TopIQ - цифрлық оқулықтар платформасы

2250
TopIQ - цифрлық оқулықтар платформасы - e-history.kz

Сурет: Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі білім беру кеңістігі технологиямен үндесіп, тың тәсілдерді талап етіп отыр. Бүгінгі оқушыны тек оқулықпен, дәстүрлі әдіспен қызықтыру қиын. Ақпаратты жылдам қабылдайтын жаңа ұрпаққа бейімделген, заманауи форматтағы оқыту платформаларының бірі – TopIQ цифрлық білім беру платформасы.

TopIQ - әр жастағы оқушыларды ойын арқылы оқыту жүйесін ғана емес, оқу арқылы ойлауды дамытатын цифрлық платформа. Ол цифрлық форматта қол жетімді оқу материалдарының кең ауқымын ұсынады. Платформа әр оқушының жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін интерактивті және адаптивті оқулықтарды ұсынады. Мұнда әрбір пәндік тақырып көрнекілік, анимация, ойын және интерактив элементтері арқылы ұсынылады. Сабақ құрылымы оқушыға қызықты болатындай етіп әзірленген. Мысалы, қазақ тілі пәнінен "Жұрнақ пен жалғау" тақырыбы анимация арқылы түсіндіріледі: мультфильм кейіпкерлері сөзге жалғанып, оның мағынасын өзгерту жолдарын ойын түрінде көрсетеді. Бұл оқушының еске сақтау қабілетін жақсартып қана қоймай, түсінуді жеңілдетеді.

TopIQ-тің басты артықшылығы – оқушы білімді өз қарқынымен меңгере алады. Бір тақырыпты бірнеше рет тыңдап, бейнесабақты қайта көріп, тапсырманы қателеспей орындауға мүмкіндік бар. Жаттығуларды дұрыс орындаған сайын жұлдызша жиналып, бала марапатталады. Бұл — ішкі мотивацияны күшейтетін тиімді тәсіл.

Мысалы, өз тәжірибемде 2-сынып оқушысы Сабина математикадан “Көбейту кестесі” бөлімінде қиналып жүрді. Дәстүрлі әдіспен түсіндіргенде тез жалықты. Ал TopIQ платформасында дәл осы тақырып ойын және анимация арқылы берілген. Сабина үй тапсырмасын өз бетімен бірнеше рет орындап, жұлдызша жинауға қызығып, күн сайын жетістікке ұмтылды. Нәтижесінде 1 апта ішінде өз бетімен 80%-дан жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – технология мен баланың мүмкіндігін үйлестіре білудің нақты көрінісі.

Ата-ана мен мұғалімге ортақ бақылау құралы

TopIQ платформасында мұғалім мен ата-ана баланың оқу барысын нақты көре алады: қай тапсырманы орындады, қай бейнесабақты көрді, қай жерде қиналды — бәрі жүйеде тіркеледі. Бұл білім беру үдерісіне ата-ананы да тең деңгейде қатыстыруға жол ашады. Енді “балам не үйреніп жүр?”, “сабақты меңгерді ме?” деген сұрақтарға нақты дерекпен жауап табылады.

Тағы бір қуанышты жайт – TopIQ платформасында барлық негізгі мазмұн қазақ тілінде әзірленген. Бұл – ана тіліндегі сапалы контентке деген сұранысты қанағаттандыратын маңызды қадам. Ағылшын тілі, математика, жаратылыстану сияқты пәндер де қазақ тіліне бейімделіп ұсынылады. Демек, оқушы ұлттық тілде ғылым мен заманауи білімге қадам басады.

Цифрлықплатформасы - білім берудің революциялық жетістігі 

Цифрлық платформалар – мұғалімнің орнын баспайды, бірақ оның мүмкіндігін арттырады.  TopIQ – мұғалімді алмастыратын құрал емес. Керісінше, оның жұмысын жеңілдететін, шығармашылық ізденісіне жол ашатын көмекші құрал. Мұғалім енді уақытын түсіндіруге емес, оқушының қателігін саралауға, деңгейіне сай тапсырма беруге жұмсай алады.

Мұндай бастамалар – жаңа буынның цифрлық сауаттылығын арттырып, білім беру ісін қызықты әрі тиімді ететін ізгі қадамдар. Біз, ұстаздар қауымы, мұндай платформаларды тек тұтынушы емес, сарапшы көзімен бағалап, қолдана білсек, болашаққа нық сеніммен қадам баса аламыз.

                                                        Айдана Анықбаева,  

                                                            Алматы облысы, Талғар ауданы,

                                                            Еңбекші ауылы №39 жалпы білім 

                                                            беретін орта мектептің бастауыш мұғалімі

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз