Кезінде олардың әдеби мұраларын зерттеумен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясы айналысқан болатын. Ал бұл комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған еді.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы, 1988-1990 жылдары сіз басқарған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің комиссиясының қызметі туралы көп айтылып, көп жазылып жүрген жоқ. Осы комиссияның құрылуына не себеп болды және ол немен айналысты? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Атыс-шабысқа, қуғын-сүргінге толы болған жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқы небір асыл ұлдарынан айырылып қалғаны тарихтан белгілі. Сол кезде елді үрей биледі. Зорлық-зомбылық елесі қазақтың кең даласын бертін де кезіп жүрді. Дегенмен, халық Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек сияқты ұлы адамдарын ұмытқан жоқ. Олардың өлеңдері мен поэмаларын жаттап алып, айтып жүрді. Көбіне халық шығармасы дейтін. Сол жүректерді баураған жырлардың шын авторлары кімдер екенін, мүмкін, жастар жағы білмеген шығар, ал, үлкендердің іштері сезетін. Бертін, Сталин өмірден озып, елдегі ахуал сауыға бастаған кезде жер-жерде жазықсыз жазаланғандарды ақтау жөнінде әңгіме қозғалып, жоғары жаққа өтініштер түсе бастаса керек. Бұл бір. Екіншіден, өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында КСРО-дағы жағдай күрт өзгерді. Билікке М.Горбачев келгеннен кейін қоғамды демократияландыру қолға алынды. Мәскеуде қуғын-сүргінге ұшырағандар ақталып, олардың бұрын тыйым салынған еңбектері жариялана бастады. Бұл жағдай қазақ зиялыларын да ойландырмай қойған жоқ.
Мен ол кезде Қазақ КСР-і Ғылым академиясының вице-президенті едім. 1986 жылдан кейін біздің академияда да елеулі өзгерістер болды. Республика басшылығы тарапынан біздің атымызға жиі-жиі сын айтыла бастады. Ақыры не керек, академияның атқарған жұмыстарын тексеру үшін Москвадан арнайы екі үлкен комиссия келді. Ол кезде Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы З.Камалиденов болатын. Бірде комиссия мүшелерін сол кісі қабылдады. Әңгіме аяқталуға таяп қалған сәтте мәскеулік ғалым, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Э.Р.Тенішов күтпеген жерден 3.Камалиденовтен: «20- жылдары сіздерде Ахмет Байтұрсынов деген тіл ғылымының үлкен өкілі болып еді. Соның тағдыры не болды?» – деп сұрады. З.Камалиденовтің тосын сұрақты ұната қоймағаны анық. Бірақ, ол сыр берген жоқ, үндемей құтылды. Өйткені, бұл кезде Қазақстанда А.Байтұрсыновтың есімі мүлде аталмайтын. Мұны еске алып отырғаным, біздің елдегі жағдайға бұлар неге үнсіз отыр, жоғалтқандарын неге іздемейді дегендей сырттағылардың өздері де елеңдей бастаған еді. Міне, комиссияның құрылуына осындай жағдайлар себеп болды деп ойлаймын.
– Орталық Комитет сізге осы комиссияны басқаруды жүктегенде қобалжыған жоқсыз ба?
– Неге қобалжымайын, қатты толқыдым. Бір жағынан өзіме үлкен сенім көрсетіліп отырылғанын, сондай-ақ, бұл істің жауапкершілігі де зор екенін түсіндім. Алаш арыстарын ақтау жөнінде комиссия бұрын да болған. Бірақ, олар өз мақсаттарына жете алмады. Комиссия мүшесі Смет Кеңесбаевтың: «Шырағым, байқа, абай бол. Басың кетуі мүмкін», дегені де есімде. Мәскеуде мұндай комиссияны СОКП Орталық Комитетінің хатшысы, Саяси Бюро мүшесі А.Н.Яковлев басқаратынын білетінмін. Соған қарағанда, жеңіл жұмыс емес. Шыным сол, қатты қиналдым. Уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді. Бірақ, өкінбеймін.
Сонымен, комиссия құрылып, оның құрамын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.Колбиннің өзі бекітті. Комиссия құрамына М.Қозыбаев, М.Базарбаев, С.Байжанов, Ә.Әлімжанов, З.Ахметов, Р.Бердібаев, Ш.Сәтпаева, С. Қирабаев, С.Зиманов, М.Қаратаев, Р.Сыздықова, Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, Ә.Кекілбаев, Ә.Қайдаров, С.Кеңесбаев сынды ғалымдар мен жазушылар тартылды.
– Сол кезде ұлтшылдықтың қамытын киіп, халқынан ажырап қалған арыстар аз емес еді ғой. Ақтау жұмыстарының Ш. Құдайбердиевтен басталуын қалай түсіндіресіз?
– Себебі, оның мәселесі бұрын да бірнеше рет қозғалып, талқыланған екен. Біраз материалдар жиналған. Содан, ақылдаса келе, осы кісіге тоқтадық. Комиссия Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының шешіміне сәйкес жұмыс істегендіктен қажет құжаттарды, материалдарды алуда еш қиындық болған жоқ. Ш.Құдайбердиевтің жеке басына қатысты құжаттарды, анықтамаларды Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен сұратып алдық. Әдебиет және өнер институты 2 том көлеміндегі шығармаларын машинкаға бастырып берді. Бұл істен Семей облыстық, Абай аудандық партия комитеттері де шет қалған жоқ. Біраз құжаттар сол жақтан келді.
Орталық Комитеттің хатшысы мені жеке қабылдағанда: «Асықпаңдар, уақыт бар», деген болатын. Бірақ, мен комиссия мүшелеріне неғұрлым ширақ жұмыс істеуіміз керектігін айттым. Бұлай іске құлшына кірісуіме Шәкәрімнің шығармаларын жас кезімнен жаттап өскенім де әсер еткен болар. Біз Қызыл еңбек деген ауылда тұрған кезімізде, әскерден оралған бір жігіт оның екі дәптердей өлеңдерін алып келген еді. Ол кезде мен 8-ші сыныптың оқушысымын. Әлгі дәптерде Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасы да бар екен. Бәріміз әлгі поэманы бірімізден-біріміз көшіріп, түгелдей жаттап алдық. Осы күнге дейін ұмытқан жоқпын.
Өткен іс – ойға күңгірт, көзге танық,
Көрмесе де, білгенге бәрі қанық.
Мың жеті жүз жиырма екінші жыл
Қазақтың Сыр бойында жүргені анық.
Әнет бабам арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молда ғұламасы.
Орта жүзге үлгі айтқан әділ екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы.
Мәмбетей өсіп, өнді бара-бара,
Сол таптан бір бай шықты жеке-дара.
Сол байдың он бес жасар қызы Мамыр,
Әрі сұлу, әрі есті, еркек шора, – деп басталатын.
Әрине, ол кезде біз бұл өлеңдердің авторы Ш.Құдайбердиев екенін білген жоқпыз. Оның халық жауы ретінде атылғанынан да хабарсыз едік. Мүмкін, үлкендер оның өлеңдерін сақтап қалу үшін осындай қадамға барған шығар?!
Содан, Шәкәрімге қатысты барлық материалдарды қолыма алып, демалыс уақытында қарындашпен сызып отырып, мұқият оқып шықтым. Өлендерінде орысқа немесе Кеңес өкіметіне қарсы бір ауыз сөз жоқ. Негізінен адамгершілік мәселелерін, өнер, білімнің пайдасын жырлайды. Ойшылдығы да терең. Нағыз ағартушының өзі. Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстоймен дос болыпты. Оның 80 жылдық мерейтойына арнайы шақырылыпты. Комиссия мүшелерімен өзара пікір алмасқаннан кейін Орталық Комитетке көлемді анықтама әзірледік. Шәкәрім Кеңес өкіметіне қарсы болды деуге негіз жоқ. Ақтау керек. Осы пікірімізді бюроға жеткізуге ұйғардық.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы, материалдар дайын болғаннан кейін соңғы сөзді кім айтты? Кәдімгідей талқылау болды ма?
