Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ресейдегі ұлттық мектептердің ашылу тарихынан

2733
Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі мұрағат деректеріне сүйенетін болсақ, Ресейдегі ұлттық мектептерді ашу туралы мәселе 1918 жылы қыркүйекте талқыланған.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі мұрағат деректеріне сүйенетін болсақ, Ресейдегі ұлттық мектептерді ашу туралы мәселе 1918 жылы қыркүйекте талқыланған. Сол жылы қазанда РКФСР халыққа білім беру комиссариатының аз ұлттарға арналған мектептер ашу туралы қаулысы қабылданды. Аймақта жаңа ұлттық мектептер ашу қиыншылықтар туғызды, әсіресе оқулықтар мен оқу әдістемелі құралдар жетіспеді.1917 жылы Қазан революциясынан кейін қазақтар Ресей халқының белгілі бір бөлігін қамтығандығы белгілі, бірақ қазақтар арасында сауатсыздық етек алды.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1918 жылдан бастап Бөкей даласындағы әрбір болыста мектеп жатаханасымен ашылғандығы белгілі. Ордада қазақ мектептері үшін оқулықтар ана тіліне аударылды. Оқулықтар басып шығаруға қағаз басқада қажеттерді сатып алу үшін Бөкей даласына орталықтан бірнеше миллиондаған сом ақша бөлінді. Қазақтарды қысқа мерзімді курстардан өткізіп жаңа бағдарлама бойынша жұмыс жасауға дайындады. «Мұғалім» атты педагогикалық журналы 1919 жылы наурыздан бастап қазақ тілінде шығарылды. Ол ағарту саласындағы алғашқы журнал болды. Онда жалпы сауатсыздықты жою, кеңес мектептеріндегі әртүрлі пәндерді оқытудың жаңа әдіс- тәсілдері жарияланды. Журналдың саяси- тәрбиелік маңызы жоғары болды. 1919 жылы қыркүйектің басында Ордада Мұғалімдердің 1-съезі болды, оның жұмысы туралы съез делегаты Ғабит Сарбаев былай дейді: Съезде білім беру комиссары С.Меңдешовтың жаңа қазақ мектептерін үйымдастыру туралы баяндамасы тындалды, оқу-тәрбие жұмысын жандандыру мәселесі, мұғалімдерді дайындау курстарын ашу туралы, басқада кезен күттірмейтін мәселелер талқыланды. Ауылдарда 90 жаңа мектеп салу туралы қаулы қабылданды. Мектептерде молдалардың сабақ жүргізуіне тиым салып – діни мектептер орнына жаңа заман талабына сай мектеп ұйымдастыру қолға алынды. 

  1920 жылдан бастап қазақ мектептаріне арнап маман кадрлар даярлау қолға алынып, Омбы уездік жергілікті басқармасы 1919 жылғы жергілікті жиналыс қаулысына сәйкес үш айлық жалпы білім беретін және дәрігер педагогтар курсын ашқан болатын. Себебі, қазақ мектептеріне мұғалімдер қажет болды [1]. 1924 жылы қаңтарда Томскіде Сібір облыстық татар-қазақ педагогикалық техникумы ашылды. Кеңес үкіметінің мәдени жағдайын жақсартуға арналған іс-шараларына қарамастан, қазақтардың арасында әлі де болса конфессионалдық мінездегі адамдар көп болды. Олар балаларын мектепке бермеді, көпшілігі молдадан білім алды. 1920-1921жылы оқу жылында Сібір жеріндегі қазақ тұрғындары үшін 3 мектепке дейінгі мекеме, 709 бірінші сатыдағы мектеп, бір клуб, бір ұлттық драма театры ашылды. 1922-1923жылы оқу жылында бірінші сатылы мектеп 23-ке кеміді, себебі Сібір жерінің бір бөлігі Қазақстан құрамына енді. Қазақ АКСР-інің құрамына кірмейтін Сібір жерінде 1921 жылғы санақ бойынша 200 мың қазақ тұрды.

