Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Теміртаудағы Елбасы орталығы

2819
Теміртаудағы Елбасы орталығы  - e-history.kz
«Қазақстан -2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған «Менің Елім – Моя страна» мотожорығы Теміртауда

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы (Орталық) Теміртау қаласында 2011 жылдың 22 қарашасында Мемлекет Басшысы-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды.

Орталықтың мақсаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны арқылы Қазақстанның Тәуелсіздік алуы және ауыр индустрия алыбы-Қазақстан Магниткасының құрылу тақырыптарын ашып көрсету.

Мәдениет пен өнердің объектісі ретінде, Орталық мәдениет саласында мемлекеттік саясатты, мұражай жұмысын, Қазақстан Республикасының тарихын мұражай түрінде көрсетіп, құруды жүзеге асырады.

Сонымен қатар, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды енгізу және дәстүрлі кітапханалық қызмет көрсету жолдары арқылы білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда ат салысады. Орталық рухани қалыптасуға, ұлттық тептестікке, қазақстандықтарға рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беруге, сонымен қатар, ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениетке қол жеткізуге бағытталған театрлық-сахналық, концерттік іс-шараларды ұйымдастырады.

Орталық 6 көрме залдан тұрады.

1) Тәуелсіз Қазақстан

Аталған экспозиция залы Қазақстанның Тәуелсіз Республика кезіндегі барлық жетістіктерін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Залдың ортасында Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 1:1 000 масштабта жасалынған макеті орналасқан. Макетте Қазақстан астанасының келбетін қалыптастыратын Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Бәйтерек, «Қазақ елі» мемориалдық кешені, «Хан шатыр», «Шабыт» шығармашылық сарайы, Тәуелсіздік алаңы, Хазірет-сұлтан мешіті сияқты аты аңызға айналған барша сәулет туындылары көрсетілген. Орталық қабырғаға көлемді көркемсурет орналастырылған. Оның бірінші жартысы Мемлекет басшысының Қазақстан Магниткасына байланысты еңбек жолына, екінші жартысы күшті, бейбітшілік сүйгіш, гүлденген бүгінгі Қазақстанға арналған. Витриналарда Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің маңызды белгілері – Ту, Елтаңба, Гимн; ұлттық валюта-теңгенің тұңғыш шығарылымы; Қазақстанның жаңа тарихының оқиғалары түсірілген бірегей фотосуреттер қойылған.

2) Өз заманының перзенті

Залдың ортасында Президенттің балалық шағы өткен жерлерді бейнелейтін «Үшқоңыр» диорамасы орналасқан. Даланың асқан сұлу көрінісі «Балалық шағымның аспаны» фильмінің сарыны бойынша жасалған. Витриналарда Нұрсұлтан Назарбаевтың ататегі – Шапырашты руының шежіресі, қазақ халқының күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдары, Шамалған ауылындағы болашақ Президенттің ата-анасымен бірге жасаған үйдің, Днепродзержинскідегі оның кәсіптік білім алған №8 техникалық училищенің макеттері қойылған. Сондай-ақ, Орталыққа келушілер Н.Назарбаевтың оқушылық және студенттік жылдары туралы баяндайтын фотосуреттермен, Мақтау қағаздарымен және «Доменстрой» құрылыс басқармасына жұмысқа берілген жолдамамен таныса алады. Залда «Мұнда еліміздің екпінді құрылысы – Қазақстан Магниткасы бой көтеруде» деп жазылған қызыл қақпа бар. Мұндай қақпалар ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Теміртау қаласының барша кіре беріс жерлерінде орнатылды.

