Атырау- Алтай мен Солтүстік Монғолиядан батысқа жылжыған бүкіл түркі жұртының көші тұрақтайтын шеткі аймағы, этникалық бірігу мен ынтымақтасу, араласуы мен байланысуының куәсі болған қасиетті топырақ, кең байтақ Қазақстанның маңызды бөлігі. Осы жерде тынығып, күш жинаған ертедегі түркілер дүниенің төрт бұрышына қоныс іздеп таралған, қазіргі Батыс түріктерінің (венгерлер, бұлғарлар, осман түріктері, т.б.) ата жұрты, Шығыс түріктерінің өрісі болып, кейін қазақ атауымен ұйысқан түрік ру- тайпаларының ат тұяғы тұрақтаған жері. Алайда бұл тарихи шындық кеңестік кезеңде жазба деректердің жоқтығынан және кеңестік маркстік формациялық концепцияға орай талай бұрмаланды. Тарихы жоқ, дамудың алғашқы қауымдық деңгейінен жоғары көтеріле алмаған, патриархальдық, артта қалған деп бағаланған қазақ қоғамы мен халқының сақ-сарматтар мен ғұндарды айтпағанның өзінде, Түрік қағанаты, Оғыз, Қыпшақ жұртына, Шыңғысхан мемлекеті сияқты Еуразиялық көшпелі империялар тарихына т. б. қатысы жоқтығы санамызға cіңірілді. Өлке тарихының маңыздылығын аттыратын фактордың бірі- Алтын Орданың кіші астанасы, Ноғай Ордасының бас қаласы, ноғай-қазақ тұтастығында Қазақ хандығының ордаларының бірі — Сарайшықтай тарихи қаланың Атырауда болуы. Тек осы тарихи фактіні сезінудің өзі бодандық құрсауына шырмалып, өшуге айналған тарихи санамыздың саңылауын ашып, тарихымызды түгендеу үшін әбден жеткілікті.
Өткенсіз болашақ жоқ дегендей, адамзат тек бүгінімен ғана мәнді емес. Өйткені бүгінгіміз — бабалар мұрасы және келешек ұрпақты жалғастыратын көпір. Біз ғасырлар тұңғиығында қалған қасиетті қазыналарымызды бағалай алдық па? Ата-бабамыз жүріп өткен жолдарды қаншалықты зерттеп-зерделедік? Біздің заманымыздан бұрынғы өркениетті тануға өреміз жетті ме? Осы сұрақтардың қойылуының өзі тарихымыз бен мәдениетімізді терең, ғылыми танып білудегі кемшіліктерді көрсеткендей.
Өлке тарихы- байтақ еліміздің шынайы тарихын қайта жаңғыртатын, толықтыратын маңызды фактор. Облыс аймағындағы тарихи орындар мен ескерткіштерді іздестіру, жүйелеуде республикалық және облыстық мекемелер үлкен жұмыстар атқарды. Бүгінде олар сыныпталып, жүйеленуде. Соңғы деректер бойынша облыста 605 көне ескерткіштер (қорғандар, археологиялық тұрақтар, қалашықтар, қорымдар, құлпытастар, сағанатамдар, архитектуралық және мемориалдық ескерткіштер т.б. бар[12].
Оларды өлке тарихымен, өмір-тұрмысымен байланыстыратын ғылыми тұжырымдар жасалса, өлкенің ауызекі тарихы емес, ғылыми тарихын қалпына келтіру шындыққа айналар еді. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, ескерткіштерді қорғау инспекциясы және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті тарихшы- ғалымдары Индер, Қызылқоға, Құрманғазы, Исатай, Мақат, Жылой аудандарындағы тарихи ескерткіштердің Жинақтарын жарыққа шығарып, тарихи зерттеулер мен ізденістерге жол ашты.
Осы мақаламызда облыс өлкетанушыларының археологиялық ізденістері нәтижесінде алдын — ала болжамдары жасалған «Таскешу» керуен -сарайы туралы мәліметтер тарихи тұрғыдан талданды.
