Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөкей хандығының құрылуы

8260
Бөкей хандығының құрылуы - e-history.kz
1801 жылы Еділ мен Жайық аралығына Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі көшіп барды. 1812 жылы онда Бөкей хандығы құрылды

 

Бөкей хандығының құрылуы - 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығына Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі көшіп барды. 1812 жылы онда Бөкей хандығы құрылды. Ол 1845жылға дейін өмір сүрді.

Қазақтардың Жайықтың оң жақ бетіне өтуінің негізгі себептері

XVIII—XIX ғасырлардың аралығында Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі Жайықтың оң жағалауына өз беттерінше жаппай көше бастады, Мұның бірнеше негізгі себептері бар еді.

  • Біріншіден, шекара шебіне таяу аймақтарда отырған қазақтар мал жайылымынан қатты тамшылық көрді. Патша үкіметі олардың жер жөніндегі өтініштеріне құлақ аспады. Мұның өзі орыс отаршылдығына қарсы жаңадан көтерілістер тудыра бастады. Қазақтардың Қытайға қарай көшіп кету ықтималдығы пайда болды.
  • Екіншіден, қазақтар өздерінің бұрынғы ата қонысына қайтып баруға тырысты. Ал ол қоныстар Ресеймен шекаралық шептің ішкі жағында қалып қойған болатын. 1771жылы Еділ қалмақтарының елеулі үлкен тобы Шыңжаңға көшіп кеткеннен кейін Еділ мен Жайық аралығында босап қалған жерлер болды.
  • Үшіншіден, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс күшпен басып-жаншылған соң оған қатысушыларға сұлтандар мен ханның тарапынан қатты қысым көрсетіліп, қуғын-сүргін жиілеп кетті.
  • Төртіншіден, Пугачев пен Датұлы бастаған көтерілістер аяусыз басып-жаншылғаннан кейін патша үкіметі бұрыннан белгілі

«бөліп ал да, билей бер» деген империялық пиғыл принципі бойынша біртұтас Кіші жүзді әлсіретуге тырысып бақты, Әбілқайыр ханның ұрпақтары болып табылатын бірнеше топтың арасында тақ таласын шиеленістіре түсті.

Хан тағынан негізгі үміткерлердің бірі Бөкей сұлтан болатын. Бірақ 1797 жылы қартайған Айшуақ сұлтан Кіші жүздің ханы болып шыға келді. Шыңғыс ұрпақтарының арасындағы қарым-қатынас шиеленice түсті. Мұндай жағдайдан шығудың бірден-бір жолы Жайықтың оң жақ бетіне көшіп бару ғана еді.

Бөкей сұлтан бастаған қазақтардың 1801 жылы Жайықтың оң жақ бетіне жаппай өтуі

Жәңгір хан және Пәтимә

1799 жылы Бөкей сұлтан Ресей императорының атына хат жазып, өзінің қол астыңдағы қазақтардың бір бөлігінің Жайықтың оң жақ бетіне көшіп баруына рұқсат сұрап, өтініш жасады. Сөйтіп 1801 жылғы 11 наурызда Ресей монархы I Павелдің жарлығы шығып, Бөкей сұлтан мен оның қол астындағы қазақтардың Жайықтың оң жақ бетіне көшуіне рұқсат етілді.

Бөкейдің өзіне Ресей императорының суреті бар алтын медаль тапсырылды. Көшіп барған қазақтардың қоныстанған аумағы 70 мың шаршы шақырым шамасында болды. Бөкей сұлтанның қол астындағы қазақтар орналасқан бұл аймақ Ішкі Орда деп аталды. Ішкі Орда батысындаАстрахан, солтүстігі мен шығысында Саратов және Орынбор губернияларымен шектесті, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Каспий теңізі менЖайық шекара шебіне барып тірелді.

