Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хошиминдегі қазақ

2225
Хошиминдегі қазақ - e-history.kz
Бұл іссапарда біз өмірден өзін іздеген Ғалым есімді қазақпен таныстық. Вьетнам қызға үйленген қандасымыздың өмірі мен мұң тербеген сыры жайлы айтпақпыз

«Қиырдағы қазақтар» жобасының аясында Вьетнам еліне бет алдық. Жоба демеушісі Оралбек Қожамжарұлы ұйымдастырған сапар аясында Астана-Бангкок-Хошимин әуе рейсімен он сағат сапар шегіп, бұрын Сайгон аталған шаһарға жеттік.

Қала үлкен көрінді. Шамамен 10 млнға жуық тұрғыны бар қалада бизнес пен сауда-саттық жақсы дамыған. Оның үстіне портты қала болғандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Сондықтан болар, біз бірінші қандастарымызды іздедік.

Хошиминдегі қазақ саны тым көп емес. Соның ішінде біз бизнеспен айналысып жүрген Ғалым есімді бауырымызға қоңырау шалып, кешкісін кездеспекке уағдаластық.

Алдымда орта бойлы, мығым денелі, жас шамасы 30-дар шамасындағы түр келбеті еуропалықтарға келіңкірейтін жігіт отырды. Қазақы амандық-саулық сұрасып біраз сөйлестік. Туған жері – Қарағанды облысының Жезқазған қаласы. Кеншілер отбасында дүниеге келіпті.

– Бет-әлпетім қазаққа ұқсамауы мүмкін. Анам – белорус ұлтынан. Ал, өзім – орта жүз найман, оның ішінде шағырмын, – деп күлді Ғалым.

Нағыз әлем азаматы. Бұлай жазбауға негіз де жоқ емес. Ғалым Британияда білім алған. Сингапурда магистратура тауысып, һәм Оңтүстік-Азия елдерінде жұмыс істеген. Халықаралық сауда саласының маманы. Еліміздің патриоты. Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді. Екеуара әңгімелесіп отырып осыны байқадық. Ғалымның жұбайы – вьетнам қызы. Екі жастың дәм-тұзы Сингапурде жарасып, Хошиминге қоныс аударады. Бүгінде бір ұлдары бар.

Ғалым Сингапурда

– Ұлыңыздың есімі кім? – деген сауалыма: – Кәрім. Биыл 4 жаста, – деген жауап естідім. Қойын дәптерімдегі жазудан бас көтеріп, Ғалымға қарасам, көзін тым алысқа салып ойланып отыр екен. Ойын бұзбай вьетнам кофесін ұрттап қойып, мен де үн-түнсізқалдым. Бразилиядан кейін кофе өндіруден екінші орынға шығып кеткен Вьетнамда бұл сусынды шайдан кем ішпейді. Мұзбен, тұзбен, түрлі жеміспен әзірлеп, патша көңіліңізге сай дайындап береді.

– Жуырда елден жігіттер келеді. Қазы мен құрт әкеледі. Асыға күтіп жүрмін. Білесің бе, Олжас, елді қалай сағынғанымды?! Кейде Жезқазғанды есіме аламын. Ең алғаш кәсібімді бастаған кенді, бірге жұмыс істеген дос-жарандарымды сағынамын. Елге бармағаныма екі жыл болыпты. Вьетнамда күн жылы. Өзің көріп отырсың, мұнда қысы-жазы жеңіл киіммен жүре бересің. Елдегі ағайын-туыс, дос-жарандарым менің өмірім рахат деп ойлайды. Мүлде олай емес.

Ғалым жұбайымен

Хошимин – дәл мұхиттың жанында орналасқан қала. Көлікпен бір сағат жүрсең, жағалауға жете жығыласың. Шынымды айтсам мұхит көрмегеніме 1,5 жыл болыпты. Жат елдегі өмір оңай емес. Күніге арпалыс, күніге жанталас. Құр отырсаң, аш қаласың. Вьетнамдықтар жұмысқа пысық, еңбекқор болғандарымен, кей-кездерде үн-түнсіз жұмысқа салғырт қарап, бәрін тастап кетулері де мүмкін. Амалсыз бәрін басынан бастауға тура келеді.

