Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәлім де беймәлім «Сегіз сері»

3363
Мәлім де беймәлім «Сегіз сері» - e-history.kz

Соңғы кездері фейсбук әлеуметтік желісінде жиі қозғалып жүрген тарихқа қатысты тақырыптардың бірі – мәлім де беймәлім «Сегіз сері» жайлы болып отыр. «Оның өмір сүрген уақыты  қандай, жазған дүниелері мен шығармалары шынымен өзінікі ме немесе жалпы өмірде болған адам ба?» деген мәселе бізді де толғандырмай қоймады. Сол үшін аталған тұлға туралы біраз еңбекті қарап, тарихшылардың һәм руханият саласындағы елге елеулі жандардың пікірін сұраған едік. Сондағы түйген нәрсемізді енді қазақ тарихына, қазақ мәдениетіне бей-жай қарамайтын саналы оқырманға ұсынғалы отырмыз! 

Қош, сонымен Wikipedia-дағы мәліметте Сегіз сері(Мұхаммедқанапия) Баһрамұлы жайлы: 

«Керей тайпасының Ашамайлы Керей тармағынын Көшебе руынан шыққан, арғы атасы Қожаберген жырауәрі ақын, әрі әнші, әрі батыр кісі екен. Қалмақтармен шайқаста қол бастап, көзге түскен. «Ақтабан шұбырынды» заманының ұлы ескерткіші – «Елім-ай» дастаны мен әннің иесі. Өз әкесі Баһрам батырлығына қоса білімді, діндар адам болған»-деп, дерек келтіріледі. Сегіз серіні зерттеушілердің сөзінше, ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе-Маманай деген атақты мекенде 1818 жылы туып, 1854 жылы 36-дан 37-ге қараған үш мүшел жасында өмірден өткен.

«Мұхаммед-Қанафия Шақшақов Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты «Благовещенский» кеңшарының жеріндегі Гүлтөбе-Маманайда, Бұқпа көлінің жағасында дүниеге келген. Руы – Керей ішінде Көшебе. Үш жүзге аты әйгілі Толыбай сыншының сегізінші баласы Қарабас тархан, одан – Асқап, одан – Көшек, оның сегізінші баласы – Шақшақ, одан – Баһрам, Баһрамның жеті ұлының бірі – Мұхаммед-Қанафия, яғни біз мұрасын зерттеп отырған кейіпкеріміз, Толыбай сыншының алтыншы ұрпағы Сегіз сері – осы» (Шежіреші Тәбей Барлыбайұлының Қазақстан Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына әкеліп тапсырған «Керей шежіресі» бойынша алынды).

«Сегіз сері: (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлы Шақшақовтың өмірі мен музыкалық мұрасы» деп аталатын ғылыми-зерттеу еңбегінің авторы, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Тарих жане қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Серік Оспановпен жақында тілдесіп, Сегіз сері туралы деректер қайда кездесетінін сұрап, аталған деректерге фактчекинг(мәліметті тексеру) жасап көрдік. 

С. Оспановтың мәліметінше, Сегіз сері туралы жазған авторлар тізімі мынадай:

- Мәшһүр Жүсіптің «Бабаларға» атты өлеңінде. 

- Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров өз өлеңінде. 

- "Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер" еңбегінде – академик Әлкей Марғұлан.

- "Замана бұлбұлдарында" - Ахмет Жұбанов. 

- "Мақпал қыз" дастаны туралы еңбегінде – әдебиеттанушы Әуелбек Қоңыратбаев. 

- "Сегіз серінің мадақ өлеңдерінің тарихилығы" еңбегінде - әдебиетзерттеуші, профессор Шәмшиябану Сәтбаева. 

- "Сегіз серінің ата-бабалары мен ұрпақтары" еңбегінде – жазушы  Нәбиден Әбуталиев. 

"Ер Сегіз" – дастанында – Жаяу Мұса Байжанұлы. 

- "Сардар Сегіз" поэмасында - Шәңгерей Бөкеев. 

- "Жиендерге" атты арнау өлеңінде - ақын Тайжан Қалмағанбетов. 

- "Тарихи дастан" еңбегінде - архивист-жазушы Амантай Сатаев. 

- "Қазақтың ауызша тарихы" еңбегінде – этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек. 

- " Тұлға" өмірдегегінде - Еңбек ері, Халык артисі, профессор

композитор Еркеғали Рахмадиев. 

- "Ерлігін Исатайдың жырға қоссам" мақаласында - жазушы Рахымжан Отарбаев. 

- "Очерки истории казахов Омского Прииртышья" еңбегінде - этнограф - ғалым Игілік Әлімханұлы Ермеков. 

- "Сегіз сері және Ғайни"  мақаласында – жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы. 

- "Ғайни ғашықтық әні" зерттеу мақаласында - өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қайыржан Мақанов. 

- "Әнді тонау – тарихты тонау" мақаласында өнерзерттеуші, әнші Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жәнібек Кәрменов. 

- "Сегіз сері шығармалары – халықтың асыл мұрасы" ғылыми-зерттеу еңбегінде докторант Гүлсім Дәркембаева.

 

«Махамбет пен Сегіз сері»

 

Біз сол аталған еңбектердің ең негізгілеріне(қарамен белгіленген) тоқталып, қызық жайттарға тап болдық. Себебі әрі батыр, әрі әнші, әрі жыршы, әрі термеші, әрі дастаншы, әрі полиглот, әрі тілмаш, кездеспеген тарихи тұлғасы жоқ, қазақтың дәстүрлі ең ғажап әндерінің «бәрін» жазған, жалпы бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы емес, «мың қырлы» Сегіз серінің мұншалықты дарындылығы кім-кімнің де санасына күмән тудырмай қоймайды. Енді осы мәселеде бізге Сегіз серіні бүге-шігесіне дейін зерттеген академик, ғалым Серік Оспановтың «Сегіз сері» жайлы зерттеуі көмекке келді. Сонымен Рухани жаңғыру жобасының аясында жарық көрген Серік Оспановтың «Сегіз сері» жайлы еңбегінде Алғы сөзде (композитор Е. Рахмадиев жазған)  мынадай мәтін ұшырасады:

«Ал Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) «Сегіз серіге» деген өлеңінде:

         Айман-Шолпан, Қыз Жібек,

         Дастаның елге тарады.

