Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай туралы әңгімелер

1181
Абай туралы әңгімелер - e-history.kz

Мен ақын да, жазушы да емеспін. Көпті көрген көне көз ақсақалдардың сөздерін естіген адаммын. Құрметті оқушыларым! Мен жақсы әкенің тәрбиесін алған, арғы атам Ырғызбайдың ұрпағымын. Кім де болса өз ата-тегін жек көрмейді, ол – өмірдің заңы. Мұқаң марқұм Абай атам туралы роман жазып, дүние жүзіне қазақ деген халық бар екенін әйгілеп, оның салт-санасын паш еткен.

Сол Абайдың үлкен атасы Өскенбай бидің інісі – менің ұлы атам Жортар – Ырғызбайдың кенже баласы. Қазақта «Баласы жүйрік айғыр, ат ұстайды, мен неғып бұл өнерден құр қол қалайын» дегеннің кері сияқты, естіген, көрген, білгендерімді кейінгі ұрпақтарға мұра етуді жөн көріп, жасым жетпіске келгенде осы естеліктерді жаздым. Өзімнен кейінгі оқырмандарым өзіне керегін ала жатар, ал енді керек емес дегені қағаз бетінде қала жатар. Бірақ та қағаз бетіне түскен сөз жоғалмайды, мәңгілік сақталады. Бір кезде сол керексіз сөздердің иесі шығып, өз орнын табады. Біз пендеміз, асығамыз, жаратылыстың заңдылығы асықпайды, оны әркім түсіне бермейді. Мен естелік, шежіре жазуды ертеректе бастаған едім, бірақ та өзім жалқау, оның үстіне, керенау, кертартпалығымның салдарынан көпке созылып кетті. Қазақтың «игіліктің ерте-кеші жоқ» дегенін медеу етіп, әлі сөзбұйдалап келдім. Осы кезде өзімше қимылдаған болып жүрмін. Шынына келсек, бітіргенім шамалы сияқты. Абай атам айтқандай «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» дейді. Бірақ та мен қаланатын кетік жоқ сияқты. Мақсатым сына болсам дегенім ғой. Шірік, боркемік ағаш сына болмайды, оны да ойлаймын. Сынаға қағылған ағаштың көп тұратыны да болады. Біраздан кейін түсіп қалатындары да кездеседі. Мен сол екеуінің қайсысы болсам да өкінбеймін. Ұлы Отан соғысына қатысып мүгедек болдым. Совет азаматтарының көпшілігімен бірдей мен де Отан алдындағы борышымды ақтағандай болдым. Бірақ та ауыз толарлықтай ештене бітірдім деп ойлай алмаймын.

Өзімді бақыттымын деп санаймын. Сыйынатын ардағым, сыйласатын алыс, жақын достарым бар. Ал енді бірде өзгенің бақытынан өзімнің сорымды артық көрем. Қабыш ағам былай деген: «Жан қорегі қорым жоқ, қайнамаған сорым жоқ», «Ата туыс озған біз, тоғыз ата толғанда, ту-талақай тозғанбыз». Абай атамның музейінде он жыл шырақшы болдым. Бұл – менің өмірімдегі ең қымбатты жылдарым. Олай дейтінім: көп нәрсені көріп, білуіме жол ашылды, университет бітіріп, диплом алғандай болдым. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген осы.

3 ноябрь, 1984 жыл, Қарауыл, Абай ауданы.

Ниязбек АЛДАЖАРОВ, шежіреші

Байқұда балуан мен Нұрмағамбет

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Керей ішінде өгіз көтеретін күші бар, жиырма жастағы Байқұданың балуан аты шығады. Керейдің атақты адамдары Әлдеке, Меңаяқтар Абайдың сұрауымен жас жігітті Құнанбайға әкеп береді. Байқұданы Абай ерекше күтім жасап құрметтейді. Әлденеше рет топқа салып, әр елдің атақты түйе балуандарымен күрестіреді. Байқұда әрдайым да жеңіске жетіп, жауырыны жерге тимейді.

Сол кезде Керекуде атағы жер жарған Ерғазы деген балуан болыпты. Осы Ерғазы туралы Абай көптеген дақпырт естіп, талай рет шақыртса, Ерғазы келмепті. Ақыр аяғында Абай қасына інісі Ысқақты ертіп, Байқұданы алып, Керекуге Ерғазыны іздеп барады.

