Жарияланымдар

Ойрандалған Оразбай әулеті

24 Маусым 2018
5792
0
Ойрандалған Оразбай әулеті
Аса маңызды әрі Оразбай өміріне қатысты күрделі мәселе – Абайдың соққыға жығылуы. Осы сюжет советтік кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін Оразбай образын жағымсыз тұрғыда сипаттауға себеп болып келді

«Тарихты тұлғалар жасайды» деген тәмсіл бар. Бұл, әсіресе ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамына тікелей қатысты бар екендігін тарихи кезең айқындап берді. Саяси дүрбелең жылдары тағдыры талқыға салынған қазақ халқының негізгі арқа сүйер тіректері, қоғамның үйлестіруші күші – қазақтың текті әулеттері, қазақтың байлары болғандығы тарихтан аян.

Қазақтың тарихы мен мәдениетінде, әлеуметтік өмірінде орны бар осындай әулеттердің бірі де, бірегейі – Оразбай Аққұлұлы және оның ұрпақтары немесе әйгілі Оразбай әулеті.

 

Оразбай қажы тұлғасы

Бізге жеткен тарихи мәліметтерге сүйенсек, Оразбай Аққұлұлы 1831 немесе 1837 жылы өмірге келіп, 1921, ал 1922 енді бір деректерде жылы дүние салған екен.

Ел арасында таралған әңгімелерге құлақ түрсек, Оразбай жас кезінде кедей, ұры, ұры ұстаған пысық адам болғанға ұқсайды. Содан Құнанбай ұрлығын қойғызып, бата берген соң байыған деген аңыз да бар. Десек те Оразбайдың шаруақор, епті, ұстамды адам болғандығы анық.

Оразбай өміріне қатысты деректерді зерделегенде, екі айқын мәлімет алдымыздан шығары сөзсіз. Оның бірі – Оразбайдың көп жылқысы, екіншісі – Абайды сабатуы. Екінші дерек ұзақ жылдар бойы Оразбай тұлғасын жағымсыз сипатта көрсетуге себеп болды.

Тарихта болған, тағдыры қарама-қайшылыққа толы Оразбай тұлғасы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы көпшілікке жақсы таныс. Шұнай тауын мекен еткен Оразбайға 3000 жылқы бітіпті.

Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, Оразбай әулетінде 4000-нан жылқы болғандығы көрсетіледі [1].

Оразбай әулеті жайлаған Шұнай тауы

Шұнайдың қойнауы жылқыға толса, Оразбай жылқым түгел деп масайрап отырады екен. Сондықтан «Шұнайым, Шұнайды берген құдайым» деген сөз Оразбайдан қалған дейді ел аузындағы әңгімелерде.

Сондай-ақ Оразбайдың заманында Ертіс бойын қоныстанған орыс саудагерлерімен қалай сауда жасағандығы ел арасында аңызға бергісіз әңгіме болып таралған. Яғни орыс саудагерлеріне бір үйір жылқы сатқан Оразбай бірер күн өткеннен кейін қосшыларына Шұнай тауына шығып «Семей жаққа көз салыңдаршы, шаң көрінбейді ме екен» дейді. Айтқандай-ақ, алыстан будақ-будақ шаң көрініп, әлгі бір үйір жылқының келе жатқандығы байқалады. Өйткені бұл сыры өзіне мәлім құла айғырдың үйірін Ертістен жүздіріп өтіп, Шұнайына аман-есен жеткізетініне бек сенетін көрінеді [2].

Еңбекпен байыған Оразбайдың қонақжайлы мен жомарттығы да ерекше болған екен. Ауылының үстінен қтіп бара жатқан жолаушыны көрсе, шақыртып, мал сойып, күтіп жіберетін болыпты.

