Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алыптар алшаң басқан жер ІІ бөлім

1345
Алыптар алшаң басқан жер ІІ бөлім - e-history.kz

Сурет: Александра Петрова

Жазба әдебиетіміздің Абайдан кейінгі ірі тұлғаларының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғырдың өмірі мен шығармашылығы Зайсанмен байланысты. 1916 жылы осы өңірде болып, мұғалім болды, шығармашылықпен айналысты. Шығыс Қазақстан жеріндегі ұстаздық қызметін  Әбдікәрім  Ережепұлы болыс ашқан Шыңғыстай мектебінде бастаған. Өз кезінде екі дүркін Мемлекеттік думаға депутат болған.

Сұлтанмахмұт және Зайсан, Тарбағатай өңірі

 1914 жылы Сұлтанмахмұтпен Семей қаласында кездесіп, Катонқарағайға шақырып әкелген. Төр Алтай төрінде жүргенде Әбдікәрімнің қызы Бағилаға ғашық болған. Бағиланы бала кезінде қажы атасы Шыңғыстай болысына қарасты Шүй бойындағы сүйегі уақ Бұқабай деген ірі саудагердің баласы Ақсолтанға  бермек болып құдаласып қойған екен. Өзі сұлу, өзі әнші, той-томалақта, айтыста құрбыдан алдына жан салмайтын Бағила Сұлтанмахмұт Алтайға келгенде он жетіге шығып, толықсып отырған кезі көрінеді. Қыздың көркі мен ақыл-ойына құлап түскен Сұлтанмахмұт оған ғашықтығын жасырмайды. Ақын құлап тұрғанда есті қыз қайда кетсін, қоштасу ретінде, әрі ақынға арнап айтқаны бүгінге дейін ел аузында:
Жаз жайлауым – Қарасыз, Мұзбел, Татан, 
Кешір, жұртым, ісімде болса қатем.
Әпекем алыс жерге бермес еді, 
Атастырап кетіпті үлкен атам.

Құбыладан жел соқса аңқылдаған, 
Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған. 
Сол сұңқарым қолымнан ұшып кетіп, 
Әпеке, мен болдым қаз қаңқылдаған.
(Бошай Кітапбаев. Шежіре. 1-бөлім. «Қайнар» баспасы, 1994).
Ескерту: Бағила өлеңінде «Әпеке» деген сөз екі рет кездеседі. Ел-жұртты Әдікерімді «Әпеке» деп атаған.
Сұлтанмахмұттың Шыңғыстайдағы, Алтайдағы күндері жайлы біздің қаламымыздан бұрын «Сұлтанмахмұт ғашық болған қыз», «Бағила мұңлық» атты мақалаларымыз жарияланған.

Оқи отырыңыз: Бағила мұңлық

Сұлтанмахмұт содан кейін уезд орталығы Зайсанға барған. Сұлтанмахмұт роман жазуға шұғыл кіріседі. Мәулет Шамсутдинов деген татардың бір бөлмесін жалдап алып, күндіз-түні дала бетін көрместен, қағазға шұқшиюмен болады. «Кім жазықты?» романы екі айда біткен. (Т. Әбдірахманов. «Қазақ әдебиеті», 1 шілде, 1977 жыл). Ақын тоқтаған Мәулеттің үйі Ә. Жангелдин көшесінде, жеке кәсіпкер Е. Мазақов бұрынғы өрнектерін сақтап, күрделі жөндеуді өткізген. 

Фото: Алматы қ, 20 ғасыр басы. yvision.kz

Өзі дімкәс ақын қымызбен емделу үшін Терісайрық болысының басқарушысы Қыдырмолла ашқан мектепте бала оқытады. Болыстың әкесі Құрбан қажы (біздің зерттеулерімізде есімі көп аталады) екеуі сырлас болады. Қажының аузынан Абылай хан, Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының қырғыздармен болған соғысын жазып алып, «Қазақ» газетіне жариялайды. Ел ішіндегі ақын-жазушылармен дос болады. Сол кезде әлі жас болса да өнерімен ел көзіне түсе бастаған Ержан ақынға «Мынау – менің бірінші кітабым» деп Қазан баспасынан шыққан  кітабын  сыйлайды. «Бұл кітаптың жұрнағы Ержан ақынның ұлы Төлегенде сақтаулы», – деп жазады зайсандық Қалибек Алтабаев.