– Орталық Комитет материалдарымызды қабылдап алды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бюроға шақырту алдық. Бюро отырысын Г.Колбин жүргізіп отырды. Бірінші сөзді комиссияның төрағасы ретінде маған берді. Мен комиссияның қорытындысына сүйене отырып, Ш.Құдайбердиевтің өмірбаяны, шығармашылық қызметі жайлы айтып бердім. Оның мұрасының халықтың рухани өмірінде алатын орнына тоқталдым. Сөзімді аяқтағаннан кейін бір-екі сұрақ болды. Оларға қысқа да нұсқа жауап бердім. Осыдан кейін Колбин: «Онда талқылауға көшейік, кім сөйлейді?» – деді. Сол-ақ екен, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.М. Мирошник орнынан ұшып тұрып: «Комиссияның қорытындысымен келісуге болмайды. Ш.Құдайбердиев ешқандай да ағартушы емес. Ол – контрреволюционер. Совет өкіметіне қарсы оқ атқан адам. Керек десеңіз, кулактарды көтеріліске бастаған. Сол қақтығыста мерт болған. Ал баласы Қытайға қашып кеткен. Құдайбердиев – Алашорда партиясының мүшесі. Алашорда буржуазияшыл, ұлтшылдар мен контрреволюционерлер партиясы», – деді.
Зал тым-тырыс. Ұшқан шыбынның ызыңы естілгендей. Уақыт тоқтап қалған сияқты. Ешкім бір ауыз сөз айтқан жоқ. Сәлден соң Н.Назарбаев, ол кісі сол кезде Үкімет басшысы болатын, үнсіздікті бұзып: «Бұған комиссияның төрағасы не айтады, жауап берсін», – деді.
Г.Колбин маған қарады. Жағдай бұлай аяқ астынан ушығып кетеді деп ойлаған жоқ едім. Енді шегінетін жер жоқ екенін түсіндім.
– Мирошник жолдас бұл қызметке жаңадан келген адам. Көп жағдайдан хабарсыз. Қызметкерлері дұрыс ақпарат бермеген болуы керек, қателесіп тұр, – деп бастадым сөзімді. – Біз дайындаған анықтамада тек комиссияның ғана емес, Семей обкомы мен Абай аудандық партия комитетінің пікірлері де ескерілді. Біз зерттеу барысында 300 адамға сұрау салдық. Олар Шәкәрімнің көтеріліске еш қатысы жоқ екенін айтты. Шәкәрімді Қарасартов пен оның орынбасары өлтірген. Осы қанды оқиғаға куә болған қойшылардың бәрін қорқытып, көтерілісте соғысып жүріп өлді деген жалған құжат жаздырып алған. Сол кезде Шәкәрімнің жасы 75-те. Қандай қазақтың шалы 75-ке келгенде қол бастап, көтеріліске шығады. Осылай дей келіп, қызды-қыздымен Мәскеуде қайта құру ісі қызу жүргізіліп жатқанын, ал Қазақстанның қауіпсіздік органдары уақыт талабына ілесе алмай отырғанын да айтып салдым.
Г.Колбин: «Басқа сөйлейтін кісі бар ма?» – деді. Ешкім үндемеді. «Онда комиссияның ұсынысын қолдайық», – деді ол бірден. Сол арада Ш.Құдайбердиевтің толық ақталғаны хабарланып, Әдебиет және өнер институтына бір жылдың ішінде оның шығармаларын басып шығару тапсырылды.
Еңбегіміз жанды. Халықтың қуанышында шек жоқ. Егер біз ұтылып қалған жағдайда менің тағдырымның не болатыны бір Аллаға ғана аян еді. Бабалардың рухы қолдаған шығар, әйтеуір, Алла тағала аузыма дұрыс сөз салып, бір сыннан сүрінбей өттім. Әсіресе, сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының: «Төрағаның жауабын тыңдайық», – дегені мәселенің оң шешілуіне түрткі болғанына осы күнге дейін ризамын. Сол арада бәріміз үндемей қалғанда, мәселенің басқаша шешіліп кетуі де мүмкін еді. Әйтеуір, құдай сақтады.
Айтпақшы, жиналыстан шығып бара жатқанда В.М.Мирошникке кездесіп қалдым. Ол амандасқаны ма, әлде мені құттықтаған түрі ме, қол берді. Осы сәтті пайдаланып: «Мен өмір бойы В.И.Лениннің жұмыстарын жаттап өскен адаммын. Ол кісінің қандай еңбегін қай кезде, қандай жағдайда жазғанына дейін білемін. Сондықтан саяси қате жіберуім мүмкін емес», – дедім. Ол: «Жарайды, жолдас Әбділдин, бұдан былай бірігіп жұмыс істейік», – деді.