         Қашқын болып жүрсең де,

         Аузыңа халық қарады, -

деп оның жыраулық қарымын мойындауының өзі Сегіздің үлкен эпик ақындығының дәлелі».

Мұны оқығаннан кейін бірден Махамбеттанушыларды іздедік. Сөйтіп бұл туралы бар саналы ғұмырын Махамбетті зерттеуге арнаған, тілші-ғалым Ғарифолла Әнестен сұрадық. Ал ол бізге:

 «Мен ешкіммен дауласпаймын. Махамбеттің 200 жылдығына біздер Махамбет әлемі деген атаумен серия ашып, 20 том кітап шығардық. Сол томдықтың бір кітабы архив құжаттарға арналады. Ол – шамамен 400-500 беттей кітап. Соның ішінде Махамбет пен Исатайға қатысты, олар бастаған көтеріліске қатысты архив деректері бар. Оны Орталық архивтің директоры болған Болат Жанаев деген азамат ұжыммен бірге дайындаған. Бұл – әрине, ғылыми басылым. Кітаптың соңғы беттерінде архив деректерінде кездесетін адамдардың, жер-су атауларының тізімі бар. Бірақ ол жерде не Сегіз сері, не Баһрамұлы деген бір ауыз сөз жоқ. Сонымен қатар 20 томның 10 томы дәлелді, дәйекті құжаттардың негізінде жасалған деп айта аламын. Тіпті Махамбеттің көзі тірісінде шыққан еңбектер де келтірілген. Жалпы айтар болсам, 20 томның ешбірінде Сегіз сері жайлы мәлімет кездеспейді. Ал Сегіз серіні Махамбет-Исатай көтерілісінде жүріп ақыл айтқызып қоюы – абсурд. Өйткені мен ғалым ретінде мұндай жайттардың орын алып жатқанын көріп те жүрмін. Ол мәселен, Махамбетті «күйші» қылып қойғаны сияқты дүние. Махамбеттің «күйшілігін» кезінде не Ахмет Жұбанов айтпаған, не Махамбетті бір кісідей білетін Қажым Жұмалиев айтпаған, не Берқайыр Аманшин айтпаған, не одан беріректегі тарихшы Исатай Кенжәлиев те айтпаған. Мұны «Махамбет күйлері» барын айтқан Қаршыға Ахмедияровқа да кезінде айтып, дәлел сұрағам. Бірақ ол еш дәлел келтіре алмады. Осылайша біз оны қазір «күйші» деп қойдық. Ғылымда нақты дәлел, факт болуы қажет»-деп жауап берді.

 

 

«Қазақтың ауызша тарихындағы» Сегіз сері

 

Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабындағы (Фолиант баспасы, 2008 жыл) 282-бетте «Сегіз сері жайлы жазылған» дерек барын бізге сол Сегіз серітанушы ғалым(С. Оспанов) айтып еді. Сөйтсек, Сегіз сері жайлы кітап жазған Серік Оспановтың айтып отырғаны одан кейінгі 283-беттегі әңгіме екен. Мәселе Қыпшақ Сейітқұл жайлы болып отыр. Кітапта жазылған дерек бойынша, Сейітқұл – қыпшақ ішіндегі аталардың бірі Торыдан тараған алтыншы ұрпақ Маманның баласы. Сонымен қатар Маманның он баласының ішінде ең алғыры, көз ашық, көкірегі ояуы екен. 

«Ол кез, әрісі Қарадан өрбіген ұрпақтың, берісі Маман әулетінің Хиуа хандығының құзырындағы кезі екен. Ханның шаш ал десе бас алатын Қыстаубай атты шабарманы болыпты. Қазақтар оны Тоқымқаққан Қыстаубай дейді екен. Сол Қыстаубай бірде Сейітқұлдың ауылын шауып, екі жақтан біраз адам шығын болды. Ұрыс кезінде Қыстаубайдың Сейдахмет деген баласы Сейітқұлдың садағының оғынан қаза табады»-делінген кітапта(«Қазақтың ауызша тарихы», 283-бет)

Одан кейінгі уақиға кітапта былай баяндалады:

«Осы оқиғадан кейін Сейітқұл тыныштықтың болмайтынына көзі жетеді де, бір түнде ауыл-аймағымен қотарыла көшеді. Алғашқыда із жасыру үшін Сырға бет алады да, сонсоң көштің басын солтүстікке қарай бұрып, Торғайға жеткенді тізгін тартады. Торғайға келген соң, Сейітқұл Түркістанда көргенін істеп, ағайын-туғанды жұмылдырып, Қабырға өзенінің бойына егін салады. Еңбегі берекелі болып, аз уақытта ағайын-туған ес жинап үлгереді. Санаулы жылда халық саны 400 шаңыраққа жетіп, Сейітқұл ауылы атанады. Жаңалық жата ма, Сейітқұлдың даңқы әрі-бері ағылған керуеншілер арқылы Тоқымқаққан Қыстаубайға жетеді. Баласының өлімі ішіне шемен болып қатып, кектеніп жүрген Қыстаубай қапысыз қамданып келіп, Сейітқұлдың ауылын шабады».

Қыстаубай Сейітқұлдың ауласына ат ойнатып кіріп келгенде, Сейітқұл бесін намазына ұйып тұр еді дейді. Еш іркілместен ұмтылған Қыстаубай Сейітқұлды қылышпен шауып өлтіреді де, ауылдың еркек-әйелін тегіс қырып, келген жағына тартып отырады.

Одан әрі оқиғаны: 

«Бұл 1830 жылы болған оқиға. Сейітқұл 1770 жылы дүниеге келіп, алпысқа қараған шағында қаза болған.

Осы оқиға кешікпей Сыр бойындағы қалың қыпшақ жұртына мәлім болып, сонда атақты Досбол би сол кезде исі қазаққа даңқы жайылған Сегізсері Баһрамұлына өтініш жасайды: «Мына Хиуа ханының баскесері Тоқымқаққан Қыстаубайдың қорлығы өтіп болды. Сыр елінің малын тартып алып, қыз-келіншектерін олжалағаны өз алдына, енді ел ішіне ойран салуды шығарды. Елміз ғой, бір амалын табайық!»-дейді.

Сегізсері бұл жайды бұрыннан естіп, зығырданы қайнап жүреді екен. Досбол бидің сөзінен кейін тәуекелге бел буады.

Бірде Қыстаубай мыңға тарта қолымен әдеттегідей Сыр елін тонауға шыққанда, Сегізсері де сайланып отырған қолымен қарақшыларды Сырдың «Жөлек» деп аталатын тұсында қарсы алады. Қырғын соғыс басталып кетеді. Екі жақ та өліспей беріспейтіндей тіресе соғысып, адам шығыны көп болады. Сол кезде Сегізсері айқайды салып: «Уа, Қыстаубай, жазықсыз қан төгілмесін, бар кінә  бір сенде, шық бермен жекпе-жекке!»-дейді.

Сол жерде жекпе-жек басталып, Сегізсерінің мерейі үстем болып, Қыстаубайдың қол-аяғын байлап, халықтың қолына беріпті. Әбден кектенген көпшілік Қыстаубайдың құлақ-мұрнын шұнтитып кесіп, көзін ойып, азаптап өлтіреді.

Бұл жөнінде Сегізсерінің ерлігін суреттейтін ақын Нұржан Наушабайұлының мынадай өлеңін келтіреді:

Он жеті жаста қол жинап,

Жанына сарбаз құрыпты.

Қыстаубайдай залымды,

Алысқанда бүріпті.

Бұрап жығып байлапты,

Өлім торын сайлапты.

Ел шошынған жауыздан

Жүрегі ердің таймапты.

Еркіне шықпай қоймапты,

Ер намысын жоймапты.

Алсын деп кегін бұл сұмнан,

Беруді жұртқа ойлапты.

Аяқ-қолын тас қылып,

Дүлейді байлап-матаған,

Кегіңді бұдан алшы деп,

Лақтырып алға тастаған» (Дерек беруші Қорған Әмірғазин, қыпшақ Сейітқұлдың аталас ұрпағы, Қостанай облысы, Амангелді ауданы) («Қазақтың ауызша тарихы», 283,284-беттер)

Енді қарап тұрсаңыз, егер Сегіз сері 1818 жылы дүниеге келгені рас болса, аталмыш оқиға(Сегіздің Сыр еліндегі шайқасы) 1835 жылы болып тұр. Себебі: 1818+17=1835. Бірақ мына деректе «1830 жылы болған оқиғадан көп кешікпей» деген сөз бар. Сонда автордың айтқан «көп кешікпей» дегені 5 жыл ма? Бұл – бір деңіз. 

Екінші мәселе, Сегіз серіні зерттеушілер оның Омбыда оқыған жылдарын 1830-1836 деп көрсетеді. Оған дәлел, мәселен, Серік Оспанов осыдан 2 жыл бұрын «Әдебиет» порталына берген сұхбатында:

«Зерек Сегіз сері 1830 жылы Омбының тілмаштар даярлайтын 6 жылдық «Азиатская школасына» оқуға түсіп, оны бітірер 1836 жылы аталмыш оқу орны Батыс Сібір казактары округінің әскери училищесіне қосылып, атауын өзгертеді»-деп келтірілген.(«Әдебиет» порталы, «Серіліктің атасы - Сегіз сері» сұхбаты, 2021 жыл) 

Ал ол қатысқан Сыр бойындағы шайқас 1835 жылы болған екен...

Сонда қараңыз, Сегіз сері 1830-дан бастап, 1836 жылға дейін Омбыда оқып жатса, онда 1835 жылы Сыр бойындағы шайқасқа қай кезде және қалай қатысуы мүмкін? Оқу кезінде берілетін жазғы демалыста ма, әлде қалай? Мысалы, Омбы мен Қызылорданың арасы шамамен 2000 шақырымды құрайды делік. Сонда Сегіз сері Сыр бойына қалай барған?

а) жаяу

ә) атпен

б) пойызбен

Бәлкім, оның барлық уақыты осы екі ортадағы жолға кеткен шығар?! Сегіз серіні зерттеп жүрген жандардан осыған нақты жауап беруін сұрар едік...

 

 

Сегіз сері Омбыда оқыған ба?

 

Осы бір даулы мәселеге қатысты әркімнің пікірі – әртүрлі. Бірақ Сегіз серіні зерттеушілердің сүйенетін дәлелі – тарихшы Игілік Тұрсыновтың(И. А. Турсунов) кітабы. Атауы – «Очерки истории казахов Омского Прииртышья».(Омск, 2000 жыл) Міне, сол кітаптың «Просвещение казахов в XVII – XX вв» аталатын бөлімінде мынадай дерек келтірілген:

«В 1789 году в Омске открылась Азиатская школа по подготовке переводчиков. Школа располагалась на втором этаже здания гауптвахты, ныне здесь находится облвоенкомат. В школу ежегодно набирали по 25 человек из детей чинов казачьего войска. В 1790 году среди 25 учащихся было 7 казахов и татар(32). В школе дети изучали математику, русский, турецкий, арабский и персидский языки, позже ввели калмыцкий и маньчжурский. На получаемые 6 рублей жалования учащиесия приобретали одежду и обувь. 

