Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ағылшын концессионері Frank Vans Agnew Қоянды жәрмеңкесі туралы

2787
Ағылшын концессионері  Frank Vans Agnew Қоянды жәрмеңкесі туралы - e-history.kz

ХХ ғасыр басында Орталық Қазақстан кен өндірісінде қызмет еткен концессионерлердің бірі  Франк ванс Агньюдің. «Life with the Kirghiz in KAZAKHSTAN, (1903-1906)» кітабы тарихи-этнографиялық деректердің ғажап қайнар көзі. Тарихи дегенен көрі әлеуметтік деген дұрыс болар, ағылшын концессионерлері  қазақ әлеуметтік топтарымен (жқмысшылар, саудагерлер, болыстар мен билер)  жақын араластықта болған және әр топқа қатысты сипаттамалар қалдырған. Осы сипаттамаларды пайдалана отырып біз ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамына қатысты объективті баға  бере аламыз.

Бұл кітаптың бір тарауы «Үлкен  Қоянды жәрмеңкесі», немесе Қояндының үлкен жәрмеңкесі  (The Great Kouyandy  Fair)  аталады, біз осы тарауды аударып оқырманмен таныстырамыз және қажетті анықтамалар береміз. Бұл деректер ХХ ғасыр басында қазақ экономикасы, оның ішінде сауда-саттығы, ішкі және сыртқы байланыстары туралы мәлімет алуға мүкіндік береді.

***

Frank Vans Agnew  өзінің Қарағандыда қызмет еткен кезінде жыл сайын Қоянды жәрмеңесіне жұмысқа көлік қажеттілігіне байланысты аттарды сатып алуға барып отырғанынан бастайды. 

Әдетте  Frank Vans Agnew  Қояндыға Баянаула, сол жердегі Баянды құдық шахталары арқылы  барушы едік дейді.  Баянаула тауларын керемет суреттейді. Біздің сүйікті оқырманға  Баянаула аймағының ағылшын тіліндегі сипаттамасын ұсынайық: «It was very beautiful, for without doubt these mountains rising abruptly from the green sea of the Steppe are the finest scenery I have ever seen. They attract all the clouds near them, and I being sharp-peaked, they puncture the rain-bags: the consequence being that there seems always to be rain falling about them, and the roads are usually very bad and soft and running with water. The grass is most luxuriant and the wild flowers exceed all expectation in number, variety and colour; wild strawberries carpet the ground along the low pass and raspberries grow in clumps shaded by beautiful, low birch trees»

Табиғат сипаттамасын аудару өте қиын, дегенмен қысқаша айтсақ Frank Vans Agnew Даланы жасыл теңізге теңейді, Баянауланы сол теңізден ойда-жоқта шыға келген тау дейді. Мұндай ғажап пейзажды ешқашан көрмедім дейді.  Тау маңаәйындағы бүкіл бұлттарды жинап алады да, оның үшкір шыңдары бұлттың қарнын тесіп жаңбыр бұл жерге жиі жауады. Шөптің арасындағы даланың жабайы гүлдері сан жоқ. Бүлдірген аяғыңның астында кілем сияқты, ал таңқурай әдемі қайыңдардың көлеңкесінде жүзімін көтере алмай иіледі т.б. 

Frank Vans Agnew Баянауладан Қояндыға баратын жолда бекет бар екенін, ол жерде көліктерін тың аттарға ауыстырғанын, жолға деп аздаған сүт, нан, қымыз алғанын жазады. Жол бойы орасан зор керуендер мен мал табындары  (great caravans and herds)  деп сипаттайды, яғни тек концессионерлер ғана емес, толып жатқан басқа ел де жәрмеңкеге бара жатыр деген сөз.  Жәрмеңкеге  алаңына жақындай бере, қырдан төмен құладық,  “Aidah - Aidah - Aidah-dah-dah!” деп  ащы айқаймен  көшір атқа шыбыртқы  басты дейді.  Біздің көшіріміз Адхамға  жан-жақтан жүздеп-мыңдап қарап тұрған қазақтың алдында жәрмеңке алаңына құйғытып кіру аса маңызды болды. Осылайша   алымыздағы өзеннің ағаш көпірінен өте бере  бір фут (30 см)  биіктікке  секірдік, барлық тісіміз босап қалды» дейді.

