Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанда XVIII-XXI ғғ. жүрген көші-қон үдерістерін дәуірлеу

3854
XVIII ғ. ортасынан 1917 ж. дейінгі дәуір – Ресейлік империяның отары болған кездегі қоныс аударушылардың Қазақстанға бағытталған көші-қоны.

1) XVIII ғ. ортасынан 1917 ж. дейінгі дәуір – Ресейлік империяның отары болған кездегі қоныс аударушылардың Қазақстанға бағытталған көші-қоны. Әсіресе, ХІХ ғ. екінші жартысынан басталған келімсектер көші-қоны қазақ жерін көп ұлт өкілдерінің мекендеген жеріне айналдырды. 1916 ж. Ұлт азаттық көтерілісті басып-жаншу, жазалау шараларынан қашқан қазақтардың сыртқа көші-қоны болмаса, бұл дәуірде қазақтар сыртқа кеткен жоқ;

2)  1917-1991 жж. кеңестік дәуір – әр түрлі саяси-экономикалық реформалар мен науқандар негізінде қазақ жеріне келімсектердің жаппай көші-қоны мен мәжбүрлі көші-қондар арқасында Қазақстан көп ұлтты халқы бар республикаға айналды. Кеңестік дәуірдегі таптық мәнді ту етіп, ұлттық ерекшеліктерді елеусіздендірген мемлекеттік көші-қон саясатының нәтижесінде қазақтарға ұлт ретінде құрып кету қаупі төнді. 1916 ж. Ұлт азаттық көтерілісті жазалау шараларынан қашқан қазақтардың көші-қоны кеңестік дәуірде өршіген қазақтардың сыртқа көші-қонының бастамасы болды. Осы дәуірде орын алған саяси-демографиялық катаклизмдердің нәтижесіндегі қазақтардың өлім-жітімі мен сыртқа көші-қоны және ең бастысы, қазақ жеріне аграрлық, өндірістік, қуғын-сүргіндік көші-қондар толқындары арқасында өзге ұлт өкілдерінің келуі тұрғылықты ұлт өздерін тарихи жерінде азшылық ұлтқа айналдырды;

3)  Тәуелсіздік жылдары – көші-қон қозғалысында ғасыр бойы Қазақстанға келген ұлт өкілдерінің тарихи отанына қайту көші-қоны күшейіп, керісінше, ғасыр бойы сыртқа қашқан қазақтардың тарихи отанына кері көші-қоны белсендірілді. Оралмандардың Қазақстанға бет бұруы мемлекеттің саяси-экономикалық, мәдени тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің тірегі болып табылатын халықтың демографиялық мінез-құлқындағы негізгі шешуші ұлт – қазақтардың сандық және сапалық мәнін көтерді. Қазақтардың сыртқа көші-қоны еңбек көші-қонымен байланысты.

Кеңестік дәуірдегі республика халқының саны мен құрамындағы өзгерістер бірқатар зерттеушілер еңбектерінде екі кезеңге бөліне қарастырылады: 1920-жж. 1960-жж. басына дейiнгі (1926-1959 жж. санақтары); 1960-жж. мен 1991 ж. (1959-1989 жж. санақтар) аралықтары. Біз бұл әдісті тәуелсіздік кезіндегі қазақстандық тарих ғылымының тұжырымдамалық ұстанымы тұрғысынан ашылған жаңа көзқарастарға сай жетілдіре отырып, кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерістерін өзіндік ерекшеліктері бар алты кезеңге бөлеміз: Қазақстанға көші-қонның 1) 1917-1926 жж. – саябырсу кезеңі, 2) 1926-1939 жж. – қайта өрлеу кезеңі, 3) 1939-1945 жж. – мәжбүрлі кезеңі, 4) 1946-1959 жж. – өрістеу кезеңі, 5) 1959-1970 жж. - бәсеңдеу кезеңі мен 6) 1970-1991 жж. – кері бұрылу кезеңі.

Кезеңдерге бөлуде басты назарда ұстанатын ұстанымдар – көші-қон үдерісінің басты бағыттарына байланысты негізгі үрдістері мен салдарлары. Көші-қон қозғалысының бағыттары мен айырымы халықтың саны мен құрамының динамикасына, табиғи қозғалысының негізгі үрдістеріне әсер еткен негізгі фактор ғана емес, ол қазақстандық қоғамның даму салалары мен ұлттық дамудың құлдыраулар мен өрлеулерге негізделген ерекшеліктерінің қалыптасуына әсер еткен басты фактор болды.