Бірде Абай жайлаудағы Мәмбетей Қарамырза ауылына бара жатып Шорқашқан деп аталатын адыр-жоталарда үйездеп тұрған көп жылқының ортасымен өтіп бара жатып, Оразбайдың Кербестісін көреді. Атты айналып қарайды да, өз тобымен Қарасуда отырған Оразбай ауылына соқпай өте шығады. Мұны байқаған Оразбай: «Анау кетіп бара жатқандар кімдер?» – деп сұраса, жылқышылар мән-жәйды баяндайды. Сонда Оразбай: «Енді ол Кербесті маған мал болмайды, Абайдың көзі тиеді. Тез барып кер бестіні ұстап алып, Абайға апарып бер», – дейді. Жылқышы атты жетектеп, Майдақоңырға жетіп қалған Абайлар тобын қуып жетеді де, атты көлденең тартады. Бұл атты ауылыма соқпады деп әдейі жіберіп отыр ғой деп, Абай бүкіл тобымен кері бұрылып, Оразбай ауылына келіп сәлем береді. Оразбай қонақтарын қошемет көрсетіп, құлын сойып, етін биенің сүтіне пісіртіп күтіп аттандырған екен [3].

Оразбайдан қалған жұрт

Оразбайдың жомарттығы мен мәрттігіне қатысты ел арасында таралған тағы бір әңгіме Абай өмірімен тікелей байланысты.

Абай кемеліне келіп, ақылы мен абыройы бар қазаққа мәшһүр кезінде Жетісудың жалайыр елінде жұрт «Жәмеңке аға» деп атап кеткен Жәлменде дейтін абыройлы қария болыпты. Жәмеңке қартайған шағында «арманым, Семей еліндегі Құнанбайұлы Абай ақынды көргім келеді. Ол кісі «Ұят кімде болса – иман сонда» депті. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адамгершіліктің бар сипатын Абай деп білемін» деп, ұлдарын ертіп Шыңғыстауға жол тартыпты.

Алыстан арнайы келген құрметті мейманына Абай жеке үй тігіп, ерекше құрмет көрсетіпті. Абай елінде бір ай жатқан Жәмеңкеге Абай қайтарында: «Аға, бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз» дегенде, Жәмеңке: «Қамысқұлақ атыңды бер» деген екен.

«Қайсы қамысқұлақ атты айтасыз?» дегенде Жәмеңке «Шоқпардай кекілі бар қамысқұлақ» деп басталатын Абайдың әйгілі «Аттың сыны» деп аталатын өлеңін түгелдей жатқа айтып шығыпты.

Абайдың өз қолында, Құнанбай әулетінің жылқыларында дәл осы өлеңде айтылатын сәйгүлік табылмағандықтан, қонағын тағы бір жұма аялдатып, бес болыс Тобықты еліне жіберіп, өлеңдегі сынға саятын ат іздетіпті. Одан да шықпаған соң, өзімен араз, 9 мың жылқысы бар Оразбайға: «Ел намысы – ер намысы болғанда, ер намысы – ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын» деген сәлеммен кісі жіберіпті.

Сәлемді естіген Оразбай: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын» деп, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын 5 қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты.

«Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», – депті.

Үш аттың біреуін көріп тұрып Жәмеңке: «Мынау нақ сол өлеңде айтылатын ат екен» деп ризалығын білдіріпті [3, 240-б.]. Жоғарыда келтірілген екі дерек те Оразбайдың тұлғасын ашуға жеткілікті.

Оразбай құдығы

Аса маңызды әрі Оразбай өміріне қатысты күрделі мәселе – Абайдың соққыға жығылуы. Осы бір сюжет советтік кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін Оразбай образын жағымсыз тұрғыда сипаттауға себеп болып келді.

