Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Сәкен тағылымы» конкурсының нәтижесі шықты

1404
«Сәкен тағылымы» конкурсының нәтижесі шықты - e-history.kz
Биыл ұлтымыздың арда азаматтарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл. Айтулы мереке Астана төрінде атап өтілді.

Сәкен — сегіз қырлы, бір сырлы қайталанбас тұлға. Оның ақындық қуаты мен композиторлық биігі-де жас ұрпаққа үлгі. Осы негізде Астана қаласында аталған мұражайдың тікелей ұйымдастырумен дәстүрлі «Сәкен оқулары» байқауы өтіп жатады. Бұл шара биыл да өз ізінен жаңылмады. Астана қаласы бойынша 70-тен астам мектеп қатысып, 100-ге таяу жас ұрпақ төрт номинация бойынша бақ сынады.

Сәкеннің ақындық қырын ашатын «Сыр сандықты ашып қара» номинациясы бойынша жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар сараланды. Ақынның өлеңін мәнерлеп оқуда алдына жан салмаған № 40 мектептің 9- сынып оқушысы Еманғалиева Камила болды. № 6 мектеп-гимназиясының 11- сынып оқушысы Мусханов Дмитрийдің тілі жатық, өлеңді шынайы оқығандығы үшін екінші орынды иеленді. Ал № 48 орта мектептің 7-сынып оқушысы Мықтыбек Әділ үшінші орынды еншілесе, ынталандыру сыйлығымен № 24 орта мектептің 7-сынып оқушысы Маққаби Фариза марапатталды.

Сәкеннің ақындық қырымен бірге қаламгерлік қуатын әйгілейтін «Қазақты қазақ дейік» прозалық шығармаларынан үзінді оқу номинациясы бойынша оза шапқандар № 37 мектептің оқушысы Орынбасарова Әйгерім — бірінші орын, № 63 орта мектеп оқушысы Елемес Ерболат — екінші орын, № 70 мектептің 7-сынып оқушысы Қуаныш Жақсылық үшінші орынға табан тіреді. Ынталандыру сыйлығы № 66 мектептің 7-сынып оқушысы Ахметқалиева Айгерімге бұйырды.
«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» номинациясы Сәкеннің әндеріне арналды. Бұл топтан 1-орынға № 62 мектептің 8-сынып оқушысы Қадырберген Елнұр, № 67 мектептің оқушылары Тамирлан Исмакатов пен Раушан Кеңшілік қос дауыста ән шырқап 2-орынға ие болды. Ал үшінші орынды әсем әуенімен № 42 орта мектептің 8-сынып оқушысы Шакизинов Абылайхан алды. Ынталандыру сыйлығын № 53 мектептің оқушысы Азат Инабат иеленді.

«Сәкеннің аманаты» номинациясы бойынша сахналық көрініс көрсеткен № 38 мектептің оқушысы Жашкеев Қуаныш бірінші орын алды. 2- орынға № 71 мектептен келген «Маска» тобы ие болды. Ал 3-орынды № 9 «Зерде» мектебінің 8-сынып оқушысы Жұмағұлов Марғұлан қанжығсына байлады. Ынталандыру сыйлығын № 48 мектеп-лицейінің оқушы Тілеу Аружан алды.
Әділдікті ту еткен комиссия құрамында, Сәкеннің нағашы қарындасы Асылгүл Әбішева, жазушы Талағат Кеңесбай, және Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері Әйгерім Мақажановалар болды. Комиссия төрағасы — ақын Дәулеткерей Кәпұлы.

Игі шараның соңы әдеби-музыкалық концертке ұласты. «Астана» ұлттық сурет галереясының концерт залында өткен кешті ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Н.Айтұлы ашты. Осы кеште Сәкенге бар ғұмырын арнаған, Сәкен жайлы том-том зерттеу кітаптарының авторы, қазақтың қазіргі абызы, ғалым Тұрсынбек Кәкішқлы арнайы сөз алды. Астана қаласы әкімдігіне алғыс айта келіп, осындай ұлы мерекені тойлауға еңбек еткен Сәкен Сейфуллин мұражайының ұжымына ризалышылығын білдірді.

Сонымен бірге Сәкен Сейфуллин мұражайы құрастырған «Сәкен Сейфуллин мұражайы» альбомы мен «Сұңқар Сәкен» кітабының, Амантай Кәкеннің «Сәкен тағылымы» кітабы сондай-ақ, атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы құрастырған Сәкен Сейфуллин шығармаларының 13 томдығының тұсаукесері өтті. Сауық-кеш Сәкеннің әнлдеріне арналды. Республикаға танымал дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Ержан Базарбеков, Клара Төленбаева, Дәурен Әркенов, Қанапия Жүкенов, Мерует Башай ән шырқады. Концерті, ақын, актер, дәстүрлі анші, Сәкен Сейфуллинді насихаттаушы Қанат Жүнісов жүргізді. Сәкен рухына тағзым ете келген қадірлі қонақтарға қонақасы берілді.

Қабиден Қуанышбайұлы, Сәкен Сейфуллин мұражайының қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?