ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның Ресейге қосылу үдерісі Қазақстанды Ресей империясының басып алуымен, жаулап алуымен және әкімшілік тұрғыдан толығымен бағындырып алуымен аяқталды. Бұл кезеңде әскери күш қолдану арқылы басып-жаншудан тыс, қазақ өлкесін басқару тәсілдерін қайта құру, қалыптасқан дәстүрлі басқару үлгісін тарату және жоғарыдан жаңа басқару жолдарын күштеп енгізу амалдары да кеңінен қолданылды. 1868 жылы құрылған «Қоныс аудару комитетінің» миссионерлік әрекетті күшейте түсті. «Қазақ даласын әкімшілік тұрғыдан қайта құрумен қатар өлке жұртшылығын ассимиляциялау және орыстандыру бағытындағы миссионерлік-отаршылдық жұмыстар жоспарлы түрде жолға қойылды. Бұлардан басқа бұл жұмыстар бағындырылған халықтармен қатар қазақтар мен жер ауып келген шаруалардың самодержавияның «тірегін» және шынайы бағынушылықты мойындатулары тиіс болды» [1, 201].
Патшалық Ресейдің Қазақстандағы империалистік саясаты кең көлемді сипатқа ие болды және ол барлық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарға, соның ішінде Рухани істер департаментінің басшылығың жетекшілігімен православиялық шіркеудің де қолдануына сүйеніп жұмыс істеді.
ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарына қарай Ресей империясының мемлекеттік конфессиональдық саясатында өзгерістер орын алды. Патша үкіметі қазақтарды православияға тартудағы орыс православие шіркеулерінің жұмыстарына қолдау көрсету және оларды ынталандыру саясатына көшті. Қазақстанның жергілікті халықтарын мемлекеттік қызметкерлер тарапынан да, шіркеу қызметкерлері тарапынан да кең көлемді христиан дініне көшіру саясатының теориялық-идеологиялық негізінің қалануы осы кезеңге сай келеді. 1872 жылы «Православное обозрение» журналында шіркеу қызметшісі И. Сотников Орта жүз қазақтарының арасында миссионерлік саясатты жүргізудің мүмкіндігін және «алғашқыда миссионерлік мекемелерді мұсылман діні әлсіздеу тараған жерлерде орналастыру қажет» екенін дәлелдеп бақты. Мұндай жерлер ретінде ол шекаралас ауылдарды көрсетеді. Христиан дінін жаңадан қабылдағандар үшін жазылған заңда міндетті түрде олардың артықшылықтарын көрсетуді, мысалы, оларды мұсылмандар тарапынан қорғауға кепілдік беру, сұлтан, би, старшындық сайлауға түсуге құқық беруді атап көрсеткен. Шіркеу қызметкерінің атап көрсеткен тағы бір маңызды мәселесі христиан дінін жаңадан қабылдағандарды жаңа жерге орналастыру, ол жерді белгілеп және олардың атына бірнеше десятин жер бекіту болып табылады. «Алайда бұл іс, тәжірибе көрсетіп отырғандай алдыға қарай өте бояу жылжуда. Қырғыздар (қазақтар – Ж.Н.) Інжілдің өсиетін қабылдамайынша, олардың отырықшылдыққа көшуін бізге әлі ұзақ күтуге тура келеді. Көшіп жүргендерді отырықшылдыққа көшірудің ғасырлар дәлелдеп берген жалғыз жолы олардың христиан дініне көшулері болып табылады» [2, 788-790].
Аталған мәлімдеме іс жүзінде қазақтарды інжілдікке көшірудің жарияланбаған бағдарламасы болып шықты. Аталып отырған оқиғаның одан арғы даму барысы нормативтік базаның да, үкіметтің орталық және жергілікті органдарының іс-әрекеттерінің де жоғарыда айтылған жоспарды кезең-кезеңмен исламға шек қоюмен қатар, қазақтарды христиан дініне көшіруді жүзеге асырып отырғандарын көрсетіп берді.
Қазақтар арасында миссионерлік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу 1875 жылдан бастау алды және осы жылы 21 қарашада Орынбор православиялық миссионерлік қоғамының епархиялдық комитетінің негізі қаланды (1918 жылы жойылды). Ол Орал және Торғай облыстарының аймақтарында жұмыс істеді. 1882 жылы Томск епархиясында Семей облысы үшін Қырғыз миссиясы ашылды және 1894 жылғы 30 сәуірдегі Синод жарлығымен Тобыл епархиясының Қырғыз миссиясы бекітілді. 1895 жылы дербес Омбы епархиясының құрылуына байланысты Томск және Тобыл епархиясының Қырғыз миссиялары бір басқармаға біріктіріліп, Омбы епархиясына бағындырылды. Оның резинденциясы болып Семей белгіленді.