Міржақыптың мұғалімдік жолы Зайсанда басталған

Алаш арысы Міржақып Дулатұлы Зайсан елімен тығыз байланысты болған. Мұнда қызмет етіп, өзіндік із қалдырды. Оның өзі өз өміріндегі маңызды оқиғаларға байланысты еді. Енді соны таратып айтып көрейік:
1905  жылдың   жадыраған   жазы   болатын.   Әдеттегідей «Қоянды жәрмеңкесіне» ойдан, қырдан халық  көп  жиналды. Жәрмеңке қызып жатқанда ел қамын жеген Алаш арыстары бас қосып, қазақ жеріндегі жолсыздық, теңсіздік, ел құқығының тапталып, қорлануы хақында сол кездегі Ресей империясының императорына наразылық хатын жолдады. Тарихта «Қарқаралы петициясы» деп аты қалған осы әйгілі құжатқа 14 676 адам қол қойды. Бұл Кенесарыдан кейінгі патшаның өз атына жазылған екінші наразылық еді. Бұл кезде бірінші орыс революциясы бел алып, патша билігінен береке кетіп тұрған кез еді. Патша үкіметі өз елі ішінен шаққан өртті қалай өшіреміз деп әбігерленіп жатқанда қияндағы даладан өздері «жабайы» санайтын қазақтар бас көтеріп, дабыл қақты. Үрейленген әрі ашуға мінген патшалық билік ереуілді ұйымдастырушыларды аямасқа бекініп еді.

Көп ұзамай Қарқаралы басқосуына ұйытқы болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Көлбай Төгісұлы сияқты Алаш зиялыларының соңына патшалық билік шам алып түсті. Ең әуелі Әлиханды  қолға алмақ болды. Бұл кезде Мемлекеттік Думаға сайлау науқаны жүріп жатқан. Семей облысының сайлаушылары Әлекеңді депутаттыққа лайық көріп, кездесуге шақырады. Омбыдан Семейге келе жатқан жолда 1906 жылдың 8 қаңтарында тұтқындап, Павлодар түрмесіне қамайды. Содан 30 сәуірде депутат болғанда түрмеде 3 ай ұстап, әзер босатады. Патша шенеуніктері қыр соңынан қалмай қудалап жүріп, 1908 жылғы қаңтарда Семейдің түрмесінде сегіз ай бойы қамап, Дала өлкесінен Самар губерниясына жер аударады. Осындай «балапан басында, тұрымтай тұсында» дегендей, қилы кезеңде Міржақып Дулатұлы Омбы, Семей әкімдерінен алыс кетуді жөн көріп, Зайсан жеріне жылыстап кетеді. Өйткені орталықтағы қалаларда болу да, саясатпен айналысу да қауіпті болатын.

Міржақып Дулатұлының өмірбаянында бүгінгі ұрпақ өкілдері үшін «ақтаңдақтар» аз емес. Солардың бірқатарына Зайсанда қызмет істеуі, осы елмен байланыста болып, Алаш қозғалысына бағыт-бағдар берген кездері десек, шындыққа қиянат жасамаспыз. Оны біз жөн-жосықсыз, «солай екен» деген дақпырттан алып отырғамыз жоқ. Бұл айтылғандарды Міржақып Дулатұлының өз шығармалары арқылы  білген едік.

Міржақып екі жылдай Қара Ертіс болысында бала оқытты. Бұл болыста сол кезде 7761 адамы бар тоғыз старшын ел бар болатын. Болыстың оңтүстік шекарасы Қара Ертістен  Зайсан қаласына дейін болса, солтүстігі Алтаймен шектесетін. Жазда Күршім өзеніне, Марқакөлге дейін көшетін. Зайсан елінің қонақжай әрі бауырмалдығына риза болып, болыс басқарушысы Жапабай қажыға өлеңмен хат жазған екен:
«Ел қайда Төртуылдай өр Найманда? 
Бір күнде болып жүрдік біз сайранда. 
Ол елдің салтанатын айтып болмас,
Тұрғандай басын шайқап жан қайранда.