  Орынбор қаласы Қазақ АКСР-нің астанасы болғаннан кейін РКФСР құрамына енетін барлық автономиялық республикаларға қажетті мамандар даярлайтын орталыққа айналды. 1921 жылы Орынборда халыққа білім беру Қырғыз (қазақ) институты жанынан жұмысшы факультеті ашылып, ондағы оқитындардың 30%-ы қазақтар болды. Оны бітірушілер ішінде атақты жазушылар С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов бар еді. 1925-1929 жылы Омбыда 150 қазақ мектебі болып, онда 3124 бала оқыды [2, с. 54-55].  1921 жылы аштық жылдарында Қазақ орталық атқару комитеті қазақ балаларының өмірін сақтау үшін және жақсарту мақсатында арнайы комиссия құрды. Орынборда 3 қазақ балалар үйі ашылды. Қазақтардың білім алуына, мәдени жағдайын жақсарту мақсатында Батыс Сібір жерінен 1929-1930жж. 277 мектеп-интернат ашуды жоспарлап, онда қазақ тілінде оқытатын болды. 1927-1930 жылдардың өзінде онда 2125 адам оқыды [1, 48 c.]. Қазақ мектептерінде оқулықтар жетіспеді. Қазақстаннан араб әрібінде жазылған кітаптар жіберілді. 1920-1930жж. сауатсыздықты жою жолында көшпелі пункттер ашылды. 1918 жылдары Астрахань губерниясындағы қазақтар арасында білім беру саласында ерекше өзгерістер болды, көптеген ауылдарда бастауыш сыныптары ашылып, онда РКФСР білім беру халық комисариаты жасаған бағдарламасы бойынша қазақ тілінде оқытылды. Алғашқы мектептер Мыңтөбе, Синеморск, Теңіз болыстарында ашылды. 1924-1925жж. Теңіз ауданында 22 қазақ, 5 орыс мектептері жұмыс жасап, онда 1200 оқушы оқыды. Коммуналдық мектептер де ашылды. Ганюшкино ауданының орталығында 50 адамға арналған коммуналдық мектеп ашылып, онда жетім балалар оқыды. Астрахань облысы, Краснояр аудандарында сол жылдарда 18 бастауыш мектеп, ал Ноғай ауданында 23 мектеп жұмыс жасаған. Мұрағат деректерінде 1920 жылғы маусымдағы Бөкей губерниясы Халық ағарту бөлімінің мәліметі бойынша қазақ даласында барлығы 339 мектеп жұмыс жасаған, оның 234 бірінші баспалдақты, бесеуі екінші баспалдақты[3].

