Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Уәлихан Қалижан: Тарихты тұлғалар жасайды

2885
Уәлихан Қалижан: Тарихты тұлғалар жасайды - e-history.kz
ҚазҰУ-де өткен І Халықаралық «Әбу Насыр Әл-Фараби: дәуір сұхбаттастығы» форумы аясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,профессор Уәлихан Қалижанның пікірін білген болатынбыз

Тарихты тұлғалар жасайды. Мемлекеттерді ел тарихында қалған тұлғалар арқылы іздейді. Арада қаншама ғасыр өтіп, Әл Фараби бабамыз қазаққа қайта оралды. Отырардан шыққан ұлы тұлғалардың ішінде Фараби есімі ерекше аталады. Әл Фараби Аристотельден кейінгі екінші ұстаз.

Өркениеттердің тоғысуында ең алдымен шығыстық ренессанс жатыр. Бүгінгі форум жұмысындағы пленарлық отырыста Олжас Омарұлы шығыстық қайта өркендеу мәселесіне жақсы шолу жасады. Армин Вамбери секілді танымал шығыстанушы ғалымдардың зерттеу еңбектерінде  ең әуелгі қайта өркендеу, шығыстан мұсылман әлемінен бастау алатындығы жазылған. Сол замандағы шығыс тұлғаларының ішіндегі Әл Фарабидың алар орны ерекше. Оның азаматтық саясат, бақытқа жету жайында, теология, ғылымдардың жіктелуі жайлы сөз, музыка туралы үлкен кітаптары халқымыздың асыл мұрасы ғана емес, бүгінгі ғылыми айналымға қажетті дүниелер. Арада қаншама ғасыр өтсе де ұлы ойшыл мұрасы заманауи тақырыптармен үндес.

Өмірге философиялық тұрғыдан қарасақ, бүгінде ғылымда философия ғылымдарының докторы деген атақ беріледі. Философия ғылымдардың жиынтығы.

Әл Фараби мұрасын жіктеп қарайтын болсақ, ол әдебиет теориясының негізін қалаған. «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» дейтін кітабында поэтика бөлімі бар. Бөлім бойынша әдебиет теориясын үш жікке бөліп қарастырған. Бірінші жай, күрделі, өлең өлшемдерінің тізбегі, арабтардың «сабаб», «уатад» гректердің «буын», «стопа» деп аталатын түрлер мен өлең өлшемдерінен туатын әріптердің өлеңде орналасу тәртібі жазылған. Сонан соң өлеңдер мен жартылай өлеңдердің өлшемдерін зерттеу, олардың қанша буыннан тұратыны, әрбір өлшемдегі бәйіттің санын анықтау, толық өлшемдердің айырмасын ажыратады. Екінші әрбір өлшемде өлең соңындағы ұйқасты қарастырады. Бір және көп формалы екендігін зерттейді. Қандай өлеңдегі ұйқас басынан аяғына дейін қалай сақталатынына, қанша дыбыстан тұратынына,  назар аударған.  Көп дыбысты ұйқастарды зерттеген. Үшінші өлеңдерде қолданылғанымен қара сөзге келмейтін сөздерді зерделеген. Тіл туралы ғылымның әрбір бөлімінің мазмұны осындай.

Әл Фараби мұрасын зерттегенде оның еңбектерінде философиялық толғамдарды ғана емес, әдебиеттің, тілдің күрделі мәселелерін бірінші болып көтергенін білеміз. Қайталап айтар болсам әдебиет теориясының негізін бірінші Әл Фараби қалады. Осы теория негіздерін кейінірек Еуропа ғалымдары қолданып, бертін келе Ресейлік ғалым В.М.Жирмунский жоғарыда айтылған негізге сүйене отырып әдебиет теориясын жазып шықты. Қажым Жұмалиев, Зейнолла Қабдолов секілді тілтанушы ғалымдар өздерінің еңбектеріндегі әдебиет теориясына Әл Фараби мұрасын негізге алды. Қазақ әдебиеті тарихында Әл Фарабидың өзіндік алар орны бар.

Еліміздегі білімнің қара шаңырағы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ 80 жылдық мерейтойына орай  Әл Фараби оқуларының өтуі ұлттық жаңғырумыздың басы. Біз Мәңгілік Ел құрамыз деп жатырмыз, ол үшін біз өткен тарихымызды білуіміз қажет. Елбасымыз жаңылмасам осыдан 14 жыл бұрын «Тарих толқынында» деп аталатын кітап жазды. Кітапта «Мен елімнің басшысы болғандықтан өз халқымның кем дегенде бес ғасырлық тарихын жақсы білуім қажет» деп жазылған.  Сол кітапта Елбасымыз ел тарихын түгендеп, көптеген тың ойлар айтқан. Ал бүгінгі таңда ол ойлар «Халық тарих толқынында» бағдарламасымен қайта жаңғыртылуда. Бағдарламаның құрамдас бөлігі Әл Фараби оқулары. Бұл оқулар арқылы  біз Әл Фарабиды танып қана қоймай, өзімізді әлемге танытамыз деп білемін.

Олжас БЕРКИНБАЕВ 


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?