Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлихан Бөкейхан. Қазақтың тарихы. ІІІ-IV

2140
Әлихан Бөкейхан. Қазақтың тарихы. ІІІ-IV - e-history.kz
Тарих кітаптарынан қарап мұны білуге болмайды. Орыстың тарихында топты қазақ деген сөзді жазбайды. «Киргиз» деген бір жаңылыс сөзді малданып, соның менен бүкіл тарихын быдықтырады

ІІІ 

Газетаның 3-інші нөмірінде Қазақтың тарихы турасында жаңылыстың екеуін санап едік. Жəне үшінші хате мынау: «Қазақ» деген сөздің мағынасын тарих кітаптарын анық қып айтып бере алмайды. «Қазақ» деген сөз қайдан шығыпты? Тарих кітаптарынан қарап мұны білуге болмайды. Орыстың тарихында топты қазақ деген сөзді жазбайды. «Киргиз» деген бір жаңылыс сөзді малданып, соның менен бүкіл тарихын быдықтырады. Арабша һəм түрікше тарих кітаптарына келсек, онда да анық сөз жоқ, һəр түрлі ұйғарып айтады. Кей біреуі: қазақ – қашақ деген деген сөзден өзгерілген дейді. Жəнібек хан тұсында ханзаданың біреуі хан бола алмайтын болған соң, қасына жас бозбаланы ерітіп елден қашып, азып-тозып жүрген соң сахарада қалып «қашақ» атаныпты-мыс, жүре-жүре «қашақ» сөзі қалып, «қазақ» болыпты-мыс. 

Осындай жаңылыстар ондық-мұндық ұсақ кітаптардың сөзі емес, нағыз шын, сенімді деген «Мұстафадал ахбар» кітабында да осы сөз бар*. «Мұстафадал ахбар» кітабын жазушы Қазанның Шаһаба ад-Дин Маржани хазіретлері ілімнің деңізі деп білгендігімізден қазақтың асылын, қазақ сөзінің мағынасын біле алмайды деуге болмайды. Бірақ ол жарықтықтың «Қазан халқына» махсус болған тағсібиі (фанатизмі) күшті болғандықтан, ноғай емес халықты жек (манфур) көргендігінен қалай болса, солай жаңылыс жазғандығы жасырын емес. 

Төртінші хате – қазақ сөзі «хайсах-қайсақ» сөзінен өзгеріпті деген сөздері. «Халисақ» сөзі қалмақшада «гранитса күзетшісі» мағынасында-мыс. Орыс тарихының кей біреуі қазақ сөзі осы «хайсақ» дегеннен алынған деп өтірікті жазады. Осындай өтірікті малданып, орыс жазушыларының көбі қазақты «киргиз-кайсак» деп жазып жүр. Мұның өтірік екендігі сөз ретінде кейін айтылар. Осы күнде қалмақ-қытай қазақты «хайсақ-хасақ» деп сөйлейді екен – онысы тілі келмегеннен. Оның менен қазақ сөзі «хайсақ»-тан өзгерілгендігі білінбейді. 

Осы күнде «мишер» (мысыр) халқы арабтан алынған «салам» сөзін «Сейалам» деп сөйлейтіні бар. Со секілді, қалмақта «қазақ» сөзін «хайсақ» деп бұзып айтады деуге болады. 

Бесінші хате – түрік қауымынан бірі кісі далада аң аулап жүргенде бір адасқан қыз тауып алыпты-мыс. Қыз аса көркем сұлу болса керек, еліне алып келгенде халқы көріп сұқтанып: – Шіркін-ай, қыз-ақ екен! – дейді-міс. Сол сөз жүре-жүре «қазақ» қалпына өзгеріліпті-міс. Сол қыздан үш бала тауып, күллі қазақ халқы сол үш баладан тарапты-мыс. Үлкен баладан – Ұлы жүз, ортаншы баладан – Орта жүз, кішіден – Кіші жүз тарайды-мыс. 

b69dd407fe1664a5cadb5b07fa487212.jpg

Мінеки, осындай шіп-шикі өтірік сөздер тарих кітаптарында толып жатыр. Тарихтың шын-өтірігін айыруға шамасы келмеген шала моллалар «кітапта жазған сөз» деп осындай сөздерді көптің ортасында оқып, біреуден біреу есітіп, осы өтіріктерге жұрттың əбден құлағы қанбады. Қазақтың асылы қайдан шыққан? – деп сұрасаң, тəп-тəуір адам да осы өтірікті айтып қоя береді. 

Мұнан төрт жыл бұрын қазақ шəкірттерімен кеңесіп қазақтың тарихын жазбақ болып едік. Шəкірттердің əрқайсының елі(нде) шежіреге жетік адамдар бар. Тарихқа керекті сөздерді (материалды. Түрік баласы) жазып əкелеміз деп кетісті. Мінеки, шəкірттердің жазып əкелген шежіресі: «Қырым жұртында қырық сан ноғай болғанда, бір ханның баласы анасынан шала туыпты; «тілеп алған балам шала туып, жұртымды шала қылады екен» деп, ханым баланы Дешті қапшақта көшіп-қонып жүрген он сан ноғай ішіне тастатыпты. 