Бірінші – 1917 ж. мен 1926 ж. Бүкілодақтық халық санағы арасын қамтитынкезеңде бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты жаңа кеңестік түрге ауысты. Бұл кезеңде патша өкіметі кезіндегідей көші-қоншылардың лек-легімен келуі өндірістендіру басталғанға дейін тоқтатылды. Бұл кезеңді Қазақстанға көші-қонның саябырсу кезеңі деп атаймыз.

Бұл кезеңдегі көші-қон қозғалысын белсендірілуіне саяси фактор ерекше әсер етті. Экономикалық және әлеуметтік факторлар саяси факторлардың ықпалы мен нәтижесіне байланысты тұрмыстық факторларды да туғызды.

Осы кезеңнің ішінде 1917-1918 жж., 1921-1922 жж. ашаршылықтар орын алды. Сыртқы көші-қондағы ірі ерекшелік – тұрғылықты халық қазақтардың көші-қоны Қазақстаннан сыртқа қарай бағытталса, өзге ұлт өкілдерінің, ерекше европалық ұлт өкілдерінің, керісінше, Қазақстанға көшіп-қонуы жалғасты.  1916 ж. ұлт азаттық қозғалысқа қатысқандарды қудалаудан қашқандардан басталған қазақтар көші-қоны кеңес өкіметінің жеңісінен кейін де орын алды. 1917/1918 жж. Түркістанда орын алған ашаршылық қазақтардың қарама-қарсы бағыттардағы көші-қонын күшейтті. Сонымен бірге, патшалық дәуірдің мұрасы - қазақ жерін «отарлау-қоныстандыру» саясатының нәтижесіне – Қазақстанға өз бетінше көші-қонға тыйым салынды. Соған қарамастан, орыс, украин және т.б. қазақ жеріне көші-қоны тоқтаған жоқ. Бірақ, Қазақстанға қарай бағытталған көші-қон қарқынының саябырсуына орай, бұл кезеңде қазақтар халық құрамындағы артықшылық үлесін сақтады – 1926 ж. санақта  58,5% болды.

Екінші кезең – 1926-1939 жж. – кеңес дәуірі кезіндегі Қазақстанға көші-қонның қайтадан жандануы мен Қазан төңкерісінен кейінгі кейінгі көші-қонның қайта өрлеу кезеңі. Ұжымдастыру мен өндірістендіруге байланысты Ресейден көші-қоншылар патша кезеңіндегідей ағылып келіп жатты. Өндірістендіруге байланысты Түрксібке, Қарсақпайға, Қарағандыға және т.б. Ресейден көші-қоншылар әкелінді. 1929 ж. бастап, саяси жазаланғандар, арнайы қоныстанушылар, бұрынғы кулактар келе бастады. Бұл кезеңде республикадағы қазақтар үлесі төмендеп, 38,0%-ға түсті. 1926-1939 жж. көші-қон үдерістері тарихта қазақ халқын демографиялық апатқа әкелген саяси оқиғалармен өзара байланыста, өзара әсеріне ұшырады. Жаппай ұжымдастырудың нәтижесінде дәстүрлі шаруашылығынан айрылған қазақ халқының ұлт ретінде тарихтағы орнына нұқсан келтірген 1929-1933 жж., ал батыс бөлігінде, тіпті, 1927 ж. бастап орын алған ашаршылықтың нәтижесінде табиғи қозғалыс пен көші-қондық қозғалыстардағы кері айырымның есебінен демографиялық апатқа ұшырап, халқының үштен бірін жоғалтқан Қазақстан халқының сол кезеңдегі көші-қонының ызғары ХХІ ғ. да сезілуде. Демографиялық катаклизмдердің арқасында басым бөлігі қазақ ұлты болып табылатын азиялық ұлт өкілдерінің Қазақстаннан сыртқа көші-қоны ірі өнеркәсіптік көші-қондар мен аграрлық деген атаулармен жүргізілген, репрессиялық сипаттағы кулактық жер аударулармен жалғасқан европалық ұлт өкілдерінің Қазақстанға қарай бағытталған көші-қонымен айырбасталды. Қоныстанулардың отарлықпен байланысты түсініктері біртіндеп қолданудан қала бастады.

