіші ұлы Барақы әскер басы болған.

Тото Яһяұлы

Қаңлы Тото Яһяұлы (1272-1327ж.ж.) – Юань патшалығы кезіндегі қаңлылардан шыққан саяси қайраткер, колбасшы. Құбылай ханның кеңесшілерінің бірі. 1308 жылы ол ордадағы шуй мен юань (орталық әскери орган – бүкіл елдегі әскери істерді басқарады) жетекшісі, одан жүң шу пиңжаң (ең жоғарғы саяси орган) және үйшы дафу (ордадағы күнделікті құжаттарды және ел тарихын жазуды басқарушы) міндеттерін атқарған. 1311 жылы ол гаң шу (ең Жоғарғы әкімшілік жетекшісінің) оң қол уәзірі болып тағайындалады. 1312 жылы Жияңжы әкімшілігі аймағының сол қол уәзірі міндетін атқарады. 1321 жылы ол Ордаға шақырылып, үйшы дафу міндетіне тағайындалады, одан соң Жияңнан әкімшілік аймағының үйшы дафуы міндетін атқарған

Қаңға-Баба

Ел жанында сақталған деректерге қарағанда, Қаңға-Баба (орысша Канха-Баба) – Хорезм мемлекетінің негізгі халқы – қаңлы тайпасынан шыққан, есімі аңызға айналған әулие адамның атына және соған байланысты қалыптасқан тарихи мекен, сол мемлекеттің Каспий шекарасындағы (ХІІ-ХІІІ ғ.ғ.) жайласқан бекіністерінің бірі. Бұл қасиетті (сокральды) географиялық нысан (объект) бүгінгі Ақтау қаласынан солтүстік батысқа қарай 165 шақырымдай жерде орналасқан. Оның басында көненің көзіндей «Қаракөз» деп аталатын бұлақ, бір түп тұт ағашы және кейінірек салынған болу керек, төбесін тегістеп жапқан, төрт қабырғалы бейіт тұр. Алдындағы арнайы тасқа жазылған «Қаңға-Баба ХІІІ-XIVғ.ғ.» деген жазу бар.
Көне жазбаларда Қаңға – Хорезм Каспий шығысы мен оңтүстігіндегі аландардың қисапсыз көп тайпаларын бағындырып, екі теңіз арасындағы ұлан-байтақ жері бар мемлекетке айналған. Сөйтіп, біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда қазіргі Өзбекстан, Қарақалпақ, Батыс Қазақстан жерінде құрылған Қаңлы мемлекетінің орталығы, С.П.Толстовтың дәлелдеуінше, Хорезм – Қаңға қаласы болған. Кейінірек Қаңға атауы тарихи терминге ғана айналып, ұмытыла бастаған. Қаңға – Хорезм мемлекетінің шекарасына салынған бекініс, сауда сарайлары Қаңға атымен аталатын болған. Қаңға – Хорезм отарлап алған аймақтарына ірілі-уақты бекіністер салып, онда тұрақты әскер ұстаған. Қаңлы мемлекеті көшпелі ел болумен қатар, егіншілікпен, саудамен де айналысқан. Олардың Еуропамен байланыс жасайтын жақын жолы Маңғыстаудың Бозашы, Қараған Сартай пристаньдары болған.