«Таскешу» керуен-сарайы Атырау облысындағы Мақат пен Қызылқоға аудандары шекарасында, Кенбай ауылынан оңтүстік -батыста 16 км жерде Сағыз өзенінің сол жақ жағалауында тек құландысы қалған ортағасырлық ескерткіш.
Алғаш рет «Таскешу» керуен-сарайы 1950 жылы кеңес архелогы С. Толстовтың Хорезм этно-археологиялық барлау экспедициясы кезінде есепке алынған. Сол жылдарда Қазақстан ҒА Археология институтынан Ә.Х.Марғұланның жетекшілігімен, Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы да керуен-сарай құландысының сызбасын жасалды[6].
2008–2011 жылдары «Атырау облыстық тарих және археология орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бұл ескерткіште тұрақты қазба жұмысын жүргізді. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерге сүйеніп, атыраулық археологтар керуен сарай ХІҮ ғасырда салынған деген тұжырым жасады[4], алайда бұл пікір ғылыми негіздеуді талап етеді.
Біз жазба деректер жоқтығын ескере отырып, «Таскешу» керуен- сарайын ғылыми талдауда жанама деректерді пайдаландық. Ең алдымен бұл тарихи ескерткішті Ұлы Жібек жолымен байланыстыруға маңыз бердік.
Б.з.д. II- ғасырдың ортасынан бастап, Ұлы Жібек жолы әлемдік тұрақты дипломатиялық және сауда артериясы ретінде қызмет ете бастағаны белгілі. Жібек жолын кейбір тарихшылар Түркілер жолы деп те атайды. Өйткені б.з.б.ІІІ — б.з. ХІҮ ғғ. Батыстағы Византия мен Еуропа елдері мен Шығыстағы Қытай мен Индияны байланыстырған Жібек жолы тарихтың әртүрлі кезеңдерінде ғұн империясы, түрік қағанаты, Қыпшақ конфедерациясы, Хорезм, Шыңғысхан империясы, Алтын Орда жерлері арқылы жүрді.
Сондықтан аса маңызды халықаралық артерияны түркі халықтарының тарихынсыз елестету мүмкін емес.
VI — VII ғғ. Түрік қағанатының күшеюіне байланысты Ұлы Жібек жолының түркілік керуендік бағыттары үздіксіз қызмет атқарды. Орта Азия мен Қазақстан территориясы арқылы өткен Ұлы Жібек жолының гүлдену кезеңі VII — XII ғасырларды қамтыды. VIIІ- XIV ғғ. Жібек жолы арқылы елшілік миссиялары атқарылды. Ғасырлар өте келе, олардың маршруттары өзгеріске ұшырады, бір жолдардың бөліктері жойылса, жаңа жол сілемдері пайда болды. Жойылған жол бөліктеріндегі қалалар мен тұрақтар құлдырады. Мысалы, VI — VIII ғғ. жолдың бір сілемі Византия арқылы Каспийдің оңтүстік батысындағы Дербентке, одан — Маңқыстауға, одан Арал бойы арқылы — оңтүстік Қазақстанға барды. Бұл жол Сасанидтік Иранды айналып өтіп, Батыс түрік қағанаты мен Византия арасындағы сауда-дипломатиялық одаққа ықпал етті. Осы жолдағы Маңғыстау мен Арал аралығын қамтитын сілем Атырау облысындағы керуен сарайлар мен тұрақтар арқылы өткен деп жорамалдаймыз.