1883 жылы қыруар аймақты біріктіріп жатқан үш облыс көлемінде Орынбор епархиялдық комитеті Православиялық миссионерлік қоғамының және «Қырғыз рухани миссиясының» 15 миссионерлік стандар құрылып, оның қарамағында қазақтардың балалары үшін 17 миссионерлік мектеп ашылды.
Аталған миссионерлік стандар мен шіркеу қызметкерлерінің іс-әрекеттері дала халқын орыстандыруға және православияға кіргізуді бастауға бағытталып, орыс халқымен біріктіріп жіберу мақсатын ұстанды және бұл жұмыстар: а) православие дінін уағыздаушыларың қазақ даласындағы хуторлар, ауылдарда дінді уғыздаулары және б) облыста тұратын орыс халқының көмегімен және миссионерлік бағыттағы шіркеу мектептерінің жұмыстарының көмегі арқылы жүзеге асырылды [3, 1 об.].
Орталық епархиялдық органдар Солтүстік Қазақстанның қалалары мен ауылдарындағы барлық священниктер кіретін облыстық миссионерлердің, стан меңгерушісі миссионерлердің және миссионер қызметкерлердің жан-жақты талданған нұсқауларын құрастырды. Бұл жұмыстар қырғыз миссиялары қызметкерлерінің миссионерлік әрекеттерін бір жүйеге түсіру мақсатында істелінген болатын. Мысалы, православие дінін жаңадан қабылдағандардың шаруашылық істерін жүргізіп отыру үшін стан миссионерлерінің қызметтік нұсқауларында төмендегідей бөлімдер енгізілген: а) ол жыл сайын православие дінін жаңадан қабылдаған қазақтардың жерін жалға алған орыстардан жергілікті қаражаттың кіріс және шығыс сметасын жасап, ә) православие дінін жаңадан қабылдағандардың ауылдарына жаңадан көшіп келгендер үшін үйлер тұрғызып, олардың шаруашылықтарының аяққа тұруын қадағалап отырды; б) православие дінін жаңадан қабылдағандардың жұмыстарын бақылап отыру староста тағайындады; в) өз бетінше қаражат жұмсауды жүзеге асыруға құқылы болды; г) кіріс-шығыс кітабын жүргізіп отырды; ғ) жыл аяғында облыстық миссионерге құжатталған есеп беруді жүзеге асырып отырды [4, 4].
Миссионерлер мүшелері дін қызметтерінің міндеттерін атқарумен қатар христиан дінін уағыздау үшін ел арасына және православие дінін жаңадан қабылдағандар тұратын орыс ауылдарына шығып тұрды. Жалпы алғанда миссионерлердің қызмет аясы барынша ауқымды болды: «ең болмағанда кейбіреулерін құтқарып қалу үшін» мүмкін болғанның бәрін істеп бақты.
Қазақ даласындағы Торғай облыстық миссионерлерге арналған жобасының нұсқауларынан және мұғалімдерге, миссионерлік бағыттағы шіркеу қызметкерлерінің міндетті түрде орындауы тиіс келесі бөлімдерді атап көрсетуге болады:
1) миссионерлер ел арасына жиі шығып, орыс және қазақ ауылдарын аралап, православие дінін уағыздауға тиіс болды;
2) миссионер өзінің әрбір сапарларынан кейін облыстық миссионерлік қауымдастық арқылы Епархиалдық миссионерлік комитетке шіркеу мектебінде миссионер ретінде не істегенін баяндап, қысқаша күнделік жазып отырды;
3) жыл басында священниктердің жалпы жиналысында миссионерлердің қай мекенге баратындары жөнінде кестелер жасалынды;
4) миссионерлер мен қызметкерлер облыстық миссионерлік комитетке 20 маусым және 15 желтоқсанға а) миссия бойынша жалпы; ә) мектептер бойынша, б) шіркеу мектептеріндегі миссионерлік ұйым бойынша, в) шіркеулік парасаттылық қоғамы бойынша жарты жылдық және жылдық қысқаша есеп берулер жасап отырды. Ал облыстық миссионер осы көрсеткіштердің негізінде жалпы есеп беруді дайындап, оны Орынбор православие миссионерлік қоғамының епархиалдық комитетіне тапсырып отырды;
5) миссионерлер мен қызметкерлер аймақтарды араласу барысында әсіресе орыс православие шіркеуінің діни-адамгершілік орталығы негізінде ауылдық миссионерлік мектептерге ерекше көңіл аударып отырды [5, 7-8].