– Комиссияның осыдан кейінгі жұмысы қалай жалғасты?
– Арада көп уақыт өткен жоқ, тағы да Орталық Комитетке шақырылдым. Бардым. Ондағылар Орталық Комитеттің М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, А.Байтұрсыновтың шығармашылығын зерттеу жөнінде комиссия құру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Комиссияны сіз басқарасыз деді. Құрамы да өзгеріссіз қалды.
Әдебиет және өнер институтының ғалымдарын шақырып алып, осы үш адамға қатысты бүкіл материалдарды жинауды тапсырдық. Қазақстанда тек Мағжан Жұмабаев туралы ғана дүниелер бар екен. Ал Ахмет Байтұрсынов пен Жүсіпбек Аймауытов туралы материалдар болмай шықты. Содан бірнеше ғалымды іссапармен Ленинградқа аттандырдық. Олар бір-екі айдың ішінде М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың кітаптарын, А.Байтұрсыновтың еңбектерін түгелімен жинап алып келді. Жұмысты алдымен Мағжанның шығармаларын сараптаудан бастадық.
– Шәкәрімді ақтаудың өзі қиынға түскенін айтып отырсыз. Ал Мағжан жөніндегі әңгіме қалай өрбіді? Жалпы, осындай комиссияның құрылып, іске кіріскені жөнінде халыққа хабарланды ма? Сіздерге жұмыс барысында ұсыныс-пікірмен келгендер болды ма?
– Әдетте, мұндай әңгіме тез тарайды ғой, Мағжанды білетін адамдар өздерінің ойларын айтып келіп жатты. Жоғарыда айтқанымдай, 60-жылдардың соңында Мағжанның шығармалары Орталық Комитет құрған комиссияда қаралып, олар М.Жұмабаев буржуазияшыл, ұлтшыл ақтауға болмайды деген қорытынды жасаған болатын.
– Комиссияның осындай шешімге келуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
– Меніңше, оның басты себебі, сол кезде комиссияның құрамында болған адамдар қуғын-сүргінді өз көздерімен көргендіктен, кеңестік режімнің қателескендерді аямайтынын білгендіктен Мағжанды қорғай алмады. Қорықты. Басқа да себептері болуы мүмкін.
Мен комиссияға келіп түскен Мағжан туралы материалдарды түгел қарап шықтым. Партия тарихы институты өз анықтамасында Мағжанға қара бояуды аямай жағыпты. Сол сияқты, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті де: «Буржуазияшыл, ұлтшыл, Алашорданың мүшесі, Кеңес өкіметіне қарсы, өлеңдерінің бәрі социализмді қаралайды», деп айтпаған сөздері жоқ. Осыларға қарағанда, Мағжанды ақтау оңай болмайтын сияқты көрінді. 1988 жылы елдегі жағдай бапты емес-ті. Желтоқсан оқиғасына байланысты «Қазақстан ұлтшылдығы» деген СОКП Орталық Комитетінің қаулысы шыққан болатын. Бірақ, шешінген судан тайынбас дегендей, жұмысымызды жалғастыра бердік. Мағжанның лирикасын, табиғат суреттеріне толы өлеңдерін алға тартумен болдық.
– Мағжанның шығармашылығында басқа мағынадағы жолдар да болды ғой.
– Иә, оның өлендерінде сол заманның идеологиясына, таным-түсініктеріне қайшы тұстар да жетерлік еді. Мағжан билік басындағылардың кең сахара қазақ даласын мекендеген жұртшылықтың өзіндік этномәдени ерекшеліктерін ескермегенін, табиғат пен қоғам, ел, халық тұтастығын бұзу, тіршілік иелерінің тынысын тарылтып экологиялық апатқа апару сияқты мәселелерге ашық қарсы шыққан. Мысалы, бір өлеңінде: «Жолбарыс жортатұғын сар даламда, Өңкей шошқа, доңыздар толып кетті» деген жолдар бар. Қайсыбір өлеңдеріндегі шарасынан асып төгілердей патриоттық сезімдері ұлтшылдық, түрікшілдік деп бағаланған. Бірақ, біз ол жағын ескермей, Мағжанның ұлы ақын, Абай идеяларын әрі қарай жалғастырушы, дамытушы, қазақ халқының рухани дүниесі мен мәдениетіндегі зор кұбылыс екенін дәлелдеуге тырыстық.