Ерғазының әбден асқақтап кеткені сонша, мені жығатын адам жоқ деп жүрсе керек. Байқұда отыздар шамасында, әбден кемеліне келген кезі, ал енді Ерғазы болса Байқұдадан бес-алты жас үлкен екен, денесі төртпақ, кең иықты, өте сом денелі, бұлшық еттері Байқұданыкіндей, бойы әнтек аласа екен. Екеуі күреске дайындалып ұстаса кеткенде Ерғазы жойқын күш жұмсап, Байқұданы дөңгелек айналдырыпты. Байқұда сонда Ерғазының екі иығын бүркітше бүріпті, Ерғазының екі қолы әлсіреп, босай бастағанда, Байқұда лақтырып жібереді. Анадай жерге барып, дөңбектей құлаған Ерғазыны көріп Абай масаттанып күледі. Сонда Ерғазы жантайып жатып: «Ей, Абай, сен неге мақтанасың, мені Тобықты балуаны жыққан жоқ қой, жықса Керей жықты», – депті.

Ерғазының жоғарыдағы сөзінен кейін Абай, шіркін-ай, бес болыс тобықтыда Байқұдадай ерекше бір балуан ұл тумады ма екен деп жүргенде, арғы атасы Мамай, Жолшора, Меңдібайдан Төлеген, одан Нұрмағамбет, осы Нұрмахамбетке кездеседі.

Ол былай болған. Абай ел ортасының адамдарымен мәжілістесіп отырғанда, ертеде талай батыр, балуан аталарымыз өтті, ал енді осы кезде бізде бір адаммен белдесуге жарайтын кім бар деп, өзінің көкейкесті ойын ортаға салады. Сонда отырғандардың біреуі жоғарыдағы Нұрмағамбетті айтады. Осыдан кейін Абай Шеттің бойында жолаушылап барып, Орданың сыртымен Жидебайға қайтып келе жатса, жартастың басында бір адам қаздиып тұрады, қарауыл қараған сияқты. Абай ат айдаушыға, анау тұрған адам ба деп сұраса, ат айдаушы қойшы болу керек, төменгі қойнауда қой жатыр дейді. Ендеше солай қарай бұрыл десе, жол жоқ. Абай аға жер шоқалақ, қалай барамыз дейді. Ендеше мына аттың біріне мін де ертіп кел десе, қойына қасқыр шапса қайтеміз дейді. Абай: өзің бір жалтапқырлыққа шебер екенсің, жер шоқалақ болмақ түгіл астына түсіп кетсе де солай тарт депті.

Таяу келіп шақырып жөн сұраса, сәлем беріп жөнін айтады. Сөйтсе, ойында жүрген Нұрмағамбет екен. Абай «мені танисың ба?» – деп сұраса, «мөлшерлеп тұрмын, сіз Абай ағасыз ғой», – дейді. Абай Жидебайды нұсқап ертең сонда кел десе, «мені босатпайды ғой» дейді. Онда былай болсын деп, Нұрмағамбеттің қолына хат жазып береді де жүріп кетеді.

Ертеңінде Абайдікіне Нұрмағамбет келеді. Амандықтан кейін жайын сұраса, Нұрмағамбеттің тұрмысы нашар екен, жалда жүргенін айтады. Абай жақсы құрмет көрсетіп, өз пікірін айтады. Сонда Нұрмағамбет: «Абай аға, бір адаммен белдесуге жарап қалармын» дейді. Олай болса сол жалға жүрген адамыңмен есеп айырысып, атын апарып бер. Қазір осы ауылдан өзің үнемі мініп жүретін бір жақсы ат ал деп, оны Мырзағұлға тапсырады. Келген соң шаруашылығыңды реттейміз депті. Айтқандай Нұрмағамбет есеп айырысып қайта келеді. Абай оған сауын мал, ауқат ететін көмек көрсетіп, үйіне әзірше осыны апарып беріп, өзің алаңсыз осында орал депті. Қайтып оралған Нұрмағамбетке Абай ерекше күтім жасатады. Не ішіп, не жеймін демей, аяқ астынан рахатқа кенеледі.

Анда-санда Абай Нұрмағамбеттен: «Халің қалай?» – деп сұрайтын көрінеді. Сонда Нұрмағамбет: «Абай аға, бір адаммен белдесуге жарап қалдық кой», – дейді екен. Өстіп жүргенде екі айдай уақыт өтеді. Нұрмағамбет әбден бабына келеді.

Ауыл арасында бір сыйлы қарт немересін сүндеттеп той жасайды, құнан шаптырады. Осы тойда кезі келген шығар деп Байқұдамен Нұрмағамбетті күрестіреді. Күреспес бұрын Абай Нұрмағамбетке ескертеді, Байқұданың қолы өте әлді, аңдап тез қимылда дейді. Екеуі ұстаса кеткенде Нұрмағамбет көз ілеспес жылдамдықпен жойқын күш жұмсап, Байқұданы тастап жіберіп, күш алады. Байқұда: «қапы қалдым, қайта күресем» дегенде Абай: «Немене өмір бойы сенің кеудеңе жан шықпасын деп жаратып па?» – депті.

