Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шәкерімнің билігі

2393
Шәкерімнің билігі - e-history.kz
Туғанына 160 жыл толған Шәкерім Құдайбердіұлының билігі, сот болуы жайлы деректерді 30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай ұсынамыз

20 мен 40 жастың арасы жігіт Шәкерімнің өмір айдынында еркінше малтып, партия қырқысы мен талас-тартыстың бел ортасында жүрген шағы ретінде дәйектеледі. Мәселен, мұны «Абай жолы» эпопеясындағы Шұбар бейнесінен де жақсы білеміз. «Мен жетпіс екі жасқа келгенше өмірде болатын неше алуан қилы оқиғаларға, түрлі жамандық, жақсылыққа кездесіп, солардың көпшілігін, керекті-керексізін өзім де істеп, басымнан өткізгендерім көп», – дейді ақынның өзі. Осы айтып отырған өмір тезі мен заман талқысының бір парасы биліктегі қызметіне қатысты екені анық. Сондықтан кемеңгердің тұлға ретінде қалыптасу жолы мен жан дүниесіндегі өзгерістерді зерделеу үшін, сондай-ақ, 40-тан соңғы азаматтық лирикасына негіз болған әлеуметтік жайларды ашу, түсіну үшін жігіт Шәкерімнің әкімдік жүйедегі қызметіне арнайы тоқталмай болмайды.

Бұрынғы қазақта ел билеу жұмысы халықтың өзі сайлап алған билер арқылы атқарылып келгені белгілі. Ал, Ресей патшалығына толық қараған ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан жаңа болыстық қызмет пайда болды. Осыған орай билер қызметінің мәнісі де өзгеріске түсіп, кейінгі заманда бұрынғыдай «билік құру» деп емес, жай ғана «ел жұмысы» делінетін-ді.

Бірден айтқан жөн: Шәкерімнің болыс болған, би болған қызметтерін ағасы Абайдан бөлек сөз қылу қиын, яки тіпті мүмкін емес. Сондықтан төменде билік қызметіндегі, ел жұмысындағы Абай мен Шәкерімді бірге, қатар қарастырмақпыз.

Иә, Абай ат жалын тартып мінгеннен ел жұмысына араласып, беделді басшы болған. «27 жасында, – дейді Турағұл өз естелігінде, – біздің елдің Бұғылы жақ шетіндегі Оразбай Аққұлы баласының ауылындағы сайлауда қасында жақын туған-туысқаннан адам жоқ, жалғыз барып, елді жеңіп алып, інісі Ысқақты болыстыққа сайлатып қайтыпты». Бұл Шыңғыс болысында 1872 жылы болған оқиға. Ал, 1874-77 жылдары Абайдың өзі назначениемен Мұқыр болысына болыстыққа тағайындалыпты. Осы үш жыл келешек ұлы ақын өмірінің ең мазасыз, ең ауыр шағы болды. Осы кезде Абайға қарсы он екі іс қозғалып, оларды тергеу-тексеру тым ұзаққа 1877 жылдан 1884 жылға дейін созылған-ды.

Ойрандалған Оразбай әулеті

Анық бір нәрсе: Абай 1877 жылдан соң болыс болмаған. Оған Семей уезінің начальнигі К.С. Навроцкийдің мынадай дерегі дәлел. Ол Семей облысының генерал-губернаторына жазған рапортында Абай туралы былай дейді: «Человек он весьма развитый и умный, служил 2 трехлетия бием и 3 трехлетия управителем в Чингизской волости, затем одно трехлетие прослужил управителем Мукурской волости по поручению правительства» (ҚР ОМА, 15-қор, 1-тізбе, 399-іс).

Көріп отырмыз, рапортта Абайдың жиыны 12 жыл: 9 жыл Шыңғыс болысында (1865-74 жылдары), онан соң үш жыл Мұқыр болысында (1875-77 жылдары) болыс болғандығы тайға таңба басқандай айтылған. Демек, ұлы ақынның 1877 жылдан кейін болыстық қызметті атқармағаны талассыз.