Оразбайдың Абайды Әбен қажыға сабатуы – 1898 жылдың 18 маусымында болған оқиға. Мұқыр сайлауы өтуі жоспарланған Шыңғыстың Көшбике жайлауында ел билеушілері Абайға тап беріп, соққының астына алады. Мұқыр сайлауы кезінде орын алған бұл келеңсіз жағдайды ұйымдастырушы Құнанбай ұрпақтарымен жауласып келе жатқан Бұғылы болысының атақты байы Оразбай қажы Аққұлұлы еді. Ол Мұқыр болыстығына өз адамдары – М. Әкімғожаұлы мен Ә. Бітімбайұлын сайлатуды көздеді. Бұл туралы Абай Сенатқа жазған хатында Оразбайдың және басқа да ел билеушілерінің бүлікшіл, ел арасына іріткі салу әрекеттерін ашына баяндайды [4].

Алайда, Оразбай Абайға қарсы тұратындай, дала ілімін ойына сіңірген, кешегі Құнанбай заманының заңды жалғасы еді. Бұған Оразбайдың жоғарыда айтқан «Абайдың өзіне қарсы болсам да, ақылына қарсы емеспін» деген айқын дәлел.

1901 жылы Оразбай Абай ауылына келіп Тұрағұлдың қызы Ақылияның шілдеханасына құтты болсын айта келіп, немерелер татулықтың ұйытқысына айналсын деген тілекпен бесік құда болуға өтініш білдіреді. Абайдың өсиеті бойынша Ақылия бойжеткен соң, Оразбайдың немересі Саниязбекке тұрмысқа шығады. Жастардың 1917 жылғы шілде айының 7-сі күні Ойқұдықта өткен некелесу тойында М.О. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылып, қазақтың еуропалық үлгідегі ұлттық театр өнерінің тұңғыш сахнасы ашылады. Абай төңірегіндегі Әуез, Әйгерім, Омархан, Шәкәрім, Көкбай сияқты кісілерді жақын біліп өскен Ақылия кезінде М. Әуезовке көп көмек берген. Абай аулына әр уақытта келіп-кеткенінде А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, М. Дулатовтар Ақыштың қолынан дәм татып, 1918 жылдың қысында Шұнайдың бауырындағы Садыр қыстағында отырған Саниязбек пен Ақылияның үйінде денсаулығы нашарлаған Сұлтанмахмұт Торайғыров бір қыс жатып, қымызбен емделіп қайтады. Абайдың жаңашыл әдеби мектебінің алып өкілдерінің бірі С. Торайғыровтың бірқатар жырлары осы кезеңде жазылған [4, 70-б.].

Ақылия Турағұлқызы мен Сарқытбай Медеуұлы Оразбаев 

Оразбай Абайға қарсылас болды десек те, ақынның дүниеден өткенiн жақын ағайындарының бірі келіп, Оразбайға жайдан-жай, тiптi қуанғандай боп хабарлай салыпты. Оразбай «ой, бауырымдап» боздап жылап кетiп, әлгi пәруайсызды сабай жөнелiптi. Оразбай «Ойбай-ойбай, жетесiз ит! «Абай өлгенше Оразбай қоса өлдi, арысың құлады. Күнiң сөнiп, айың батты!» демейсiң бе, ойбай! Ендi не болдым! Ойбай, Абай, Абай! Мен неге артыңда қалдым!» – деп аңырапты. Бұл жайтты әркім әрқалай тұжырымдауы мүмкін. Бірақ, Оразбайдың Абайға қарсылығымен қатар құрметі де болғанын жоққа шығара алмаймыз.

Оразбайдың ауа-райын алдын-ала болжайтын қасиеті болған екен. 1911 жылы жұт болатынын болжап, жаздай шөп дайындатып, жас тобылғыны шаптырып, маялап үйгізеді. Сонымен қыстан аман шығады. Бұны ескермегендер сабасы керегенің басында қаңырап қалыпты.

Бұл Оразбайға қатысты ел ішінде қаралған әңгімелердің бір парасы ғана.

