Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан тарихының дәріпті зерттеушісі

3562
Қазақстан тарихының дәріпті зерттеушісі - e-history.kz

Биыл 10 қазанда тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосқан белгілі тарихшы-ғалым Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Қайдар Сейсембайұлы Алдажұмановтың туғанына 80 жыл толып отыр. Ұлттық мәдениет пен әдебиет һәм ғылымның он сан саңлақтары дүниеге келген Қарағанды облысына қарасты әйгілі Қарқаралы өңірінің тумасы. 1960 жылы Қарағанды қаласындағы №7 жалғыз орта қазақ мектебін ойдағыдай аяқтағаннан кейін өзі туған аудан орталығындағы «Восток» деп аталатын кеңшарға қатардағы жұмысшы болып орналасады. Бір жыл толар-толмастан совет армиясының қатарына шақырылып, 1961 – 1964 жылдары аралығында «азаматтық әскери борышын» атқарады. 1964 жылы сол кездегі республикадағы ең беделді жоғарғы оқу орны – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне тарих мамандығы бойынша оқуға түседі. Студент кезінде-ақ өзінің оқуға зейінділігін, ғылымға бейімділігін таныта білген албырт та, алғыр жас өзінің парталас құрбы-құрдастарының ғана емес, факультеттің профессорлары мен оқытушылары арасында да үлкен беделге ие болды. 1962 жылы университеттің тарих факультетін үздік бітірген жас маман Қазақ ССР Ғылым академиясы құрамындағы жоғарыда аталған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты директорының орынбасары, әйгілі тарихшы-ғалым профессор Г.Ф. Дахшлейгердің тікелей ұсынысымен әрі қолдауымен аталмыш институттың «Ұлы Отан соғысы тарихы» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Сол кезде одақ көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де аса көрнекті тарихшы-ғалымдардың санатындағы (марқұмның қазір де ғылыми беделі әсте түсе қойған жоқ) осынау кірпияз мінезді профессордың сеніміне кіре білу Қайдекеңнің ғылыми ортада жас та болса беделінің жүре бастағандығының айшықты айғағы болса керек. 

Бұдан кейін ғалым аталмыш институтта аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың ғылым жөніндегі орынбасары сынды қызметтерді атқару барысында өзін методологиялық мәдениеті жоғары зерделі зерттеуші ғана емес, күрмеуі қиын көрінген нелер мәселелердің оңтайлы шешімін таба білетін шебер ұйымдастырушы ретінде де көрсете білді. 

Қайдекең әуел бастан Қазақстанның екінші дүниежүзілік соғыс жылдары кезеңіндегі тарихын зерттеуші ғалым ретінде қалыптасты. Осы сала бойынша оның жеке авторлығымен және басқа авторлармен бірге жазылған зерттеулерін – монографияларын, мақалаларын, соның ішінде ғылыми-көпшілік жанрда жазылған жарияланымдарын, еш әсіресіз, отандық тарихнаманың алтын қорына қосылған өлшеусіз үлес деп бағамдауға әбден болады. Осы ретте, әсіресе, Қазақстан тарих ғылымының тағы бір көрнекті өкілі, Қайдекеңнің өзі ерекше құрмет тұтқан әріптестері әрі ұстаздарының бірі марқұм профессор Т.Б.Балақаевпен бірге жарыққа шығарған «Қазақстан еңбекшілері майданға» (Алматы: Ғылым, 1985) деп аталатын жалпы көлемі 320 бетті құрайтын монографияның орны ерекше. Қисапсыз архив және сан алуан баспасөз мәліметтерін өзара себеп-салдарлық байланыста зерделеуге негізделгендіктен дәлелдеу жүйесі мейлінше дәйекті әрі жатық қазақ тілінде жазылған бұл зерттеу оқырмандарға қазақ халқының соғыс кезіндегі тылдағы жанқиярлық еңбектері жөнінде жан-жақты да, жүйелі түсінік алуға мүмкіндік береді. Шынтуайтында келсек, советтік идеологияның уытты уысындағы тарихнамалық дәстүрдің ықпалы біршама сезілсе де ұстаз бен шәкірттің бірлесіп жасаған осынау құнды туындысын соғыс жылдарындағы Қазақстанның ауыр күй кешкен тыныс-тіршілігі, соның ішінде, әсіресе, «тыл жұмысына» жаппай жұмылдырылған егде тартқандар, тіпті еңкейген қарт адамдар, жасөспірім балалар, әйелдер сынды қазақ халқының әртүрлі әлеуметтік топтарының еңбектегі ерлігі жөніндегі ғылыми негізделген панорамасы деп бағамдауға әбден болады. Зерттеушінің бұл кітабы (әлбетте оның басқа да еңбектері сияқты) республиканың жоғарғы оқу орнындағы тарих факультеттерінің студенттері, магистранттары, докторанттары мен оқытушылары жиі қолданатын оқу құралдарының қатарына енгендігі сондықтан. Демек мұндай еңбек өзінің танымдық тағылымын ешқашан жоғалтпақ емес, қайта уақыт өткен сайын еселене беретіндігіне еш шәк болмаса керек. 