1878 жылғы Шыңғыс болысының сайлауы алғаш рет талас-тартысты жағдайда өтеді. Соның нәтижесінде болыстық қызмет 20-ға енді ғана іліккен уыздай жас Шәкәрімге бұйырады. Бұл ешкім күтпеген Олжай ішіндегі тосын оқиға болғаны жөнінде Шәкәрімнің өзі баласы Ахатқа былай деп әңгімелеген екен: «Бір жылы қиян-кескі партияда, Олжай екі бөлініп, болыстыққа қырқысады. Болыс сайлауында жеті старшын (Сақ,Тоғалақ және Әнет, Бәкең деген аталар – А.О.) бөлінген екі партияға да шар салмай отырып алады. Келген ояз шар түгел болмаған соң болысты сайлай алмай: «Бұлай болса, назначениямен басқа болыс сайланады!» дейді”. Осы қысылтаяңда Абай өзінің жақын айналасымен кеңесе отырып, жас та болса әр қырлы өнерімен көзге түсе бастаған Шәкәрімді құп көреді. Абай оны шақыртып алып: «Сен болыс боласың!» депті.

Міне, Шәкерімнің:

«Өнерлі, шебер, тіл-жақты,

Алады – деп – бұл бақты» –

Еріксіз маған ел жапты

Болыстықтың тоқымын, –

деуінің астарында осы оқиға бар.

Әрине, бұл арада «апырмау, Ырғызбай тұқымының иелігі есепті Шыңғысқа Абайдың өзі неге сайлауға түспеген немесе ересек әрі пысық жігіт Ысқақ неғып сайланбаған» деген сұрақтың тууы заңды.

Жоғарыда айтылғандай, Мұқырдағы қызметі кезінде қарша бораған арыз-шағымдар Абайға қарсы іс қозғауға негіз болады. Ал, ол кезгі заң бойынша істі болған адам сайлауға түсу құқымен қош айтысатын. Жә, тете інісі Ысқақ ше? Бұған дейін қатарынан екі мәрте болыс болып (1872-78 жылдары) үлгерген ол мәнсап буына мастанып, елді-ел, жұртты-жұрт деуді ұмыта бастаған-ды. «Бір күні Ысқақтың ауылына елдің бір жиылысы тобына менің әкем келсе, – дейді Турағұл, – Ысқақ төсектен тұрған жоқ, түске шейін отырған елдің ақсақалдары жалығып тарқап бара жатыр еді. Сонда менің әкем, Ысқақты шақырып алып, айтыпты: – Сонау Жиреншенің не ойлап бара жатқанын білесің бе? – деп. Ысқақ айтыпты: – Жоқ, – деп. Ендеше сені келесі сайлауда боғымды болыс сайлармын деп барады депті».

Өстіп, қызық болғанда, болыстық Шәкерімді өзі іздеп тапқан. Әсілі, сайлаушы қауымның оның әмірші болуын теріс көрмей, ат тұяғын тай басар деген Абайдың уәжіне тоқтауы бекерден емес. Ол болыстық қызметін әділетпен атқарып абырой алған, осы қызметте жүріп мезгілсіз қайтыс болған кешегі Құдайбердінің баласы.

Шәкерім өмірге келгенде...

Осымен, келешек философ Шәкерім 1878 жылы үлкен мәнсап иесі болады: «назначение»-мен болыстыққа тағайындалады. Әрине, бұл қызметті Шәкерімнің ақылшы туыстары - Абай мен Ысқақтың көмегімен атқарғаны айтпаса да түсінікті. Зерек һәм сөзге ұста Шәкерімді екі немере ағасының жасынан ел жұмысына баулып, ертіп жүргені жайлы: «Құдайберді баласы Шәкәрім 19 жаста атқа мініп, Абай мен Ысқаққа еріп ел басқару жұмысына көзі қанған екен», – деп жазады Әрхам Кәкітайұлы.

Шәкерім болыстығының кесікті мерзімі (үш жыл) өткен соң, келесі сайлауда (1881-83 жылдарға) болыстық қызметті Ысқақ қайтадан алады. Осымен тағы үш жыл тыныш өтіп, 1884 жылғы сайлау да тақап келеді.

Осы сайлау қарсаңында арты үлкен өртке айналған пәле-жанжал тұтанған еді. Мәселе сонда, бұл жолы кезек Оспанға келеді. Кезек сонікі деп, Абай, Ысқақ, Шәкәрімдер келіседі. Бірақ атқамінер шаршы топтың ұғымы басқадай еді. Оларша Оспан билікке жарамсыз ожар мінезді адам саналатын. Осы осалдықты тегершік еткен Ербол, Жиренше, Оразбай, Күнту бастатқан, барлығы он бес басшы кісілер, билік тізгінін тәуекел деп Құнанбай ұрпағынан тартып алмаққа ұйғарады. Сөйтіп, Абайдың сыртынан баталасады (шыны керек, бұл ойда жоқта пайда болған баталасу емес-ті. «Ырғызбай әбден жуандап алды», «болыстық неге бір ғана тұқымның мирасы болуы керек» дегенге саятын наразылық ел жуандары ішінде көптен кеу-кеулеп алған болатын).

