Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық тәрбие: жерік болу немесе құрсақ шашу дәстүрі

2328
Ұлттық тәрбие: жерік болу немесе құрсақ шашу дәстүрі - e-history.kz

Өзге жұртта қаншалықты маңыз берілетінін кесіп айту қиын, қазақтың табиғатында «Жерік» деп аталатын ұғым бар. Жерік болу – құрсақтағы бала мен ана ағзасында белгілі бір дәруменнің жетіспеушілігінен де туындайтын қалыпты құбылыс екені даусыз. Бірақ,  қазақ үшін жерік қашаннан қасиетті ұғым саналады. Сәбидің болашақ мінезі өзге емес анасының жерік асына байланысты болады. Жерігі қанбаған анадан жетесіз бала туады. Ондай бала болашақта жалқау, тілазар немесе әлсіз, аурушаң болады деп ырымдаған.

Жерік асты бірден білу оңай емес. Өйткені, не жейтінін, нақты қандай тағамның қажет екенін аяғы ауыр ананың өзі де білмейді. Белгілі этнограф, жазушы Зейнеп Ахметованың айтуынша, келінінің жағдайын байқаған бойда бұрынғы енелер бірден арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді дәстүрлі қонаққа шақыратын болған. Шақырылған әйелдер құр қол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат –  келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Бұл «құрсақ шашу» деп аталған. «Құрсақ шашудың негізгі мәні де, мақсаты да осында жатыр. Өйткені бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-сонды өзінде болмаған сезім түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табуға көмектесіп, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады. Құрсақ тойда жас келін әлгі әйелдер әкелген тағамның бірін сүйсініп жесе, оны әзірлеп әкелуші, мәртебесі асып-ақ қалады екен. Содан келіннің жерігі қанғанша сол дәмді ас иесі жасап беріп, қамқор болады. Алда-жалда бір реттік құрсақ шашу кезінде келіннің аңсары табылмаған жағдайда бәрібір іздеуді тоқтатпайды. Қалайда ретін келтіруге әрекет етіледі. Бұған тек әйелдер ғана емес, келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдас, дос-жарандары да қолғабыс етеді. Жабайы аңның, құстың еті, балық секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдем жасайды. Осы жерде айта кететін бір тыйым аяғы ауыр әйелдің жұбайы аң атпайды, тұзақ құрмайды, қармақ салмайды, яғни жандыға әдейілеп зиянын тигізбейді. Іштегі балаға кесір болады», -дейді Зейнеп Ахметова.

Зейнеп анамыздың айтуынша, жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Ол болашақ ананың өз қалауына, өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпия құбылыс. «Күні бүгінге дейін сақталған ел ішіндегі аңыз-әңгіме, жыр-дастандарда жолбарыстың жүрегіне, қабыланның, аюдың, ұлардың, сұңқардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін ержүрек батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы айтылады. Мысалы, әруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы, Ақтұмар жарықтық, көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Әрине, аңыз тарих, дәлел емес, алайда аңыздың ішінде шындық жатады. Құрсақ шашу болашақ ана мен өмірге келер нәрестенің қамын ерте ойлаған тілегі тұнық, ниеті ақ, мазмұны терең, салиқалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып керегіне жараған ұлағатты рухани мұра. Аналарымыз басынан өткізген жөн-жоба. Жеріктік өріс – ана үшін емес, бала үшін керек. Өйткені ол баланың қажеттілігінен туындайды. Қазір «мынаған жерік болдым» деп айтатұғын келіндер өте-өте сирек. Ары кетсе, тұздалған қияр, ең арысы құрт жейді. Ал тұздалған қияр қай жеті атаңның асы еді? Бұл – ауытқу. Жерік асты тауып берудің орнына дәрігерлер бәріне бірдей дәрумен береді. Сөйтіп бізде жеріктік өріс тоқырауға ұрынған. Сондықтан тұлға азайып бара жатыр», - деп атап өтеді өзінің «Күретамыр» атты еңбегінде.

