Адамзат тарихында табиғат пен адам бір-бірінен бөлек қарастырылған емес. Бүгінгі адам уақытты күнтізбе мен сағат арқылы өлшесе, ежелгі қауымдар үшін басты өлшем Күннің қозғалысы, Айдың тууы, өзеннің тасуы, шөптің көктеуі мен құстың қайтуы болды. Жыл мезгілдерінің ауысуы тек ауа райының өзгерісі емес, тіршіліктің жаңаруы мен тоқырауының, еңбек пен тынығудың, үміт пен ризашылықтың табиғи ырғағы ретінде қабылданды. Сондықтан табиғат мерекелері адамның қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүруінің көрінісіне айналды.
Ежелгі өркениеттердің көпшілігінде төрт астрономиялық кезең – көктемгі және күзгі күн мен түннің теңелуі, жазғы және қысқы күн тоқырауы ерекше мәнге ие болды. Бұл құбылыстарға байланысты әр халық өз дүниетанымына сай мерекелер қалыптастырды.
Наурыз және Остара
Күн мен түн теңелетін көктем мезгілі көптеген халықтар үшін жаңа жылдың бастауы саналған. Шығыс халықтары, соның ішінде қазақтар үшін бұл кезең Наурыз мейрамымен байланысты. Ұлыстың ұлы күнінде табиғаттың қайта түлеп, жердің бусанып, тіршіліктің жандануы жаңа өмірдің белгісі ретінде қабылданған. Ел арасында бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу, айналаны тазалау сияқты дәстүрлердің қалыптасуы да табиғатқа деген құрметтен туған.
Осы кезеңде ежелгі герман және кельт тайпалары Остара мерекесін атап өткен. Олар көктемді құнарлылық пен жаңа өмірдің басталуы деп түсініп, үйлерін жасыл бұтақтармен безендірген, түрлі түске боялған жұмыртқаларды тіршіліктің символы ретінде пайдаланған. Кейін бұл дәстүрлердің бірқатары христиандық Пасха мерекесіне сіңісті болды.
От пен судың мерекесі
Маусым айының соңында Күн көкжиектегі ең биік нүктесіне жетіп, жылдың ең ұзақ күні басталады. Солтүстік Еуропа халықтары бұл кезеңді Лита немесе Midsummer мерекесі ретінде қарсы алған. Биік төбелерде от жағылып, күннің қуаты мен жылуы дәріптелді. От арқылы тазарып, жаңа күш алуға болады деген сенім тараған.
Славян халықтарындағы Иван Купала мерекесі де осы кезеңмен байланысты. Халық түсінігінде бұл түні су мен өсімдіктердің ерекше қасиеті күшейеді деп есептелген. Қыз-жігіттер гүл шоқтарын суға ағызып, оттан секірген. Аңыздарда тек осы түні ғана орманда папоротник гүлі ашылады деген сенім сақталған.
Күзгі молшылық пен ризашылық
Қыркүйектегі күн мен түннің теңелуі – егін жиналып, жазғы еңбек қорытындыланатын кезең. Ежелгі кельттер бұл уақытты Мабон деп атап, табиғаттың берген ырысына алғыс айтқан. Кейін көптеген елдерде өнім мерекелері қалыптасып, Солтүстік Америкада Алғыс айту күніне ұласты.
Көшпелі қазақ қоғамында да күз – соғым қамын ойлап, шөп жинап, жазғы еңбектің нәтижесін бағалайтын шақ болды. Орақ тойы, сабантой секілді дәстүрлер еңбек пен берекені қадірлеудің белгісі саналды.
Қысқы тоқырау және жыл басы
Желтоқсан айының соңындағы ең ұзақ түн көптеген халықтардың дүниетанымында ерекше орын алды. Скандинав халықтары Йоль мерекесін тойлап, үйлеріне мәңгі жасыл шырша бұтақтарын әкелген. Бұл табиғаттың сырттай тынышталғанымен, өмірдің үзілмейтінін білдіретін нышан еді. Үлкен от жағылып, қараңғылықтың артынан жарықтың келеріне сенім білдірілді.
Славяндар арасында Корочун мерекесі белгілі болды. Ол да ескі жылдың аяқталып, жаңа күннің қайта туылуын бейнелейтін ритуалдық сипатқа ие еді.
Қазақтың табиғат күнтізбесі
Қазақ дүниетанымында да табиғаттың өз ырғағына негізделген мерекелер мен ғұрыптар аз болмаған. Көрісу күні көктемнің келгенін білдірсе, Наурыз – жыл басы ретінде қабылданды. Жазда бие байлап, алғашқы қымыз ашытылған кезде Қымызмұрындық өткізілді. Мал төлдеп, ақ молайған шақ ерекше қуанышпен қарсы алынды. Құрғақшылық кезінде тасаттық беріліп, жаңбыр тілеу рәсімдері жасалды. Мұның бәрі табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің дәстүрлі үлгісі еді.
Бүгінде адамзат табиғаттан алыстап, уақыттың өлшемін техника мен технологияға бағындырғанымен, ежелгі табиғат мерекелерінің мәні жойылған жоқ. Олардың барлығын біріктіретін ортақ түсінік бар, адам өзін табиғаттың иесі емес, оның бір бөлшегі ретінде сезінуі керек. Сондықтан көне мерекелердің тарихына үңілу өткенді тану ғана емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қайта еске түсірудің бір жолы болып табылады.