Осы күрестен кейін Байқұданы көп сыйлық беріп, құрметтеп, өз еліне көшіріп, қош айтысыпты.

Ал енді Нұрмағамбет Абай аулында құрметке бөленіп, атақты балуан болған. Кейінде атақты Тана мырзаның асында Нұрмағамбет түйе балуан Молдабайды жығып, абыройы артқан. Байқұда мен Молдабай екеуі де өмірі жауырындары жерге тимеген балуандар болған. Нұрмағамбетті Абай көзінің тірісінде сыйлап, қадірлеп өткен.

Нұрмағамбеттің екі ұлы болған Бекежан, Шәкет деген. Бекежаннан бала бар, Шәкеттен жоқ.

Тоғызқұмалақшы Көрпебай

Тоғызқұмалақ ойыны – ертеде көшпенді қазақ арасында кеңінен тараған ойын. Осы тоғызқұмалақ ойынының атақты ойыншысы, тобықты ішіндегі көтібақ Боранбай ұлы Көрпебай (1823 жылы туған, 1904 жылы өлген) ауқатты адам болған. Қыстауы Жидебайдағы Абай музейінен қозы көш жерде, Шидің өлкесінде, Кеңгірбай бидің мазарының оңтүстігінде бір жарым шақырымдай. Көрпебайда тоғызқұмалақтың ойын тақтасын қанжығасына байлап алып, ел аралап, қонақтап жүріп ойнайтын әдет болған.

Бірде Көрпебай әлденеше күн Шыңғыстағы елді аралап, Ши бойындағы өз ауылына келе жатып, өзінің қой бағып жүрген қойшысына кездеседі. Ауылдың амандығын білген соң қойшысына: «Ауыл аман болса, мен Абай аулы жаққа кеттім», – депті де, бұрылып, Жидебайдағы Абай аулына беттепті. Жидебайға келсе, сыртта бес-алты ат байлаулы тұрады. Бұл ауылдан қонақ үзілмейтіні мәлім. Көрпебайдың іздегені де осындай жиын.

Үйге сәлем беріп кіріп келсе, Көкбай, Ермағамбет, тағы бірнеше адам шай ішіп отыр екен, жасы үлкен Көрпебайға төрден орын береді. Амандықтан кейін жүріс жайын сұрағанда, Көрпебай өз қойшысына жолығып, ауыл амандығын білгеннен кейін, осылай қарай бұрылып кеткенін айтады.

Сез аңдып отырған Ермағамбет: «Абай аға, ақсақал өз ауылының амандығын білгеннен кейін, осы ауылдың амандығын білейін деп келген екен ғой» дегенде, үйдегілер ду күліпті.

Абай жымиып күледі де, аналарға: «Көрпе-екең тоғызқұмалақты жақсы ойнайды, осы ауылда қонақ бар шығар, ойнайын деп келді, қанжығасында тоғызқұмалақтың ойын тақтасы да байлаулы шығар», – дегенде, Көрпебай: «Ол рас, – дейді. – Барған жерде бұл ойынның жабдығы кездесе бермейді». Осы кезде Абай бар денесімен бұрылып, Еркежанға: «Шайды жинат, бұлардың сайысын көрелік» дейді. «Қайнаға да келді, мен тамақ астырайын» деп, Еркежан шығып кетеді.

Көрпебайдың қанжығасындағы ойын тақтасы әкелінеді. Абай үйінде де тоғызқұмалақтың жабдықтары сай екен, қонақтар екіге бөлініп, ойынға кірісіп кетіпті. Абай төреші ретінде бақылап отырса керек. Шу дегеннен Көрпебай өзінің қарсыласы Ермағамбетті жаушы-жаужалаға келтірмей ұтысқа ие болады. Бұлар ойынды жалғастырған сайын Көрпебай есе бермей, ұта береді. Осыдан соң Көкбай бастаған екінші топпен ойнағанда Көрпебай оларды да ұтыпты.

Абай Ермағамбет пен Көкбайға қарап: «Ақсақал біздің ауылдың амандығын жақсы білдірді емес пе! Енді сендер тоғызқұмалақтан Көрпебайды ұтатын ойыншы тауып әкеп ойнатыңдар», – деп, Көкбай мен Ермағамбетке тапсырады.

Қолға су құйылып, ет жеуге қам жасалады. Көрпебай ет жеуге оназа мешкей адам екен, оны Абай жақсы біледі. Етке бір адамға есесін жібермейтін Көкбайдың жайы да Абайға мәлім болатын. Ет туралып желіне бастады, осы кезде Көрпебай ақ майды іріктеп, қарбыта бастағанда; бағанадан ойыннан ұтылып, есесі кетіп отырған Көкбай, оның үстіне еттен де есесі кетіп бара жатқанын сезіп былай депті:

Абай-ау, мынауың кім сұғанақ көк, 

Ақ майды табады екен сығалап кеп. 

