Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ШОҚАН АЙТҚАН ЕКЕН...

2439
ШОҚАН АЙТҚАН ЕКЕН... - e-history.kz
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Қостанай облысындағы Құсмұрын көлінің жағасында 1835 жылы туып, Алматы облысына қарасты Алтынемел, Көшентоғай деген жердегі Тезек төренің ауылында 1865 жылы дүние салған.

Шоқан өз кезіндегі Сібірдің ең таңдаулы оқу орны деп есептелетін Омбы кадет корпусын бітірген.  Кадет корпусын бітіргеннен кейін Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Осында жүріп Семей, Аягөз, Қапал, Іле Алатауы, Жоңғар қақпасы, Алакөл, Тарбағатай, Ыстықкөл, Шығыс Түркістан, Қашғар сияқты өңірлерге экспедициялық сапармен шығады. Осы сапарларының қай-қайсысы туралы ол тарихи, географиялық, этнографиялық, фольклорлық аса құнды зерттеу еңбектер қалдыра білді. Шоқан жиырмадан жаңа асқан шағында Орыс география қоғамының толық мүшесі болып сайланды.

Шоқанның маңдайына «жарқ етіп сөнген құйрықты жұлдыздай» қысқа ғана ғұмыр сүру жазылды. Бірақ, ол сол аз ғана ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақты іс-әрекетімен дәлелдеп үлгерді.

 

* * *

Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады.

Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді.

* * *

Кадет корпусында оқып жүргенде математика пәні Шоқанға қиын соғады. Оқытушылар да бұл жайды ескеріп, шәкіртке кешіріммен қарайды. Бірде сыныптар инспекторы Ждан-Пушкин бөлмеге кіріп келсе жапатармағай тақтаға есеп шығарып, емтиханға дайындалып жатқан оқушыларды көреді. Тек Шоқан ғана кластың түкпір жағында төбеге көзін қадап, өзінше ойға батып отыр дейді. Ждан-Пушкиннің «Уәлиханов! Сіз неге дайындалмай отырсыз?» деген сауалына Шоқан еш тосылмай былай деп жауап береді: «Өзгелерге ұқсап дайындалып жатсам, өзімді-өзім келеке еткенмен пара-пар болар еді. Жыл бойы оқытушы тәптіштеп айтқан ғылымды ойға сіңіре алмағанда, айналдырған екі-үш сағаттың ішінде қосымша ұстаздардың айтқанын қайтіп меңгерем?!»

Шыншыл жауапқа іштей риза болған инспектор Шоқанды өз бөлмесіне ертіп апарып, қолына кадеттерге оқуға тыйым салынған «Современник» журналының жаңа санын ұстатып еді дейді. Тағдыр кейін Шоқанды сол «Современник» журналын шығарушы орыстың озық ойлы зиялыларымен етене жақын етті.

 

* * *

Істері аусарлыққа толы, бір кездері Пушкинді атқан Дантеспен жақын дос болған генерал-губернатор Г.Х. Гасфордтың қарамағында жұмыс істей жүріп, Шоқан генералды өз ойынан шығарған сан қилы «мадақтаулармен» әр кез қыжыртып отырады екен. Сыртқа шыға салысымен ондай «мадақтауларын» құбылтып, қиюын келтіріп, анекдоттық дәрежеге жеткізіп, елге жайып жібереді екен.

Генералдың қызметтен босағанын алғаш естірткен Шоқан, қабылдаудан шыға салысымен мән-жайды елге былай деп жаяды: «Генерал маңғаз қалпынан айнымай, «Е, оған енді не істеу қалды дейсің! Бәрін өзім тындырдым емес пе?!» дегені ғой».

 

* * *

Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір жауапты қызметкері Шоқанмен таныса тұрып: «Сіз расымен тірісіз бе?! Қашғарға барды дегені рас па өзі? Әлде, бергі жағында тасаланып жатып, өткен-кеткеннен мәлімет жинап қайтып келдіңіз бе?» − деп қыршаңқы сұрақ қояды.

Сонда, Шоқан шамданбай, жайдары қалпын сақтай тұрып: «Рас айтасыз. Сіздің алдыңызда мен емес, менің елесім тұр. Ал, Қашғар сапарына келетін болсақ, денем әлі Омбыда, жаным Қашғарда. Солардың көмегімен Қашғар туралы еңбек жаздым!» − деген екен.

* * *

Орыс Географиялық Қоғамының мәжілісінде бірнеше сағат бойына Қашғар сапары туралы баяндама жасаған Шоқанға қойылған сұрақтар да аз болмапты. Көбісі таңданып отырса, енді біразы күдікпен қарайды. Тыңдаушылардың ортасында отырған, ғылым әлемінен алыстау бір сылқым әйел Шоқанға француз тілінде: «Азиялықтар бірнеше әйел алады деуші еді. Сіздің неше әйеліңіз бар?» − деп сұрақ қояды.

Сонда, Шоқан бір сәт те тосылмастан, француз тілінде: «Шығыста көп әйел алатын дәстүрдің бары рас. Әзірше өзімнің жалғыз ғана жарым бар. Ол − ғылым», − деген екен.

 

* * *

Мамыр айындағы шеру кезінде Шоқан бір кінәзбен абайламай соқтығысып қалады. Сұр шекпенді жатжұрттыққа кінәз ытырына қарап: «Осы елдің ішін неге тазартпайды екен?!» − депті.

Сонда, Шоқан кідірместен: «Ал, сіз Разиннің ел ішін қалай тазартқанын оқымап па едіңіз?» − деп іле жауап қатады. Бұл жауаптың мәнісі, соның алдында ғана белгілі тарихшы Н.И. Костоморовтың Степан Разин көтерілісі туралы «Бунт Стеньки Разина» деген кітабы жарық көрсе керек.   

 

* * *

Омбы зиялылары бас қосқан кеште астроном, саяхатшы ғалым Эдуард Струве сөз сөйлеп тұрып, «тұрғылықты қазақтар Ресейден қоныс аударған казактарды жек көреді» деген сөзді айтып қалады. Мұны жақтырмаған Шоқан дереу орнынан атып тұрып: «Тұрғылықты қазақтар қоныс аударушы казактарды жек көреді деген сөз бекер. Мен қазақпын, казак досымның құрметіне тост көтеріп, оны сүйемін!» – деп, жанында отырған Г.Н. Потанинды құшағына алып, құшырлана сүйген екен.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?