1884 жылғы сайлауға Шәкәрімнің белсене ат қосқаны жайлы Әрхам былайша әңгімелейді: «Шәкерім Ерболдың сайлап жатқан елу басыларының Құнанбай тұқымына жат адамдар екенін байқайды да, әкесі Құдайбердімен көптен дос болып келе жатқан жуантаяқ Байқұлақ деген кісіге келіп: – Бәке, сіз білесіз бе, мына Ерболдың істеп жатқаны бізге жаулық па, жоқ қателесіп жүр ме? – деп сұрайды. Сонда Байқұлақ сасып қалып аз тұрады да, балам, мен сенің әкең Құдайбердімен ақыреттік дос едім, мына сұрағың маған өте қиын болды. Өтірік айтсам, иманыма қас, шын айтсам уәдем мен антыма қас, бірақта өзің сезген көрінесің, бұл істің жәйі мынадай деп бастан-аяқ болған істі баяндап береді».

Осы сөзден Күнтуды болыс сайлауға бағытталған астыртын әрекетті әшкерелеген кісі Шәкәрім екенін көреміз. Әрхамның айтуынша, «Болыстық біздің тұқымның мирасына тиген нәрсе ғой деп сеніп жүрген жас Шәкәрімге мына сөз сұмдық көрініп», ол Ысқақ пен Абайға асыға жетіп, істің мән-жайын баян етеді.

Содан Ерболды өзіне шақыртып Абай: – Әй, Ербол, сен көппен баталасып, Күнтуды болыс қоямын депсің ғой, рас па? – десе, Ербол: – Әй, Абай-ай, мен осы жұмысқа араласпайын десем өзің болмайсың. Сайлағалы отырғанымыз жалғыз болыстық. Оған Ысқақ мені қой дейді, мына Шәкәрім мен болайын дейді, сен Оспанды қой дейсің, бұл қайсыңа жетеді, маған біреуін-ақ ұстатшы, – депті. Сонда кісіге нанғыш Абай досы Ерболды жамандыққа қия алмай: –– Е, солай ма, жұмысыңа бара бер! – деген екен.

1884 жылы өткен аты-шулы сайлаудың бір эпизоды Әрхам естелігінде, міне осылай баяндалған.

Ұзын сөздің қысқасы, 1884 жылғы сайлау жұртшылықты жаздың күні қар жауғандай таңырқатқан. Өйткені, Шыңғыстауда болыстықты алғаш рет Құнанбайдың ұрпағы емес, қарсы партияның адамы Күнту алады. Бірақ мұнымен партия таласы бәсеңсімейді де әрі жаңағы қарсы жақтың Абайды ықтырып, Ырғызбай нәсілін тәубесіне бір келтірсек деген үміті де ақталмай қалады.

Мынаған қараңыз, 1884 жылғы сайлаудың дүрбелеңі 1886-87 жылғы сайлауға дейін толас таппаған. 1933 жылғы «Абайдың туысы мен өмірі» атты еңбегінде Мұхаң: «1884-85-86 жылдар Абай өмірі түгелімен алыспен өтеді» деп жазады. Абайдың белгілі өлеңінде өзі туралы: «Айлаға, ашуға да жақтым шырақ» деуі де, әсіресе, осы жылдарға қатысты сияқты.

Осы ретте архив деректеріне жүгінелік. Семей әскери губернаторының 1887 жылы 14 желтоқсанда Дала генерал-губернаторы канцеляриясына облыс көлемінде болып өткен болыстық сайлау туралы жолдаған есебі бар. Онда төрт болыс Тобықты елінде 1886 жылы өтуге тиісті сайлау партия таласына байланысты 1887 жылы да аяқталмай қалды делінген. Оның себебін түсіндіре келе, әскери губернатор өзінің ресми есеп беруін былайша қорытады: «...В конце августа, сопровождая Его высокопревосходительство господина генерал-губернатора по области, я имел случай говорить с представителями означенных волостей и путем серьезных внушений старался устранить интриги и окончить возможно скорее выборы. Результатом всего этого было то, что в начале сентября месяца Тобуклинская волость была умиротворены и выбора там окончены» (ҚР ОМА, 15-қор, 1-тізбе, 386-іс).