Әкімшілік тұрғысынан алғанда Ішкі Орда Орынбор шекара комиссиясына бағынышты болды. Бірақ оның орналасқан аумағы Астрахан губерниясына қарайтын. 1801 жылы Жайықтың оң жағасына 5 мыңға жуық отбасы көшіп барды. Олардың басым көпшілігі таяуда ғана болып өткен көтеріліске қатысқандар еді және қазақ қоғамының ең кедей бөлігі болып табылатын. Сырым Датұлы қазақтардың Жайықтың оң жағалауына қоныс аударуына қатты қолдау көрсетті.

Ол тіпті халық арасында ата қонысқа көшу жөнінде ықпалды үгіт жүргізді. Жайықтың оң жағына көшіп барғандардың 15 мыңға жуығы кейінірек оның жақтастары болып шықты. Жайықтың оң жағалауына көшіп барушылардың саны бірте-бірте арта түсті.

Мәселен, 1897 жылғы Ресей империясының Жалпыға бірдей алғашқы халық санағының көрсеткен нәтижесі бойынша, Ішкі Ордада 207 мың қазақ болды. Кейінірек қазақтардың Ресеймен шекаралық шептің ішкі жағына өтуіне тыйым салынды. Сонымен қатар қазақтардың кең-байтақ қазақ даласына қайтып келуіне де рұқсат берілмеді. Далалық қазақтардың да Ішкі Ордаға өтуіне шек қойылды.

1812 жылы Бөкей сұлтанға хан лауазымы берілді. Жартылай тәуелді жаңа мемлекеттік құрылым епдігі жерде Бөкей хандығы (Ішкі Орда) деген атқа ие болды. Патша үкіметі келешекте одан империяға толық тәуелді мемлекеттік құрылым жасамақ ниетте еді. Бұл ретте хандықтың жаңа билеушісі Жәңгірге үлкен үміт артылды.

Жәңгірдің билік басына келуі

Бөкей хандығының негізін қалаған Бөкей хан 1815 жылғы 12 мамырда қайтыс болды. Ол өзінің көзі тірсінде хан атағын өз ұрпақтарының мұрагерлікпен иелену құқығын белгілеп, бекітіп қойған еді. Оның өсиеті бойынша, хан тағы оның ұлы Жәңгірге қалдырылған болатын. Бірақ ол әлі небары 14 жаста еді. Сондықтан ол ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша хандықты Шығатай сұлтан билеп тұрды.

Жас мұрагерді тәрбиелеуді патша шенеуніктері өз қолдарына алды. Жәңгір ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тұрды, сол кездегі үлгілі саналатын білім мен тәрбие алды. Ол хан тағына тағайындалар кезге дейін жан-жақты толық әзірліктен өткен билеуші болып та үлгерген еді. Жәңгір қазақ тілімен қатар орыс, араб және парсы тілдерін білді. Ол Қазан университетінде жиі болып тұратын. Жәңгірдің университетте болған сапарларының бірінен кейін ондағы жергілікті ғалымдар «Қазақ ханы Жәңгірдің Қазанда болуы» деген кітап жазды. Жәңгір Қазан үниверситетінің кітапханасына араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған ежелгі 6 құнды қолжазба тапсырды.

Жәңгір 1824 жылы Орал қаласында хан болып жарияланды және хандықты 20 жыл бойы басқарды. 1827 жылы ол хандықтың орталығы — Хан ордасының негізін қалады. Хан ордасы Нарын құмының батыс бөлігінде салынды. Хандыққа біртұтас басшылық осы жерден жүргізілді. Ханның үлгісі бойынша және оның тікелей нұсқауымен Хан ордасында сұлтандар мен билер, старшындар да үй сала бастады.

Жәңгір хан билік басында болған уақыт қазақтардың бүрынғы дәстүрлі тұрмысына елеулі өзгеріс жасалған, хан билігі күшейген, ислам дінінің ықпалы артқан, тауар-ақшақатынастары айналымға енгізілген маңызды кезең болды.
 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?