Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсаукесер рәсімі өтеді

1632

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклоры топтамасының тұсаукесер рәсімін өткізеді.

Шараның басты мақсаты – халқымыздың ұлттық мақтанышы саналатын аса бай фольклорын қалың жұртшылыққа, ел-жұртқа толықтай таныстыру, фольклорымыздың түр жағынан да, мазмұн жағынан да, жанрлары мен көркемдігі жағынан да баға жетпес асыл мұрасын бүкіл жаһанға паш ету.

Қазақ фольклоры – халықпен бірге жасасып келе жатқан зор руханият. Ол – қазақ қоғамы үшін бұрын да, қазір де үлкен мәдени, тарихи тағылымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Баяғы дәстүрлі қоғамда фольклор әрі әдебиеттің, әрі өнердің, әрі педагогиканың қызметін атқарған. Сол себепті фольклорда қазақ этносының дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан.

Фольклор – тек мұра ғана емес. Ол – қазіргі рухани мәдениетіміздің қайнар көзі және ажырамас бөлігі. ХХ ғасырда туып, дамыған профессионалды өнеріміз бен әдебиетіміз осы фольклордан нәр алған. Өткен жүзжылдықта классиктеріміз Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, бүгінде Әбіш Кекілбайұлы сынды атақты қаламгерлеріміз фольклор сюжеттері мен мотивтерін асқан шеберлікпен өз шығармаларына арқау еткені белгілі. Театрымыз да, киномыз да осы фольклордан сусындағаны тағы аян.

Алайда, осыншама құнды руханиятымызды жариялау мен зерттеу ісінде ХХ ғасырда, Кеңес өкіметі кезінде сыңаржақ, солақай идеология мен саясаттың кесірінен көп қателік орын алды. Небір жауһарларымыз «халыққа жат», «байшыл, діншіл, ұлтшыл» деп бағаланып, оларды жарыққа шығаруға, ғылыми тұрғыда зерделеуге тыйым салынды. «Таптық», «атеистік», «интернационалдық» принциптерінің салдарынан бүкіл діни дастандарымыз, көптеген тарихи жырларымыз, халық нанымы мен сенімдеріне байланысты туған шығармаларымыз жабулы жатты.

Рас, қазақ фольклорының үлгілері Кеңес өкіметіне дейін де, Кеңес өкіметі тұсында да жарыққа шығып жатты. ХІХ ғасырда В. Радлов, Г. Потаниндер, И. Ильминский, В. Катаринскийлер біздің фольклорды жеке жинақ етіп те, жеке кітап түрінде де жариялады. Бірақ олар әр мақсатта жинағандықтан фольклордың жекелеген шығармаларын ғана қамтыды. Радлов пен Потанин ғылыми мақсат қойып, фольклордың әр жанрынан жекелеген шығармаларды бастырса, Ильминский мен Катаринскийлер миссионерлік мақсатта жариялады.

Кеңес өкіметі кезінде де көп уақытқа дейін фольклор сериялы түрде жарияланған жоқ. Жекелеген жинақтар, кітаптар болды. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, т.б. фольклор шығармаларын арнайы том немесе жеке кітап түрінде жарыққа шығарды.

Қазақ фольклорының үлгілерін тұтас серия түрінде жариялау 1950 жылдардың ІІ жартысында басталды. 1958 жылы 7 кітапша болып, содан соң үлкен том түрінде 4 батырлық жыр, 3 ғашықтық жыр жарық көрді («Алпамыс батыр», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан»). Осы шығармалар жеке де, бірге де 1980 жылдарға дейін үнемі қайталанып шығып жүрді.

Ұлттық фольклорымызды көп томдық етіп жариялау ісі тек өткен ғасырдың сексенінші жылдары қолға алынды, бірақ онда да фольклорды толық күйінде шығару мүмкін болмай, 17 томмен аяқталды.

Фольклордың бағы Тәуелсіздік жылдары жанды. Президентіміз  Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ұлттық фольклорымыздың басым көпшілігі біртұтас серия түрінде «Бабалар сөзі» деген атаумен 100 том көлемінде жарыққа шығып отыр.

Мәселен, батырлық жырдың өзі – 20 том, тарихи жыр – 13 том, діни дастандар – 7 том, хикаялық дастандар – 13 том, ғашықтық дастандар – 8 том, ертегілер – 5 том болып шықты. Бұлар – ірі жанрлар. Шағын жанрлар  1-3 томнан тұрады. Осыншама қыруар еңбекті абыроймен атқарған –  М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Астанадағы «Фолиант» баспасы. Дәлірек айтқанда, аталмыш институт мамандары алыс-жақын шетелдерден жиналған және Институт қорында қашаннан жинақталған қыруар қолжазбаларды сұрыптап, жүйелеп баспаға ұсынса, «Фолиант» баспасы сол еңбектерді жоғары кәсіби шеберлікпен, заманауи талап-талғамға сай көркем де келісті кітаптар етіп жарыққа шығарды.

Фольклор барлық елде бар. Көптеген ел оны жинап, жариялап, зерделеуде. Алайда дәл 100 том етіп, ұлттық байлықты бір жерге топтап, жүйелеп, ғылыми шарт негізінде текстологиялық жұмыс жүргізіп, академиялық басылым ретінде 100 том етіп жарыққа шығарған мемлекет әлі жоқ. Кейбір ТМД елдерінде енді басталып жатыр.

Тұсаукесер Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау сөзімен ашылады. Одан әрі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Фольклор секциясының жетекшісі, академик Сейіт Қасқабасов; М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанов; Түркі академиясы президентінің кеңесшісі Шәкімшәріп Ыбраев; түркиялық фольклоршы-ғалым Надзе Илдус ханым; ирандық фольклоршы-ғалым Жаһангир Карини сөз алып, ұлттық мәдениетіміздің әлемдік деңгейдегі осынау теңдессіз жобасы жайында пікірлерін ортаға салады.

Шараға Парламент депутаттары, министрліктің басшылары мен мәшһүр ғалымдар, атақты жазушылар, ақындар, белгілі қоғам қайраткерлері мен оқырман қауым қатысады.

Тұсаукесер аясында «Мәдени мұра» бағдарламасы Қоғамдық кеңесінің «Фольклортану, әдебиеттану және өнертану» секциясының жетекшілігімен шыққан кітаптардың көрмесі ұйымдастырылады.

Ұйымдастыру комитеті

Астана, 

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы

20.02.2014

Басталуы - сағат 11.00

Байланыс телефондары:  8 (7172) 740186, 740490

Сурет baq.kz сайтынан
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?