Среди окончивших Азиатскую школу числился Мухаммед Шакшаков(Сегиз-сери). В школу он поступил в 1830 году. К моменту ее окончания в 1836 году она была преобразована в особый класс восточных языков училища Сибирского казачьего войска».

Оқып отырсаңыз, кітапта Сегіздің Омбыда оқығаны айтылғанымен, дереккөздің нақты қайдан екеніне сілтеме берілмеген(мұны сөйлемнен кейін цифрдың қойылмағанынан-ақ байқауыңызға болады). Сегіз серіні зерттеуші Серік Оспанов тарихшының аталған деректі бірде Омбының архивінен алғанын айтады, бірде оның өртеніп кеткенін айтады. Сондықтан мән-жайды білу үшін кітап авторына телефон соғып, аталған деректі қайдан алғаны және Омбыдағы архивтен «Азия мектебінде Сегіз сері(Мұхаммед-Қанафия Баһрамұлы Шақшақов) оқыды» деректі кездестіре алды ма екен, соны сұрадық... Сөйтсек:

«Жоқ, оны айта алмаймын. Білмеймін. Негізгі дереккөз қазақ энциклопедияларының бірі болуы мүмкін, нақты есімде жоқ. Омбының архивіне кіргенім рас, алайда ол кісі жайлы дерек таптым деп айта алмаймын. Себебі оның(Сегіз серінің) Омбыда оқығаны жайлы деректі Омбыдағы архивтен алмадым да, таппадым да. Бұл – анық. Қазір Қазақстанда болмағандықтан және кітап та қолымда емес болғандықтан дереккөз ретінде Қазақстандағы қай кітапты алғанымды ұмытып тұрмын...»-дейді кітап авторы Игілік Тұрсынов.

Бір қызығы И. Тұрсыновтың сол кітабы – Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы ғалым Тұрсынбек Кәкішев атындағы залда ғана тұр. Басқа еш жерде жоқ. Және «личная библиотека проф. Какишева» деген жазуы бар. Әдетте кітаптар «көпшілік оқу залынан» табылатын еді...

Ал өнертанушы Серік Оспанов осы кітапты «Омбыдағы архивтен алдырғанмын»-дейді. Және өзі түсірген суретте «архивтік қор» деген жазудың барын алға тартады. Бірақ «мөрден» тек сол «архивтік қор» деген жазуды ғана көруге болады( Кітаптың Омбыдағы «мөр» екенін дәлелдейтін еш белгі байқалмайды). Яғни бұл – оның «Омбы архивінен алынған» кітап екеніне дәлел емес. 

 

Сегіз сері әндері

 

Сонымен қатар қазір Сегіз серінің әні деп «Ақбұлақ», «Гауһартас», «Бозшұбар», «Қызға сәлем», «Ғайни», «Әйкен-ай», «Көкем-ай», «Сәулем-ай», «Алқоңыр», «Елік-ай», «Ақбақай» «Алқоңыр», «Назқоңыр», «Қарғаш», «Гауһартас», «Жан Ерке», «Меңзипа», «Дайдидау» әндерінен бастап, ірілі-ұсақты ән, жыр, термелердің бәрі айтылып жүр. Осыны оқығаннан кейін бір автордың мұншама әнді жазғанына бір жағынан қайран қалып, бір жағынан күмәндандық... Сол үшін мәселенің мән-жайын кәсіби мамандарға тапсырдық.

Соның бірі дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман «Еркеғали Рахмадиев ғалым емес, тек композитор» екенін айта отырып, жоғарыдағы әндердің «Сегіз серіге» тиесілі екеніне сенбейтінін жасырмады.

Ал аталған әндер жайлы:

«Сіз берген тізімді алып, тыңдап шықтым. Өзімде бар мәліметтерді сараптап, жалпы музыкатанушы ретінде айтарым мынау: Сегіз серінің әндеріне телінетін шығармаларды тыңдай келе, оның музыкалық тілін, құрылымын, ладтық, ырғақтық, поэзиялық жағын алып қарайтын болсақ, Арқа өңірінің музыкалық мәдениетіне сай музыкалық тіл қолданылғанын көруге болады. Бірақ қалыптасқан стильдік ерекшелік бар деп айта алмаймын. Яғни мына әндердің бәрін бір адам шығарды деуге келмейді, себебі стилистикалық бірізділік жоқ»- дейді музыкатанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Сәния Бәженеева. Әрі осыған ұқсас пікірді бірнеше дәстүрлі әншілер мен музыкатанушылар да құптап отыр.

 

Шәңгерей мен Сегіз сері

 

Ендігі мәселе – Сегіз бен Шәңгерей арасындағы байланыс болып отыр. Сегіз сері жайлы кітап жазған С. Оспановтың айтуынша, Шәңгерей Бөкеевтің «Сардар Сегіз» дейтін поэмасы бар көрінеді. Ал бұл пікірді Шәңгерейді бір кісідей зерттеген, ол туралы кітап жазған әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат терістеп отыр. 

Оқырманға түсінікті болуы үшін Мақсат Тәж-Мұраттың «Шәңгерей» кітабындағы  301-307-беттерді толығымен жариялап отырмыз...