Қажыға еш адамды тең көрмедім, 
Молданы өз әкемнен кем көрмедім. 
Ғали мен Сақыпжамал, Ғазез бауырым,
Туғандай бір анадан сендер деймін», – деуі үшін де жүректе ыстық сезім мен құрмет болуы керек қой. Бір сөзбен айтқанда, ақын Зайсан елімен бірге тумаса да бір туғандай болып кеткен.

Міржақыптың сыйласы Төртуыл елінің болысы Жапабай Жандыбайұлы 1890-1910 жылдар аралығында ел басқарып, Меккеге барып, қажы атанған. Өлеңінде «Қажыға еш адамды теңгермеймін» дегендей, өз заманының білікті адамы болған. 

Міржақып Зайсанда болғанда Бекмұхамбет  Сатыпалдыұлы өзі молда бола тұра, қалайша жаңаша мектеп ашқан деген сұрақтың туындауы заңды. Ол кісі Ташкентте жеті жыл медреседе оқып, Уфа қаласындағы мүфтилікке сынақ тапсырып, патшалық тарапынан берілетін «Указной мула» деген атақ алған көзі ашық адам болған. Зайсанның атақты саудагері Бидахмет Бобкинге мектебі үшін мұғалім тап деп тапсырады. Ол кісі Міржақыпты лайық көрген.

Міржақыптың алғашқы шәкірттері Бекмұхамбеттің өз ұлдары Адамбек  пен  Ғадылбек,  Жапабай  қажының  баласы Сіләмбек, Халит  болыстың  баласы  Рахметолда  болды. Ел ағалары өздері үлгі көрсеткен соң,  өзгелер  де  балаларын оқыта бастаған. О баста әр старшын елден екі баладан оқуға жіберуді міндеттеуге дейін барған. Бекмұхамбет үлкен ұлы Адамбекті Семейдегі семинарияда оқытады. Кіші ұлы Ғадылбекті Түркияға оқуға жібереді.

Міржақыпты Зайсанға шақырып, мұғалімдік еңбекақысын өзі төлеген Бидахмет Бобкин ағарту ісіне қандай демеуші болса, өз балаларының білім алуына соншама ынталы болған. Қызы Айшаны Мәскеуде оқытқан. Оған Міржақып қуанып, «Қазақ» газетіне хабар жариялаған болатын. Бидахмет пен Бекмұхамбет мың жылдық құда болып, Адамбек пен Айша үйленеді. Адамбек Зайсанда құрылған Алаш партиясының «Теңдік заман» бөлімшесіне мүше болып, осында 1918 жылы құрылған Алаш әскеріне командир болады. Осы қызметі үшін 1928 жылы Семей қаласында тұтқындап, отыз екі жасында өмірден өтеді. 

Айша болса бес жасар қыздары Халиманы алып, Ташкентте бой тасалап жүрген әкесі Бидахметке барып паналайды. Кейін осы Халима қазақтың белгілі тарихшысы Ермұхан Бекмахановқа тұрмысқа шығады. Бекмұхамбет әулетінің қилы тағдыры жөнінде зайсандық Көкенай Матжанов «Жұлдыз» журналына мақала жазды. Сонда Халима апайымыздың: «...Бес жасымда әкем Адамбекті Алаштың офицерісің, Кеңес өкіметіне қарсы ақтың әскерімен бірге соғыстың деп Семейдің түрмесінде өлтірді... Анамды Ташкент қаласында 1938 жылғы 26 мамырдан 1939 жылғы 5 мамырға дейін бір жылға жақын түрмеге қамады. «Алаш партиясы офицерінің әйелісің» деп. Нағашы атам, анам Айшаның әкесі Бидахмет Бобкинді (Бәбікенов) 1937 жылы 74 жасында «Сен Алаш партиясының әскеріне көмектестің, бай, саудагерсің» деп Ташкентте ұстап, содан із- түзсіз, хабар-ошарсыз кетті... Ал менің жолдасым көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановты 1952 жылы «Халық жауы» деп 25 жылға соттады. Атам Бекмұхамбет, әкем Адамбек, анам Айша, нағашы атам Бидахмет, жолдасым Ермұхан – барлығы халыққа қызмет еткен адамдар. Молда атамның туғанына 150 жыл толады биыл. Неге өзі салған Қуаныш ауылының атын атам атына қоймасқа? Мен атам Бекмұхамбеттің немересімін. Жергілікті басшылардан өтініп сұраймын», – деген тілегін Зайсан ауданының жұртшылығы ескереді деп сенеміз.