Мағжанның ақындығына ешкімнің таласы жоқ. Ол – өз халқын шын сүйген нағыз патриот. Орыс ақын-жазушыларымен дос болған. Оған А.М.Горькийдің өзі араша түскен. Осы жағын көбірек көрсеттік. Әсіресе, оның кейінгі кездері біржола халықтың позициясына шыққандығын, ақындығымен қатар ағартушылық қызметпен айналысқанын, педагогикадан оқулық жазғанын, психологиядан, социологиядан кітаптар аударғанын, ғылыми терминдер жасағанын баса айттық. Осындай мәселелерді жазбасақ, Мағжанды ақтау оңай болмас еді.
Мағжан Жұмабаев материалдарын тексеру, сараптау барысында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері белсенділік танытып, көп іс тындырды. Ол кезде институт директоры Шерияздан Елеукенов еді. Бәріміз ақылдаса отырып, Мағжанға қатысты материалдарды терең сараптап, комиссияның жалпы қорытындысын жазып, Орталық Комитетке тапсырдық.
Мағжанмен қатар тарих институтының қызметкерлерін қатыстыра отырып, Ж.Аймауытовтың еңбектеріне де сараптама жүргіздік. Ол кезде Тарих институтының директоры Манаш Қозыбаев болатын. Манаштың өзі де белсене кірісті. Тарихшы ғалымдарды Мәскеу, Ленинград кітапханаларына жіберіп, Ж.Аймауытовтың барлық еңбектерін жинаттық. Біз ол кезде Ж.Аймауытовты білмейді екенбіз. Материал жинау барысында оның «Қартқожа», «Ақбілек» сияқты шығармалары және әдебиет мәселелері туралы марксистік тұрғыдан жазылған мақалалары қолымызға тиді.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы, сіздің сөзіңізге қарағанда, Алаш арыстарын ақтауда еш қиындық болмаған сияқты ма, қалай?
– Қиындық болмаушы ма еді. Әсіресе, Ахмет Байтұрсыновқа келгенде қатты қиналдық. Өйткені, Ахаң тек ғалым, ақын ғана емес, Алашорда мемлекеті мен Алаш партиясының лидері, идеологы ћәм көсемдерінің бірі еді. Әлихан Бөкейхановпен қатар жүрген адам. Бұл кісі туралы мәліметтер мен еңбектерін тілші ғалымдар арқылы Ленинградтан алдырдық дедім ғой. Тіпті, тағы не бар екен деген оймен оларды ел арасына да жіберіп көрдік. Бірақ, тұщымды ешнәрсе табылмады. Ол кезде халық А.Байтұрсыновтың кітаптарын, құжаттарын сақтап ұстауға қорықса керек. Бұл кісінің материалдары мен еңбектерін комиссия мүшелері түгелдей оқып шықты. Оның қазақ грамматикасын тұңғыш зерттеуші, терминдерді енгізуші ғалым екендігін дәлелдедік. Біз бұл жөнінде анықтамада жан-жақты жазып бердік. Әсіресе, тілге тиек еткеніміз ол кісінің Ленин, Сталинмен кездесіп айтқан ойлары. Ахмет: «Ленинмен кездескенде біз өзара жақсы түсінісеміз. Ал жергілікті коммунистермен ондай тіл табыса алмаймыз» деп жазған екен. Ленин ол кісіні түрлі комиссияларға, үкімет орындарына басшылықка жіберіп отырған.
Ал енді оның поэзиясына келетін болсақ, мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ. Ол өзге халықтардың шығармаларын барынша насихаттаған адам. И.А.Крыловтан «Қырық мысал» деген еңбегін аударғаны белгілі. Бұдан өзге де бірнеше жазушылардың шығармаларын тәржімалаған. Ахаң орыстың ірі жазушылары туралы тамаша ойларын айтып, қазақ пен орыс мәдениетін ұштастыруға тырысқан. Абайдың ақындығы жөнінде алғаш мақала жазған.
– Осы кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қандай ұстанымда болды?