ІХ-Х ғғ. Орта Азия және қазіргі оңтүстік Қазақстан жерлері арабтардың вассалдығын қабылдаған кездегі араб билеушісі Курант ибн Джафар жазған «Китаб-ал-харадж» деректері Батыс пен Шығысты жалғастырған бұл жол түркілер қолында болғанын, онда сауда керуендеріне қызмет көрсететін керуен- сарайлар мен тұрақтар, бекеттер болғанын жазады. Бұл қызметтің жоғары-деңгейде ұйымдастырылғанын араб авторы " түрік почтасы» қызметімен түсіндіреді, ол «жай керуен 15 күн жүретін жерді түрік почтасы -3 күнде жүріп өтеді " деп таңданыспен жазған. Бұдан біз бұл жолдарда әрбір 20 шақырым сайын бекет болғанын, онда керуен- сарайлар қызметімен қатар, жедел хабар жеткізетін аттылы байланыс жүйесі -почта болғанын көреміз. Түркілердің арғымақтары туралы б.з.д. І- ғ. қытай елшісі Чжан Цянь да айтса, одан кейін 800 жылдан соң қытайланған түрік, Қытайдың ұлы, ақындарының бірі Ли Бо (701 — 762 жж.), өзінің «Аспан аттары туралы өлеңінде» мұндай аттардың үлкен қашықтықтарды алатынын жазған[1].
Түркілердің Ұлы Жібек жолы туралы өз мәліметтері сақталмағандығын қалай түсіндіруге болады? Біріншіден, тарихи жазбаларда Жібек жолы деген термин мүлде жоқ. Себебі Шығыс пен Батыс саудагерлерінің ежелгі керундік жолының Жібек жолы деп атауды XIX ғасырда неміс ғалымы, Қытайдың физикалық географиясы мен Азияның орографиясы туралы классикалық ғылыми еңбектердің авторы- Фердинанд фон Рихтгофен (1833 — 1905) енгізген болатын. Осыдан кейін барлық елдер керуендік ежелгі сауда жолын Ұлы жібек жолы деп атап кетті. Екіншіден, 751 жылдан бастап, ежелгі Түркістан жері арабтардың қол астына өтті. Ислам дінін енгізу бағытында арабтар түркі жазуын, жабаларын жойғаны Хорезмдік ұлы ғалым, ақын, философ Абу Рейхан Бирунидің жас кезінде жазған «Ежелгі дәуірлер және жыл санау жүйелер туралы» еңбегінде келтіріледі.
Оның пікірінше, бұрынғы түркілік, хорезмдік, аңыздар, жазу, білім толық жойылды. Моңғолдарға дейін Жібек жолында түркілердің басты роль атқарғанын, түрік тілінің халықаралық деңгейде байланыс тілі болғанының тағы бір дәлелі-Х ғ. «Кодекс куманекс» жазба ескерткіші.
Осы почта қызметі біз қарастырып отырған Тас кешу керуен сарайында да бар.
Сондықтан оның салынуын моңғолдық немесе алтынордалық кезеңмен шектеуге болмайды. Жібек жолының Далалық бөлігі туралы Геродот еңбектерінен белгілі. Жерорта теңізінен Дон өзені жағалауын, одан кейін оңтүстік Оралдағы савроматтар жері арқылы Ертіске, одан әрі Алтайға, агрипейлер елі орналасқан Жоғарғы Ертіс, Зайсанға дейін жететін. Осы далалық жолдың ХІІІ-ХІҮ ғғ. моңғол кезеңінде Еділ өзені жағалауында Алтын Орда мемлекетінің астаналары- Сарай -Бату, Сарай-Берке қалаларының салынуына орай, жаңа сілемдері пайда болып, Дон өзенінен Каспий арқылы Еділ өзеніне түсіп, Алтын Орда астаналарына (Сарай, Джутарханға(Астрахань), кіші Сарай-Сарайшыққа жету мүмкіндігі туды. Ал Сарайшықтың жүзбелі көпірінен арғы жағалауға өтіп, керуеншілер Хорезм астанасы — Үргенішке, Бұхараға, одан әрі Қытайға бағыт алатын[9].
Түркілердің Жібек жолын моңғол империясы тиімді пайдаланып, жаулап алған ұлан байтақ иеліктерді әкімшілік басқару үшін пайдаланды. Бұл кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлденіп, халықаралық сауда мен мәдени байланыстарда орасан зор роль атқарды. Шыңғысхан империясы мен Алтын Орда дәуірлеген тұста Жібек жолының күшейгенін Қарақорымға барған еуропалық және араб жиһангездері еңбектерінен көруге болады.
Осы Далалық жол Алтын Орданың Еуропамен қатынасында маңызды роль атқарды. Еуропалық және араб жиһанкездері осы Далалық жолды көп қолданатын. Плано Карпини, Рубрук, Марко Пололар осы жолмен жүрді.
Сонымен қатар осы жолдың ежелгі екендігін флоренциялық саудагер Франческо Пеголотти 1355 жылы Қытайдан керуендік саудамен 8 жыл жүріп, Италияға оралып, жазған «Сауда тәжірибесі. Немесе жер бөліктері, сауда өлшемдері және барлық елдердің көпестеріне қажетті мәліметтер, басқа да нәрселер"атты еңбегі растайды.
Бұл еңбектің 1347–1355 жж. Еуропа мен Шығыс елдері арасындағы сауда қатынастарын баяндайтындығы Тас кешу керуен сарай тарихын зерделеу барысында маңызды роль атқарады.
Итальяндық саудагер Қара теңіз арқылы кемемен Дон өзеніне түсіп, ондағы қыпшақ бекінісі — Азакқа* (Азов) жетіп, ат жегілген арбаға орналастырылған күймемен 25 күнде Итиль (Волга) өзені құйылысындағы, Ноғай бекінісі- Джутарханға (Астрахань) келгенін баяндайды. Одан әрі Жібек теңізімен (Каспий) Жайық(Яик) өзені құйылысына түсіп, онымен жоғары бойлап, Кіші Сарай- Сарайшыққа жеткен. Франческо Пеголоттидің саяхаты кезінде оның маршруттарын көрсете отырып, оның Таскешу керуен сарайы арқылы өту мүмкіндігі туралы болжам жасаймыз.
Пеголоттидің маршруты: Еуропадан Қара теңіз, Азов теңізі арқылы кемемен-Азовбекінісі-керуендік жолмен -- Ноғай бекінісі- Джутарханға (Астрахань) -Каспий теңізі арқылы кемемен -Жайық(Яик) өзені -Сарайшық- түйе арбамен 20 күнде Хорезм астанасы Үргенішке жеткен[1]. Біз үшін маңыздысы осы Сарайшық пен Хорезм арасындағы Жібек жолының сілемі. Өйткені сусыз, елсіз дала арқылы «Таскешу» керуен- сарайына соқпай, Үргенішке жету мүмкін емес.
Яғни Шыңғысхан империясы, одан кейінгі Алтын Орда кезінде Ұлы Жібек жолы түркілік ежелгі дәстүрлер негізінде қайта жаңғырған. Шыңғыс ханнан кейін күллі моңғол тағына отырған Үгедей тұсында (1229 — 1241) моңғол империясының шегі Батыс Еуропаға жетіп, түрік почтасы жүйесінің жанданды. Әрбір 25 — 30 км жерге бекет салынып, бекет сайын жиырма лаушы, тасымалға керек көлік, жолаушыларға азық-түлікке керек ұсақ мал ұсталды; керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери күштер бөлінді.Мұны жамдық жүйе дейміз. Сондықтан «Таскешу» керуен-сарайының салынуын Алтын Орда гүлденген кезеңімен байланыстырған археологтар мен зерттеушілердің тұжырымдары осыған сәйкеседі. Егер б.з. д. пайда болған Ұлы жібек жолында түріктер үстемдік еткенін және ғасырдағы араб авторының түрік почтасы туралы пікіріне сүйенсек, «Таскешудегі» қызмет көрсету түрлері монғол заманында басталған жоқ, ежелгі замандардан жалғасып келе жатқан үрдіс болып табылады Ұлы Жібек жолымен жүрген керуендер, Хорезм- Алтын Орда аралығындағы қазақстандық территория- Атырау 77 \u1078 және Маңғыстау далалары арқылы өтіп, Сағыз өзенінің сол жағасында орналасқан осы керуен-сарайда аялдап, күш-қуатын толықтыратын болған.