Оқи отырыңыз: Алаш жолымен

Міржақып Дулатұлы екі жыл ұстаздық еткеннен  кейін 1908 жылы Зайсаннан кеткенімен, ондағы елмен байланысын үзбеді. Келесі 1909 жылы өзі сабақ оқытқан жерден Қуаныш ауылының іргесі қаланды. Бұл да ақын насихатының жемісі болса керек.

«Қазақ» газеті жарыққа шыққан кезден-ақ елдің күнкөріс көзі – жеріміздің жат қолына кетіп бара жатқанына назаланып, сандаған өткір мақалалар жариялады. Қазақ жеріне баса көктеп кірген қарашекпенділер мен казак-орыстардың өктемдігін әшкереледі. Газетті шығарушылардың әрі белсенді жазушыларының бірі Міржақып та бұл жолда аянып қалмады. Өйткені отаршылдардың қазақтарға көрсеткен зомбылықтарын Зайсан елінде болғанда көзімен көрді, жолсыздықтарға шама-шарқы келгенше ара түсті.

Жалынды күрескер 1913 жылы «Қазақ» газетінің №30 санында жерге байланысты зорлық-зомбылықтың етек алып бара жатқанына алаңдап, дабыл қақты. Мақаласына Ақтөбе өңірінен мысал келтіреді. Онда мұжықтар «Атымызды ұр- ладың» деп екі кісіні ұстап алып кеткенін, кешке қарай екі жүздей орыс жиналып, қару-жарағымен әлгі екі кісіні алып келгенін, бірін атып тастағанын, сол елдің ауылнайы знагін тағып алып, қарсы шыққанда оны да атып өлтіргенін ашына жазып, мұндай мысалдарды тағы да оқырман назарына ұсынады. Содан кейін Зайсандағы жолсыздықтарды былай деп жазады: «Егер соңғы 5-6 жылда мұжықтың қазаққа заңсыз қылған зорлықтарын жинаушы болса, бір кітап болуында шүбә жоқ.

Көзім көрген оқиғалардан бір-екеуін жазайын. 1906 һәм 1907 жылдар Зайсаннан көшкен елмен Алтай тауына 2 жыл жайлауға шықтым. Үш ұлыс ел (Қара Ертіс, Қалжыр, Кендірлік) Ертістен өтіп, Алтайдың тауына асады. Бұл екі арада үш мұжық қаласы бар. Ылдидан Алтайға асып шығатын Дирели дейтін жалғыз асу бар. Сондықтан көшкен ел амалсыз мұжық қалалары арқылы қара жолмен  асады.  Мұны біліп алған мұжық дәл жолдың үстін соқалап, шықпаса да егін салған болып, үш ұлыс елден егінімді басасың, пішенімді жапырасың деп сылтау қылып, мал басына, шаңырақ есебіне 30-40 тиыннан ақша алады. 1906 жылы жазды күні ел әлгіндей жайлауға көшіп бара жатқанда,  қазақ  пен  орыстың  арасына тілмаш болып сөйлестім. Амал жоқ, қазақтар сұрағанын беріп көшті. Ертеңіне қалың елден малдары жоқ болып, 5-6 ауыл еру қалған. Түстен кейін үдере көшейін десе, мұжықтар тағы да ақша сұрайды, бермесең кешірмейміз деп. Өңкей тіл білмейтін қазақтар дағдарып, ілгергі елмен кеткен маған шауып келді. Кешегі ақша берген орыстарың пәле қылып, бүгін де ақша сұрап жатыр деп. Мен бұлармен бірге орыстың қаласына келіп сөйлессем, мұжықтар шуылдап сөз бермейді. Қазақтарға қолдан берген қорлықтан жолдан алған зорлығы артық. Көше беріңдер дедім. Малды ауылдар  еді,  айғай-қиқу, ың-жың болып, қоралы қой, қосты жылқы көшпен араласып, тауға тырмысып асып жатыр. Орыс жоқ. Күн батты, қас қарайды. Бір кезде ағаштың арасынан мылтық, сойыл асынған 40-50 орыс шыға қаптады. Қазекеңде үрей қалмай, атқа қамшы басып, тауға қарай жөнелді. Мұжықтар мені ұстап, қаласына алып келіп, қазақтарға ақыл үйретіп, ақша бергізбей көшірген сен деп каталашкасына жапты да тастады. Ертеңіне менен еш нәрсе өнбейтінін білген соң, босатып қоя берді.