Егер келіннің жерік асы табылмаса, ол босанғанша ішкен-жегені бойына сіңбей басы айналып, әл-дәрмені құрып, көңілі жер тартып, әбден титықтайды. Автордың айтуынша, қазақ мұндайды «ит жерік» деп атаған. Ал осындай жаны мен тәні бірдей күйзеліп, азаптанып жүрген әйелдің жай-күйінің қаншалықты жағымсыз болатыны өзінен өзі түсінікті. Бұл жағдай іштегі шақалаққа тікелей әсер етеді. Өйткені ананың жерігі, ең алдымен, баланың қажеттілігінен, қандай да бір керек қоректің жетпеуінен туындайды. Жерігі қанбай аласұрған анадан туған нәрестенің есейгенше аузынан сілекейі шұбырып, үнемі қанағатсызданып жылай беретін беймаза, денесі болбыр, әлжуаз болады. Көпті көрген, өмір тәжірибесі мол әжелердің айтуынша, баланың дене мүшелеріндегі қайсыбір кемістіктің болуы жерік астың жетіспеуінен де болады екен.

«Өкінішке қарай, қазіргі жас келіндердің көпшілігі «жеріктік» дейтін аса маңызды, жүктіліктің алғашқы айларында болатын табиғи іңкәрліктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұғына бермейді. Оның бала үшін орны толмас салдары болатынын бағалап та жатпайды. Әлі ана болып көрмеген жас келінге түсіндіріп, жіліктеп ұқтыратын енелер де бұл күнде көп емес. Себебі олардың өзі ұлттық құндылықтардың тегін, тетігін білмейді, байыбына өздігінен үңілмейді. Дайын көмекке жүгінеді. Ол – әйелдер консультациясы. Дәрігерлер ғылыми тұрғыдан, медициналық жағынан ақыл кеңестерін айтып, арнайы дәрі-дәрумендерін беріп, ай сайын тексеріп қадағалайды. Бұл сөзсіз үлкен қамқорлық, болашақ анаға аса қажетті көмек. Дегенмен әрбір адамның дара жаратылысы, бір біріне ұқсамайтын мінез-құлқы, жеке табиғаты бар. Бір қарағанда бірдей көрінетін адамның дене бітім құрлысының өзі қайталанбайды. Сөйте тұра «токсикоз» деп бәріне бірдей дәрі-дәрумен береді. Оны іштегі бала да қабылдайды. Мен дәрігерлерге жаппай күмән келтіріп отырғам жоқ, ондай астамшылықтан құдай сақтасын. Дәрігерлерсіз күніміз бар ма? Білікті, білімді дәрігерлерді өте құрметтеймін. Өзім дәрігердің отбасында туып-өскенмін. Менің бұл жерде айтпағым мүлде басқа. Ол ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тектік қасиетке мүлде мән бермейтін салғырттығымыз. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп жатады емес пе! Мұның бәрін естен шығарып тек дәрігердің дәрісіне сену, соларға ғана тәуелді болудың нәтижесінде тәніміз бен жанымыздың өрістік ағысын, өрістік қалауын өздігімізден ажырата алмайтын ішкі сезімдік тоқырауға ұрынғанбыз. Бұл деген ұлттық қасиеттен ауытқуға әкелген. Қарапайым ғана кішкентай мысал келтірейік. Осы күні «мынандай дәмге жерікпін» деп атын атап, түсін түстеп беретін келіндер өте сирек. Есесіне, әйтеуір тәбетін ашу үшін, жерігін басып тұншықтыру үшін тұздалған қияр мен тұздалған помидор жейтіндер екінің бірі. Бұл нені көрсетеді? Бұл жеріктік өрістің тоқырауы, тектік сәйкессіздік, ұлттық болмыстың өзгеруі деуге болады. Өзгерген емей немене, тұздалған қияр мен помидор қай ата-бабамыздың асы еді? Келісерсіз-келіспессіз, бірақ екі айналдырып ойлануға тұратын түйткіл екені анық», - дейді З.Ахметова.