Қаңлы Ертұғырылдың
баласы Осман

Шыңғыс хан 1219 жылы Қаңлының ханы Қайырханды өлтіріп, астанасы Отырарды әскерімен жермен-жексен етіп талқандаған соң, Қайырханның інісі Қайы хан 1220 жылы аман қалған елу мың түтінді алып, Рум жеріне барады. Жеткенше Армения, Грузия жерлерінен соғысып өткен мәліметтер бар. Анна Антановскаяның «Георгий Саакадзе» деген тарихи романында қаңлылар туралы мәліметтер жазылған.
Біраз уақыттан кейін, соғыс аяқталған соң Қайының баласы Сүлеймен еліне қайтып бара жатқанда, Евфрат дариясынан өту барысында, суға кетіп мерт болады.Аман қалған төрт жүздей үйді Сүлейменнің баласы Тұғырыл Арыз маңына алып келіп, сол маңда тоқтайды.
Ертоғырылдың баласы Осман 1300 жылы хан болады. Сол себептен қазіргі қаңлы-түріктер Осман жұрты атанып, Осман сұлтанды бірінші сұлтан деп санайды. Оның негізін қалаған 1220 жылы Сырдария маңынан қоныс аударған қаңлылардың басшысы Ертоғырылдың баласы Осман сұлтан (1258-1326 ж.ж. өмір сүрген).
Олар құрған империяның бастауында тұрған I Осман сұлтанның ұрпақтары бұл мемлекетті 600 жылдан астам уақыт басқарған қаңлы-осман сұлтан ұрпақтарының тақта отырған шежіресі мынадай болып жазылыпты:
1.Осман (1288-1326); 2.Орхан I (1326-1359); 3.Мурад (1359-1389); 4.Баязет (1389-1402); 5.Сулейман (1402-1410); 6.Мехмед I (1411-1421); 7.Мурада II (1421-1451); 8.Мехмедом II (1451-1481); 9.Баязет II (1481-1512); 10.Селиме I (1512-1520); 11.Сулейман I (1520-1566),12.Селим II (1566-1574); 13. Селима Мурад III (1574-1595); 14.Мехмед III (1595-1603); 15.Ахмеде I (1603-1617); 16.Мустафа I (1617-1618); 17.Осман II (1618-1622); 18.Мурад IV (1623-1640); 19.Ибрагиме (1640-1648); 20.Мехмеда IV (1648-1687); 21.Сулеймана II (1687-1691); 22.Ахмеде II (1691-1695); 23. Мустафе II (1695-1703); 24.Ахмед III (1703-1730); 25. Махмуде I (1730-1754); 26.Осман III (1754-1757); 27.Мустафа III (1757-1774); 28.Абдул-Хамиде I (1774-1789); 29.Селиме III (1789-1807); 30.Мустафа IV (1807-1808); 31. Махмуд II (1808-1839); 32.Мухаммед Али,(1831-1833 және 1839): 33.Абдул-Меджида (1839-1861); 34. Абдул-Азиз (1861-1876); 35. Абдул-Хамид II (1876-1909); 36.Мехмед V(1909-1918); 37.Мехмед VI (1918-1922).
Былтыр Батыс елдеріндегі басылымдарда Осман әулетінің соңғы тұяғы қайтыс болғаны туралы хабар таратты.
Ататүрік 1923 жылы қазанның 29-ында Түркия Республикасын құрып, Түркия Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланды. 1299 жылы дүниеге келген Осман империясы, тарих сахнасынан осылай кетті.

Жүсіп Қадірбергенұлы

Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы (1873-1923 ж.ж.) – ақын, Сыр бойындағы шайырлық мектептің көрнекті өкілдерінің бірі. Ел арасында «Қаңлы Жүсіп», «Молла Жүсіп» деген есімдермен аты шыққан. Алғашқыда ауыл молдасы Темір қожа деген кісіден хат танып, әрі қарай өз бетінше мұсылманша және орысша сауатын жетілдірген. 14-15 жасқа қараған шағында ақындығымен халыққа таныла бас­тады. Біраз уақыт биге атқосшы, болысқа тілмаш болды. Кеңес өкіметі тұсында Тереңөзек қыстағының сотында хатшылық қызмет атқарды. Қаңлы Жүсіптің «Замана түріне», «1916 жыл» атты толғауларында орыс отаршылдығын әшкерелеу мен ұлт бірлігін насихаттау орын алса, «Әлди-ай» әуенімен айтылатын, «Оспанбайдың қызы едім, мен Зылиха» өлеңінде және «Жүкті қыз», «Ана мен бала» хикаяттарында әйел теңдігі мәселесі жырға қосылады. Ақынның «Мағрупа қыз», «Мәрді Салық», «Ағайынды үш жігіт», «Әбірһаттың бастан кешкендері», «Түлкі, қасқыр һәм қой» атты қисса-дастан, мысалдары шығыстық үлгіде жазылған. Қаңлы Жүсіп жұмбақ- айтыстың шебері. Қарасақал Ерімбетпен, керейт Даңмұрынмен, Нақып қожамен, Шәкей салмен, Бермағанбетпен жазбаша айтыстары сақталған. Оның Кете Жүсіппен жазба айтысы сегіз жылға созылған. Ақын өмірі мен шығармашылығын ғалымдар Е.Ысмайылов, М.Байділдаев, т.б. зерттеген.
Тарихты түгендеп, жастарға пат­риот­тық тәрбие беру үшін ата-баба мұраларын зерттеп, тарих қойнауын терең білу үшін қаңлы тайпасы туралы мағлұматтардан хабардар болудың маңызы зор деп білеміз.

Бекболат Тасболатұлы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының 
корреспондент-мүшесі

 

Опросы
Как вы оцениваете уровень преподавания истории в школах?