Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құнанбай мешіті

1933
Құнанбай мешіті  - e-history.kz
Мешiт Құнанбайға үлкен абырой-бедел әкелдi. Өйткенi жергiлiктi халықтың арасында мұсылмандықтың аса қасиеттi шарттарын қалыптастыруға ден қойған бұл мешiт кезiнде үлкен тәрбие орталығы болғаны даусыз

Қарқаралы – қазақ халқының тарихындағы алар орны айрықша құтты да құнарлы жерлердiң бiрi. Оның ну қарағай көмкерген көк сеңгiр таулары, айдын-шалқар өзен-көлдерi, жұмбақ та сырлы тастары, қойнауы толған шежiре-сыр тарихы кiм-кiмдi болсын таңдандырмай қоймайды. Бұл қасиеттi өлкеден кешегi дала кемеңгерi Қаздауысты Қазыбектен бүгiнгi ұлттық мақтанышымыз, халқымыздың тұңғыш ғарышкерi Тоқтар Әубәкiровке дейiнгi аралықта қаншама ел азаматтары мен өнер саңлақтары, белгiлi-белгiлi ғалымдар, жазушылар, ақындар, күмiс көмей әншiлер, бармағынан бал тамған күйшiлер түлеп ұшқан. Қасиеттi Қарқаралының киелi топырағынан нәр алған талай тарландар есiмi тарих бетiне алтын әрiптермен жазылып келедi. Олардың әрқайсысының өмiр жолдары қазақ халқының даму, қалыптасу, өркениеттi елдер қатарына қосылу қадамдарымен сабақтасып жатыр десек еш артық айтқандық болмас. 

Қарқаралы Әскери әкiмшiлiк басқармасы Батыс Сiбiр шекаралық басқармасының округтiк приказында сауда пунктi ретiнде 1824 жылы салынған. Мiне, содан берi 170 жылдан астам тарихы iшiнде оның қасиетiн, құдiретiн танытатын ескерткiштер мен бай мұралардың көп болуы да осындай себептерден болар. Олардың бас-басына тоқталып, құндылығы мен қасиеттiлiгiн дәрiптеу оңай шаруа емес, әрине. Бұл тарихи орындар мен мәдени ескерткiштер — халықтың игiлiгiнің және мол мұрасының белгiсi iспеттi қастерлеп сақтауға әбден лайық тарихи құндылықтар. Солардың қатарындағы бiрегейi әрi сәулеттiсi – ұлы Абайдың әкесi Құнанбай қажы салдыртқан мешiт. Кешегi орталықтандырылған саясат пен коммунистiк таным-түсiнiктiң салдарынан құлатылып, мүлдем қиратылған мешiт соңғы жылдары қайыра қалпына келтiрiлiп, мұсылманшылықтың, имандылықтың шуағын шашатын қасиеттi орынға айналып отыр. 

Күнi кешеге дейiн үстем тап өкiлi деп жер-жебiрiне жеткен Құнанбай есiмiнiң мешiтпен қатар аталуы да қиратып-бүлдiруге аз септiгiн тигiзбей қойған жоқ. Құдайға шүкiр, қазiр мешiттiң еңсесi биiк, тұғыры жоғары, мәртебесi мен қасиетi киелi. Осы орайда бұл мешiттiң өткен тарихы, салынуы жайында аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен, тәуелсiз республикамыздың өткенiн қайыра жасап, жинақтап жатқан аса жауапты шақта мешiт туралы ел аузында айтылып жүрген, архивтiк құжаттарда сақталған деректердi жинақтап, бiр жүйеге түсiру — бүгiнгi ұрпақ үшiн қасиеттi парыз. Бiздiң Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешiтiн арнайы iздеп барып, қазiргi жағдаймен танысып, қолымызға қалам алуымыздың да бiр себебi осы. 