Мақсат Тәж-Мұрат, «Шәңгерей» кітабы, 301-307-беттер:

«Тек 1993 жылы «Мәдениет» газетінде (№ 8-9) жазушы Нәбиден Әбуталиевтің «Шәңгерейдікі» деп жариялаған «Сардар Сегіз» аталатын дастанда ақын аузымен «Орынборда Нұрхан ермен жолықтым» делініпті.  Дастанның үшбу тұсы: 

Нұрханға еріп барғанда Қызылжарға, 

Кездестік шежіреші, жүйрік, жорғаларға.

Ауылдарына әдейі іздеп барып, 

Жолықтық сал Сегіздің ұлдарына, - 

деп келтіріледі.

Нұрхан кім? 

Дастанда ол жөнінде «Троицк уезі бастығының орынбасары» деген қысқа ғана түсінік беріліпті. Енді бір жерде «би» аталып қалады. Сүйегі – балта керей екендігі айтылады. Болғаны осы. Дастанды «паспорттау» кезінде толтырылмай, бос қалған осындай қуыс-қуыс баршылық. Тікелей дерек жоқ дейік, бірақ мұндайда жанама мәліметтің өзін куәлікке жүргізуге болады ғой. Айталық, Нұрхан есімін қысқартынды ныспы деп қабылдап, оның төркінін Нұрмұхаммедтен іздер болсақ, сөз болып отырған төңіректе «қазанның тұзын татып жүрген» екі Нұрмұхаммед болыпты. Алғашқысы –  1864 жылы Орынборда Ыбырай жетекшілігімен ашылған қалалық орыс-түзем мектебінде Қорғанбек Бірімжанов, Қоңырқұлжа Бөкеевтермен бірге оқыған Нұрмұхаммед Төкин. Бірақ оның руы – арғын. Екіншісі – Троицкіде туып, Орынбор гимназиясын, Казан университетінің заң факультетін бітірген Нұрмұхаммед Алдияров, торғайлық белгілі ауқатты Қауменнің бір ұлы, Сұлтан-Махмұдтың көзіне операция жасайтын Әбубәкір Алдияровтың немере ағасы. Бірақ 1864 жылы мектепке түскен Төкинді де, 1860 жылы туып, 1881-1888 жылдары Казанда оқыған Алдияровты да дастандағы Нұрхан деудің реті жок. Себебі дастанды жариялаушының айтуынша, Шәңгерей Нұрханмен 1866 жылы кездесулі. Бұл жылдары Нұрхан уез бастығының орынбасары, олай болмаған күнде де ел тізгінін ұстаған естияр адам болып суреттеледі. Жалпы дастанның жазылу кезеңі жөнінде біраз құйтырқы бар. Әбуталиев «Шәңгерей «Сардар Сегізді» 1869 жылы «жиырма үш жасында жазған» деп көрсетеді. Ал дастандағы «Осыдан тура айтсам үш жыл бұрын…, /Жолығып Орынборда Нұрхан ермен» деген жолдарға қарағанда, оқиға 1866 жылға келеді. Сол жерде, келесі шумақта-ақ «Аға сұлтан билігі жойылған жыл, /Кездесіп Нұрхан бимен достасып ем» деген тармақ ұшырасады. Біріншіден, 1869 жылы Шәңгерей жиырма екіде ғой. Жә, мұны жинаушының қателесіп кетуінен болды дейік, бірақ Шәңгерейдің аға сұлтандық 1866 жылы емес, 1868 жылғы «Уақытша ереже» бойынша қалғанын білмеуі қалай?!

Қарындасымды ұзатып баласына,

Балта керей Нұрханмен болдым құда, -

деген жолдар да Жәңгір әулетінің тарихынан аз-маз хабары бар адамның көкірегінде күмән тудыратын дерек. Шәңгерейдің ағасы Мұхаммедкерейдің қыздары бұл жылдары дүниеге шыға қойған жоқ, шықса тіпті жас. Бір түптен тараған көп бұтақ бір-біріне аға-іні бола береді дейік, бірақ дәл сол шамада Шәңгерей маңайында желегі желкілдеп тұрған бойжеткен болғаны айтылмайды. Болса да, алысқа ұзатылған қыздың төренің торшежіресіне, ал төркіні аталы келіннің керей шежіресіне түспей қағыс калуы неліктен?! Сарсүйек құдалардың арасында жүріп жататын алыс-беріс, барыс-келістердің бірде-біреуі, тым құрыса ауыздан ауызға жетпеуі қалай?! Жәңгір бәйбішесі Жүзім жөнінде де осыны айтуға болар еді. Жалпы Жүзімнің арқалық тегі жөніндегі әңгіме бастапқыда осы дастаннан шығулы. Сөйте тұра қанжығалы

шежіресі үшбу айтулы оқиға жөнінде ләм-мим демейді. Бөгембайға катысты бүкіл деректі жинап, барынша толық шежіре жасап отырған тарихшы Әлихан Барлыбаев Бөгембайтегінің қолында да мұндай мәлімет жоқ.

 

Жалпы дастанда ең көп шатастырылғаны – Жәңгірдің әйелдері сөз болатын жерлер. Алдында:

Астрахан, Сарытаудан үй салдырып,

Хан атам алты әйелін сонда баққан,-

деген автор оншақты шумақтан кейін:

Хан атам алған екен он бір зайыб,

Айтқаным рас істі болмас айып, -

деп хан жамағатының санын екі есеге жуық көбейтеді.

 

Ол ештеңе емес екен, әлгі шумақтан соң іле-шала:

Хан атам кәпірге де құрық салған,

Қалмақтың, орыстың да қызын алған.