Ішкі көші-қонда тың жерлерді игеру көзделген көші-қон елеулі болды. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін КСРО-да, соның ішінде Қазақстанда одақтық республикалар мен елдің шет аймақтарын коммунистік жолмен дамыту туының астында ұжымдастыру жүргізіліп жатты. Сонымен бір мезгілде Қазақстанның, Сібірдің, Кавказ бен Волга бойының ірі тың жерлерін игеру қолға алынды. БКП(б) ОК 1939 ж. мамыр Пленумы Қазақстанның ауыл шаруашылығына қажетті жұмыс күшін сырттан көшіру шешімін қабылдайды. 1940 ж. басынан Қазақстанға үш бағытта көші-қоншылар легі ағылды: жоспарлы түрде үкімет бастамасымен қоныс аударғандар арнайы көмек алды, тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етілді; көші-қоншыларды өз қаражатына шақырып, қабылдап, орналастырған ұжымшарлардың жеке бастамасымен келгендер және ұжымшар-кеңшарлармен жұмыс пен тұрғын үй жайлы алдын-ала келісіп алған көші-қоншылардың өз қаражатымен жүзеге асқан жоспардан тыс көші-қоны.

Мысалы, Қазақстанның оңтүстігіндегі Мырзашөлді игеру. Бұл шара өз бастауын патшалы Ресейдің отарлау-қоныстандыру саясатынан алады. Патшалық империялық саясат Қазақстан жерін әскери плацдарм етумен бірге бос аймақтарын ауыл шаруашылық шикізаттарын өндіру алқаптарына айналдыруды көздеген болатын. 1892 ж. Мырзашөлді игеру – өлкенің агромәдениетін дамыту, ең бастысы лек-легімен қоныстанып жатқан орыс, украин шаруаларын орналастыру мен жермен қамтамасыз етудің бір шарасы ретінде қаралды. Кеңес өкіметі бұл істі жалғастырды. Ұлы Отан соғыс қарсаңында кеңес үкіметі сол сызба бойынша Мырзашөлді игеру үшін одақтас республикалардан көші-қоншыларды жоспарлы түрде көшіру жүргізілді. Сонымен бірге, республиканың басқа облыстарынан да алынатын адамдар саны жоспарланып, көшіріле бастады. 1940 ж. соңына қарай Қазақстанға 22833 қоныстанушылар шаруашылығы келген. Бірақ, соғыстың басталуымен көші-қонның бұл түрі тоқтатылды.

Республика ішіндегі көші-қон республика аралық көші-қондармен біте қайнап, астасып жатты.

Үшінші кезеңге 1939-1945 жж. арасын алдық. Бұл кезеңдегі Қазақстандағы көші-қонға әсер еткен негізгі фактор – әлемдік екінші соғыс және оның құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысы. Саяси факторлар тағы да шешуші рөл атқарды. Осы кезеңдегі ірі көші-қондық қозғалыс адамзат тарихында болмаған ірі репрессиялар – контрреволюцияшылар, тап жаулары, «халық жауларын» ату жазасына кесіп, ГУЛАГ жүйесіндегі түрмелерде қинап, кулактық жер аударулардан басталған мәжбүрлі қоныс аударулар халықтарды этникалық белгісіне байланысты жер аударулармен жалғасты. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында КСРО-ның жау басып алу қаупі бар аудандардан адамдар мен өндіріс орындарын эвакуациялау осы кезеңдегі тағы бір ірі көші-қон қозғалысы болып табылады. Соғыс жылдарында республикаға 1257,6 мың адам келіп, оның 20,3%-ы Қазақстанды тұрақты мекен етіп қалғанымен, 1939-1945 жж. Қазақстан халқы 5,6 пунктке кеміді.

Кавказ, Қиыр Шығыс, тау халықтарының қазақ жеріндегі өкілдерінің түрлері мен санының өскен уақыты. Эвакуация мен реэвакуацияға, мобилизация мен демобилизацияға, депортация мен репатриация, соғыс тұтқындарының әкелінуіне негізделген көші-қон сыртқы көші-қонның негізгі барысын құрады. Ішкі көші-қон сырттан келгендердің аймақтарға орналасуы мен республика халқының өз ішіндегі халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайына, соғыс кезінде соғыс жағдайына бейімделген қатаң тәртіптің ашаршылықтарға душар еткенінен туындады. Соғыс жылдарында соғыс қарсаңында басталған жоспарлы қоныстандыру шаралары тоқтатылды.

Төртінші кезең 1946 ж. соғыстың аяқталған кезі мен 1959 ж. Бүкілодақтық халық санағы аралығын қамтиды.