91c876e849e80ca27dfef612491254ba.jpg

Құнанбай 1849 жылға дейiн Тобықты болысының управителi қызметiнде болады. Сол кездерi аға сұлтан боп дәуiрлеп тұрған Құсбек төре Алшынбаймен араздасып қалып, орнынан айырылады. Содан Алшынбаймен жақсы қарым-қатынаста болған Құнанбай тобықтыға аға сұлтан болып сайланады. Бұл мерзiм – 1849-1852 жылдар аралығы. Семей қаласындағы Абай музейiнiң аға ғылыми қызметкерi Мұздыбай Бейсенбаев өзiнiң «Ана тiлi» газетiнде (1993 жыл, 12 тамыз) жариялаған «Құнанбай тәкиесi мен Қарқаралыдағы мешiтi» атты архив құжаттарына негiзделген зерттеу мақаласында мешiттiң тарихы, салынуы жайында өте құнды әрi маңызды дүниелердi оқырмандарға тарту еткен. Ендi соған құлақ түрелiк. 

Сiбiр қазақтарының Шекаралық басқармасы құрылыс бөлiмiнiң жазған қатынасында: «Қарқаралы округтiк приказында осы жылы 5 қыркүйекте баяндама тыңдалып, онда аға сұлтан және басқалардың мешiт салу жөнiндегi актiсi қаралыпты. Актiде жазылғаны: Аға сұлтанның, болыс управительдерiнiң және басқа құрметтi билердiң сұрауы бойынша Жоғары Кеңсе басшыларының рұқсатымен осы округте мешiт салу жөнiнде жарлығы болған. Мешiт құрылысын жүргiзуге халықты көмек көрсетуге шақыра отырып, олардың ерiктi түрде берген қаражатын есептеп жазып отыру үшiн қатталған баулы кiтапша (шнуровая книга) берулерiңiздi және мешiт құрылысын жүргiзетiн жердi белгiлеудi сұраймыз...» Сонымен бiрге мешiт құрылысы жөнiндегi «Акт» қағазынан да деректер келтiрiлген. Оған он алты болыстың басшылары қол қойып, мөрiн бастырған екен. Демек, бұл құжат арқылы Қарқаралы секiлдi қалада мұсылмандар үшiн мешiт салудың қандай деңгейде және қаншалықты дайындықпен әрi жауапкершiлiк жағдайында жүргiзiлгенiн анық бiлуге болады. Сондай-ақ, мешiт салу аға сұлтан Құсбек төренiң тiкелей басшылығымен, барлық болыстардың қатысуымен әрi халықтан жиналған қаражат есебiнен, сонымен бiрге орыс әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен басталған iс екенi айқын аңғарылады. 

e8afca7d31ec0425f721d06c67f27ab0.jpg

М. Бейсенбаев жаңа мешiт орнын анықтау, құрылыс iсiне Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын қатыстыру мәселесiн сұрап жазған аға сұлтан Құсбек Тәукиннiң қатынас қағазын да архивтен тапқан екен. Бұл да мешiтке байланысты деректердi толықтыра түсетiнi сөзсiз. Осы жылдары Құсбек Алшынбаймен келiспей қалып, кезектi сайлау кезiнде Құнанбай аға сұлтан болып сайланды. Содан бастап мешiтке қатысты Шекара басқармасына жазылған қатынас қағаздарында басқаларға қарағанда Құнанбай есiмi жиi көрiне бастаған. Бұл құжаттарға сүйенер болсақ, мешiттiң құрылысы 1950 жылдың 7 қаңтарынан бастап қолға алынып, екi жылға жуық мерзiмде аяқталғанына көзiмiз жетедi. Сондай-ақ, мешiттiң мұсылмандар үшiн өте қажеттiгiн сезiнiп, оның құрылысы мен аяқталуына бар күш-жiгерiн салған Құнанбайдың қолға алған iстi абыроймен аяқтау үшiн бел шеше кiрiскенiн аңғарамыз. 

Осы орайда бұған дейiн, яғни 1824 жылы көктемде қала салу үшiн Қарқаралыға жүзге тарта казак-орыстар мен тiлмаштар келiп, құрылыс жұмысын жүргiзе бастайды. 