Сол замандағы жергілікті мерзімді басылымдарда Оразбайға қатысты деректер кездеседі. «Семипалатинские областные ведомости» басылымында: «Семей облысы әскери губернаторы Цеклинскийдің 1887 жылғы қаңтардың 13 күнгі №5 бұйрығына сәйкес Шыңғыс болысының биі Оразбай Аққұловқа барымтаға қатысың бар деп айып тағылып, тергеу біткенше, қызметінен уақытша шеттеттіледі» [5] деген дерек келтіріледі. Көп ұзамай Оразбай ақталып шығады. Оразбай және оның ұрпақтары жөніндегі аталған басылымның 1904 жылғы 43 санында соғыста, қақтығыста қаза болғандар жесірлері мен жетімдеріне қайырымдылық жасағандар қатарында Оразбай Аққұлов мейірімділік қорына 100 рубль, Медеу Оразбаев – 50 рубль, Құсан Оразбаев – 20 рубль, Қасымхан Оразбаев – 20 рубль көлемінде қаржы қосқандығы жөнінде деректер келтірілген.

Оразбай зиратындағы құлпытас

Меценаттық – Оразбай әулетінің қалыптасқан ата дәстүрі десе де болады. Бұны кейінгі жылдардағы ел ішіндегі саяси істерге белсене араласуынан байқаймыз.

Өмірінде ақ пен қарасы қатар жүрген Оразбай кейін Меккеге барып, мұсылмандық парызын өтеп, ел арасында қажы атанған екен.

 

Алаш мұраты жолында

Оразбай әулеті қазақ оқығандарымен ХХ ғасырдың басында-ақ жақын байланыста болды. Қазақтың ауқатты топтары мен зиялы қауымын жақындастырған жағдай – қазақ ұлтының қамы болатын.

Оразбайдың баласы Медеу Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды Алаштың тұлғаларымен жолдас болған.

Әлихан Бөкейхан 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда ауырды деп естіп «Әлекеңдер қазаққа керек адам»  деп тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып отырған [6, 102-105-бб.].

Сондықтан болар, Смахан төре «Әлекеңнің өмірі» деп аталатын естелігінде Тобықты ішіндегі Әлиханның жолдастары қатарында Оразбай баласы Медеудің де есімін атап өтеді [7, 76-б.].

Қос төңкерістен кейінгі саяси өзгерістер тұсында да Оразбай әулеті Алаш тілегінде болды. Семей қаласы қызылдардың қолына өткен уақытта Алаш қайраткерлерінің паналайтын жері – Шыңғысты жайлаған тобықты елінің жуандары болды. Әсіресе, Оразбай баласы Медеудің ауылы алаштықтар тұрақты түсетін қырдағы ауылдарының бірі болған. Бұлай деуімізге себеп жоқ та емес. Мәселен, мұрағат құжаттарындағы 1930 жылдың 30 ақпанындағы Шыңғыстау даны бойынша бай-кулактардың тізімін қарайтын болсақ, 90 ауқатты тұлғаның барлығына дерлік алашордалық деген атау жалғанған [8].

1918 жылы Семейге Алашорда үкіметі орнығып іске кіріскенде, Алаш қажеттілігіне деп қазақ байлары қаржылай және материалдық тұрғыда көмек көрсете бастады. Әсіресе, Алаш полктарын құру жұмыстары, нақтырақ айтқанда сарбаздарды атпен, ер-тұрманмен қамтамасыз ету тікелей қазақ байларының қолдауы арқылы жүзеге асты. Бұл игілікті іске Оразбай әулетінің де үлес қосқандығын айғақтайтын мәлімет – Белгібайдың қызының оқиғасы.

