Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Текелінің жапондары туралы не білесіз?

1959
Текелінің жапондары туралы не білесіз? - e-history.kz
2018 жылғы наурыздың 6-нан 15-не дейін Қазақстанда Жапониядан жапон сарбаздарының мүрделерін іздеу мен зерттеу бойынша жұмыс жүргізу жөнінде делегация жұмыс істеп жатыр

Делегация құрамныда Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің Әлеуметтік әл-ауқат және соғыс құрбандарына көмек департаментінің жетекшісі, топ бастығы ИКЭДА Масаюки, қосалқы топ бастығы КОЯМА Аканэ, аудармашы СУГАХАРА Сатико, қаза болған жапондықтардың денелерін эксгумациялау және отанына қайтаруды жылдамдатып іске асыру жөніндегі «Дзенъекуке» күштеп тұтқындалғандардың жапондық ассоциациясының бас хатшысы ЕСИДА Кадзунори бар.

Суворов айтқандай: «Ең соңғы сарбаздың денесі жерленбейінше соғыс әлі біткен жоқ!» Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі өкілдерінің Қазақстанға жасаған сапарын дәл осы сөздермен сипаттауға болады. Бізге олармен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

- Сәлеметсіз бе? Экспедицияларыңыздың мақсаты туралы айтып берсеңіз.

- Біздің Қазақстанға жасаған сапарымыздың мақсаты – соғыс тұтқындарын Совет Одағында бейтараптандырған кезде қайтыс болған жапондықтардың жерленген жерлеріне зерттеу жүргізу. Қазақстанда барлығы 57 жерлеу орны бар. Оның алтауында осы уақытқа дейін эксгумация жүргізіліп, сүйектер Жапонияға әкетілді. Осы жолы, біз, біріншіден, Қызылордадағы жерлеу орындарын зерттесек дедік. Жапондардың дерегі бойынша, Қызылордада жапондықтардың жерлену орындары болуы керек. Бұл тек біздің деректерімізбен ғана дәлелденген.    

- Сіз айтқан алты жердегі жапондықтардың сүйектері зерттеліп, Жапонияға әкетілді ме?

- Алты жердегі сүйектер анықталып, Жапонияға әкетілді.

- Қызылорда туралы мәліметтерді қайдан алдыңыздар? Бұл мұрағат деректері ме, әлде басқа дереккөздерден алынған дерек пе?

- Біздің қолымызда соғыстан кейін Жапонияға оралған жапондық сарбаздардың құжаттары, куәліктері бар, олардың бәрі Совет Одағының лагерлерінде бастан кешіргендерін айтып берді. Бұл құжаттардың бәрі бізде сақтаулы.

- Сіздерде Қазақстанда болған жапон сарбаздарының саны туралы деректер бар ма? Барлығы қанша сарбаз тұтқындалып, олардың қаншасы Қазақстанда жерленген?

- Ресей берген деректер бар. ССРО лагерлеріне жіберілген тұтқындарға қатысты мына деректер бар.

Маған жапон сарбаздарының құжаттарының көшірмесі мен тізімдері бар папканы көрсетті.

- ССРО мәліметтері Совет Одағы бойынша жалпы статистиканы көрсетеді. 

- Сіздерді Қазақстан бойынша деректер қызықтырады ма?

- Иә.

Маған папкадағы жекелеген құжаттарды көрсетті. Оқып отырмын: «Қазақстанда тексеру бойынша комиссия құрылды».

- Көріп тұрмын, бұл дәл Қазақстан бойынша, рахмет.

Парақтардың біреуінде жапон иероглифтері бар тастың суреті салыныпты.

- Бұл жапон сарбазының бейіті ме?

- Жоқ, бұл бейіт емес. Бұл – мемориалдық ескерткіш.

- Тұтқында болған сарбаздардың есептері мен естеліктерінен жергілікті жұрттың жапон тұтқындарына деген қарым-қатынасы туралы не айтуға болады? 

- Тұтқында болғандар жалпы мәліметтер қалдырған.

Қаза болған жапондықтардың денелерін эксгумациялау және отанына қайтаруды жылдамдатып іске асыру жөніндегі «Дзенъекуке» күштеп тұтқындалғандардың жапондық ассоциациясының мүшесі ЕСИДА Кадзунори менің сұрағыма жауап беруге тырысты.

- Бұл Ассоциацияның басшысы Айзава-сан Қазақстанға емес, ССРО-ға жіберілген еді. Мен тұтқындалған жапондықтардың көпшілігінен «мені тұтқындады дегенге шыдап тұра алмаймын» дегенді естідім. Дегенмен де, жергілікті тұрғындардың көзқарасы түзу болды. Осы ойды жиі естідім.

- Жапондық соғыс тұтқындары біздің республикамызда көп нәрсе істеді: олар теміржолдар, вокзалдар, қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлер салды. Олардың соғыстан кейінгі Қазақстандағы қызметі зерделенеді ме?

- Иә, біз, жапондықтардың Қазақстандағы қызметін зерделедік.

- Қаза болған жапондықтардың денелерін эксгумациялау және отанына қайтаруды жылдамдатып іске асыру жөніндегі ассоциация қашаннан бері жұмыс істеп келеді?