Арада өткен уақыттың iшiнде қала бой көтерiп, әскери бекiнiстiң iргесi қаланады. Ал 1869 жылы Қарқаралы уезд орталығы болады. Қала салынғаннан кейiн жиырма жылдай тұрған Бөкей ханның немересi Тұрсын аға сұлтандықтан алынды. Содан кейiн, жоғарыда айтқанымыздай, аға сұлтандық Құсбек төреге тидi. Ол алты жылдай жергiлiктi халықты қан жылатып, одан кейiн Алшынбаймен арадағы дау-жанжалдың шиеленсуiне байланысты орнынан алынады. Содан бастап аға сұлтандыққа сайланған Құнанбайдың Құсбек бастаған iстi жемiстi жалғастырып, мешiт құрылысын тездетiп жүргiзуге, халықтан жинаған қаржымен қатар өз меншiгi есебiнен де жүргiзуге бет бұрғанын архивтiк құжаттар айқын дәлелдеп отыр. Белгiлi тарихшы Құрбанғали Халидидiң «Тауарих хамса» кiтабындағы мына бiр деректер сенiмiмiздi нығайта түседi: «...Мұнан бұрын аға сұлтандар болар-кетер болып өткен болса, бұл сайланысымен, сол жылы-ақ мешiт салдырып, құрбандық шалып, ресми ашты. Оның тәуiр-ақ әдiлеттiлiгi мен жомарттылығы бар едi. Осы мешiтке бiрiншi имам Хасан Сафуллаұлы Сарытаулық тағайындалған едi. Ол 1869 жылы жаңа заң-низам (Сiбiрде шықты) жария етiлiп, орнынан алынды. Ноғай мен сарттан қазақ iшiне имам қойылмасын деген низам едi. Алайда қазақ iшiнде деп түркiстандық қожалардан бiрнеше имамдар қойылғанымен, олар тұрақсыз болып ауыса бердi, берекесi болмады...» 

cbcb104b94d0064691bf2dd6f6f41d3e.jpg

Мешiт Құнанбайға үлкен абырой-бедел әкелдi. Өйткенi жергiлiктi халықтың арасында имандылық пен мұсылмандықтың аса қасиеттi шарттарын қалыптастыруға ден қойған бұл мешiт кезiнде үлкен тәрбие орталығы болғаны даусыз. Н. Төреқұлов пен М. Қазыбековтің «Қазақтың би-шешендерi» атты кiтабында мешiт құрылысының Құнанбайға қаншалықты бедел мен абырой әкелгенi жайында Алшынбай бидiң айтқаны келтiрiлген. 

Қарқаралыға мешiт салдырған жылы Алшынбай барын салып, Құнанбай мен Бөжей арасындағы бiтiспес дауды бiтiртiп, екi жағын келiстiрген. Екi жақтың адамдары сол үшiн оған риза едi. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов осы бiр эпизодты суреттей келiп, Алшынбайдың бiтiмдi сөзiн былай келтiредi: 

«– Бүгiн мына мешiт бiтiп, абыройың асып отыр. Атағың көпке жетiп жатыр. Соны күндейтiн де кiсi көп. Алдымен анау көрiнiс, мына жаңағы майыр күндейдi. Кiшiреймесең, кешiрiм етерсiң. Ақ көңiлiң мүлде ағарсын. Мұның да бiр Құнанбайлығың болсын. «Игi жұмыс үстiнде кiрбеңнен арылам» дегенiң болсын» («Абай жолы», 1-кiтап. 1961. – 116-бет). 

Демек, Құнанбайдың мешiт салдырудағы iсi мен жанашырлығы өз халқының ықыласы мен ризашылығын иеленгенін осыдан аңғарамыз. Сол қасиеттi мекеннiң сексен жылға жуық халыққа мiнсiз қызмет көрсеткенiн көнекөз қариялардың әңгiмелерiнен байқаймыз. Кешегi коммунистiк идеологияның дiнге қатысты жаппай күресiнiң, бiтiспес дауының нәтижесiнде мешiт 1928 жылы мүлде жабылып қалған. Содан кейiн сол кездiң бiрнеше беделдi советiк мекемелерiне берiлiп, кейiннен Пионерлер сарайына айналған екен. Одан келе-келе бұзылып, үйiндiсi қалды. Ол жайында сөз қылып, мәселеге көтеру ол кездерде тiптен мүмкiн емес-тiн. 

