Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дәуір баспалдақтары

3214
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақ хандығын Орталық Азиядағы түңғыш ұлттық мемлекет деп ерекше атап өтеді.

Осылайша, 3,5 ғасырдан аса тарихы болған Қазақ хандығы, біріншіден, б.з.д. І мыңжылдықтың басынан — б.э. ІІ мыңжылдығының ортасына дейін Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттердің заңды жалғасы, мұрагері болса, екіншіден, ХV ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың І ширегі аралығындағы қазақ халқының ұлттық сипатта қалыптасқан мемлекеті болып саналады. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақ хандығын Орталық Азиядағы түңғыш ұлттық мемлекет деп ерекше атап өтеді.

Тарихи дамудың заңдарына сәйкес кез келген тарихи объект өзінің ішкі заңдылығы және сыртқы факторлардың әсерімен қалыптасады, дамиды және күйрейді немеме басқа түрге ауысады. Қазақ хандығының 360 жылдай тарихы осы заңдылықты дәлелдей түседі. Қазақ халқының кейінгі орта ғасырлар мен жаңа заманның алғашқы кезеңіндегі тарихы Қазақ хандығымен тығыз байланысты. Оларды бір-бірінен бөлек, ажырата қарастыру мүмкін емес.

Тарихи құбылыстардың қалыптасу, даму және күйреу кезеңдері болатын секілді, Қазақ хандығы да осындай кезеңдерді басынан өткереді. Әрбір кезеңдегі тарих халықтың, қоғамның саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани мәселелерімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың әрқайсысының халықтың тарихында алатын орны ерекше, маңызы жоғары.

Қазақ хандығының тарихындағы аса маңызды және күрделі әрі аса қызықты тақырыптардың біріне хандықтың құрылуы тақырыбы жатады. Тақырыптың маңыздылығынаоның тарих төріне қазақ халқының ұлттық мемлекет ретінде шығуы, ал күрделілігіне — оның құрылуы, тек ішкі саяси факторлардың ғана емес, сонымен бірге сыртқы саяси факторлардың, этникалық дамулардың, рухани дамулардың нәтижесі болуы жатады. Тақырыптың тағы бір маңызды жағы — хандықтың құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы 2,5 мыңжылдай уақытқа созылған этноүрдіс өзінің мәресіне жетіп, ұлттық сипатқа ие болады да, қазақ халқының қалыптасуының аяқталуымен бір кезеңде жүзеге асады. «Қазақ" атауы осы кезеңде этникалық мәнге ие болып, ол этностың мемлекеттілігі атауына да беріледі.

Қазақ хандығының тарихын мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттіліктерінің, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахандар мемлекеттерінің, одан кейінгі Алтын Орданың, ал нақты түрде, Ақ Орда мемлекеттерінің тарихымен тығыз байланысты. Мемлекеттердің атауы әртүрлі болса да, оларға тән ортақ нәрсе — бір территория мен сол территорияда өмір сүрген ру-тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани өмірлерінің тұтастығы. ХІІІ ғасырдың басына дейінгі мемлекеттердің бәрінің әулеттерді шығарып отырған тайпалар атауларымен байланысты болып келсе, Қазақ хандығы алғаш рет қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірінің емес, барлық тайпаларға ортақ жиынтық атаумен атала бастайды. Бұл дегеніміз — Қазақ хандығын бір тайпаға емес, көптеген туыс тайпалардың бірігуінің нәтижесінде пайда болған жаңа этноқауымдастық немесе жаңа этнос атауына қатысты екендігін көрсетеді.

Қазақ хандығының тарихында ұлттық сипатқа ие болған мемлекеттің құрылуының алатын орны ерекше, маңызы жоғары болып саналады. Хандықтың құрылуы Қазақстан аумағында желгі замандардан бері үзілмей үздіксіз жүріп келген этникалық процестер мен XIV–XV ғасырлардағы Шығысы Дешті Қыпшақ аумағы мен оған көршілес аймақтардағы саяси құрылымдар дамуының заңды қорытындысы болып есептелінеді. Сонымен бірге бұл маңызды оқиға мемлекеттіліктің дамуындағы белесті бір кезең болуымен ерекшеленеді. Осы аталған маңыздылықтарды жеке-жеке талдап, қарастыралық.