1907 жылы май айында тағы да Алтай тауының ішіндегі Ақжайлау деген жайлауына Қара Ертіс елі көшіп келсе, 70- 80 мұжық келіп, ұлықтан алған рұқсаты жоқ, шатыр тігіп, әр жерге егін салып тастайды. Қазақтар әдетінше жайлауына келіп қона бастайды. Мал кетеді бытырап. Мұжықтар егінге жақындаған малды шетінен мылтықпен атқылай бастайды. Мұның қалай деп алдынан қазақтар шықса, бір төртуыл жігітті атып өлтіреді» (Қазақ газеті, 1913 жыл, №30).

Ия, осындай қиянаттардан кейін елдің көш жолы жыл өткен сайын тарыла түскені белгілі. Міржақып сынды көзі ашық Алаш арыстарының ықпалымен Бекмұхамбет молда патша үкіметінің тиесілі деген 15 десятина үлес жерін алуға ауылдастарын көндіріп, Серғазы өзені бойынан қоныс салады. Бұл кезде орыс қоныстары жайлау жолын қойып, қырда да бой көтеріп келе жатқан. Бекмұхамбет ауылы енді қоныс сала бастаған қарашекпендермен тайталасқа түседі. Молданың өзі Міржақыппен байланысын үзбей, «Қазақ» газетін алдырып оқып, ондағы көрсетілген ақыл-кеңес, жөн-жобаға сүйеніп, өз құқығын қорғауға кіріседі. Ояз бастықтарна барып, мұжықтардың істеп отырған жолсыздықтарын қолмен қойғандай етіп дәлелдесе де: «Бұлтартпас  факт  жоқ.  Сендер өз сөздеріңді айтасыңдар, мұжықтар өз сөздерін айтады. Иен таудағы оқиғаларды көріп отырғамыз жоқ. Сонан кейін олардың бәрі надан. Ол иттерге заңды қалай үйретерсің?» – деп шығарып салады.

Әбден ашынған Бекмұхамбет Міржақыптармен астыртын келісіп алып, батыл қол ісіне барады. Күні бұрын 100 қаралы жігітті сойыл, найза, ішінара мылтықпен қаруландырып, жасырып қойып, мұжықтардың басты адамдарын «Ақылдасатын шаруа бар» деп келіссөзге шақырады. Олар ауылға келгенде қарулы топ қоршап алып, байлап тастайды. Бекмұхамбет сол арада істеген қылмыстарын тізіп айтып, өлтірілген адамдардың құнсыз, таланған малдардың сұраусыз кеткенін қолмен қойғандай дәлелдей айта келіп: «Енді сендердің құндарың да сұраусыз кетеді. Ояз басшылары алыста, көріп тұрған заңгерлер де жоқ, дәл қазір сендерді өлтіреміз», – дегенде бәрі зар еңіреп жылайды. Патшалық шығарған заңдарды жайып салып, көздеріне шұқып отырып көрсетеді. Тез ара- да өзге де бұзақыларын басты адамдары арқылы шақыртып алып, мойындарын арқан, тақымдарына қыл бұрау салдырып, зар илетеді. «Бұдан былай біз де шетке шыққан адамдарыңды өлтіреміз», – деп сұс көрсетеді. Ұзын сөздің қысқасы, дандайсып кеткен қарашекпендер тәубаларына түсіп, келісімге келеді. Содан былай қазақ ауылының маңын баспайтын болады. Осы оқиғаға және іргесі қаланғанына бес жыл толуына байланысты атауын «Қуаныш» қойған ауылдың пайда болғанына да бір ғасырдан асты.