Соғыстан кейінгі демобилизация, отбасылардың бірігуі, табиғи өсімдегі компенсаторлық кезең, халық шаруашылығын қалпына келтіру, жаңа өндіріс орындары (шикізаттық бағыттағы) мен көлік жолдарының түрлерін іске қосу, жаңа қалалар мен қала типтес поселкелердің құрылуы, ауыл шаруашылығындаға реформалар, тың және тыңайған жерлерді игеру және т.б. негізіндегі көші-қондар өрістеді. Қоғамдық ұйымдастыру жолымен көші-қон үдерісін мемлекеттік көлемде реттеу шаралары жүзеге асырылды. Елдегі әлеуметтік жағдайлардың қайшылықтарының ұлтаралық жанжалдар түрінде көрінуі және т.т. осы кезеңге тән. Бұл кезеңдегі көші-қонның басым бағыттары Қазақстанға қарай басқа республикалар мен шетелдерден келгендер есебінен бағытталған сыртқы көші-қон есебінен болды. Көші-қонның қарқындылығы осы жылдары ерекше қарқынмен жеделдетіліп, өз атын берген жерінде қазақ ұлты абсолюттік саны мен үлесі жөнінен азшылыққа айналдырған кезең. Тың қазақты тұқыртып, 1959 ж. санақта 29,7%-ға түсірді. Қазақтар өз отанында азшылық ұлтқа айналды.

Бесінші кезең – 1959 ж. Бүкілодақтық халық санағы мен 1970 ж. аралығын қамтиды. Бұл жылдары Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлай бастады. Бұл кезеңде көші-қон айырымында кері айырым болмағанымен, көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі дейміз. Сырттан қазақтардың келуі оқиғалары осы кезеңде орын алды. Бұл кезеңде қазақтардың табиғи өсімін көтерген «демографиялық жарылыс» деп тарихта аты қалған туу көрсеткіштерінің күрт өсуі тұрғылықты ұлттың мөлшерін 2,9 пунктке ғана көтерді. Қазақ жеріндегі қазақтар үлесі 1970 ж. 32,6%-ға жетіп, халық құрамында азшылық ұлт мәртебесін жоя алмады.

Алтыншы кезең – 1970-1991 жж. аралығын, Қазақстанға сырттан келген көші-қонның кері бағытының күшейген кезінен Қазақстанның дербес тәуелсіз мемлекет ретінде жариялануына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңдегі көші-қонның ерекшелігі сонда, 1968-ж. екінші жартысынан бастап Қазақстанға өзге республикалардан келушілер саны азайды. Бұл 1970 ж. санақта көрінді. Көші-қон үдерісі халық санының өсіміндегі шешуші рөлінен айрыла бастады. Қазақстандағы ХХ ғ. басынан жалғасқан көші-қон үдерісінің бағытталу үрдісінде өзгерістер болды. Көші-қон қарқыны бәсеңдей бастады, бағыттары Қазақстаннан кері бұрылды. Бірақ әлі де жоспарлы түрде қоныстандыру және басқа да мемлекеттік шаралар негізіндегі көші-қон үдерісі жалғасып жатты.Алғаш рет 1970-жж. бастап, сонау ХІХ ғ. ортасынан Қазақстанға қарай ағылған көші-қонның бағыты кері бұрылды. РКФСР-ден басқа одақтас республикалармен көші-қон айырбасында теріс айырым көріне бастады. Оған себеп болған факторлар – ұлттық сана сезімнің оянуы, халық шаруашылығында ұлттық мамандар үлесінің өсе бастауы және т.б. Бұл кезеңде Қазақстан халқының демографиялық мінез-құлқында да өзгерістер жүрді.Көп балалы отбасыдан аз балалыққа өту, бала тууды сандық жағынан реттеуге негізделген бағыт осы кезеңнен бастау алды.

1991 ж. бергі тәуелсіздік жылдарын қамтитын кезеңдегі көші-қон үдерістері өзіндік ерекшеліктерімен дамуда: КСРО-ның ыдырауы ғасырлар бойы Қазақстанға бағытталған көші-қонның нәтижесінде жиналған көші-қон әлеуетін елден сыртқа қарай бағыттады. 1989 ж. Бүкілодақтық халық санағы мен 2009 ж. Қазақстан Республикасы Екінші ұлттық халық санағы аралығындағы көші-қон динамикасындағы сандық және сапалық өзгерістер республика халқының этнодемографиялық дамудағы шешуші рөлді тұрғылықты ұлт – қазақтардың атқаруына мүмкіндік берді.

Тәуелсіздік жылдарында кеңестік кезеңде Қазақстанға келген көші-қоншылардың негізгі әлеуетінің өздерінің тарихи отандарына қайтуына және елден кеткен отандастарымыздың оралу көші-қонына орай республикадағы қазақтар үлесі 1989 ж. 39,7%-дан 2009 ж. 63,1%-ға өсті.

А.И. Құдайбергенова – т.ғ.д., доцент


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?