Алаш жолындағы Абай ұрпақтары: Мекаил Абайұлы, Көкбай Жанатаев, Турағұл Абайұлы

1918 жылы қыркүйек-қазан айларында орын алған бұл оқиғаның өрбуін Қайым Мұхаметханов былай суреттейді: «Қаланың Белгібай дейтін байының қызы тобықтының үлкен бір байының баласына (Оразбайдың туысы) айттырылып, қалың малы төленіп қойылған екен. Қыз Қабдолла Қоскеев деген мұғалім жігітпен көңіл қосып қашып кетеді. Байдың балалары мұғалімді ұстап алып, соққыға жығып қамап тастайды. Алашорда басшылары осы істің төрелігін айтуды Шәкерімге тапсырып, қыз айттырылған жеріне баратын болсын дейді. Шәкерім істің барысын зерделеп, қыз бен жігіт бір-бірін сүйіп қосылғанына көзі жеткен соң, екеуі қосылсын деген шешім шығарады. Бұған халық риза болғанымен, байлар мен алашордалықтар наразы болады. Бұл істің бұлай шешілгеніне қарсы болған бірден-бір адам – Оразбай:  «Мен Алашқа қырық жылқы бергем, жесірімді қайтарып берсін, әйтпесе кетісемін», – деп қыр көрсетеді» [9].

Осы істен алаштықтар мен Оразбай әулеті арасындағы тығыз байланысты аңғарсақ, екіншіден, Алаш тілегі жолында олардың тұрақты қолдау білдіріп отырғанын байқау қиын емес. Дәл осы кезеңде аталған екі топ та бір-біріне тәуелді еді. Сүйгенімен қосылып қашып кету төңкеріске дейінгі кезеңде де болған. Бірақ, ру ақсақалдары мен билерінің талқысына салынып, реттеліп отырған. Және де халық олардың шешіміне мойынсұнатын еді. Ал жоғарыда аталған оқиғада халықтың екі жасты қолдауы – Қазан төңкерісінен кейінгі теңдік ұранының таралуымен байланысты орын алып отыр. Сондықтан ел ішінде тұрақтылықты сақтау үшін һәм ауқатты топтардың қолдауын қажет еткен Алаш қайраткерлерінің қандай ұстанымда болғандығы түсінікті. Айта кетерлігі, Шәкерім төрелік айтатын Белгібайдың қызының соты Қаражан байдың үйінде өткен.

Медеу 1922 жылы Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен Қыдыр тауының бауырында Ақтан бұлағының басында өз қаржысымен Семей қаласынан түйемен қызыл кірпіш тасытып мектеп салдырған. Негізінен мектепте сол уақытта Семей уезінің Мендеш және Бос болыстарынан оқушылар жиналған. Бұл екі болыс елдегі бірінші рет жаңа типпен салынған 8 класс үйі, 3 мұғалім тұратын жатаханасы бар, төбесі қаңылтырмен шатырланған жақсы мектеп болған. Медеудің тағы бір көрегендігі, мектепті Оразбайдың әулеті тұратын Шұнай тауының бөктерінен емес, қайта 20 шақырымдай алыс жерге кедей кепшіктерге оқуға қатынасуға ыңғайлы болуы үшін Ақтан бұлағының басына салғызған. Мектепте сабақ берген мұғалімдердің жалақысын да өзі беріп, мұғалімдердің жатаханасына қыста соғым сойып отырған. Жалпы бұл мектеп 1932 жылға дейін талай жалшы, кедей орташалардың балаларының көзін ашқан. Осы мектепте Семей қаласынан келген Мария Александровна деген орыс әйел мен ерлі-зайыпты Андрей, Мария Оконечниковтар орыс тілінен сабақ жүргізген. Сонымен бірге Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкір Әбенов сияқты халқымыздың белгілі тұлғалары да осы мектепте ұстаздық еткен. Отызыншы жылдардың орта шенінде байдың салғызған мектебі деп шолақ белсенділер Ақтанбұлақ мектебін бұзғызып тастаған, кейінгі Ұлы Отан соғысы жылдарына дейін мектеп пешінің мұржасы қалқиып тұрғаны айтылады [10].