Он әйелден Жәңгірдің ұлы болмай,

Жүзімнен ер балалар туып қалған, -

деп дереу өзіне-өзі қарсы шығады. Осы шумақтың тарихи шындықты белінен басқан тағы екі жері бар. Хан жамағаттарының бір де болмаса біреуінің түп нәсіліне қалмақ қаны араласқан жері бар шығар-ақ, алайда мал құлағы саңырау, Жәңгірдің орыс қызына үйленгенін ешкім естімепті. Дастаншының әбден шатасқаны сонша, тағы бір жерде:

Алты әйел мұсылман емес, діні басқа,

Заты кәпір болған соң, тілі басқа…

деп мүлдем бөтен жаққа алып қашады. Жарайды, дастаншы атасының топырлаған қосағының ұзын санынан, нәсілінен шатасты екен дейік, қазіргі зерттеушілер де шатастырып жүр ғой, бірақ енді «Жәңгірдің Жүзімнен басқа әйелінен ұл тумады» деуіне жол болсын! Жәңгір хан Жүзімнен туған Сейіткерей мен Исмаилдан басқа Фатимадан Сақыпкерей, Ибраһим, Ахметкерей, Ғұбайдолла есімді төрт ұл және кімнен туғанын әркім әртүрлі айтатын Ескендір, Зұлқарнай ныспылы және екі ұл, жиыны сегіз ұл көргені талассыз шындық. Мұны көп ұзамай дастаншының өзі де қуаттап:

Зұлхарнай, Сейіткерей, Ғұбайдолла,

Ескендір, Сақыпкерей жетім өскен… -

деп, көпе-көрнеу логикалық қайшылыққа ұшырайды. Тырнақ астынан кір іздеу емес, ақ айту парыз, осы тізімдегі Зұлқарнай Қазандағы ишан қолында оқып жүргенде, ал Ескендір Орынборда оқып жүрген кезінде жастай, Жәңгірден бұрын қайтыс болған-ды. Әкенің көзі тірісінде «жетім» атанса, ондабір сұмдықтың болғаны да. Мұны да сөздің сірәғысына, ыңғайы кеп қалған соң қосылған сөзге жатқызайық, бірақ «жаңалықтың» үлкені алда. Дастаншы қызды-қыздымен енді Ғұбайдолланы Жүзімнен туғызады.

Жүзім әжем болыпты жұрт кісісі,

Әйел затқа үлгі екен еткен ісі.

Исатай соғысынан кейін тапқан,

Әжемнің Fұбайдолла ең кенжесі.

Басқа-басқа, өзіне нәсіл жағынан аға, тәрбие жөнінен ата болған, Фатимадан туғаны шығар күндей шын адамның ана сойын бұлайша өрескел бұрмалауға нағыз ғайбатшының аузы барса керек. Дастаншы онымен қоймай, бір айналып Фатиманың өзіне ауыз салады.

Жігіттің Үбі батыр асылы екен,

Кезінде Фатиманың ғашығы екен.

Сүйгенін басқалардың тартып алу,

Хан, сұлтан, ұлықтардың машығы екен…

Е, жастық шақта не болмайды, бәлкім о баста Жәңгіргe көңілі толмаған ерке тоташ Ордаға келін боп түсіп, хан сарайын басы бүтін билегеннен кейін даңқ буына мастанып жүріп, Үбідей жігіттің сұлтанына көзі түсуі де мүмкін ғой. Солай дейін десек, автор бұдан әрі одан да «соны» хабардың шетін шығарады:

Фатима Ер Үбінің жесірі екен,

Ішінде көп арудың кесірлі екен.

Азғырып Фатиманы Жәңгір алған,

Сол бір іс зорлықшының шешімі екен.

Бұған қарағанда, Фатиманың Жәңгірдей ханзадамен Қазанда кездесуі, қыр қазағын бірінші рет көріп, алғаш жатырқап, кейін ақылына, біліміне көңілі бітуі, мұнан соңғы мүфти үйі мен Орда арасындағы құдалық, рәсімдері сияқты кезінде тасқа басылған деректердің күллісі далада қалып, Тайсойғанның Үбісі сонау Казанға Жәңгірден бұрын барып, қара қалтай қазақ түгіл былайғы татар жұртының өзі есігінен сығалауы қиын мүфти үйіне еркіндеп кіріп, тіпті құда түсіп, қалыңын беріп қызын алған. «Жесір» сөзін қай қазағың да осылай түсінсе керек.

Дастаншы Жәңгір айналасының «қой-ешкісін» мидай араластырып қана қоймай, бір тұста өз өмірбаянын да шатастырып алады.

Біреуі тік аяқтың боламын деп,

Мен-дағы қала жаздадым тәубадан құр.

Судья Бөкейлікте болғанменен,

Ерлерді хисса ету ойымда жүр…

Қазақ даласында әдет заңынан, қала берді шариғаттан басқа сот түрі, соның ішінде орыстың азаматтық сот жүйесі он екіде бір нұскасы жоқ заманда дастан авторының судья мантиясына малынуы – бұл енді шәңгерейтанушылар емес, казақ тарихын қопарыстыра зерттеп жүргендер үшін ірі жаңалық, тіпті сенсация! Бұдан кейін:

Ту ұстап сал Сегіздей бір ер шықса,

Аламан соңына ерер біреуі - мен, - 

деп сегіз ғасырлық тарихы бар Алшыңғыс нәсілінде түн рет төре тұқымының қарадан шыққан тубегіне атқосшы болып ергісі кеп өңмендегеніне тіпті танданбайсың. Бұл да ештеңе смес, автор дастанның өнбойында әлдекашан бақиға көшкен атасының аруағына қамшыны аямай басады да отырады.

 

Хан атам зинахорлық жолға түскен,

Жолықпай жақсылардың еш тезіне…

X X X

 

Олардан кәпір қызын артық көрген,

Жәңгірдің харам болған дәм мен тұзы…

X X X

 

Жәңгір атам мінезі жаман екен…

X X X

 

Жәңгірдей қатыгезден жаралсақ та.