– Комитет үшеуіне де қарсы пікір жазды. Олардың айтуынша, үшеуі де ұлтшыл. Дайындаған анықтамаларында алашорданың мүшесі, контрреволюционер дегеннен басқа сөз жоқ. Сол сияқты, Партия тарихы институты да А.Байтұрсыновты қаралаумен шектелген. Бірақ, біз анықтамамызда олардың берген материалдарын онша ескерген жоқпыз.
Анықтамада негізінен А.Байтұрсыновтың ғылыми еңбектерін, қоғамдық саяси қызметін, орыс мәдениетін насихаттаушы, В.И.Лениннен жолдама алған деген тұстарға көбірек мән беріп, бояуын қалыңдата түстік. Дегенмен, бойда қорқыныш та бар. Бұл жолы үш адамды ақтайық деп отырмыз. Одан кейін А.Байтұрсыновтың халыққа белгісіз бір мәселелері болды. 1929 жылы партияның XV съезінде Бухаринді әшкерелеуге байланысты үлкен айтыс өтті. Сол жөнінде Ахаң өзінің Қостанайдағы бір бажасына жазған хатында: «Мынау большевиктер өзара бір-бірімен айтысып-тартысып жатыр. Сендер қапыда қалмаңдар», – депті. Осы хаты МҚК-нің қолына түсуі мүмкін ғой. Біз енді: «Ән айта алмайтын айғайға басады» демекші Ахаңның Ленинмен кездескен жерлерін, оны қолдаған тұстарын баса айттық.
Қыруар жұмыс атқарылғанмен, көңілде күмән көп. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегілер өткендегінің есесін қайтаруға ұмтылулары мүмкін ғой деген ой да мазалайды. Осы оймен қорытынды дайын болған соң, В.М.Мирошникпен кездесіп: «Біздің жасап жатқанымыз бір мәселе. СОКП Орталық Комитетінің тарихқа объективті түрде қараңдар деген нұсқауы бар. Сталин заманында тарихты бұрмалаушылық болғанын өзіңіз жақсы білесіз. Сондықтан қазір орталықтан көп сұраныс түсіп, тыйым салынған кітаптар, репрессияға ұшыраған адамдар ақталып жатыр. Ал бізде бұл мәселенің шешілуі қиындау болып тұр. Өзіңіз білесіз, Шәкәрімді зорға ақтадық. Бұл ақталайын деп отырған кісілердің рухани дүниелері керемет. Олар орыстың көптеген көрнекті адамдарымен дос болып қатар жүрген. М.Жұмабаев Ресейдің Брюсов секілді көптеген ірі ақындарын үлгі тұтқан. А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтар да осындай дәрежедегі адамдар. Олар ешқандай ұлтшыл емес. Барлығы Абайдың шәкірттері. Абай қазақ халқын орыс халқымен достыққа қаншалықты шақырып үгіттесе, бұл азаматтар да осындай бағытты ұстанған», – дедім. Кейін мұның пайдасы тиді. Мирошник бюрода сөйлеген жоқ. Сөйтіп, бұл мәселе қалай шешілер екен деп уайымдап жүргенімізде, оп-оңай өтіп кетті.
– Міржақып Дулатовтың ісі қалай қаралды? Оның ісін қарауға әзірлік барысында туыстарымен, атап айтқанда, қызы Гүлнәр апаймен кездестіңіздер ме?
– Бұлардың барлығын ақтап алғаннан кейін, Міржақып Дулатовқа да кезек келді. Бұл кісіні ақтау бізге өте қиынға соқты. Себебі, сол кезде ел арасында Міржақып Дулатов Амангелдіні өлтірді деген қауесет тарап кеткен еді. Комиссия жұмыстарына әдебиетші, тарихшы, философ мамандарды, заңгерлерді қатыстырып, ол кісі туралы қандай материал бар, соның барлығын жан-жақты тексердік. Бір күні хатшым келіп: «Сізге бір кісі келіп отыр. Міржақып Дулатовтың қызымын дейді», – деген соң: «Кірсін», – дедім. Бұл апаймен мен өзім Абай көшесінде бір үйде тұрғанмын. Ол кісі – Қазақ энциклопедиясында орынбасар болып қызмет істеген Әбен Сатыбалдиев деген қаламгердің жары-тын. Содан Гүлнәр апай менің қабылдауыма келіп:
– Жабайхан шырағым, мен Міржақып Дулатовтың қызымын. Менің әкем сияқты жазықсыз жазаланғандарды ақтау жұмыстары жүріп жатқанын естіген соң комиссияның төрағасы деп сізге әдейі келдім, – деді.