 

Оразбай ұрпақтарының тағдыры

Совет үкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде қазақ даласында жүзеге асырылған саяси және экономикалық науқандар қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесі мен мәдени құндылықтарын күйретті. Совет билігі іске асырған саяси өзгерістерге қарсылық шекералық аудандарда шекара асып көшу арқылы көрініс тапса, орталық аудандарда қарулы көтерілістерге ұласты. Мәселен, Семей губерниясында Абыралы, Шұбартау Шыңғыстау көтерілістері ауқатты топтардың ғана емес, бұқара халықтың да қолдауына ие болды. Оразбай әулеті Шыңғыстау көтерілісінің ту ұстаушыларының бірі болды.

1931 жылы ақпан айында Абыралы, Шұбартау және Шыңғыстау аудандарында болған шаруалар қатысты және кеңес өкіметін құлатып, жаңа өкімет құрмақшы болған бандылар тобының бас көтерушісі ретінде айыпталып Оразбаев Медеу мен оның екі ұлы Медеуов Саниязбек (суретте) пен Медеуов Сләмқайдар қамауға алынады. Негізінен Шыңғыстау көтерілісінің жетекшісі ретінде 200 адамды басқарған Медеуов Саниязбек бен Торайғыров Емілжан деген азаматтар болған [11].

Медеу Оразбаев, Санияз Медеуов және Сләмқайдар Медеуов 1931 жылы 8 сәуірде тұтқындалып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 мамырда БМСБ (ОГПУ) өкілетті өкілдігінің жанындағы үштіктің шешімімен ату жазасына үкім етілді. 1993 жылдың 14 сәуіріндегі Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес, 1999 жылдың 2 желтоқсанында Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының шешімімен ақталды [12].

Саяси себептерге байланысты әулет тағдыры күйреуге ұшыраса да, аман қалған ұрпақтары қанмен берілген тектілік дәстүрді одан ары жалғастырды. Қабыш Медеуұлы (суретте: оң жақтан бірінші) – 1906 жылы мамыр айының оныншы жұлдызында дүниеге келген қазақ совет хирургы. 1937 жылдан медицина ғылымдарының кандидаты. Том медициналық институтын 1931 жылы бітірген. 1931-1932 жылдары Түркісіб темір жолының тоғысқан жерінде Талдықорған облысының Айнабұлақ станциясында дәрігерлік бөлімше меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1933-38 жылдары академик А.М. Сызғановтың клиникасында қызмет атқарады. Кейіннен Алматы қалалық ауруханасының хирургия бөлімінде ординатор, медицина институтының жалпы хирургия кафедрасының ассистенті, хирургиялық госпитальдың бас хирургы қызметтерін атқарады. Қабыш Медеуұлының ғылыми еңбектері қалқанша бездің қызметін реттеуге және қан құю мәселелеріне арналған. Өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақтың эксперименттік хирургия институтында қарынның ойық жарасын хирургиялық тәсілмен емдеу жөнінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

1938 жылы наурыз айында Қабыш Медеуұлы «халық жауының», «тап жауының баласы» деп және «совет өкіметіне қарсы жиындарға қатысты» деп айыпталып, Сібірге жер аударылады. Красноярскдегі еңбекпен түзеу лагерінде хирург-дәрігер қызметін сол жақта да жалғастырады. 1943 жылы жанұясын өзінің қасына шақыруға рұқсат алады. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан соң Алматы қаласына оралуына мүмкіндік алады. Бірақ та соғыс жылдарындағы ауыр тауқымет кеудесіне жара салып, өкпе құртынан айықпай, 1946 жылы сәуір айында қаза болады. Қабыш Медеуұлы жайында толығырақ жазудағы бір себеп, Әбдіманап Медеуұлы өзінің Әлкей Хақанұлы Марғұланмен кездесуіне және археология ғылымына келуіне де осы ағасы себепші болғанын айтады [13, 26-27-б.].