Жоғарыда айтқанымыздай, Міржақып әр уақытта Зайсан елімен, оның айтулы азаматтарымен достық қарым-қатынасын үзбеді. Зайсан уезінен шыққан Алашорда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжанов Үржарда большевиктердің қолынан қаза тапқанда, қайғыдан қабырғасы қайысып, «Қазақ» газетінің 1918 жылғы №263 санында: «Өткен июль басында мен Зайсан үйезінде болдым. Сонда Отынша марқұмның еліне мынандай хат келді: «Елдің басына мынандай пәле туып тұрғанда, мен бұларды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін, менің қатын-баламды келіп алып кетіңдер» деп.

Марқұм айтқанын қылды, елді пәлеге тастап, өзі бас аман- дап кеткен жоқ. Алаш жолында құрбан болды! Қызықты ғұмырының көбі абақтыда, айдауда өтті. Бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай арманда кеттім деме, сендей ұл туған ел ешқашан кем болмас. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, аяулы Алаш азаматы!» – деп мақала жазды.

Осы жазбада «Өткен июль басында Зайсан үйезінде болдым» делінген ғой. Енді соның мәніне тоқталайық. Бұл келісінде де Жапабай қажы, Бекмұхамбет молда, шәкірті Адамбекпен кездеседі. Бұл кезде Зайсанда Алаштың «Теңдік заман» атты бөлімшесі жұмыс істеп, Алаш жасағы құрылған болатын. Уақытша үкімет кезінде құрылған Қазақ комитетінің облыстық ұйымын жерлесіміз Райымжан Мәрсеков басқарып, соңынан Алаш қозғалысына араласқанда зайсандықтарға да бағыт-бағдар сілтеген. Ұйым жұмысына Міржақып та бас- көз болып жүрген. Алайда 1918 жылдың көктеміне қарай большевиктер барлық жерде үстемдікке жетіп, Алашорда қайраткерлері Орынбордан ығысқан болатын. Сол жылдың 24 сәуірінде Міржақып идеялық серіктері Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы пен оның інісі Шерияздан, Қанағат Сүлейменұлымен бірге Қытайдың Шәуешек қаласында болды. Тарихшылар «Аумалы-төкпелі кезеңде осылай ауған елдің жағдайын білу әрі Алаш қозғалысын қазақтар жиі қоныстанған Шығыс Түркістан аумағында таратып, ауқымын кеңейту басты мақсаты болды» деседі. Бұл жақта ауған елдің жағдайы да мәз емес, байырғы тұрғындардың қытай билеушілерінің қысымында болып, Алаш идеясына еліге қоймайтынына көзі жетеді. Оны әйгілі ақын, сазгер Әсет Найманбайұлының Алаш ардагерлерімен кездесуінде айтқан өлеңінен де аңғаруға болады. Міржақып Әсетке өлең айт деп қолқа салғанда:
Міржақып, өлең айт деп қолқаладың, 
Мен бе ақын сен тұрғанда ой табатын?!
«Алаш» деп ағайынға сауға салып, 
Ақаң ер отырмай ма жол табатын?! 
Қазақ деп қара жерде түлкі қусаң, 
Бел аспай қалмай ма шаршап атың? 
Туған ой – туған төлмен бір негізде, 
Аяқтанып, оттығып, марқалайтын. 
Тумаған ту сиырдан уыз ішіп,
Халықтың кезі ме бұл шалқалайтын?! – деп бұл жақтың халі де оңып тұрмағанын, елдің әлі надан екенін, бостандық идеясының әлі пісіп жетілмегенін:
Міржақып Дулатов пен марқұм Абай 
Милат үшін күйсе де, қойды жақпай,
...Ахмет «Қырық мысал» деп сөз шығарды, 
Оны жай өлең дедік, сыйлап-бақпай, – деп меңзейді.
Биік мұратқа үндеу үшін елдің әуелі сауатын ашу керек дегенге саяды: 
Ұмытпа, қалың қазақ, Алашыңды, 
Сен де ал дүниеден аласыңды.
Ғылым біл, өнер үйрен, өрге ұмтыл, 
Дәл бүгін саған осы жарасымды, – деген ойын алдыға тартады. Осы сапар жөнінде жазған тарихшы ғалым Марат Мағзұмов «Алаш қайраткерлері қайтар жолда Зайсанға келді» деген. Бұл Міржақыптың «Қазақ» газетіне жазғаны, Зайсанда июль айында болдым дегенімен сәйкес келеді. Көптеген зерттеушілердің жазғандарындай бұл кез Зайсан елі де күйзеліп, Жапабай қажы отыз мың төртуылды Қытайға көшірмек болғанда, Алаш арыстары елдің іргесін көтермеуге кеңес берген. Бұл кезеңде Зайсанда Кеңес өкіметі орнап, оның артынан қайта құлап, бүкіл Шығыс аймаққа Колчак билігі жүреді. Осы бір аласапыранда Міржақып Зайсан өңіріне қайта келді ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Біздің білеріміз, Алаш арысының бұл өңірде ізі қалды, Зайсан туралы өлеңдері мен мақалалары бүгінге жетті, шәкірттері саясат майданына білек сыбана кірісіп, елдің елдігін танытты. Ал Міржақып есімін бүгін бүкіл Алаш жұрты ардақ тұтады.