Май мұның бірдеңесін өлтірген бе? 

Асайды үсті-үстіне сыбалап кеп, – дейді. Ет жеп отырғандар күліседі.

Ермағамбет: «Анау-мынау деп әжуалап, қайтеміз, ақсақал бүгін бізге ойын мен тамақтан есе бермейтін болды, амандықтың аяғы осыған соқты ғой», – деп, отырғандарды тағы күлдіреді. Ет желініп, бата жасалып, отырғандар анау-мы нау жай әңгімеге кіріседі. Қонақтар сыртқа шығады, таза ауада біраз болып, желпініп үйге қайта кіреді. Бұл уақытта дастарқан қайта жайылып, шайға қам жасалып жатса керек. Көрпебай өз орнына отырып жайғасқан кезде, Абай Көкбайға қарап: «Сен ет пен ойыннан кеткен есеңді бір ауыз өлеңмен кай- тардым деп отырсың ғой, біздің ақсақал да бірдеме дер деп Көрпебайға сөз тастайды. Осы кезде Абайдың оң жағында отырған Еркежан да сөзге араласып, қайнағаның жауап қайтарар жөні келді дегенде, Көрпебай: «Қарағым, Еркежан, Мен сылдыр көмей ақын емеспін, осы бір тоғызқұмалақ ойынын әуестеніп, құмартып ойнаймын, онымен бірге Көкбай айтқандай, еттің майына да қырағылығым бар, оны да жасырмаймын. Ал енді, көп қаумалап, қолқалап болмадыңдар, айтайын. Егер қисыны келмесе сөге көрмеңдер, – дейді де, орнынан қозғалақтап:

Құралған Көкше атам әр тараптан,

Ку сөзге көмей-жағы сылдыр қаққан. 

Ет жеуді осы Көкбай жек көрмейді, 

Тегінде өледі ғой қылтамақтан, – дегенде, үйдегілер пәлі-пәлі деп ду күліседі. Сонда Абай ауыр күрсініп: «Сендер күлесіңдер, мынаны пайымдарсыңдар ма, үйге қонақ келсе өлең айт дейсіңдер, ол өлең білмеймін десе, ең болмағанда «Қаратаудың басынан көш келедіні» білмейсің бе? - дейсіңдер. Ал өздерің сол «Қаратаудың басынан көш келеді» деген өлеңнің тарихын білмейсіңдер. Ол өлең қазақтың басынан кешкен қайғылы қасіреттің куәсі. Қалмақтан жеңіліп, қонысын тастап ауғанда айтылған:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. 

Қарындастан айрылған жаман екен, 

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді, – деген. Міне, көрдіңдер ме, өлең мағынасыз, беталды айтыла бермейді. Көкбай мен Көрпебайдың бір-бір ауыз өлеңмен қақтығысында да өзіндік мағына бар. Қайран қазақ-ай, бойында бар қасиетін орынды жерге жұмсамай, берекесіз нәрсенің соңына түсіп, қор болып өтіп барады... – деп тоқтаған екен.

Шайдан кейін Көрпебай қош айтысып қайтайын дегенде Абай оған: «Естідің ғой, Көкбай ойыншы тауып әкелгенде осы үйде үлкен айқасқа түсесіз, соған әзірлене беріңіз», – депті.

Көкбай 1856 жылы туып, 1926 жылы рак ауруынан қайтыс болған. Моласы Мұқырдың бойында, өзінің ескі медресесінің жанында. Руы - Көтібақ, Жиреншин Құлыке (Құлсүлеймен) деген ақыл, парасатты адам болған. Сол Көкбай науқас деген соң, қасына өздеріне туысқан Ахметжанов Төлеухан дегенді ертіп, арнайы көңіл сұрауға барыпты. Сонда Көкбай Құлыкеге былай депті: «Ертеде сенің Көрпебай деген ағаң Абайдікінде кездесіп, тоғызқұмалақ ойнадық, сонда Көрпебай бәрімізді ұтты. Ет келгенде Көрпебай еттің майын теріп жей берген соң мен оған «сұғанақ көк» деп бір ауыз өлең айтып едім, ол маған қайтарған жауабында:

Ет жеуді осы Көкбай жек көрмеді, 

Түбінде өледі ғой қылтамақтан, – деді. Сол айтқаны маған оқтай тиді. Міне, мен сол қылтамақтан өлейін деп жатырмын, айтқаны дәл келді, – депті.

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?