Ауыл-шаруашылығын қайта құру, жаңа мәдениеттің орнауы, балық және ауылшаруашылығы салаларының индукцияландырылуы, көптеген өнеркәсіпорындарының механикаландырылуы тұрғындар арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарына көңіл бөлуді қажет етті. Бұрын губернияда әлсіз, губернияның талабын қанағаттандыра алмайтын кәсіптік техникалық оқу орындары болды. 1913-1914 оқу жылында бастауыш мектептерде мектеп жасындағы балалардың 44% қамтылды. Аз ұлттар арасындағы мәдени қажеттілікті жандандыру қажет болды. Астрахань губернисына қарасты территориядағы аз ұлттар арасындағы балалардың мектепке қамтылуы 1913 жылғы мәлімет бойынша бастауыш мектептегі 42% баланың 5-8% ғана аз ұлттар балалары болған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұл жағдай бір шама дұрысталды деп айтуға болады. Мұнда орыстармен аз ұлттарды мектепке тарту бірдейге жақын, 66,6% және 65,4% болып тұр. 1926-1927 оқу жылында жоғары мектептерде 12,361 адам оқыса, оның ішінде 1770 адам яғни 14,3% аз ұлттардың балалары. Санға қарағанда біршама ілгерілеушілік байқалады, өкінішке орай сапа жағынан артта қалып жатты. Сапаны көтеру үшін білім мен тәрбиені күшейту қажет, оған көптеген кедергілер болды. Мектеп үйлері ескі ғимараттарда орналасты, әсіресе ауылдық жерлерде парта жетіспегендіктен еденге отырып оқыды. Аз ұлттар балалары оқитын мектеп мұғалімдерінің білім дәрежесі төмен. Қазақ мектептеріне арналған ана тіліндегі оқулықтар тіптен жоқ болды. Көркем әдебиеттер мүлдем болмады. Білім дәрежесі төмен, қиын жағдайда жұмыс жасап мұғалімдерге көмек көрсету, тексеру, қадағалау жетіспеді. Болашақта жартылай көшпелі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып балаларды мектепке көптеп тарту мақсатында мектеп үйін салумен шектеліп қана қоймай, мектеп-интернат салуды қолға алынды. Қадағалау аппараты әр түрлі ұлттық мектептердегі жұмыстарды үйымдастыру және ағарту саласына бөлінетін қаржыны көбейтуді үнемі назарда ұстады. Мектеп саны ұдайы өсіп отырды, бірақ губернияға қарасты барлық территорияға мектеп бірдей дәрежеде орналасқан жоқ. Жұмысшы-шаруа жастары арасындағы білім беруді сапалыландыру қолға алынды. Балық өнеркәсібі, білім беру, мал дәрігері, ауыл шаруашылығы, дәрігер т.б мамандарын даярлайтын техникумдар ашылып жұмыс жасады. Бұл оқу орындарының 3-2 жас, жаңадан құрылған болатын, сондықтан кабинеттер жеткілікті түрде жарақтанбаған, мастерской, зертханалар, оқу-әдістемелік көмекші құралдар жетіспеді. Астраханда барлық халыққа білім беруге жұмсалатын қаржының 3-1 бөлігі балалар үйіне бөлінді. Орынбор, Батыс Сібір жерлеріндегі сияқты Астрахань губерниясында мектеп ашу жұмыстары экономикалық және саяси жағдайларға байланысты көптеген қиындықтар туғызды. Негізінен, ағарту саласын ұйымдастырушылар революцияға дейінгі интелигенция өкілдері, бұрынғы мұғалімдер С. Мендешов, Ғ. Сарбасов, Б. Жұмашев, Н.Манаев, Ғ.Алакөзов, А.Құдайбергеновтер, ал 1920-шы жылдары Астраханьның өзінде қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы болған алғашқы қазақ мұғалімдері- Темірғали Күнтуғанов, Қасым Шалабаев, Қаным Мұқанбетов, Абдрахим Мырзағалиев және т.б. болды.

  Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Ресей жеріне қоныстанған аз ұлт өкілдерінің жағдайы яғни әлеуметтік-мәдени тұрмысын жақсарту жолында көптеген игі жұмыстар жасалынды дегенмен, халық арасында кемсітушіліктер көп болды. Қазақтарды “қарсақтар” деп кемсітіп, оларға дұрыс көңіл бөлгілері келмей, көбіне басшылық жұмыстарға қоймаған. Соған қарамастан, қазақ тұрғындары арасында өз ұлттық намысын аяққа таптатпауы үшін мәдени тұрғыда күресушілер көп болды. Мұрағат деректеріне сүйене отырып айтатын болсақ, 1937 жылы 22 наурызда  колхоз қызметкерлерінің білімін көтеру мектебінде болған, жалпы курсанттардың мұғалім басшыларымен бірлесіп өткізген жиналысында көптеген қазақ курсанттардың ашына, қорлана сөйлеген сөздері дәлел бола алады. Курсант Жиреншиевтің жиналыста сөйлеген сөзі: “Мен барлық сабақты 5-ке оқуды міндетіме аламын және артта қалушыларға көмектесемін, бірақ біздің топ курсанттарының ішінде қазақтарды кемсітіп, келеке қылатындар бар. Малшыларға “ботаника” не керек, оларға керек емес, - дейді. Бұл дұрыс емес. Біз мұнда оқуға келдік, сол үшін барлық мүмкіндігімізді саламыз. Малшы болу үшін оқымаймыз, қасымызға басқа колхозшыларды ұйымдастырып, жұмыс жасай алатын басшы қызметкер болу үшін оқимыз”- деген [4].