Керуеншілерге қызмет етіп отырған керуен-сарайдың орта ғасырда жолаушылар үшін маңызы зор болғандығы, ақиқат, ал бүгінгі күні тарих үшін, соның ішінде археология саласындағы маңызы өлшеусіз.
Бір таңқаларлық жайт: Үстірт үстімен өтетін, Ноғай жолында да, Маңғыстау арқылы өтетін көне Хиуа жолында да 25 — 30 км сайын суы ащы болсын, тұщы болсын міндетті түрде құдық кездеседі-де, ал 100 — 150 км сайын тұщы су көзі — бұлақ не құдық ұшырасып отырады. Шамасы, суаттардың бұлай орналасуы шөл түзде бір күндік жол жүргеннен кейін көлік суарып, ал үш-төрт күн сайын жолға алынатын ауыз суды жаңартып отыруды көздеген есепке құрылса керек.
Қарақорым мен Ханбалыққа беттеген Алтын Орда керуендері Үстірт пен Маңғыстаудың үстімен өтті. Сарай-Беркеден шыққан керуен Үргенішке қырық күнде, ал Сарайшықтан шыққан керуен Үргенішке отыз күнде жететін. Сонда бұл сапардың тең жарымынан астамы қазіргі Атырау Маңғыстау облысының аумағымен өтеді екен[7].
Ал Сарай-Беркеден Ханбалыққа дейінгі жол 9 айдан астам уақытқа созылатын. Соған қарамастан, 14 ғасырдың басына дейін Алтын Орда мен Ішкі Моңғолияның арасындағы байланыс үзілмеген. Оған орыс князьдерінің Ярослав Всеволодовичтен (1190 — 1246) бастап Қарақорымға жарлық алуға баратын сапарлары қосылды[8,172].
Шығыс Еуропа мен Азия арасындағы сауданың дағдарысқа ұшырауы Тас кешу керуен сарайының құлдырауына әкеп соқты. Оған басты себеп Тоқтамыс пен, Ақсақ Темірдің алауыздығы, Алтын Орданың әлсіреуі. Маңғыстау мен Үстірттің бірнеше ғасыр бойы тарих сахнасынан таса қалуы, Тоқтамыстың 1381 ж. өлімі, Ақсақ Темірді күшейтіп, ол Қырым, Еділ сағасы, Маңғыстау, Үстірт, Хорезм арқылы өтетін Шығыс Еуропа — Қытай керуен жолын құртып, Батыс пен Шығыс саудасының тізгінін өз қолына алуға тырысты. 1388 жылы атышулы сауда жолының ең басты орталығы болған Үргеніш қаласы жермен-жексен етіп талқандалды. Бір кезде керуеннен көз тұнатын, Ноғай жолы, Маңғыстау жолы қайтадан қаңырап бос қалды[3].
ХІҮ ғ. Ноғай жолы атанған Ұлы Жібек жолын, Ноғай Ордасы да ұстап тұра алмады. Ноғай Ордасы халқының бір бөлігінің Ресейге, халқының басым бөлігі-алшындар, кейін Кіші Жүз қазақтары Қазақ Ордасына қосылуына байланысты Сарайшық -Үргеніш сауда жолын Ресей Орта Азиямен байланыста қолданды. Ал Алтын Орда күйреп, 1552 жылы Қазан, 1556 жылы Астрахан хандықтарын бағындырғаннан кейін Ресей Сарайшық -Үргеніш сауда жолын Шығысты отарлауда пайдаланды.