Frank Vans Agnew  бекетті   «Post-house»   атайды,  ағылшын тілінен аударсақ-  пошта үйі, бірақ мағынасы жағынан   қонақ үй, бекет  дегенге келеді.  Біздің үлкендеріміздің   қаладағы тоқтайтын үйлерін  «постоял» атайтыны  есіме түседі. Бұл ағылшынның   «Post-house» сөзінен шықса керек.  

Сонымен концессионерлер  Қоянды жәрмеңкесіне   келіп «Post-house»- ға түседі,. Концессионер   «бізге  қонақ үйден оншақты ярд  (1 ярд- 0,914 м) жерге тігілген киіз үйді берді» дейді.  Айтуларына қарағанда қонақ үйдің іші толы ересек адамдар мен балалар. 

Жәрмеңкеге ең жақын  Қарқаралы қаласы 32 миль (1  км-0,621 миль) қашықтықта, Транссібір  темір жолынан жәрмеңке  алты жүз миль жерде. 

Frank Vans Agnew «Жәрмеңке ұлан-байтақ жерді алып жатыр, жүздеген мың мал басын  жайу, суару үшін  арнайы жерлер бөлінген. Бұл жер өте  жақсы таңдалған» дейді.  Таңқаларлығы бір ғана ай жұмыс жасайтын жәрмеңкеде  жүздеген ағаш үйлер  және бірнеше тастан қалаған  мықты ғимараттар бар. Олардан басқа әдемі шіркеу,  полицей басқармасы, өрт сөндірушілер  департаменті бар. Жәрмеңкенің орталық алаңында  «Ресейдің императорлық банкінің үлкен ғимараты тұр. Банктің ішіне кіргенде мен патша ағзамды менеджер ретінде көремін бе деп едім» дейді Frank Vans Agnew.   

Жәрмеңкенің орталық бөлігінде  әрбірінің  ені  жүздеген  ярд,   ұзындығы кем дегенде  жарты миль төрт көшеде қазақ және татар саудагерлерінің  дүкендері тізіліп тұр.  Бірнеше өте жақсы дүкеннің иелері орыс көпестері.  Осы үлкен проспектілерден басқа, толып жатқан ұсақ көшелер бар, осы тар көшелерде бір –бірімен таласқан, дауласқан,  ашуланған дауыстар естіледі, қым-қуыт өмір қайнап жатыр. 

«Көшелер мен орталық базар алыңының жан-жағында жайылымдағы қой сияқты шашылып, үлкен және кіші киіз үйлер қаптап тұр» дейді ағылшын концессионері. Олардың кейбірі тым үлкен және жаңа, аппақ киізі  жарқын қызыл бояулы оюлармен  көмкерілген.  Киіз үйлердің  сыртында мал базарлары басталады, жылқы, сиыр, ешкі, түйе базарлары әрқайсы бөлек.  Ұн мен жем, жүн мен  киіз жеке-жеке сатылады.  «Бұл базарлар ұлан-байтақ жерді, менің шамалауыма қарағанда  бес жүз акр (1 акр- шамамен жарты гектар, метрмен санасақ 4047 шаршы метр) аумақты алып жатыр.  Олардың ар жағында толып жатқан акр жайылым және бір-бірімен жалғас, немесе жеке орналасқан мыңдаған вагондар (арбаны ағылшындар вагон дейді-Ж.А.),  кемпингтер және солардың ортасында  жанған алау,  ұйықтап, немесе демалып жатқан адамдар, үрген иттер, күйіс қайырып тұрған сан жетпейтіг өгіздер. Вагондар барлық жерде, олар өзеннің ар жағында да, осы жерден екі миль қашықтықтағы таудың етегіндегі төбелерде де толып жатыр».  

Frank Vans Agnew сипаттауына қарағанда  жәрмеңке толған атты қазақ, олар барлық жерде, кейбіреуі базар алаңына жаңа келіп жатса, кейбіреуі өздерінің ақылды аттарына толып жатқан ұсақ-түйек дүниесін артып кетіп жатыр. Әр жерде жиһаз, үлкен қаптар, жүн, шөп артқан түйелер.   «Негізгі даңғылдардың  бойында, басқа да ұсақ көшелерде  ат байлар мама ағаштар мен жүздеген посттарға (үй іргелерін айтып тұрса керек-Ж.А.) байланған аттар. Мыңдаған аттар өздерінің дүкен аралап жүрген иелерін тықыршып тосып тұрғанын көргенде көз сүйсінеді».