 

Міне, өз қорасына өзі түсетін жаман ұры секілді дастаншы туған атасының рухын тарынтып, бастан-аяқ өстіп сыбайды. Арасында:

Әлеумет өз атасын сөкті деме,

Жәңгірге әжесі үшін кекті деме!?

Кей атаның ұрпаққа зияны мол,

Шәңгерей әдептен тыс кетті деме! -

деп өзінің шектен шыққан бәдіктігін жуып-шайып қояды. Қайдағы әдеп?! Әңгіме қияметке кететін қиянат туралы болып отыр. Туған ата түгіл жамағайынын дауға берсе де, жауға бермейтін, назасы болса да ғайбатқа кимайтын, соның ішінде аруаққа тіл тигізіп көрмеген қазақтың тарихында, сұбхан алла, бірінші рет ұшырасып отырған осы масқарашылықты оқи отырып, ауыр ойға қаласың. «Зинаһар», «харам» секілді нас балшық бойында ылғалы жок, таза ұяда өскен Шәңгерейдей тәрбиелі жанның аузынан шықты дегенге сенбейсің. «Дастан» аталып отырған дүние жалпы жазу мәнері, тіл

мүсіні жағынан болғандай нашар, біртүрлі олақ жазылған. 

Рас, екі-үш түста «Сиынсақ жақсылардың әруағына, Әркашан атқарылар іс толымды», «Ту үстап, сал Сегіздей бір ер шықса,/ Аламан соңына ерер біреуі - мен», «гөзел» секілді Шәңгерейге тән сөз орамдары ұшырасады. Әйткенмен тұтас алғанда, дастан Шәңгерейдің көркемдік шоқтығы биік, өлең мәдениеті жоғары шығармаларына қиыспақ түгіл жуыспайды.

 

Бір ғана мысал.

Нұрханға еріп барғанда Қызылжарға,

Кездестік шежіреші, жүйрік, жорғаларға…

Айтылмыш екі тармақта кібіртік пен сықырдан басқа Шәңгерейдің өлең өрнегіне мүлде тән емес екі түрлі белгі бар. Дастан әлгіндей жолмен бастан-аяқ он екі буынды өлшеуге құрылған. Шәңгерейде мұндай өлең өрімі атымен

жоқ, сонан соң екінші тармақтың буын саны артып, он үш буынға жеткен. Бүлдіріп тұрған – «жүйрік» сөзі. Өзінен соңғы «жорғаны» қайталайтын осы тавтологияны алып тастаса мағынаға да нұқсан келмес еді, өлеңнің де міні құрымайды. Кез келген жас талап ақынға мәлім өлең техникасының осы әліпбиін дарынды сөздің хас шеберінің білмеуі, байқамауы аса таңғаларлық. Біз бұл жерде дастанда Сегіз сері өміріне байланысты айтылатын, сюжетке сұранып тұрған фабулалардың үш жүзге тарта шумақ (!) бойында ілгерілі-

кейінді, ретсіз шұбатыла баяндалуын, бос тұрған қыстырма эпизодтардың төтенше молдығын, натуральдық сипаттағы көріністерді, бейәдеби элементтерді (мәселен, автор пікірінің орынды-орынсыз тықпалануын) сөз қылып та отырған жоқпыз.

Жинаушының айтуынша, «Сардар Сегіз» 1954 жылы Ордада белгілі мұғалім, шежіреші Ғұмар Зариповтан жазып алынған. Содан бері еш жерде жарық көрмеген. «Ұсынып едім, меселім қайт болды» деп отырған Әбуталиев жоқ. Ғалымдарға, баспа орындарына тапсырса қолжазбаның жарық көрмей қалатын тіпті реті жоқ. Дастан Жәңгірдей үстем тап өкілімен айқасқан халықтық батыр хақында екен, әрі мұны көп ақынның бірі емес, ханның бел немересі жазып отыр. Үстем тапты өз қолымен сілейткеннен мықты насихат болмайтынын басқа емес, Кеңес идеологтары жақсы біледі. Арада неше дүркін жылымық соқты, тұсау кеңіп, арқан ұзарып жатты, бірақ «Сардар Сегіздің» үні шықпайды. Тіпті тұрпайы социология сыны заманында да Шәңгерей шығармаларына тоқтау салынған емес еді ғой. 1954 жыл мен 1982 жыл аралығында ақынның өлендері үш дүркін басылым көрді - 1962 жылы Ы.Дүйсенбаевтың құрастыруымен «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақақындары шығармалары» кітабында, 1965 жылы «Үш ғасыр жырлайдыда» және 1982 жылы Б.Ақмұқанованың құрастыруымен шыққан «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары» жинағында. Бірақ жидашылар «қазыналы» сандықты ашуға асықпапты.

Мұнда өзіндік қисын жоқ смес. Себебі қазіргі біз қанша жамандасақ та, Кеңес дәуірінде академиялық ғылымның негізгі критерий-өлшемдері сақталды. Соның ішінде ғылымилыққа, мәліметкөздердің сенімділігіне, қылаяғы шығарманың «паспортталуына» дейін қатаң талап қойылатын. Ал тоқсаныншы жылдары бұрын жерге тебе көмілген мұраларымыз лек-легімен қайта жарық көріп, «әділет тұғырға қонды, өшкеніміз жанды» деп қалпағымызды лақтыра қуанып жүргенімізде дүрмек ішінде «атасы басқа, енесі бөгде» күмәнді дерек-мұралар да кетіп қалды. Үшбу «боз таңдақтар» «ақтандақтардан» да хауіпті екені қазір дұрыс айтылып жүр. Бірақ қате дерек ұзаса ғылыми жаңсақтық болады. Ал соңғы жылдары корпоративті мүдде көздеген жаңа «хадисшілердің» қалам ұшынан көк түйнектей домалай бастаған жасанды шығармалардың зардабы ғылыми жаңсақтықтан да зор. Бұлар – ғылыми зиянкестік. Осы бейдауа дерттің вирусы көркем әдебиетке, өткеннің әдеби мұрасына да жұға бастады. Тарихты қайта жазу әрқандай заманда, әрқандай қоғамда орын алып отырған. Алайда мұндай кезеңді тұстың өзінде де әдебиет ең таза, қоспасыз қайнаркөз, ең биік бедел деп есептелетін. Бізде халықтың осы рухани аттестатын қолдан жасаудың, «кілт жаратудың» сорақы фактілері байқала бастады. Осы реттен келіп, «Сардар Сегіз» Шәңгерей шығармасы емес екенін ашық айтатын уақыт жетті. Оған