Миссионерлік стан қызметінің жыл сайынғы есеп берулерінен, миссионерлердің жеке есеп берулерінен дін таратушылардың жыл бойында миссионерлік әрекеттерімен елді айлап аралап, жүздеген шақырымды жүріп өткендерін көруге болады. Мысалы, мұрағат құжаттарынан облыстық миссионер Ф. Соколовтың Қостанай облысына 14 рет шығып, миссионерлік сапары барысында 153 күн жүргенін, ат үстінде 8 557 шақырым, темір жол көлігімен 2 989 шақырым жол жүріп өткенін көруге болды. Священник Н. Сейфуллин 14 рет сапарға шығып, 120 күн ішінде жаяу және көлікпен жүре отырып 1280 шақырымға дейін қашықтықты жүріп өтті. Мұндай сапарларға миссионерлерге жылына 300-ден 100 рубльге дейін ақша төленіп отырылды. Әсіресе миссионерлер үшін көп қызмет істегендер қазақ тілін және миссионерлік қызметтің теориялық негізін жақсы білетін священниктер, Торғай уезінің миссионері А. Килячков, Ақтөбе уезінің миссионері А. Мазохин, Макарьев станның миссионері П. Николаев, т. б. ерекше құлшыныс көрсетіп бақты [6].
Торғай қаласының Георгиев шіркеуінің священнигінің 1906 жылғы күнделігі ерекше қызығушылық тудырады. Ол осы жылы 600 шақырым жол өтіп, Торғай уезін аралап шықты. Өзінің есеп беруінде ол өзінің миссионерлік қызметі туралы ғана емес, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың рухани-адамгершілік сезіміне мұсылман молдаларының, мектептерінің және қажылықтың әсеріне және қазақтарды «орыстық-православиелік адамгершілікке» тәрбиелеудегі орыс-қырғыз мектептерінің рөліне де кеңінен тоқталған. [7, 1-15]. Орынбор қаласынан Қостанайға дейінгі жерлерді аралап шығып, қазақ ауылдарымен әңгімелесіп шыққан священник Н. Сейфуллиннің де есебінің мазмұны алдыңғымен сарындас. Сейфуллиннің Орынбор табанындағы казак ауылдарына қатысты айтқан «казак ауылдары миссионерлік жоба үшін айтарлықтай қаражат шығармай-ақ, онша көзге түсе бермейтін тамаша миссионерлік орталық болар еді» деген көзқарасы негізсіз емес екенін атап өту керек. Алайда бұл бағытта алдымен шіркеу қызметшілері мен казактардың өздерінің епархиалдық басқарманың миссионерлік саясатының маңыздылығын түсінулері өте қажет болатын [8, 1-7].
Қазақ ауылдарын аралау барысында ат ауыстыру керек болғанда немесе кешкі мезгілге қалып түнеп шығу керек болғанда, миссионерлер әрбір ыңғайлы сәтті пайдаланып қалуға тырысып бақты. Әңгіме қозғауға болатын сәттерде дін туралы сөз қорғауға тырысып, әңгімеге ыңғай тынытпаған немесе қазақтардың миссионерлермен сөйлескілері келмеген сәттерде, олардың ішінен татарлардың әңгімелеріне негізделген күдік тудырарлық қазақтармен ұшырасқанда, миссионерлер әңгіме ауанын қазақ балалары үшін орыс білімнің қажеттілігін айтып, қазақ тілінде әңгімелер немесе ежелгі өсиеттер тарихынан үзінділер оқыды. «Қазақтармен болатын мұндай әңгімелер көбіне кездейсоқ болатын, – делінеді мұрағат құжаттарында. – Шақырту немесе алдын ала хабарландыру бойынша мұндай әңгімелер ауылдарда болған емес, мұндай уақыт әлі келген жоқ. Қалай болғанда да қазақтардың көпшілігі орыс молдаларының неге жиі, мезгілсіз уақытта біресе шай ішуді сылтауратып, біресе кешке дейін орыс хуторына еркін жетіп қалатынын біле тұра түнеп шығуды өтініп келе беретінін жақсы білетін. Солай бола тұра олардың көпшілігі миссионерді қуана қарсы алып, Алланың бұйыртқанын алдыларына тартатын, алайда шындығына келгенде өте сирек болса да, әсіресе молдалар немесе суфийлер, не хазіреттер тұратын ауылдардың үйлерінің қарсы алмайтын сәттері де кездесіп қалып тұрды» [3, 7-8 об.]. Келтірілген үзіндіден орынсыз болса да, тіпті қазақтар үшін миссионерлердің келіп түсуі ұнамаса да олар өздерінің құдайдың берген қонақжайлылық қасиеттерінен тана алмай, жол жүріп келе жатқандардың барлығын құшақ жая қарсы ала білген қасиеттеріне таң қалуға болады.