Сөйтіп, Семей облысы губернаторының жазбасынан Тобықты ішінің 1887 жылдың қыркүйек айында ғана тынышталғанына куә боламыз. Екі жылға созылып, сайлауды уақытында өткізуге мүмкіндік бермеген үлкен партия таласының бел ортасында 29 жастағы Шәкәрім де жүреді. Өстіп келешек ойшыл ақын әкімдік жүйенің қыр-сырына, саясат пен атқамінер адамдардың бір-бірімен қатынасына қанығуға мүмкіндік алады.

Хош, 1886-87 жылғы айтулы айтыс-тартыс пен алыс-жұлыстың салдары қандай?

1886 жылы Семейге корпусной генерал-губернатор келгенде, тағы да істі болып жүрген Абайға оған жолығудың сәті түседі. Бұрынғы уезной Лосовскийдің көмегімен. Сөйлесе келе, корпусной Абайдың ақыл-парасатына көңілі толып: «Сен заманыңнан басың асқан адам екенсің» десе керек. «Сол жерде оязнойға тапсырып, Күнтуді түсіріп, – дейді Турағұл өз естелігінде, – қызметті Шаһкәрімге тапсырмақ қылыпты. Біздің жау жағымыз мұндай төңкеріс болып қалғанын білмей, Абай айдалатын болды деп, Тәңірбердінің жылқысын алған. Сол жерде Күнту түсіп, қызмет Шаһкәрімге тиіп, жылқыны алып, қырып салған ел қатты қазаға ұшырап, берекесі кетіп қалған».

«Күнту түсіп, қызмет Шаһкәрімге тиіп» деуімен Турағұл бізге Шыңғыс болысына болыстық қызмет Шәкерімге тигенін жеткізіп отыр.

Сөйтіп, 1886-87 жылғы қысылтаяңда, атап айту керек, екінші рет сайлаусыз (яғни алдыңғы жолы сияқты «назначение»-мен) Шаһкәрім болыс болып тағайындалады. Бақсақ, он жылдай бұрынғы (1878) сайлауда сияқты бұл жолы да оның кандидатурасын Абай ұсынған.

Шәкәрімнің болыстық қызметі жайлы сөзіміздің жиынтығы: ол 1878-1880 және 1887-88 жылдары қызметінен мерзімінен бұрын түсіп қалған Күнтудің орнына болыс болған. Яғни соңғысы толық мерзімді емес. Демек, Шәкерімнің ел билеген уақытының жиыны 4-5 жылдың айналасынан аспайды. Айта кетелік, Шәкерімнің 1888 жылдан соң болыс болғанын растайтын дерек көздері кездескен жоқ.

***

Көп жылдардан соң, 1917 жылдың соңында Шәкерім Құдайбердіұлының жаңа құрылған Алашорда үкіметінің соты, қазысы болып сайланып, бұл қызметті келесі 18 жылдың күзіне дейін абыроймен атқарғаны аян. Ол кезде ділмар билер де, қажылар да баршылық. Ал, таңдаудың Шәкерімге түскені кездейсоқтық емес. Ол қызыл тілдің шешені әділ би ретінде де, «екінші Абай» ретінде де жалпақ елге танымал еді. Алаш басшылары міне осыны ескерген.

Сондықтан Шәкерімнің шешен болған, би болған кезеңін арнайы қарастырайық. Бұл өзі бір үлкен кезең. Ол 1887 жылдың күзінде өткен «Базаралы-Тәкежан дауы» деп аталған үлкен даудан бастау алады деп есептейміз. Осынау дүбірлі оқиға «Абай жолы» эпопеясының «Кек жолында» тарауында кеңінен суреттелген. Турағұл да жоғарыдағы сөзінде жау жағы Тәңірбердінің «жылқысын алып, қырып салған ел қатты қазаға ұшырап, берекесі кетіп қалған» деп бір ояз елдің атқамінерлерін дүр атқа қондырған осынау айтулы шиеленіске сілтеп отыр.

Бір сөзбен айтқанда, 30 жастағы Шәкерімнің шешен, би, былайша айтқанда, ел құтқарушы атағы осы оқиғадан бастау алған болатын.

Асан ОМАРОВ

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?