Қайта құру, демократиялық жаңару кездерiнде мешiттi қалпына келтiру мәселелерi баспасөзде де, халық арасында да жиi-жиi айтыла бастады. Облыстың партия комитетi халықтың осынау орынды талабы мен ұсынысына құлақ асқандай болып, Қазақ тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау қоғамы Орталық Кеңесiнiң төралқасына арнайы қаулы шығартып, мешiттi қалпына келтiру жұмыстарын қолға алған болатын. Бұл жұмыс 1988 жылдың жаз айларында басталды. Әдепкiде тарихи-мәдени ескерткiш ретiнде қалпына келтiруге бел шеше кiрiскен қоғам қаржысы жарым-жартылай жетпей қалды да, оның құрылысы шамалы уақыт тоқтауға мәжбүр болды. Мiне, осы тұста облыстық партия комитетi өзiнiң өктем билiгiмен мешiттi кiм ақша төлесе, соған беруге келiсiмдерiн бiлдiрiп, баспасөз арқылы да, теледидар арқылы да хабарлаған болатын. Тiптен ол болашақтағы сауда орны, жастар кафесi де болуы мүмкiн деген болжамдар да айтылған. 

ccabd7e47898f8986eca0b443023151c.jpg

Көптiң аты – көп. Оның үстiне кешегi Құнанбай секiлдi ел ағасы салдырған бұл мешiттiң тек мешiт ретiнде ғана болуын талап еткен жергiлiктi халықтың тiлегi орындалды. Егер де әлгiндей ұсыныс-пiкiрлер айтылмай, халықтың арман-ниетiн жоғары жаққа жеткiзбегенде, мүмкiн қасиеттi мешiт басқа мақсатқа пайдаланылар ма едi, кiм бiлсiн. Әйтеуiр әдiлдiк жеңiп, Құнанбай қажы салдырған сол мешiт бүгiн Қарқаралы өңiрiнiң дiни орталығына айналып отыр. Бұл – бүгiнгiдей тәуелсiз ел атанып, дiлiмiз бен дiнiмiздi қайыра жаңғыртып жатқан шақта халықты мұсылмандыққа тәрбиелейтiн бiрден-бiр имандылық ұясы. 

Бiз бұл тарихи орынның қазiргi таңдағы тыныс-тiршiлiгiмен жете танысу үшiн Қарқаралыға арнайы барып, мешiттiң бас имамы Зейнолла Сейсенбайтегiмен әңгiмелескен едiк. 

«Құдайға шүкiр, қасиеттi мешiтiмiз қалпына келтiрiлдi. Ол мұсылман қауымының игiлiгiне жаратылуда. Жұма намазы, әр түрлi дiни мейрамдарға халық көп жиналатын болды. Олардың арасында сексендегi қарттар мен сегiздегi балаға дейiн бар. Қазiр халқымыздың салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпы қайыра жаңғыртылып жатқан жоқ па, сол бiр өркендi iске бiздiң мешiт те белсене кiрiсiп кеттi. Көптеген жас жұбайлардың мұсылманша некесi қиылды. Ат қою, сүндетке отырғызу секiлдi салттар да мешiт қабырғасында жүргiзiлетiн болды. Жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында мешiт жанынан дiни медресе аштық. Сондай-ақ, осы өңiрге Құнанбай қажы мешiтi ретiнде белгiлi бұл дiн ордасының қадiр-қасиетiн күнi кешегiдей қалпына келтiру үшiн осындағы дiн жолындағы адамдар қолдан келер бар iстi атқаруға бел шешiп отырғанын айта кетейiн. Мешiт орналасқан көшеге Құнанбай есiмiн берсе деген ұсынысымыз тағы бар. Сол тiлегiмiз орындалса, онда қасиеттi Құнанбай қажы алдындағы ұрпағының қарызы бiршама болса да өтелмей ме?» – дейдi имам өз әңгiмесiнде. 

