Келесі кезекті университет студенті Хадис Бибігүл скрипкада «Жезкиік» күйін нәшіне келтіріп орындады.
Іс-шараға арнайы келген қонақ ҚР СІМ Азия, Африка департаментінің директоры Арыстанов Бахыт сөз алып, Абайдың:
«Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғынкөпшалдырған.
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген өлеңімен қорытындылады.
Солдан оңға қарай: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Б.Сомжүрек, Юнус Эмре орталығының директоры Ибраһим Иылдырым, Сайлау Батыршаұлы, ҚР СІМ Азия, Африка департаментінің директоры Арыстанов Бахыт, Сәулекүл Сайлауқызы, Ақбота Жолдасбекова.
Атаулы іс шараға арнайы келген ҚР СІМ Дипломатия институтының директоры Сәулекүл Сайлауқызы сөз алып, қазақ тарихындағы тұңғыш Төтенше және өкілетті Елші жайлы көптеген келелі сөздер айтты.
Келген қонақтарға арнап ортаға шыққан университет студенті Мұхтар Сырым Құрманғазының «Балбырауын», Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін күмбірлете тартты.
Сондай ақ орталықтың ашылуына арнайы қонақ ретінде Астанадағы Юнус Эмре орталығының директоры Ибрагим Иылдырым қатысып отырды.
Оқырмандарға ақпарат ретінде ұсынсақ.
Нәзір Төреқұлов-Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елші, ғалым 1892 жылы Түркістан маңындағы Қандоз деген жерде туған.
1904 жылы Нәзір мектеп қабырғасынан бітіреді.
1906 жылы шет аймақтағы өзге ұлт өкілдеріне арналған орыс училищесін бітіреді.
1914 жылы Қоқандағы 8 сыныптық коммерциялық училищені бітіреді. Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1914-1916 жылдары ол Мәскеу коммерциялық институтындағы экономика факультетінің үш курсын аяқтайды.
1916 жылы қазақтарды қара жұмысқа жегу үшін майданға аттандыру жөніндегі жарлыққа қарсы наразылық акциясына қатысады. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс патша үкіметі дегеніне жетіп тынады, солайша ол Батыс майданнан бір-ақ шығады. Сол жақта жүріп Минск маңында «Еркін дала» деп аталатын астыртын ұйым құрады. Оның құрамына майданға шақырылған Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өкілдері тегіс кіреді. Бұл ұйымды құрудағы мақсат – ұлт-азаттық күресте Шығыс халықтарына көмектесу еді.
1917 жылы Н.Төреқұлов саясаттың қазанында қайнап, қайраткер дәрежесіне дейін көтеріледі. Ол алдымен солшыл эсерлермен бірге болады.
1918 жылдың қазан айында РКП(б) мүшесі атанады. Қызыл армияды қатарына кіреді.
1918-1919 жылдары ол Қоқанда уездік атқару комитетінің хатшысы, оқу-ағарту комиссары, білім беру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді.
1920 жылдан бастап Ташкентте бірқатар мемлекеттік лауазымды қызметте болады. Атап айтсақ: «Иштрати Июн» газетінің редакторы, өлкелік мұсылман бюросының қызметкері болады.
1920-1921 жылдары – Түркістан оқу-ағарту наркомы, 1921 жылдың қыркүйек және қараша айларында – Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы, БКП(б) Орта Азия бюросының мүшесі;
1921 жылдың қараша айынан 1922 жылдың наурызында – Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. Ол төраға ретінде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырып, Құрбан айт күндерін демалыс деп жариялайды.
1921 жылы “Қызыл байрақ” журналында “Ислам және коммунизм” атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға берді.
1922 – 1928 жылы Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Коммитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметке кіріскеннен кейін В.И.Лениннің қабылдауында болып, автономия алған халықтардың тілін мемлекттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін жасау жөніндегі комиссияға төрағалық етіп, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді жақтады. Орталық баспа басқармасының төрағасы ретінде қазақ тілінде “Темірқазық” атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты.
1928 – 1932 жылы Хиджазда бас консул болды.
1932 – 1936 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып қызмет етті
1932 жылы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл Саудтың КСРО-ға ресми сапарын ұйымдастырды.
Төреқұлов Нәзір елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық рәсімін орындады.
1936 жылы КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зертханалық институтына қызметке орналасты.
1937 жылы шілдеде “халық жауы” ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді.
Нәзір Төреқұловтың жазықсыз жала құрбаны болғанын естіген Сауд королі 1939 жылы дипломатиялық каналдар арқылы КСРОға басқа Елшіні көргісі келмейтінін жеткізген екен. Сол жылы үзілген дипломатиялық қарым-қатынас тек 1992 жылы ғана жалғасқан екен.
Төреқұлов Нәзір елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық рәсімін орындады.
Олжас БЕРКІНБАЕВ