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев – Оразбай қажының немересі. Ең алғаш үлкен ағасы Саниязбек пен жары Ақылиядан қара танып, сауатын ашқан.  Әулет басына түскен тауқыметті еңсере жүріп, 1941 жылы ҚазПИ-дің Тарих факультетіне оқуға түскенімен, желтоқсан айында әскер қатарына алынып, Омбыдағы әскери училищені бітіргеннен кейін, майданға аттанады. Сталинград майданында Щорс атындағы 45-нші атқыштар дивизиясының 110 полкы 3-нші минометшілер ротасының командирі болады. Сталинград майданында жараланып, 1943 жылдың 19 ақпанында қайтадан қатарға қосылады. 1945 жылдың мамыр айынан 1946 жылдың қаңтарына дейін Совет армиясының «СМЕРШ» барлау тобының арнайы бөлімшесінде қызмет етеді.

1946 жылдың қыркүйегінде елге оралып, С.М. Кирова атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқуын жалғастырып, кейін Ленинград университетінің археология бөліміне ауысады. 1958 жылы «Солтүстік Қазақстанның қола дәуірі» тақырыбында М.П. Грязновтың жетекшілігімен Ленинградта кандидаттық диссертация қорғайды. Сонымен қатар Әбдіманап Медеуұлы қазақтың кәсіби тұңғыш археологы болып саналады. Және де Қазақстанда алғаш рет 1971 жылы Қазақ университетінің тарих факультетінде ашылған археология және этнология кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады.

Әбдіманап Медеуұлы – қазақ археология ғылымында терең із қалдырған көрнекті ғалымдардың бірі.

Әлкей Оразбаев пен Мәлиза Біләлқызы Оразбаева

Түйін

Тектілік негіз қашанда жарып шығады. Бұл қазақ тарихындағы текті әулеттердің өмір тарихынан белгілі. Осы шағын зерттеуімізге арқау болған Оразбай әулеті, міне, осының айқын мысалы. Бүгінде ел арасында таралған тарихи әңгімелер мен аңыздар, тарихи деректер Оразбай ұрпақтары жөніндегі кең көлемді зерттеу еңбегіне негіз болатын болса, Оразбай қонысы, Ақтанбұлақтағы Медеу салдырған мектеп, шұрайлы Шұнай тауы, Оразбай құдығы, Оразбай бейіті сынды тарихи нысандар жергілікті туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Материалы по киргизскому землепользованию. // Семипалатинская область. Семипалатинский уезд. Том Х. СПб, 1909.-146-153-бб.
  2. Дәулет Сейсенұлы. Оразбайдың Медеуін білеміз бе? // Егемен Қазақстан. 24 шілде, 2013 ж.
  3. Молдабек Жанболатұлы. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі. 520 б.
  4. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. 720 б.
  5. Семипалатинские областные ведомости. – 1887. – 17 января.
  6. Бөкейханов С. Әлекеңнің өмірі. // Жұлдыз,1996.№ 3. – 100-111 бб.
  7. С. Бөкейханов. Өткен күнде белгі бар: мемуарлар жинағы. – Алматы, 2016. – 2016. 336 б.
  8. Шығыс Қазақстан олыстық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы. 74 қор, 1а тізім, 26 іс.
  9. А. Омаров. Шәкерімнің өмірбаяны. Алматы. 2007. – 250 б.
  10. Оразбеков Қ. Ақтанбұлақ аты берілсе.// Семей таңы. 1992 .№ 2 -3-4 бб.
  11. Омарбеков. Т. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері. Алматы: «Қазақпарат», 2001 – 404 б., 196 б.
  12. Мемориал. Жертвы политического террора в СССР // http://lists.memo.ru/index.htm
  13. Ұ. Ұмітқалиев. Қазақ археологиясындағы Ә.М. Оразбаев тұлғасы. Монография. – Алматы: Эверо, 2015. – 224 б.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?