Зайсан үшін ардақты есімдер

Абай ақындық мектебінің өкілі – Тайыр Жомартбаев 1916 жылы Зайсанда мұғалім болды. Ол кісі ұстаздық еткен мектеп 1913 жылы қаладағы мешіттің бір бөлмесінде ашылып, отызға жуық бала оқыған. Тайырды Семейде медреседе мұғалім болып жүрген жерінен қазақ зиялыларына жақын жүретін, ағарту ісінің жанашыры, көпес Бидахмет Бобкин Зайсанға шақырған екен. Тайыр Жомартбаев мұғалім бола жүріп, шығармашылықтан қол үзбеген. 1912 жылы Семей қаласында

«Қыз көрелік» романы басылып шыққан. 1920 жылдары жазған «Осы ма, қазақ, көргенің?» атты шағын пьесасы Зайсан қаласының мәдениет ошағында қойылады.

Тайыр Жомартбаев – Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесін бітірген алғашқы қазақ зиялыларының бірі. «Ол Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовпен бірге өркениет ордасы – Семейде бірге жүрген, тәрбиесін көрген», – деп жазды Зайсандағы Әуезов атындағы мектептің тоқсан жылдығына арналған кітапты құрастырып, баспаға әзірлеген журналист, жазушы Оңдасын Елубай («Жүрегімде жастықтың ізі қалды». Өскемен. 2003 жыл).

Қазақ академиялық драма  театрының  алғашқы  режиссері Жұмат Шанин 20 жылдардың басында Зайсан уездік рев- комының төрағасы болып жұмыс істеді. Азамат соғысынан кейінгі аласапыран мен ашаршылықтан соң жаңа экономикалық саясат кезінде елдің еңсесі көтерілді. Шаруақорлар істерін ілгері бастарып, сауда-саттықпен араласқандар пайдаға кенеліп дегендей, арқа-бастары кеңіді. Ел қайта бұрынғы сал- тын тауып, ас-тойлар көбейді. Әнші-жыршылар еркін көсілді. Халыққа әлі идеологиялық,  әкімшілік  қысым  жасалмаған кез еді. Өзі өнерлі, талантты ревком бастығы Жұмат Шанин ақын-әншілерді қолдады, кейбіреулерімен дос болды. Атағы Зайсан өңіріне жайыла бастаған жас ақын Ержан Ахметов- тан «Арқалық батыр» дастанын жазып алады. Кейін астана театрында режиссер болғанда осы дастан желісімен пьеса жа- зып, оны сахнаға әлденеше рет қойды. Осы бір жайлы уақыт кезде Қазақстанның  өзге  аймақтарынан  сал-серілер  келіп, ел аралады. Зайсан жері атақты Естай ақынға шабыт беріп, «Жайқоңыр» әнін шығарды.
Ертістің арғы жағы – Арғанаты, 
Әншінің домбырасы – қолқанаты. 
Жағалап Қара Ертісті Естай ақын,
Деп салған «Жайқоңыр» деп әннің аты, – деген әнін қай қазақ білмейді. 1924 жылы әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасов Зайсанға келіп, неше түрлі күш өнерін көрсеткенін қариялар жыр етіп айтады. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов осында болған. Зайсандағы алғашқы қазақ  мектебі  ұлы  жазушының  есімімен  аталады. Қазақстан ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев аудан аумағындағы кен орындарын зерттеген. Қазір Зайсанның тас көмірі ел иелігіне жарады. Ел алыстан арбаламай, жақыннан дорбалауда. Мұнда мұнай қоры да айтарлықтай.