Қазақ хандығының құрылуының аса зор маңызды жағына оның этникалық дамуын жаңа сатыға көтеруі, оны бір-деңгейден екінші бір-деңгейге жеткізуі жатады. Отандық тарихнамада қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңі Қазақ хандығының құрылуымен қатар жүзеге асты деген тұжырым берік орныққан. Бұл тұжырымның пайда болуы Қазақ хандығының құрылуымен байланысты екендігіне ешкім-де шүбә келтірмейді.

Қазақстан аумағында этникалық процесстер ең бері дегенде қола дәуірінен бастау алып, біздің заманымыздың XIV–XV ғасырларында өзінің халықтық деңгейіне көтеріледі. Этникалық процестер барысындағы этнкалық элементтер мен компоненттердің аумақтық, экономикалық, саяси, дәни-мәдени, тілдік, рухани ортақ кеңістіктерге бірігуі 2–2,5 мың жылдай уақыт бойы бірнеше тарихи дәуірлер мен кезеңдер арқылы жүзеге асады. Әрбір тарихи дәуірде этнкалық процесс өзіндік даму жолынан ауытқымай, қажетті шарттармен толыға түседі.

Жалпы алғанда, ХІІІ ғасыр басына дейін этникалық процесс халықтық деңгейге жақындап, ортақ этникалық кеңістік қалыптасып болған еді. Бірақ та оның толығымен шегіне жетіп, түпкілікті түрде жүзеге асуына саяси-әлеуметтік ұйым мемлекеттілік қажетті шарттар жасай алмайды. ХІ ғасырда құрылған Қыпшақ хандығы ХІІ ғасырдың ортасынан бастап ішкі және сыртқы факторлардың нәтижесінде бытыраңқылыққа ұшырайды. Ал ХІІІ ғасыр басында ол жүйе өзінен әлдеқайда мықты мемлекеттік жүйеге — моңғолдар мемлекетіне орын береді. Соның нәтижесінде Қазақстан аумағындағы этникалық процеске жаңа бір тарихи дәуірді — моңғолдар үстемдігі дәуірін басынан өткеруге тура келді.

ХІІІ-XV ғасырлардағы этникалық процестер алғашқы кезеңде біршама тежеуге ұшырағанымен, өзінің даму барысынан ауытқымайды. XІV ғасырдың ортасына таман Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы моңғолдық этнокомпоненттердің жергілікті этноортаға бейімделуі аяқталады, басқаша айтқанда моңғол тайпаларының қыпшақтануы аяқталып болады.

Жазба деректерде ХІ-ХІІІ ғасырлардағы Дешті Қыпшақ тұрғындары жалпы ортақ атаумен қыпшақтар деп аталынса, XІV ғасырдың ортасынан бастап, оны «өзбектер» атауы ығыстырып шығарады. Ал Қазақ хандығының құрылуымен Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындары үшін «қазақ" атауы қолданыла бастайды. Бұл этноним Қазақстан аумағындағы этникалық процестердің мәреге жетіп, бір халықтың қалыптасуының аяқталғанын көрсетеді. Қазақ хандығының құрылу барысы мен халықтың қалыптасуының аяқталу кезеңі қатар жүзеге асып, саяси жағдайларға байланысты пайда болған «қазақ" термині жаңадан тарих төріне көтерілген халыққа да беріледі. Сөйтіп, осыдан жарты мың жылдан астам уақыт бұрын этноним ретінде пайда болған «қазақ" сөзі күні бүгінге дейін өзі пайда болған аумақтағы халықтың атауы ретінде қолданылып келеді.

Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан аумағында ежелден бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этникалық процесті жаңа белеске жеткізіп, қазақ халқының халық болып қалыптасқандығын көрсетті. Осылайша, Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызын этникалық тұрғыдан қарастыра келе, ол — қазақ халқының қалыптасуы кезеңін аяқтауға тікелей ықпал етті, этникалық процесті халықтық деңгейге көтерілген этносқа — «қазақ" атты этнонимді бергізді деп санаймыз.