Осылайша ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Солтүстік Қазақстанның стандардағы миссионерлік әрекеттері мұсылман даласына тікелей және жанама түрде ықпал етумен көрініс берді. Қазақ даласына христиандардың тікелей ықпал етуі қазақ ауылдарын стан миссионерлері мен олардың көмекшілерінің және миссионер-қызметкерлер атынан миссионерлік сапармен көптеген және ұзақ аралаулары арқылы көрініс тапты. Сапар барысында қазақ даласындағы орыс хуторларын аралай жүріп, дін таратушылар ауылдарға тоқтап, алғысы келгендерге діни-адамгершілік мазмұндағы кітаптар мен кітапшалар таратып отырды. Бұл сапарлардың негізі мақсаттарының бірі болып миссионерлердің облыстағы орыстардың орналасуын, олардың ішінде христиан талаптарының орындалуын, миссионерлік станның қарамағындағы мектептердің жұмыстарын бақылау болды.
Солтүстік Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың арасында христиан дінін енгізуде келесідей жанама жолдар қолданылды:
1) Өзге ұлт өкілдерін православие негізінде орыс азаматтығына және мәдениетіне тарту міндеттерін мойындарына алған қырдың орыс тұрғындарының діни-адамгершілік деңгейін көтеру арқылы;
2) Жергілікті жағдайға байланысты қолдануға болатын, шіркеу мектептері ұйымының исламмен күресінің жобасы жасалынды. Мысалы, христиан дінін таратушыларды мұсылмандарға қарсы күреске біріктіру үшін Қасиетті Синод 1910 жылы Орынбор епархиясында мұсылмандыққа қарсы миссионерлердің жалпы епархиалдық ерекше лауазымын бекітті. Бұл лауазымға 1910 жылдың 21 қыркүйегінде Қазан рухани академиясының мұсылмандыққа қарсы миссионерлер бөлімі курсын аяқтаған К. Меркурьев бекітілді [9, 74];
3) Әрбір жексенбі және мереке күндері миссионерлік мектептердің ғимараттарында стан миссионерлерінің, миссионерлік мектептердің оқытушылары мен олардың көмекшілерінің қатысуымен діни-адамгершілік бағыттағы халықтық оқулар жүргізіліп тұрды.
Мұндай шаралар миссионерлік стан орналасқан жерлерде ғана емес, сондай-ақ өлкенің басқа да орыстар орналасқан ірі мекендерде де өткізіліп тұрды. «Алайда орыс тұрғындарын христиан рухында және солар арқылы (орыстар) миссионерлік тұрғыдан бұратаналарды тәрбиелеудің ең үздік құралы ретінде жыл бойында 1400 адамды оқытып шығарған ауылдық миссионерлік мектептер болғаны еш дау тудырмайды» [10, 32].
Шіркеу мектептерінің басты міндеттері ретінде өлкенің православие дініндегі тұрғындарына білім беру және православие дініне тәрбиелеу ғана болып қойған жоқ, сондай-ақ олар қазақтарды орыс оқуы арқылы өздерінің дәстүрлері және дүниетанымымен таныстыра отырып орыстармен біріктіру міндеттері қойылды. Шенеуліктердің пікірінше: «Балалардың мектептегі тұрақты қарым — қатынастары олардың орыс мемлекетінің ұстанған бағытын тез арада қабылдап қана қоймай, сонымен қатар мұсылмандыққа берілгендіктің төмендеуіне және қазақ халқының сепаратистік бастамаларын болдырмауға себеп болады» [10.26].