Тағы бір этнограф Болат Бопайұлының жерік ұғымына байланысты жазған еңбектерінде кей ананың жерігі екі-үш күнге созылатыны айтылады. Кей ананың жерігі бір жұма не бір айға жалғасады. Кей ана ұқсамаған бірнеше түрлі асқа арты-артынан жерік болады. Бірінен соң бірін жеп барып, жерігі басылады. Мұны қазақ «жұпты жерік» немесе «қайталама жерік», болмаса «созылмалы жерік» не «жарыспалы жерік» деп те атайды», - дейді ол.

Енді сол Болат Бопайұлының жазбаларынан біраз дерек келтірсек:

Қазақ халқында мынадай бір ырым бар. «Екі қабат әйел не нәрсеге жерік болса кейін туылған баласының мінезі жеген жерік асына тартады» деп нанады. Егер анасы аю етіне жерік болса, туылған баласы бейне аю секілді болады. Әрқандай жұмысқа қаражон, күшті келеді. Алпамсадай үлкен, дәу азамат болып ер жетеді. Мінезі аңғал-саңғал, аңқау келеді. Жұмыс істегенде қорбаңдап, икемсіз болады. Әрекеті баяу, аяқ алысы ауыр, балпаңдап, жайбасарланып жүреді. Айтқан сөзді желкесімен тыңдайды, құлағы ауыр, мінезі сабырлы көрінеді.

Аю етінің жерігінен туылған азамат - елге еш жамандық ойламайды, қастық сайламайды. Басқалармен бәсекеге түспейді. Қызарақтап, қызғанбайды, қашанда өзіне бұйырған несібесін алып, оған қанағат етіп, жұмысты апырып-жапырып бітіріп тастайды да, қарны тойса, жұмысы бітсе, балпаң басып қасқайып кете барады. Мұндай адам біреуге жұмыс істесе, істеген жұмысынан ақы дәметпейді, сүйінші сұрамайды. Біреуге істеген ісін достық көмек, кісілік ниет, адамгершілігім деп, есептеспей жүре береді. Тіпті, азаматтығым деп те біледі.

Екі қабат әйел көкбөрінің етіне не жүрегіне жерік болса, кейін туылған баласы көкжал бөрідей қайсар, жаужүрек батыр болады. Ел қорғайтын ер, сөз бастайтын шешен, қол бастайтын көсем, көреген көзді алып азамат болады деп ырым етеді.

Анасы осындай аты шулы жыртқыш аңның етіне жерік болып туылған бала батыр болмай кім болады. Қазақ мұндай жеріктен туылған баланың бітім-пішіні ерекше болады, өңі сұсты, өткір көзді, қанжар сөзді, дөңгелек жүзді, шымыр денелі, қарымды азамат болып өседі деп нанады. Көкбөрінің бойындағы барлық қасиет балаға дариды деп сенеді. Мұндай бала киелі, иелі болады. Ел ішінде қадірлі болып өмір сүреді. Халық құрметіне бөленеді. Ер жеткенде ер жүрек батыр болады. Қарсы келген жауларын апырып-жапырып жалғыз жеңеді. Елін қорғайды, елін сақтайды. Халқына жеңістік алып береді. Жаман мінезден аулақ болады. Адал жолда жүреді. Жойқын, ер жүгін көтереді, ел қамын жейді. Сол арқылы қымбаты артып, жалпақ жұрт арасында бет-беделі өседі. Ақыл-парасатты, толғамды, иманды азамат болады.