«Бірде Қанекең алыс жолдан келгенде аудан басшылары Жеменей өзені жағасына киіз үй тігіп, әуелі шаштаразға алып келді. Мен шаштаразшы едім. Келе үлкен кісінің шашын алуға кірістім.
– Соғыста болдың ба? Мына өнерді қайдан үйреніп жүрсің? – деді академик.
– Соғыста болдым, шаш алуды да сонда үйрендім.
– Соғысып қана қоймай, жауынгерге де қызмет еткен екенсің ғой.
– Солай десе де болады. Мен әуелі генералдың да шашын алғанмын.
– Әңгіме сенде екен ғой.
– Ой, басым пәлеге қала жаздады.
– Қане, отыра тұрып әңгімеңді асықпай айтшы, – деді.
Осы кезде аудан басшылары есіктен сығалап еді, Қанекең тұра тұрыңдар дегендей қолын көтерді. Мен:
– Генералдың шашын жап-жақсы алып, іс бітті дегендей құрал-сайманды жинай бергенде, «брови» деп қасын көрсетті. Қасты «брови» дейтінін білмеуші едім, «брой қырып таста» деп тұр екен деп қасын ұстарамен қырып тастадым, – дегенде, Сәтбаев ішек-сілесі қатып, ал күлмейсің бе келіп. Басшылар не болып қалды дегендей, есікті ашып кіріп келгенде де күлкісін баса алмай, «Бара тұрыңдар» деді. Олар болса «сен пәле не бүлдіріп жатырсың?» дегендей маған жаман көздерімен қарап шығып кетті. Ағаның шашын алып болғаннан кейін әмиянын ашып, үлкен бір кесек ақша кюперді берді.
– Алла сақтасын, аға, мынандай ақшаны өмірі қолыма ұстап көргенім жоқ. Сізден ештеңе алмаймын, – деп безек қақтым.
– Ал. Қолымды қайтарма, балаларға қант-кәмпит алып бер, – деді.
Сосын жұмыс аяғына таяу райкомнан біреу келді. Жүрегім зу ете түсті.
– Жүр, Бәдауи, Сәтбаевпен бірге қонақ бол, ағаңның симпатиясына ие болыпсың, – дейді күліп.
Сонда үлкен кісінің қарапайым мені елеп, ескеріп, маңы түгілі, шаңын бастырмайтын лауазымды адамдармен табақтас болуға шақырғанын көрмейсің бе?» – дейтін соғыс және еңбек ардагері Бәдауи Серікбаев.

Сәбит  Мұқанов   Зайсанға   келгенде   Жұмат   Шанинге «Арқалық батыр» дастанын таныстырған ақын Ержан Ахметов әлі бар екен. Өткір тілді ақын белсенділерге қалай жақсын, қолдаушысы ревком Жұмат кеткеннен кейін тізе көрсете бастаған ба, тау асып, тас басып, шекараның арғы жағында біраз тұрып, елге оралғаннан кейін аздап (жасырып десе де болады) молдалық құрады екен. Қыр соңынан қалмаған біреуге өзі ауырып жатқан ақын:
Артым жетпіс болғанда, алдым сексен, 
Кәрілік, еттің мені жермен жексен.
Ержан, Ержан, Ержан деп қоймаушы едің, 
Мен өлем, орыныма егін ексең, – деген екен.
Сол Ерекең Сәбеңе жолығады. Ақынды ақын білмеуші ме еді. Шұрқыраса табысады, «Аудан еңбекшілері атынан» деп мінгізген сәйгүлікті әйгілі жазушы Ержанға мінгізіп: «Әй, қулар, мен кеткен соң сәйгүлікті ақын астынан аударып, алып қоймаңдар», – деп әзілдеген болып ескерту жасайды. Содан кейін Ержан ақыннан белсенділер ығып жүретін болыпты.

«Жақсыдан – шарапат» деген осы емес пе?!
Алыптар мен абыздар хақында аңызға бергісіз әңгімелер көп-ақ. Ол енді басқа хикаяттардың үлесінде.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?