Қазақ хандығының құрылуының келесі бір тарихи маңызына, оның ХІІІ ғасыр басында моңғол жаулап алушылығына байланысты үзіліп қалған мемлекеттік дәстүрді жергілікті этностың дәстүріне сай қайта қалпына келтіруі жатады. ХІІІ ғасыр басына дейінгі Қазақстан аумағындағы қыпшақтың мемлекеттік жүйе мен моңғолдық мемлекеттік жүйеде ортақ ұқсастықтар болса да, олардың әрқайсысында тек өздеріне ғана тән ерекшеліктер көпті. Мысалы, оған мемлекеттің саяси-әкімшілік құрылымының негізін билікті мұраландырудағы айырмашылықтарды, билік түрлерінің атқарушы билік түріне қарым-қатынастарын жатқызуға болады. Моңғолдық мемлекеттік жүйе жаулап алуға байланысты Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына енгізіліп, бұрынғы жүйені ығыстырып шығарады, бірақта оны жергілікті тұрғындардың санасы мен жадынан өшіре алмайды. Моңғолдық этнокомпоненттердің қыпшақтануы процесі моңғолдық мемлекеттік жүйенің жергілікті ортаға бейімделуімен қатар жүреді. Соның нәтижесінде моңғолдық мемлекеттік жүйеге тән ноян, баһадүр секілді терминдерді — би, бек, батыр деген жергілікті түркі-қыпшақ сөздері ығыстырады. Сондай-ақ доғарғы билік мұралануда қыпшақтық дәстүр мен моңғолдық дәстүр арасында өзгешіліктер бар болып, ХІІІ- XІV ғасырдың ортасына дейін моңғолдық дәстүр үстемдік құрып келді. XІV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың ортасына дейінгі аралықтағы саяси оқиғалардың көбінісінің астарында осы екі дәстүр арасындағы күрестер жатты. Моңғолдық дәстүр бойынша, ханның мұрагері болып оның ұлдарының бірі сайланса, жергілікті дәстүрге сай билікті билеуші әулеттің жасы үлкен өкілі мұраланып отырған. Бұл дәстүр Алтын Ордада XІV ғасырдың соңы XV ғасырдың басында қолданыла бастайды. Ал Қазақ хандығының құрылуы қыпшақтық дәстүрді толық жеңіске жеткенлігін көрсетеді. Орыс хан ұрпақтары Шибан әулетіне қарсы күресте жеңіске жетіп, Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікті иеленгеннен кейін осы дәстүрді ұстанады. Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп келіп, хан сайлау барысында Керей жоғарғы билікті иеленеді. Моңғолдық дәстүр бойынша 1428 жылы қайтыс болған Барақтың ұлы — Жәнібек хандық билікке келуі тиіс болатын. Ата жолы бойынша Керейдің хан болуы қыпшақтық дәстүрдің жеңіске жеткендігін көрсетеді.

Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы моңғолдық үстемдікке дейінгі Қазақстан аумағындағы мемлекеттік жүйе мен дәстүрдің қайта үстемдікке шыққандығын дәлелдейді. Мұның өзі халық пен мемлекет арасындағы өзара байланыстардың орын алып, мемлекеттің халықтық, ұлттық сипатта болғандығын көрсетсе керек.

Сондай-ақ, Қазақстан аумағында ежелгі замандардан XV ғасыр ортасына дейін әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген мемлекеттердегі билеуші әулеттер көбінесе, бір тайпадан шығып, мемлекет атауы сол тайпа атауымен аталғаны белгілі. Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттерін айтпағанның өзінде, XІV ғасырдан кейін өмір сүрген Түрік, Түргеш, Оғыз, Қарлұқ, Қимақ, Найман, Қидан, Қыпшақ мемлекеттерінің атауы осыны көрсетеді.