22e91376c7ad28a833ae47204044b960.jpg

Иә, қасиеттi Қарқаралының қадiрi қазақ халқы үшiн ерекше. Ел өмiрiндегi алар орны да айрықша, оның қойнауындағы ашылмай жатқан небiр ескерткiштер мен мұралар да тарих көзi. Мiне, солардың бiрi – Құнанбай мешiтi. Мешiттiң алдағы уақытта ел игiлiгi мен тiрлiгi, имандылығы мен тұрмысы, келешегi мен бiрлiгi үшiн қызмет етерiне ешқандай күмән жоқ. Өйткенi көненiң көзi болған қасиеттi мекендер қашанда халықты пәле-жаладан қорғап, қадамын қолдап келе жатқан жоқ па?! 

«Айтпаса сөздiң атасы өледi» дейді қазақ. Сондықтан мақаламыздың соңында мешiттi қайта қалпына келтiру кезiнде кеткен кемшiлiктер туралы да айта кеткендi жөн көрiп отырмыз. Бiз алдымен мешiттiң iшi-сыртын асықпай аралап, мұқият қарап шықтық. Кең де жарық үш бөлмелi, биiк мұнаралы ағаш үй. Кiреберiс мандайшаға араб әрiптерiмен қазақ тiлiнде «Құнанбай қажы мешiтi» деп жазылып қойыпты. Мешiт алғашында да ағаштан салынған екен. Кейiнен қайта қалпына келтiру кезiнде де ағаш бөренелермен тұрғызылып, iшкi-сыртқы жақтарынан бiрдей жiңiшке тақтайшалармен көмкерiлген көрiнедi. 

«Бiрақ алғашқыдай емес, сапасыз салынған. Мешiттi қайта қалпына келтiрушi жолдастар әйтеуiр қалқайтып тұрғызып қоюды мақсат тұтқан болулары керек, iшкi-сыртқы жақтарынан қағылған тақтайшалардың арасына ештеңе тығындамаған. Сол себептi де, боран түгiл, қатты жел соқса мешiттiң iшi азынап кетедi, – дейдi имам. – Оның үстiне ағаштары да сапасыз. Қазiрдiң өзiнде күнге күйiп қурап, жымдастырыла қағылған тақтайшалардың арасы ырсиып-ырсиып ашылып тұр. Бұдан кейiн мешiттiң iшi азынамай қайтсiн? Ал мешiттiң iшi-сыртын сырлатып алайық десек, қысқа жiп күрмеуге келер емес. Яғни, қаржы тапшылығы қолымызға байлау болып тұр. Бұған қарап мешiттегiлер қол қусырып, айға қарап отыр екен деп ойлап қалмаңыздар. Шама-шарқымызша ел қатарлы жұмыс iстеп жатырмыз. Мәселен, неше ай бойы онда жүгiрiп, мында жүгiрiп, iшiн жабдықтадық. Мешiт кiлем, жайнамаз секiлдi қажеттi жабдықтармен толықтай қамтамасыз етiлдi. Шыны-әйнектер iздестiрiлiп, табылып, екi қабат терезелер салынды. Келешек ұрпақ үшiн қажеттi бұндай игiлiктi iстер өзiнiң заңды жалғасын табады деп сендiремiз». 

cb166fa4670e4c3b3304bd8827ce6ca7.jpg

Бiз одан соң имам Зейнолла Сейсенбектегiнен Құнанбай қажы салдыртқан алғашқы кездегi мешiт пен қазiргi таңдағы мешiттiң арасында айырмашылықтар бар-жоғын сұрадық. Ол кiсi көк пен жердей айырмашылық болмаса да, елеулi өзгешелiктер барлығын тілге тиек еттi. Алғашқыда мешiттiң жанынан арнайы үй салыныпты. Қазiргiдей биiк болмаса керек. Мұнарасы да мүлдем басқаша болған екен. Әрине, сырт көзге бұның барлығы онша өрескел көрiнбеуi де мүмкiн. Дегенмен, қандай да болсын әрбiр тарихи орынның қадiр-қасиетi сол бұрынғы қалпына айнытпай қайта келтiруiнде болса керек. Көненiң көзiндей болған тарихи-мәдени орындар сонысымен құнды, сонысымен қымбат. Мән-маңызы да осынысымен жоғары болмақ. Сондықтан болашақта осындай мәселелерге ұсақ-түйек деп қарамай, үлкен мән берiп, ерекше көңiл бөлген жөн сияқты. 

Думан РАМАЗАН, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?