Мен:
– Жақсы, келіңіз. Сіздің келгеніңіз өте жақсы болды. Бізге кейбір деректерді түсіндіріп, айтып берерсіз, – десем, ол кісі деректерді айтқаны былай тұрсын, Міржақып Дулатовтың бүкіл дүниесін сақтаған екен. Содан маған: «Менде әкемнің барлық материалдары бар. Мен әкемнің ақталатынына сенгенмін, – деді. Гүлнәр апай әкесін алып кеткен уақытта небәрі 12-ақ жаста екен. Шешесін де қоса алып кетіпті. 12 жасар қыз әкесінің бүкіл кітаптарын, құжаттарын бір қорапқа салып, орыс құрбысының үйіне тығып қояды. Кейін тіпті жолдасына айтпаған. Апайдың барлық материалдарды алып келгені біздің комиссияның жұмысын едәуір жеңілдетті.
Әкелген материалмен түгел танысып шықтық. Міржақып Дулатов Алашорда партиясының белсенді қайраткерлерінің бірі болған. 1911 жылы қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман – «Бақытсыз Жамалды» жазған. Өзі Қазанда білім алып, көптеген шығармаларын жариялаған. Соның ішінде «Жұт» деген өлеңін мен әкемнің аузынан естігенмін. Мен жұт жөнінде жазылған талай шығармаларды оқыдым. Бірақ, Міржақып Дулатовтың сол бір ғана өлеңінде қазақ жұтының барлық сипаты, трагедиясы керемет көрсетілген.
Ол кісі тек ақын-жазушы, саяси қайраткер ғана емес, сонымен катар, математика және тағы басқа ғылымдардан еңбектер аударған. Осы күнде ол кісіні кейбіреулер математик деп жүр. Бірақ, Міржақып математик емес. Ол кездегі казақ зиялылары халықты ғылымға баулу үшін өзге тілден математика, биология, медицина саласындағы кітаптарды, оқулықтарды аударған. Осындай аудармашылардың бірі – Міржақып Дулатов. Бұл кісі газетте редактордың орынбасары болып, Кеңес үкіметіне бірталай қызмет еткен адам.
Комиссия мүшелері Жақаңның шығармалары мен еңбектерін түгелдей қарап шыққан соң, Амангелдіні өлтірді деген сөз қайдан шықты, соны анықтауға кірістік. Бұл кісінің Амангелді өліміне еш қатысы жоқ екен. Оны өлтірген басқалар және мүлде өзге жағдайда болған оқиға. Міржақып өлтірді деген мынадан шыққан көрінеді: «Амангелді» спектаклі жүріп жатқан уақытта актер Қапан Бадыров Алашорданың ба, әлде орыстың ақ офицерінің рөлін ойнағанда Міржақыпқа ұқсап киінген екен. Міржақып сәнді киінетін, әдемі адам болса керек. Соны көрген жұрт: «Ә, Амангелдіні өлтірген Міржақып екен ғой», – деп ойлаған. Оған тіпті ешқандай дәлел жоқ. Біз бұның барлығын тексеріп шықтық.
Енді бұл кісіге орыс пен қазақтың мәдени байланысын нығайтуға қарсы ықпал жасаған дейтіндей ешқандай айып тағуға болмайды. Жалпы, қазақ зиялыларының ешқайсысы да орысқа қарсы болмаған. Әрине, патшаның зұлымдығына, оның маңайындағы түрлі шенеуніктердің озбырлығына қарсы шыққан. Бірақ орыстың әдебиеті мен мәдениетіне, Л.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтовқа еш уақытта қарсы болмаған. Сонымен осының бәрін бюроға өткізетін анықтамамызға дәлелдеп тұрып жазып берген соң, бұл кісі де ақталды. Бұл шешімдерге халық жүрегі жарыла қуанды. Әсіресе, ол зиялылар ортасында үлкен серпіліс туғызды. Олар туралы мақалалар, естеліктер жарық көре бастады.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».