Бала өсіп ер жеткен соң, əйдік өнерпаз болыпты. Бір күні хан өзінен туған бала сөйтіп өнерпаз болыпты дегенді есітіп, Үйсін батырдың қасына жүз жігіт қосып іздеуге жіберіпті. Бұлар баланы тапса да Сыр-Дария менен Арқаны қимай тұрып қалыпты. Үш жылдан соң Болат мырза жүз жігіт бен келіп о да тұрыпты. Жəне үш жылдан соң Алшын мырза жүз жігітті ерітіп келіп, о да тұрып қалыпты. Сол үш жүз жігіт манағы шала туған баланы алаша төсекте хан көтеріп «Алаш» деп ұран қойыпты. Үйсін, Болат, һəм Алшын мырзадан тұқым қалып, өзге жігіттер жауда өліп, олардан тұқым қалмайды».

Қазақтың үш жүз болғанының, Алаш атанғанның мəнісі осы-мыс. Мінеки, ел арасындағы «шежіре» осы. Мұнан басқа жəне естуге құлақ иба қылатын өтірік шежірелер толып жатыр. 

*- 9-ыншы һəм 154-інші беттерінде. Түрік баласы. 

ІV

Қазақтың асылы турасында жалпы жұрт арасында бірсыпыра ертегілер бар болса да халық оған рас екен деп иланып жүрген жоқ. Қазақтың мектеп, медресе һəм школда оқып шыққан жастары қазақтың асылын анық біліп жете алмаса да, əйтеуір асылы түрік нəсілінен екендігіне анық инанады. Ақылы мол, зейіні толық қарашаруаның да бірсыпырасы осыны қоштайды. «Қазақ пен ноғайдың түбі бір» деген сөзді һəр бір қарияның аузынан есітуге болады. «Өзбек өз ағам» деген мақалды һəр бір қазақ біледі.

Бірақ, қазақтың өзге түрік қауымдарынан қай заманда айрылып,қалайша бөлінгендігі турасында анық мағлұмат жазылған жоқболғанға көре сол арасы кішкене көмескі болып тұр.

Қазақтың бір сыпыра аңқау адамдарында «Анас саһабаның нəсіліненбіз» деген, қырғызда «Акаше саһабаның нəсіліненбіз» деген ауру бар. Бұл ауру тым-ақ күшті көрінеді. Тарихтан қандаймықты дəлел келтіріп «Анас» деген сөздің асылсыз екендігіныспат етсек те оған инана қоймайды. Анаске жармасушылардыңайтатын қара дəлелі мынау:

1) Қазақтың ұраны «Алаш»... Алаш – Анастан, Анас Анстан өзгерілген сөз дейді;

2) Араб көшпелі жұрт еді, Анс баласы болғандықтан қазақ көшіп-қонып тіршілік қылуды арабтан алыпты дейді;

3) Қазақ меһманпаз, қонақасыға мырза жұрт.

Меһманпазлық араб халқының ғұрпы еді. Анастың нəсіліненболмаса қазаққа мырзалық қайдан келіпті дейді.

Мінеки, ақылға да ұнамайтын, тарихқа да симайтын осындай дəлелдерді жастанып, адасып жүрген талай адам бар көрінеді.

Бұл дəлелдердің ақылға да һəм тарихқа да симай тұрғаны мынау: Қазақтың «Алаш» атанған хиджретден (Мұхаммед Əлейх ас-Саламның Меккеден көшіп Мəдинеге барып кірген күнінен – т.б.) алты жүз жыл өткен соң, Шыңғыс хан тұсында болды.

Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Солалты рудың һəр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һəрруға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошыұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты руболғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғатмағынасы: «отан кісі» («отечественник» – т.б.) деген сөз болады.

Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз:

Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын;

Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын, – дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісі мағынасында. Жəне қазақта «Алаш келе ме; Алаш келе ме» деген бір мысал сөз бар.

Сондағы Алаш – шетелдің кісісі, Алаш – отан кісісі мағынасында болады.

Сол күнде Жошы ханға «Алаш» деп лақап қойылды. «Алашы – алаштың басшысы» («голова отечества» – т.б.) мағынасында болады. Қазақтың «Алаш Алаш болғанда; Алаш хан болғанда»деген ескі сөзі сонан қалған.

Бұл турада сөздің өзінен кейін жазбақшымыз. Бұл орында Алаштың «Анастан» алынбағандығын көрсету үшін ғанақысқаша жазып, осының менен қоя тұрамын.

Түрік баласы, «Қазақ», 1913, №5-7.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?