Хошиминдегі қазақ отбасылары жақсы қарым-қатынастамыз. Өзара араласып-құраласып жиналып тұрамыз. 54 ұлт мекендеп, 103 тілде сөйлейтін елде жұтылып кетпей отырмыз. Әйтпесе, не істерімді білмес едім – деген сөзіне де іштей қосылып қағазымды шимайлай бердім.

– Ғалым аға, айтыңызшы, балалық шағыңызда, бозбала кезіңізде, тіпті жігіт шағыңызда «вет елінен қыз алам, Хошиминде кәсіппен айналысып, елден жырақ кетеміз» деп ойладыңыз ба?

–Жоқ, бауырым. Мүлде ойламадым. Бірақ тағдырға не жазса, соны көреді екенсің. Алғашқы мамандығым инженер-жоспарлаушы еді. Жезқазған қаласындағы университет тауысып, кеніште еңбек еттім. Бала кезімнен сызуды жаным сүйетін. Сондықтан бастапқыда жұмысыма беріліп істедім. Айлығым аз болса да күн-түні өзімді аямадым.

2006 жылдары Лондонға тіл үйренуге кеттім. Ағылшын тілін меңгеріп, сол жақта қонақ үй саласында бағымды сынадым. Елге келіп, бизнестің маңында біраз жүріп, магистратура оқуға Сингапур аттандым. Оңтүстік-Азия елдерінде жұмыс істедім. Сол жақта жұбайыммен отбасын құрдық. Үйлене салып, бірден Вет еліне көшіп кетпедік. Әуелі Астанада тұрдық. Өзім ұлттық компаниялардың бірінде жұмыс істедім. Жұбайым Қазақстан-Вьетнам біріккен кәсіпорнында қызмет етті. Кейін өмір ағынымен осында көшіп келуге мәжбүр болдық.  Әзір елге қайту жоспарда жоқ. Түбінде ораламын-ау бәрібір.

Үйлену туралы мәселеге келсек, ата-анам қарсы болмады. Теңіңді тапсаң болды, біз ризамыз деген, бұл сұраққа қайтып бас ауыртпадық.

Алайда, айтарым – қазақстандық жастар өз қандастарымызбен отбасын құрса деймін. Тілі мен діні бөлек ұлт өкілімен көңілің жарасқанда кездесетін қиыншылықтарды басына түскен адам ғана түсінсе керек-ті.

– Ұлыңызбен үйде қай тілде сөйлесесіздер?

– Өкінішке қарай, ағылшын және вьетнам тілдерінде сөйлесеміз. Өзім де жас күнімнен қазақшамды жетілдіре алмадым. Өскен ортам, айналам түгел өзге тілді болды. Қазір жасым келіп, оң-солымды таныған соң барып, өткенімді түгендеп жатырмын. Жасырып қайтейін, қазақ тілін үйреніп жүрмін. Аптасына екі-үш күн отырып, сөз жаттаймын, кино көремін, жаңа шыққан әндерді тыңдаймын.

Қайбір жылы елге барсам, әкейден біздің рудың шежіресін көріп қалдым. Жауапты кісілерге барып, Кәрімді де қосқыздым. Ертең елге барғанда іздеп барып, ол өзінің ұлын қосқызса, арман не? Әттең, жат елде жүріп, ұлым өз тегін жоғалтып ала ма деген қаупім де жоқ емес.

Жаңа бір сөзімде құрт пен қазыға тапсырыс бердім деп айттым ғой. Ұмытып барам ұлыма арнап, асық та алдырдым. Қаланың қазағымын. Бала күнімде асық ойнап, сақа шиіріп үйреткен адам болмады. Енді соның бәрін ұлыма үйретпекпін.

– Вет еліне күйеусіз. Қазақтармен қандай ұқсастық-айырмашылықтары бар? Жалпы, Хошиминдегі өмір қалай?

– Қызық сұрақ. Байқағаным, вет деген халық өте еңбекқор келеді. Отбасылық құндылықтарын сақтап отыр. Мысалы, үлкенге деген құрмет, әулетке деген сыйластық, қиын сәтте бір-біріне қолдау тұрғысынан бізге ұқсас жақтары жеткілікті. Бірақ қазіргі толқын тым сирек бас қосады. Тек қана мейрамдарда болмаса, былай бір-бірлерін іздеп, бас қосулары азайып барады.

Осы елде тұрып жатқаныма 6-7 жыл болды. Сол уақыттан бері көңілге түйгенім осы еді. Тек Жаңа жыл уақытында бір айлық демалыс алып ауылдықтар қалаға, қалалықтар тиісінше ауылға барып, бір-біріне сый-сияпат жасап жатады. Басқа уақытта күнкөрістің қамы. Өйткені 92 млн халықтың арасында күн көру оңай шаруа емес. Өзімнің де басымнан өтіп жатқан жайт бұл.

Хошимин туралы сауалыңызға келсек, бұл қаланы «Азияның Парижі» деп те атайды. Портты қала. Сондықтан да сауда-саттық пен алыс-беріс өте жақсы дамыған. Өздеріңіз білесіздер заманында бұл жерді француздар отарлаған, соның әсері болса керек, қала архитектурасында батыстық стильдер әлі күнге байқалады. Күннен күнге туризм саласы күрт дамып келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің санында есеп жоқ. Естеріңізде болса, 2008-2009 жылдары әлемді есеңгіреткен дағдарыстың дүмпуін вьетнамдықтар сезген де жоқ. Қалада 170-ке жуық базар күні-түні жұмыс істейді. 8 млнға жуық тұрғыны бар қалаға мұның өзі аз болса керек-ті.

– Ғалеке, осы өмірде арман-өкінішіңіз бар ма?

– Бар, бауырым, бар. Қандастарымыз бауырларымызға үйленіп, Қазақстанда өз армандарын жүзеге асырса деймін. 35 жасқа келіп түйгенім, бақытыңды басқа жақтан емес, өз жұртыңнан іздеу керек екен. Және тағы бір нәрсені айтайын: қазақтың қара көзді сұлуларына ешбір елдің арулары тең келмейді. Бұл ақылды жоғарыда айтылған жайтты басынан өткізген адам ретінде айтып отырмын. Сондықтан да, бауырларым, «өзге елде сұлтан болғанша, өз елдеріңде ұлтан болыңдар».

Жас күнімде тек экономика, маркетинг секілді салаларға қатысты еңбектерді көп оқыппын. Қазақша әдеби еңбектерді сирек қарадым. Оның үстіне орысша, ағылшынша кітап қарағандықтан қазақ тілі шетте қалып жатты. Енді осы кемшіліктердің орнын толтырып, ізденіп жүрген жайым бар.

Сұхбат соңындағы Ғалымның аманаты: «Қазіргі жастарға айтарым әуелім қазақ тілін меңгеріңдер. Қалған тілдерді сосын үйрене жатасыңдар. Орысша оқып, ағылшынша білім жетілдірген қазақтың өкініші осы деп біліңдер! Кеш те болса, қазір күн сайын қазақ тілін үйреніп жатырмын. Қиын бірақ, амал не? Өз тегіңді білмей, алысқа шаппайды екенсің. Осы айтарым! Қазақ болыңдар, қазақша оқыңдар!»

P.S. Ғалым бауырымызбен сұхбат орыс тілінде жазылып, қазақшаға еркін аударылған соң, кейіпкердің келісімімен екі тілде жарияланып отыр.

Астана-Хошимин-Ханой-Хошимин-Астана

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?