1558 жылы Астраханнан шыққан, ағылшын көпесі Дженкинсон Маңғыстау түбегіне келіп түсіп, Хиуа мен Бұхар әміріне орыс патшасының грамотасын тапсырып, қасына Хиуа мен Бұхар елшілерін ертіп, Сарайшық -Үргеніш жолымен Мәскеуге қайтады. 1567 жылы Петров пен Ялычев деген орыс саяхатшылары көне Хорезм жолымен Орта Азияға, одан Пекинге өтіп, сонау Жапон теңізінің жағалауларына дейін барып қайтады[8].
Ноғай Ордасын түпкілікті жойып, Еділ бойын алған Ресей Түркия(Византия) бағытындағы сауданы тоқтатып, Каспий теңізі арқылы Иран, Орта Азия елдерімен саудаға көшті. Ресейдің Орта Азияға шығатын негізгі қатынас жолдары — Қазанда немесе Самарада кемеден түсіріліп, түйе жеккен арбаларға тиеліп, далалықпен жүріп отырып, Жайық пен Жемнің сағасынан өтетін, одан әрі Үстірт үстіндегі үлкен керуен жолына түсіп, Бұхараға жететін[2].
Шөл, жапан түз арқылы Хиуа мен Үргенішке баратын бұл жол қауіпті болғандықтан орыс саудагерлері енді Каспий теңізі арқылы өтетін әлдеқайда жақын әрі әлдеқайда қауіпсіз басқа жолды таңдады.
Бұның бәрі Ресей мен Орта Азия арасындағы сауда негізінен Маңғыстау түбегі, ондағы Қараған, Қабақты пристаньдары арқылы жүргізілгенін көрсетті. ХҮІІ ғасырда Маңғыстау арқылы өтетін керуен жолының жүргіншілері екі есе көбейді. Сонда Тас кешу керуен сарайы ХҮІ ғасыр аяғына дейін өмір сүрген боп шығады.
Ұлы географиялық жаңалықтар әлемдік сауданы теңізге көшіріп, Шығыс Еуропа мен Азия арасындағы саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастардың негізгі арнасы болған ежелгі керуен жолдарына қажеттілік азайды. ХҮІІІ ғасырдан бастап Қазақ жері Ресей патшасына бодан болғаннан кейін Сарайшық -Үргеніш керуендік сауда жолының қажеті болмай қалды.
Егер қазіргі кезеңде Азов теңізі немесе Шығыс Каспий жағалауларынан Алакөлге дейін жүк тасымалданатын болса, бұл жолдар сол баяғы замандарда қалыптасып, антикалық Рим, араб шапқыншылығы, ортағасырлық Қайта Өрлеу кезеңдерінде-де өзгеріске ұшырамаған бұрынғы маршруттармен жүрер еді. Өйткені қазіргі автомобиль және темір жолдар негізінен сол ежелгі Жібек жолының керуендік бағыттарын қайталайды. Бұған қазіргі әлемдік қатынастарды нығайтуға бағытталған, Қазақстанның Елбасы Н. Назарбаев ұсынысымен салына бастаған Ұлы Жібек жолының ХХІ ғасырдағы жобасы: Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық трассасын салуы дәлел бола алады[10].
Космостан түсірілген өте дәл геофизикалық құралдар адамдардың ерте замандардан бері өздеріне тиімді жолдар таңдай алғанын дәлелдеген. Олардың біздің ата-бабаларымыз түркілер болғандығы ұрпақтары үшін мәртебе.
«Таскешу» керуен- сарайы қолданыстан шығып, оның құландысы ұрпаққа аманат ретінде қазірге дейін жетті.
«Таскешу» керуен-сарайының қазба жұмыстарының нәтижелерін қорытындылау толық аяқталған жоқ . Десек те, алғашқы тұжырымдар бұл тарихи ескерткіштің Ұлы жібек жолының бір сілемі ретінде Қазақстан тарихының ежелгі түркілік өркениеттермен тығыз байланыстылығын, және солардың заңды мұрагері екендігін тағы да дәлелдейді.