жоқ асылды кигізіп, жоқ алтынды жапсырмай-ақ қояйық, ағайын. Барын бағаласақ жетеді. Шәңгерейдің бағасы сол азғантай мұрасымен-ақ биіктей береді, аласармайды. Ал өлеңінің аузын жалақ, арқасын жауыр етіп, тақпаққа айналдыруға Шәңгерей көзінің тірісінде жан баласына право берген емес, өлісінде де ешкімге қолжаулық бола алмаса керек!».

 

P. S. Жалпы «Сегіз сері» туралы деректерді оқи келе, біраз күмәнді дүниелерге тап болдық. 

Біріншіден, оның ұрпақтары бола тұра, ешқандай қолжазбасы жоғына таңғалдық. Себебі өзі тұтынған ас ішетін үстелі мен киген шекпені сақталған «тарихи тұлғаның» бірде-бір қолжазбасы болмауы қатты қайран қалдырды.

Екіншіден, бұл жерде рулық-топтық үлкен мәселе бар сияқты. Себебі Сегіз серіге қатысты мәліметтерді «біледі-ау» деген адамдарға хабарласқанымызда, «руың кім, елің кім, оны қалай жазғың келеді?» деген сұрақтардың астында қалдық. Былайша айтқанда, бұл мәселені көтерсек, бірден «керей руына қарсы шығып жатсыңдар» деген месседж пайда болып тұр. Сосын Қожаберген жырауға телінетін «Елім-ай» жырының бастапқы нұсқаларын қарасаңыз да, «Сардар Сегізді» қарасаңыз да, Сегіз серінің жырларын қарасаңыз да, қазақ тарихындағы ерекше статусқа ие болған(сол кездегі тарихи жағдайға байланысты) әлеуметтік топ төрелерге қатысты өте негатив, өте жеккөрінішті ауыр сөздер айтылады. Тіпті Кенесарыны «қарақшыға» теңеген тұстары да кездеседі. Мұның себебі неде? Неге ылғи “төреге” қатысты біржақты қаралау бар? Бұл даудың бас қашан басталған?

Үшіншіден, бұл үлкен қаржының көзіне айналып отырған жоқ па? Олай дейтініміз, түрлі күмәнді деректердің болғанына қарамастан(жоғарыдағы мысал сол күмәннің бір парасы ғана, бұдан бөлек бірнеше мысал бар), былтыр Сегіз серінің бабасы саналатын Қожаберген жырауға арнап ескерткіш орнатылды және ақындар арасында миллиондап жүлде тігілген мүшәйра да ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік бюджеттен қанша қаржы жұмсалды? Немесе демеуші болып отырғандар кімдер?

Төртіншіден, Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласып, аталған тұлға жайлы сұрап та көрдік. Сөйтсек, Қожаберген де, Сегіз сері де «тарихи тұлғалар» тізіміне енгеніне біраз болыпты. Мұны шешкен – республикалық ономастикалық комиссия. Ал ол комиссияның басы-қасында жүрген адамның бірі – Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов екен. Сондықтан Зиябек мырзадан істің анығын сұрау мақсатында бірнеше рет хабарласып та, жазып та көрдік. Бірақ телефонға қоңырау барып тұрса да, жазған хабарламамыз «оқылып» тұрса да, ешқандай кері байланыс болмады. 

Соңғы кездері БАҚ беттерінде аталған тұлға жайлы көп жазылып, «ұлттық идеология» деген желеумен мүсінін де қоюға ниетті жандар шығып жатыр. Енді осындай мәліметтерді көре тұра, Сегіз серіні зерттеуші ғалымдар, өнертанушылар қандай нақты, дәлелді, дәйекті жауап қайтара алады? Осыған дейін мемлекет қаржысына шыққан кітаптағы «олқылықтардың» өтеуі не болмақ? Бұған кім жауап береді?.. 

Ел арасында бұл мәселеге қатысты «Сегіз сері өмірде болмаса да бізге қандай зиян келіп отыр?», «Неге тарихи тұлғаларды жасай бермейміз?», «Оның мүсінін тұрғызғаннан не зиян бар?» дейтін тағы да ыңғайсыз сұрақтар қаптап кетті. Біздіңше, Сегіз сері секілді күмәнді тұлғаларды тарих бетінен қолдан құрап, көпшілік алдына шығара берсек, ертең басқа бір рудың өкілі, ол не адай, не арғын, не найман, не қоңырат, не байбақты болсын(мысал үшін) «менің бабам бәрінен мықты болған, қазақтың тарихы – біздің рудың ғана тарихы» дейтін елді дамытпайтын рушылдық қозады әрі қазақтың тарихы бізден кейін де өмір сүретін буынға күмәнді, жаңсақ күйінде “оқыла” береді, шығармалардағы негатив эмоциялар да бірге сіңе береді. Бәрінен бұрын екі ортада «тарихтан» ақша жасап, мемлекет қаржысын(ол сіз бен біздің салығымыздан құралған) оңды-солды жұмсайтын «делдалдар» көбейеді...

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?