Өзеннің бойында  және көлді  жағалай сиыр табындары, семіз тайыншылар, мыңдаған  жылқы және сансыз қой  отарлары орналасқан.  Атқа, түйеге, өгізге мінген әйелдер мен балалар өте көп, олардың бәрі жақсы киінген және көңілді. 

Адам көп жүретін, таптаурын болған, шаңдауыт негізгі көшелер болмаса қалған жердің бәрі жап-жасыл шөп. Негізгі көшелерде көшірлер өзінің көңіл күйіне қарай, кейде құйғытып жүреді. Ал жылқы базарында әр сәтте импровизацияланған бәйгені бақылауыңызға болады. 

«Кез келген басқа жәрмеңкелердегі сияқты бұл жерден сіз әр түрлі жәдігөйлерді де, уағызшыларды да,  әр түрлі тәтті және арзан дүниелерді саудалап тұрған  көшенің ұсақ саудагерлерін  көресіз» дейді концессионер.  Қайыршылар мен соқырлар да жетерлік. Бұл сорлылар жарқанат сияқты  негізгі проспектілерге жабысады,  шаң-топырақтың үстінде, көп адамның жүрер жолында   малдас құрып, тізесінің үстіне ағаш кесесін қойып отырады. Атты қазақтар ат үстінен құрметпен еңкейіп,  олардың тізесіндегі ыдыстарына бақыр тастайды. 

Бұл жерге әркім әр түрлі мақсатпен келеді. «Мысалы мен жылқы сатып алу үшін келдім, ал  менің орыс танысым  қойдың майын, терісін, арпа тағы басқаларын   көптеген адамдардың тапсырмасымен  пұттап  сатып алу үшін  келді».

Жазбаның кейбір тұсынан ағылшындардың қазақ асханасына әбден үйренгені көрініп қалады. Мысалы мынадай бір көңілді  ақпарат бар- «Ең жақсы қымыз өзен болып ағып жатыр, оны көп ішкенім соншалық, көршілерімнің айтуына қарағанда түнде ұйықтап жатып күліппін».

Frank Vans Agnew айтуына қарағанда «жәрмеңкеге  жүздеген миль аумақтағы  қазақтар жиналады».  Бұл мәселені атақты Қоянды петициясының соңына қойылған  қазақ шаруа басшыларының қолынан-ақ көруге болады. Қояндыға жыйналған елдің  аумағы тым үлкен. Екінші жағынан бұл бас қосуларда  қоғамдық-саяси мәселелер де ортаға салынатынын сөзсіз. 

Сонымен бірге Қояндыда  Ташкенттен, Бұхарадан, Қытай шекарасынан  (бұл жерде Шығыс Түркістан-Қашқария айтылып тұр-Ж.А.) келген керуендермен бірге Санкт Петербург, Мәскеуден келген саудагерлер бар –дейді ағылшын инженері. 

«Тіпті Еуропадан келген чиновниктер де жүр, олар өздерінің армияларына осы жерден жақсы аттарды сатып алады.  Бір  саудагер маған  6500 кұйрықты қой сатып алғанын айтты.  Шын мәнінде құйрықты қой (бұл жерде қазақтың еділбай тұқымды қойы-Ж.А.)– бұл деген керемет құбылыс,  кейбір қойлар құйрықтарынг әзер көтереді. Бұл ұзын жүнді  қой  жалпы өте әдемі,  үлкен, нығыз,( имек) тұмсығы тура римдіктерге ұқсайды. Қазақ қойы жақсартылған түрлерін шығару үшін керемет негіз болар еді». 

«Бұл жерден сатып алынған малдың барлық түрі (не тірі түрінде, не майы, еті, терісі, жүні-Ж.А.),  Омбы мен Петропавл арқылы Транссібір темір жолына шығарылады. Сол себепті жәрмеңкеден кейін бұл жолдар бірнеше апта, немесе ай бойы малдың жиналған болады». 

Міне, Орталық Қазақстан өндірісінде жұмыс жасаған бір ғана  шет елдік концессионердің жазбасында қаншама әдемі сипаттама мен тарихи дерек жүр. Егер күндердің күнінде Қоянды жәрмеңкесінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе бұл жазба жақсы дерек көзі болатынына біз сенімдіміз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?