«Таскешу» керуен- сарайын зерттеу нәтижелері облыс аймағындағы бұдан басқа және осы ескерткішпен тікелей байланысты тарихи орындарға кешенді зерттеу қажеттігін көрсетті. Оны Сарайшық тарихы, Хорезм, Алтын Орда, Ноғай Ордасы тарихтары тоғысында қарастыру қажет. Сонымен қатар «Таскешу керуен сарайының" ақиқаты Ұлы Жібек жолы проблемаларына арналған еңбектерді, халық ауыз әдебиетінде сақталған үлгілердегі -Ноғайлы эпостық жырлары, батыс қазақтардың жыраулар шығармашылығы мен тарихи әңгімелердегі мәліметтерді салыстырып екшеуді талап етеді. Осы мақала бұл ұланғайыр ізденістердің бастамасы ғана.
Сарайшық, Лаэти, «Таскешу керуен сарайы» сияқты Ұлы Жібек жолының сілемдері бойындағы тарихи қалалардың құландылары жоғалса, қазақ тарихының Алтын Орда, Ноғай Ордасы мемлекеттері тарихымен байланыстылығын тарихи негіздей алмаймыз. Көшпелі елдің тұрғындары, біздің ата- бабаларымыздың екімыңжылдықтар бойына Батыс пен Шығыс байланыстарын қамтамасыз етіп, керуендік сауданың қайталанбас инфрақұрылымын жасақтағанын, сөйтіп, қайталанбас өркениет иесі болғандығын дәлелдей алмаймыз. Өз тарихын сыйламаған халықты ешкім-де сыйламайды. Қазақтың бодандық, отарлық кезеңінде ұмыт қалған, халық санасынан өшірілген бұл тарихи ескерткіштер бізге өткенмізбен мақтану, қазіргіге қуану және болашағымызға сену үшін керек. Қазба жұмыстары кезінде атыраулық археологтар тапқан тақтайшада жазылған мынадай сөздер жазылған екен: ««Бұл жер аталарымыздан қалған көненің көзі. Аталар рухы қолдасын. АМИН» [5].
Сондықтан қазақстандық патриотизмді дамытудың басты факторы- халқымыздың өткен тарихын бағалау, тарихи жәдігерлеріміз бен құндылықтарымызды түгендеп, әлемдік тарих ғылымында бекіту болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
1. Насыров Р. «Великий Шелковый путь», Алматы, 1991.
2. Толстов С. П. По следам древнехорезмской цивилизации, 1978.
3. Атырау энциклопедиясы. Атырау-2000.
4. Тас кешу. Қазба жұмыстарының 2008 жылғы есебі. Атырау. 2008.// Мақат аудандық тарихи-
өлкетану музейі қорынан. 2008.
5. Тас кешу. Қазба жұмыстарының 2012 жылғы есебі. Атырау. 2012.// Атырау облыстық тарихи-
өлкетану мұражайы қорынан. 2012.
6. Л.Галкин, В. К. Афанасьев, С.Бикенов «Работы в Западном Казахстане» Археологические открытия.
М.1976. с. 513
7. Маңғыстаудың ежелгі тарихы. Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 2002.
21
8. Тушин Ю. П. Русское мореплавание на Каспийском, Азовском и Черном морях (XVII век). — М.
1978.С. 186.
9. Трепавлов В. В. История Ногайской Орды.эл. вариант
10. Алексеева Е. Великий шелковый путь — 1 000 лет спустя// Казахстанская правда от 24.06.2010.
11. Қаражанова Л. " Ақ Жайық" , 23қыркүйек 2012.
12. Сапарова А. Сарайшық жер бетінен жоғала ма?// Алаш айнасы.16 қараша 2012.
Жұмабаева Ж.К.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
zia_88@mail.ru