Еліміздің тәуелсіздікке қолы жеткен уақыттан бастап Қайдекең отандық тарихшы ғалымдардың ішінде ең алғашқылардың бірі болып Қазақстанның өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы советтік тарихнамада «көшпелі қазақ халқының социализмге ұлы секірісі» деп аталған қанқасап оқиғаларға толы тарихына ерекше ден қойды. Бірақ, сан алуан деректермен, соның ішінде, әсіресе, біраз зерттеушілер үшін әлі де белгісіз республикалық қана емес, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы архивтер қорындағы соны материалдармен көп жылдар бойы жұмыс істеген бұл кісіні аталмыш мәселелер ХХ ғасырдың 80-жылдардың өзінде-ақ толғандыра бастаған сынайлы. Қайдекеңмен аралас-құралас байланыстағы әріптестер ретінде бұл жайтты ғалымның еліне деген шынайы патриоттық ұстанымымен және оның тарихына деген риясыз құрметімен түсіндірген болар едік. Профессордың өзі қазақ тарихындағы қанқұйлы зұлмат кезең деп атаған қазақ шаруаларын ұжымдастыру үрдісін және оның сұмдық салдарын, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу саласындағы шығармашылық нәтижесі отандық ғылыми ортада ғана емес, халықаралық деңгейде де айрықша жоғары бағаланып отыр. Сондықтан да болар осы мәселеге байланысты кез келген зерттеу ғалымның еңбектеріне жүгінбей өтпейді. 

1991 – 1992 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жанынан құрылған 30-жылдардағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мен халықтың жаппай аштыққа ұшырау жайттарын зерттеу жөніндегі Комиссияның мүшесі ретінде өнімді жұмыс атқарды. Нәтижесінде ғалымның тікелей бастамасымен және негізгі авторлардың бірі ретінде қатысуымен Комиссияның «Қорытынды сараптамасы» жасалды. Республика жұртшылығының қызу қолдауына ие болған бұл құжат қазақ шаруаларын зорлық-зомбылықпен ұжымдастыру және оның зардаптары, саяси қуғын-сүргін, одақтың сан ұлттарының біразын Қазақстанға депортациялау сынды және осы құралыптас басқа да зәру тақырыптарды зерттеуге үлкен серпін берді. Сонымен бірге Қайдекеңнің тікелей ұйымдастыруымен және қатысуымен осы мәселелер жөнінде және екінші дүниежүзілік соғыстағы ұлы жеңіске Қазақстанның қосқан өлшеусіз үлесі туралы деректік телефильмдер жарыққа шықты. Ресей және Қазақстанның архивтер қорындағы бұрын-сонды беймәлім болып келген сан алуан бейнесюжеттер мен мәліметтердің негізінде жасалғандықтан өздерінің тарихи шынайылығымен және нақтылығымен ерекшеленетін бұл телефильмдердің қалын жұртшылықтың игілігіне айналуы зерттеушінің ғылымдағы тағы бір ерлігі дер едік.

Қайдар Алдажұманов Тарих және этнология институтын 1956-1982 жылдары басқарған академик Ақай Нүсіпбековтің жетекшілігімен 1977-1980 жылдары дайындалып жарық көрген «Қазақстан тарихы: көне дәуірден қазіргі кезеңге дейін» атты бес томдық аса көлемді іргелі еңбектің жасақталуына негізгі авторлардың бірі ретінде тікелей қатысты. Зерттеушінің аталмыш көптомдықтың ғылыми-техникалық аппаратын жасақтауға байланысты атқарған ұшан-теңіз еңбегі өз алдына, ол осы еңбекті қазақ тіліне сапалы аудару сынды жауапкершілігі мен қиындығы біте қайнасқан аса күрделі іске негізгі үлес қосқандардың бірі болды. Кейін академик М.Қ. Қозыбаевтың ғылыми жетекшілігімен жоғарыда аталған бес томдықтың 1996-2010 жылдар аралығында жарық көрген жаңа нұсқасын дайындау барысында да дәл осындай аса көлемді жұмысты нәтижелі атқарды. Қайдекеңнің осы басылымға сіңірген еңбегінің айрықша ауқымдылығын айтқандары болар, кейін институттың осы еңбекті тікелей жазғандардың арасында «Қайдар Алдажұманов болмаса, бес томдық басылып шығар ма еді, шықпас па еді», – деген сөздер де жүрді. 

Қайдекеңнің биыл институт қабырғасында еңбек еткеніне 54 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде ғалымның қаламынан қалын оқырманның да, талғампаз ғылыми ортаның да жоғары бағамына ие болған бес жүзге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулер жарық көрді. Қазір де қаламы төселген кәнігі зерттеуші институттың бас ғылыми қызметкері ретінде ұлттық тарихнаманың саяси жағынан да, теориялық тұрғыдан да аса күрделі салалары қатарына жататын іргелі мәселелерді зерттеумен табысты айналысу үстінде. Сонымен бірге зерттеуші көптеген халықаралық және республикалық деңгейде ұйымдастырылған ғылыми форумдарда – конференцияларда, симпозиумдарда, дөңгелек үстелдерде, семинарларда Қазақстан тарихының жоғарыда аталған мәселелерімен қатар, ұлт-азаттық көтерілістер, қазақ зиялылары, мәдениет, тіл сынды әлеуметтік-саяси жағынан да, танымдық тағылым тұрғысынан да өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар жасады.

Қайдар Алдажұманов – жоғары білікті мамандар дайындау ісіне де өзіндік үлкен үлес қосып келе жатқан ғалым. Оның тікелей жетекшілігімен тарих мамандығы бойынша 13 адам ғылым кандидаты дәрежесіне ие болды. Бұлар – қазір еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі мен жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу мекемелерінде өздерінің табысты істерімен ұстазының еңбекқорлық дәстүрін жалғастырып келеді. Қайдекеңнің ерең еңбегі мемлекеттік тарапынан жоғары бағаланды: ол «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, 

ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, профессор,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және 

этнология институтының директоры

 

Нұрсан ӘЛІМБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 

профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және 

этнология институтының бас ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?