Астрахань облысында ұйымдастырылған колхоз қызметкерлерінің білімін көтеру, қазақ мектебінің директоры Оразов, білім беру бөлімінің меңгерушісі Баймаханов болды. Мектеп басшылығы курсанттардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасауды талап етіп, сабақ берумен шектеліп қана қоймай, олардың арасында мәдени көпшілік шараларды ұйымдастыру жұмыстарына да үнемі көңіл бөлуді жүктеді. Әрбір мұғалімнің жұмыс жоспары талап етіліп, алдымен өздері үлгі болуы міндеттелді. Барлық мұғалімдер қоғамдық жұмыстармен айналысып, курсанттардың бос уақытында әңгімелесу, газет оқуға көмектесу тапсырылып, қосымша сабақ өткізіліп, білімді бағалауда әділ болу талап етілді. Мектеп бітірушілер арасында оқу озаттары қазақтар көп болды: Қанатов, Қалиев, Құлбалаев, Таңатаров, Мұстафаев және т.б. 

1927 жылы Астраханьда ашылған қазақ кеңестік партия мектебінің қазақ педагогикалық техникумы ұлттық педагог кадрларларды дайындаумен айналысты. Астраханьдағы қазақ педагогикалық техникумы көптеген алдыңғы қатарлы қазақ интеллигенциясын даярлауға үлес қосты. Техникум түлектері жоғарғы оқу орындарын бітіріп, ғылыми қызметкер, жоғары оқу орындарында мұғалім, партияның жауапты қызметкерлері болды. Мыс:  Б.Б. Ирмұратов 1955 жылы Астрахань қазақ педагогикалық  училищесін  бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін  бітірді, Мәскеу  Мемлекеттік университеті аспирантурасын  аяқтады. 1987-1992 жылдарда Алматы шет тілдер институтының ректоры болып қызмет атқарды. Сол сияқты Т.А. Айтмұхамбетов - Қазақстан Республикасының Пакистандағы елшісі, Н.И. Есқалиев - Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі, С.С. Тасмұратов Астрахань мемлекеттік педагогикалық университетінің алгебра және геометрия кафедрасының доценті болған [5]. Сауатсыздықты  жою мектебінде оқыған курсанттар жатақхана мен тамақпен қамтамасыз етілді. Бос уақыттарында кино, театр, мұражайға барып өз іштерінде көркем өнерпаздардың ұйымдастыруымен концерттер, кештер болып тұрды. Олар жақсы оқимыз деп міндеттеме алып қана қоймай оны іс жүзінде іске асыруға бар күш жігерлерін салды.

Қазақ тұрғындары арасында мәдени ағарту жұмыстарын ұйымдастырушылар жергілікті үкімет органдары ұлттық ерекшеліктерді, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды ескеріп отырды. Ресей жерінде қоныстанған әр түрлі ұлттар арсындағы мәдени-ағарту жұмыстары  заман талабына сай даму үстінде болды. Ұлттық  мәдениеттің  жан жақтылығын  шынайы  түрде ұғыну  жергілікті  жердегі  халықтың  үнемі назарында болды. 

c3fc323ba356f0def21e0739b75cad2a.jpg

Нағима Сармурзина

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстанның жаңа және қазіргі

заман тарихы кафедрасының тарих ғылымдарының кандидаты


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Государственный архив Современной документации Астраханской области  Фонд №318, опись 1, д.1161, 248 c.

2.  Казахи Южного Урала: история и современность. Сборник.- Оренбург, 1996.

3.  Астраханский Государственный областной архив. Фонд №1351, опись 1, Д.68., С.45.

4.  ҚР.Орталық Мемлекеттік мұрағаты. Қор.1954, тізбе1, іс13,19бет.

5.  Уразтаева.Г.Д. Национальное образование казахов в Россий.История и тенденция. Астраханские казахи:история и современность. -Астрахань: «Волга», 2000. -277с.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?