Ауыр аяқ әйел сиыр етіне жерік болса, кейін туылған баласы сиырдай күшті болады. Зор денелі келеді, адуын азамат болып ер жетеді деп нанады. Сиыр етінің жерігінен туылған бала өңі суық, мінезі қырсық, бірақ ішкі әлеті жылы, сезімі ыстық болады. Егер мұндай адамға әлдебіреулер көңіліне қарамай қарсы келсе, ол қарсы жағын мүлде мүсіркемейді. Бұқадай бұрқырап, сиырдай шайқап, мүйізді сөзбен аямай іреп-іреп тастайды. Ол адамды екінші ары іздемейді. Тіпті, ат кекілін кесісіп, одан біржола бойын аулаққа салып, қол үзісіп кетеді. Қарсы жағы оның алдына кешірім сұрап келсе де, мінезі қатқылданып, оңай-оспақ иілмейді. Тез сына салмайды. Қатқыл келеді. Соған қарап кейбір адамдар бұларды "қырсық мінезді" деп жатады.

Қазақ ана түйе етіне жерік болса, кейін туылған баласы түйедей үлкен, дәу азамат болады. Ірі мінезді келеді. Нар көңілді болып туылады деп ырым етеді. Мұндай жерік асын көксеп туылған бала ұл не қыз болсын оның қол-аяғы ұзын, дене бітімі зор, шақша басты, тана көзді, дана сөзді, жылы жүзді, нар мінезді, сырбаз, сырлы, сұлу шырайлы, маңқиған маңғаз, тоқ көңілді болады деп қарайды.

Түйе етінің жерігінен туылған бала қара жұмысқа келгенде қайыспайды, жүктің ауырын көтереді, алда жүреді. Әрекеті баяу болады. Мінез-құлқы бір қалыпты болады. Жан сарайы таза келеді. Көңіл-күйі үнемі көтеріңкі жүреді. Достыққа мықты, опадар болады. Сыр сақтауға келгенде алдына жан салмайды. Әртүрлі қиындыққа мойымай, барлық істе табанды келеді. Еш уақытта асып-саспайды, ұшып-қонбайды, жеңілтектенбейді. Алдағы болар істерді сараптал санаға салып, қорытады. Он ойлап, бір пішеді. Әр істің обал-сауабын айырады. Ақты - ақ, қараны - қара дейді. Тұтқиылдан бір істі естіп қалса, не бір ауыр жұмысты істеуге тура келсе, басқаларша байбалам салмайды, басын аулаққа салып қашқалақтамайды.

Ана қой етіне жерік болса, кейін туылған баласы қойдай қоңыр мінезді, қозыдай момақан, жуас болады, жібек сөзді, қой көзді, жұқа жүзді, маржан тісті, шебер істі, мөлдір сезімді, иманнан ұят, ақылынан қуат төгіліп тұратын, жүрегі нұрлы адам болады деп ырым етеді. Өйткені, «қой Меккеден жаралған», «қой пірі - шопан ата» деп ұйғарады.

Мұндай адам жан баласына қас қылмайды. Жамандық ойламайды. Жадылық істемейді. Бәріне қарайласып, қамқоршы болып жүреді. Жүрегі жылы, сезімі ыстық келеді. Сөйлесе, бұлбұлдай сайрап кетеді. Сөз мағынасы шекердей тәтті, балдай дәмді болады. Дүйім жұртты, бір тайпа елді аузына қаратады. Көреген көзді, шешен сөзді, иманды болады. Жаны жақсылықтан нұр төгіп тұрады. Сосын байызды болады. Әлдебіреулер сияқты сыздап, шиқандай қызарып тұрмайды. Ішімдегіні тап деп томырықтанбайды. Бұлтсыз, мөлдір аспандай көңілмен, тас жарып аққан тас бұлақтай таза сезіммен жайнап жадырап, мұңсыз көзбен алдыңда тұрады. Мұндай бала өнерлі, шебер, іскер келеді. Өзінің қызыққан нәрсесін іске асырмай тынбайды. Еңбекқор, бейнетқор, көнбіс мінезді болып келеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?