Миссионерлердің күшімен «Жана Өсиет» («Новый Завет»), қасиеттілердің өмірі, таңғы және кешкі намаздың, құдайға сиынудың түрлі ән-өлеңдері қазақ тіліне аударылды. Христиан дінін жаңадан қабылдағандар үшін ерлер және әйелдер монастырын ашып, онда оларды христиан дініне оқытқан Алтай миссионерлерінің тәжірибесі өзге аймақтарда қолдау тапты. ХІХ ғасырдың аяғында Қостанай қаласында Иверский әйелдер монастыры және Петропавловск уезінің Құсмұрын болысына қарасты Қара – Оба жерінде Николаевский ерлер монастыры тұрғызылды [11, 49].
Қостанай әйелдер монастыры миссионерлік бағытта елеулі әрекет етті. 1908 жылы монастырь мұсылман арасынан шыққан 2 орыс қызын, Бондаренко мен Дементьеваны қабылдап алды және бұл екеуі оларды «үйретуде» ерекше жігерлілік көрсетті. Протоеирей Соколов монастырьде болған әр кезінде қыздармен кездесе жүріп оларға 200 қазақты христиан дініне тарта білген Орал облысының монахы Манефаны (христиан дінін қабылдаған қазақ қызы) мысалға келтіріп отырды және бұл екеуін өлкедегі қазақ қыздарының арасында православие дінін таратуға шақырды [12, 6-6 об].
Солай бола тұра 1905 жылдан бастап православиядан исламға және басқа дінге көшу күш алды және жылдан-жылға қарқын аса түсті. Бұл құбылыстың себептерін 1912 жылы «Сибирские вопросы» журналында жарияланған мақаладан алынған «Дін төңірегінде ұзақ уақыт бойы басқаша көзқарастарға тыйым салу, бас тартқандарды полицейлердің көмегімен қуғындау, басты негізі шіркеудің өкілдерін ерекше жағдайға қалдырды. Олар оқытушылық міндеттерін жоғалтып, тек бақылаушылар ретінде рухани әкімшілікке айналып кетті. Естерін жиып, оқытушылықпен айналысу қажет екенін түсінген кезде тиісті дәрежеде әрекет ете білетін күш табылмады, болашаққа жоспар жасау барысында жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңадан ақша бөлу туралы қарар қабылдаудан арыға аса алған жоқ» деген үзіндімен сипаттауға болады [13, 54-61].
Православие миссиясының сәтсіздіктерінің ең маңызды себептерінің бірі ретінде епархия өміріндегі дін қызметкерлерінің өз міндеттерін орындауларына байланысты орын алған келеңсіздіктері аталады. Бұған мысал ретінде «Сибирские вопросы» журналында Петропавловск уезі Федоров селосының дін қызметкерінің істері туралы жазылған «Черная епархия» мақаласын келтіруге болады. «В. Динковты Омбылық газеттерге белгісіз тұлғалардың қатарына жатқызуға болмайды. Оның бойында бір ғана, болмашы қарама-қайшылық бар, ол әрбір дінді уағыздау сәттерінде халықтың қараңғылығы мен мәдениетінің төмендігіне жүрегі жарыла қайғырады және сонымен қатар, барлық мүмкін болатын жолдармен Халық ағатру министірлігінің жобасы бойынша тұрғызылмақ болған 2 сыныптық орыс-қырғыз мектебінің құрылысының жүргізілуіне кедергі жасауға тырысып бағуда». Мектепке арналған жаңа құрылысты В. Динков өзіне қаратып алды да, 2 сыныптық училище үшін ауылдың ескі мектебі қайта жөнделіп, ыңғайластырылды. Көріп отырғанымыздай шіркеу өкілдерінің барлығы бірдей өз қызметтеріне адал және парасатты болмаған секілді, олардың көпшілігін алыс та «жабайы» далаға христиандық миссияның жоғарғы идеясы емес, көкейлерін тескен қарапайым байлық жетелеп келгенге ұқсайды. Айтылған ойларымызды жоғарыда келтірілген мақаладан алынған сөйлеммен түйіндеуге болады: «қисынсыз құбылыс: шіркеу мектебіне дін қызметкерлері емес, келушілермен кескілескен, қатыгез күрес жүргізу үшін дін қызметкерлеріне шіркеу мектебі керек сияқты» [14, 25-28].