- Қазақстандағы жұмысты 1992 жылдан бастадық. Бірақ, бұл жұмыс бұрынғы Одақ кеңістігінде әлі де жалғасып жатыр.

- Бұрынғы соғыс тұтқындары болған жапондықтардың қазір қаншасының көзі тірі?

- Тұтқында болғандардан 20-30 мың адам осы уақытқа дейін аман-есен, көзі тірі жетті, тәубе. Олардың ішіндегі ең үлкені – Ямадан, биыл 101 жасын тойлайды. Ол Моңғолиядағы лагерь тұтқыны болған. Екіншісі – осы Ассоциация басшысы – Айзава-сан, 99 жасын атап өтті. Ол 3 жыл бойы Елабугада (Татарстан) қамауда болған. Ол ұзақ жылдар бойы депутат болды, қазірдің өзінде үйінде отырмайды, заңгер болып жұмыс істейді, күн сайын дүйсенбіден жұмаға дейін жұмысқа барады.

- Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі өз сарбаздарына қалай қарады? Кінәлады ма, әлде қолдады ма? ССРО әскери басшылығы өзінің тұтқыннан оралған сарбаздарын суық қарсы алғаны бәрімізге белгілі. Олардың көбісі сотталып, Сібірге айдалды.

- Жапонияда сарбаздарды жазалаған жоқ. Еліміз сарбаздарды әлемнің түрлі аймақтарына жіберген еді. Соғыс бітісімен барлық сарбаздар қайтып оралды. Алдымен, өзі тіркелген жерге. Ол үйіне жетіп алуы үшін жапон үкіметі сарбаздарға қаржылай көмек көрсетті. Бұдан басқа, мүгедектерге, қаза болған сарбаздардың отбасына арнайы зейнетақылар тағайындалды, ал, ССРО лагерлеріне бейтараптандырылған сарбаздар үшін Жапония үкіметі олардың осы лагерлерде болғандарының өтемақысы ретінде ақшалай арнайы жәрдемақы төледі.

- Қызылордаға сапарларыңызды ұйымдастыруда қазақстандық тарап қандай көмек көрсетті?

- Иә, Қазақстан тарапынан зор қолдау көрсетілді. Осы жолы ҚР СІМ зерттеу жұмыстарын жүргізуге және жергілікті билікті әкімшілендіруге көмек көрсетті, сол үшін алғыс білдіреміз.

- Сапарларыңыз сәтті болады деп сенеміз. Жапон сарбаздарының жерленген жерін тапсаңыздар не істейсіздер?

- Егер ондай орынды тапсақ, сүйектерге зерттеу жүргіземіз, бұрынғы жерлеу орнын қалпына келтіреміз. Жапон сарбаздарының сүйектерін еліне қайтару үшін Жапонияда көптеген түрлі процедуралардан өту қажет. Қазақстан тарапынан куәліктер, рұқсаттар қажет. Біз сүйектерді эксгумациялау және Жапонияға қайтып оралту үшін қайтадан топтар құрамыз.

- «Ең соңғы сарбаздың денесі жерленбейінше соғыс әлі біткен жоқ!» дейді бізде. Сіздерге сәттілік тілеймін!

- Біздің Ассоциациямыздың басшысы Айзава-сан «Ең соңғы сарбаздың денесі Жапонияға оралмайынша соғыс әлі біткен жоқ!» дегенді жиі қайталайды.

Жапондық делегация  қазақстандық тарап көрсеткен қолдауға алғыс білдіріп, екі өтініш айтты.

Біріншіден, егер қазақстандықтар жапондық сарбаздардың жерленген жерлері туралы білетін болса, және осы ақпаратпен Қазақстандағы Жапон Елшілігімен бөлісетін болса, ризашылығымызды білдірер едік.

Сонымен қатар, бейтараптандырылғандардың ішінде әйелдер де болған. Аман қалғандарының соңғылары Алматыда тұрған. Соғыс аяқталғаннан кейінгі он жылдар ішінде олар Қазақстанның бір аймақтарында тұрғаны туралы бізде ақпарат бар. Сондықтан, егер кімде-кім олардың тағдыры туралы білетін болса, өтінеміз, бізге хабар беріңіздер. Неге жапондық әйелдер ұзақ уақыт лагерлерде отырған? Өйткені олар Харбиндегі институтта орыс тілін оқыған, сол үшін оларды тыңшы деп айыптап, ұзақ уақыт ССРО лагерлерінде ұстаған. Осы мәселеге қатысты шындықтың түбіне жетсек дейміз.

Хийе-сан мырза жапон сарбазы салған суреттер басылған кітапты жарыққа шығарды. Ол Текелі қаласында қамауда болып, қорғасын-мырыш комбинатында жұмыс істеген. Көптеген жапондықтар осы Текеліде қайтыс болған. Өлімінің себебі – туберкулез (өкпенің құрт ауруы). Бірақ, бұл – өтірік. Олар ауыр металдар элементтерімен дем алып, солар арқылы бүкіл ағзалары уланған, міне, нағыз себеп осы.   

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?