Сонымен бірге, ХІІІ- XV ғасырлар аралығында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы мемлекеттік құрылымдар — Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Әбілхайыр хандығы, Моғолстан мемлекеттері бір мезгілде өмір сүріп немесе бірінің орнына бірі келіп, сол орта ғасырлардағы Қазақстанның саяси картасын әртүрлі түспен құбылтып тұрса, Қазақ хандығының құрылуы және оның саяси дамуы әр түсті бір түске ауыстырады.

XV ғасырдың ортасынан бастап, әртүрлі саяси атаулардың орнына бір ғана саяси термин — «Қазақ хандығы» атауы орнығады. Бұл атау XVІІІ ғасырдың басына дейін Қазақстан аумағындағы жалғыз мемлекеттің атауы ретінде қолданыста болады.

Ертіс пен Еділ өзендерінің, Сырдария мен Тобылдың жоғарғы, ағысының аралығындағы орасан зор аймақ ХІ ғасырдан бері «Дешті Пышақ" деп аталынып келсе, Қазақ хандығының құрылуымен оның одан кейінгі ғасырлардағы дамуы жаңа ұғымды қолданысқа енгізеді. Жоғарыда аталған аймаққа қыпшақ тайпаларынан шыққан әулет билігінің орнауы — «Дешті Қыпшақ« — «Қыпшақ даласы» деген ұғымды енгізгені белгілі. XVІ ғасырдың бірінші жартысында «Қазақстан» термині алғаш рет жазба деректерде жазылып, ол «қазақтардың мекені», «қазақтардың елі» дегенді білдіреді. Сөйтіп, Дешті Қыпшақ атауы тарихтың еншісіне қалдырылып, жаңа атау — жаңа этносаяси жағдайларға сай қызмет ете бастайды. Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы — аймақтың саяси және этнографиялық ұғымдарына да әсерін тигізіп, жаға жағдайларға сай жаңа атауларды қалыптастырады.

Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызы — жоғарыда айтып өткендермен шектелмейді. Оның ерекше бір атап өтер маңызына — Қазақ хандығының құрылуының Қазақстан аумағындағы бір тарихи дәуірді аяқтап, жаңа бір тарихи дәуіріне негіз қалауы.

Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен жүзеге асқан бұл маңызды оқиғаны орта ғасырлық Қазақстан тарихында Түрік қағанатының, Қыпшақ хандығының құрылуымен салыстыруға болады. VІ ғасыр ортасында Түрік қағанатының құрылуы — Қазақстан тарихындағы ХІ-ХІІІ ғасырдың басы аралығын — Қыпшақ дәуірі деп аталатын тарихи дәуірге жатқызады. Ал Қазақ хандығының құрылуымен XV ғасырдың ортасынан бастап Қазақстан территориясында жаңа тарихи дәуір басталады. Ол — Қазақ хандығы дәуірі.

XV — XVІІІ ғасырлар аралығын қамтыған Қазақ хандығы дәуірі Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Осы дәуірде ұлттық сана өсіп, халықтың өзіндік, өзіне тән ерекшеліктері айқындалады. Халқымыздың тарихи санасында өшпестей із қалдырған атақты хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер, бектер мен әмірлер, ақындар мен жыраулар, ишандар мен абыздар осы тарихи дәуірде өмір сүрді. Ерлік пен елдікті паш еткізген небір айтулы тарихи оқиғалар осы дәуірдің еншісінде жатыр.

Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы — Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп есептеліп, ол — этникалық дамуларды халықтық деңгейге жеткізді, қазақ халқының халық болып қалыптасуының аяқталуына ықпалын тигізді, «қазақ" атты нақты этнонимді, «Қазақстан» атты жаңа этносаяси терминді дүниеге алып келді, Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын жаңа тарихи дәуірдің басталуына негіз салды деп санаймыз.

Қазіргі кезде еліміздің ресми атауы — «Қазақстан Республикасы», халқымыздың атауы — «қазақ», жеріміздің атауы — «Қазақстан» деп аталынуының негізінде XV ғасыр ортасында құрылған Қазақ хандығы жатыр.

"Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік журналы,

Берекет КӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?