3) Тұлғаның ерен қабілеті

Теміртауға келген сапарында Президент Назарбаев: «Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен біте қайнасқан. Егерде менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашанда Президент болмас едім», – деген еді. Витриналардағы фотосуреттер алып металлургиялық кәсіпорынның құрылысы туралы баяндайды. Залда өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы газеттер мен плакаттар ілінген жарнамалық қысқа бағана тұр. 1962 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы отбасын құрады. Электронды жиектемелерде Назарбаевтар отбасының студенттік жылдардағы, оқудағы және жұмыстағы әріптестерімен түскен суреттері қойылған. Экранда Қазақстан Магниткасының және жалпы Қазақстандағы қара металлургияның қалыптасуы туралы бейнехроника көрсетіледі. 1960 жылдың 3 шілдесінде металлургия комбинатының домна пешінен алғашқы шойын алынды. Бұл күн Қарағанды металлургия комбинатының туған күні болып есептеледі. Витринаның ішінде Қазақстан шойынының алғашқы құймасы, ерекше оқиға туралы әңгімелейтін «Ленинская смена» газетінің төтенше шығарылымы қойылған. Сондай-ақ, Орталыққа келушілер армирленген жіппен тігіліп, қалың шұғадан жасалған көрікшінің арнайы жұмыс киімін көре алады.

4) Қазақстанның құрыш келбеті

Зал металлургиялық өндірістің атмосферасын елестетеді және келушілерде кәсіпорынның ішінде жүргендей әсер қалдырады. Залдың оң жағында металлургия комбинатының толық кешені ұсынылған: агломерациялық және коксохимиялық өндірістер бастапқы кезең болып табылады; бұл жерде темір шикізатын қайта өңдейді және көмірді кокстейді, одан шыққан қоспаны домна пешіне салады, жоғары температура мен химиялық реакцияның әсерімен шойын пайда болады. Құрыш алу үшін конвертерге темір сынықтары және сұйық шойын салады. Оттегінің ықпалымен көміртегінің жанып кетуіне мүмкіндік туады. Нәтижесінде құрыш алынады. Сұйық құрыш үздіксіз құятын машинаның кристализаторына беріледі, онан қаңылтақ алынып, табақша металды илемдейтін цехтарда белгіленген қалыңдыққа дейін тегістеледі. Залдың сол жағында қаңылтақтар мен дайын илемделген темір бұйымының макеттері ұсынылған, одан әрі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшысының арнайы киімі.

5) Уақыт ағымында

Витриналарда болашақ Президенттің белсенді саяси қызметін сипаттайтын фотоматериалдар мен құжаттар ұсынылған. Фотоматериалдар мен құжаттар Карметкомбинат пен Теміртау қаласының ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарындағы даму тарихын ашып көрсетеді. Экспозициялық тумбаларда Н.Ә.Назарбаевтың әртүрлі кезеңдердегі қызметіне байланысты құжаттар берілген. Олар Орталықтың ғылыми қызметкерлерінің Теміртау, Қарағанды және Алматы қалаларының архивтеріндегі зерттеу – іздестіру жұмыстарының нәтижесінде дайындалған. Залда металлургтер Мәдениет сарайы, зауыт-ЖТОО, «Дельфин» (қазіргі «Жастар») жүзу бассейні, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан самарқандтық жауынгерлер ескерткішінің макеттері орналасқан. Ақпараттық панельдерден Орталыққа келушілер маңызды саяси оқиғалардың хронологиясын біле алады.

6) Қазақстан жолы

Залдың ортасында ежелгі адамдардың тасқа салған суреттерінен қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихының белгісі ретіндегі барельеф орналасқан. Көркем композицияның кіндігі – қазақстандықтардың әрі қарай дамуға, өсіп-өркендеуге талмас талабының рәмізі есебіндегі «Қазақ елі» сәулет-мүсіні кешенінің үзіндісі. Тәуелсіздік дәуірі түбегейлі өзгерістер мен оқиғаларға бай болды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында елдің бейнесі өзгерді. Еліміздің табыстары және жетістіктерімен Оралыққа келушілер интерактивті карта арқылы таныса алады. Әр жыл – маңызды оқиғалар тізбегі, тәуелсіздік шежіресі. Интерактивті панелдерден тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени өмірінің жарқын оқиғалары туралы ақпараттармен танысуға болады.

Материал Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығынан алынды

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?