Барлық айтылғандардан христиан дінін қабылдаған қазақтардың және шіркеу құшағына қайтып келгендердің саны миссионерлік жұмыстар мүлде жүргізілмеген кезеңмен салыстырғанда өсіп жарытқан жоқ деген қорытынды жасауға болады. ХХ ғасырдың басына қарай Ресейде төңкерістік бағыттағы іс-қимылдардың күшеюіне байланысты патша үкіметінің қазақтарды христиан дініне тарту бағытындағы саясаты елеулі түрде бәсеңдеді. Бұл келесідей себептермен түсіндіріледі. 1906 жылы миссионерлік қызметтерге бөлінетін қаражат бірден қысқартылып, мемлекет христиан дінін жаңадан қабылдағандар үшін материалдық көмек көрсетуді мүлдем тоқтатты. Ақмола облысының 1907 жылғы естелік кітабында есеп беру жылын Миссионерлік қоғам үшін жетістікпен аяқтаған жылға жатқызуға болмайтыны айтылған. Қауымдастықтың барлық қаражатын жиын-терімдер мен қайырымдылықтан түскен қаражат құрайтын болғандықтан, қаражаттың азаюы жалғаса түсті, Қауымдастық материалдық қаражаттың жетіспеушілігін қатты сезінді. Осы себепті Қоғамдық Кеңес аталған миссияға және миссионерлік мекемелерге қаражат бөлуді қысқарту және олардың өтініштерін қанағаттандырудан бас тартудың қажеттілігін мойындады және мұның өзі миссионерлік қимылдың дамуына кері әсерін тигізбей қойған жоқ [15, 220].
Қазақтар арасында христиан дінін таратудың қарқынының бәсеңдеуін бірнеше себептермен түсіндіруге болады:
1) қазақтарды христиан дініне тартумен айналысқан өлкелік ұйымдарда жоғары білікті мамандар жетіспеді. Миссионерлік мамандарды дайындау Қазақстан аймағынан тыс жерлерде жүргізілді;
2) 1906 жылдан миссионерлік қызметті қаржыландыру қысқартылды;
3) христиан дінін жаңадан қабылдағандардың материалдық жағдайлары христиан дінін қабылдамаған кездеріндегіден нашарлап кетті;
4) миссионерлердің өздерінің: «өлкенің православиялық орыс тұрғындары өз діндеріне қатысты өзгелерге үлгілі болып жарытпағандары туралы» ойларымен келіспеуге болмайды;
5) көпшілік тұрғыны рухани дүниесі жағынан мұсылмандар болып табылатын халыққа орыс православие шіркеуі ұсынған діни ағартушылық бағдарламасының сәйкес келмеуі себепті бұл әрекеттер күштеп таңу, еркінен тыс мойындату сипатына ие болды. Сондықтан да әлеуметтік тәжірибеде христиан дінін енгізу саясаты жүзеге аспай қалды.
Жасұлан Нұрбаев, тарих ғылымдарының кандидаты
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Асфендияров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). Том 1. – А-А., Москва: Казкрайиздат, 1935.
2. Сотников И. Несколько слов о возможности учреждения миссии между киргизами Средней Орды // Православное обозрение. 1872, май.
3. Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты (ОрОММ). 175-қ, 1-т, 31 а-іс.
4. ОрОММ. 175-қ, 1-т, 11 а-іс.
5. ОрОММ. 175-қ, 2-т, 12-іс.
6. ОрОММ. 175-қ, 1-т, 25 а-іс, 57–61-п; 18-іс, 367-369-п.
7. ОрОММ. 175-қ, 1-т, 40-іс.
8. ОрОММ. 175-қ, 2-т, 13-іс.
9. Обзор Тургайской области за 1899 г. Оренбург, 1900.
10. Обзор Тургайской области за 1911 г. Оренбург, 1912.
11. Омбы Облыстық Мемлекеттік Мұрағаты. 16-қ, 1-т, 121-іс.
12. ОрОММ. 175-қ, 1-т, 48 а-іс.
13. Коптева А. Миссионерская деятельность в Сибири // Сибирские вопросы. 1912, 28 февраля, № 7-8.
14. Черная епархия // Сибирские вопросы. 1911, 8 января, №1.
15. Памятная книжка. Адрес-календарь Акмолинской области на 1909 г./ Астана. История столицы и края XIV-XIX вв. Составитель С. Алдан. – Астана: Фолиант, 2006.