Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақстандағы православие діні тарихы

13291
Қазақстандағы православие діні тарихы - e-history.kz
Діни өмірдің шынымен жандануы (сонымен қатар православ шіркеуінің) тек Қазақстанның тәуелсіздік алуымен басталды.

Православие діні –Қазақстанда дінге сенушілерінің саны бойынша исламнан кейінгі екінші діни бағыт.

Православие діні елімізде Қазақ хандығының Ресей империясына қосылуы кезіндегі әскери қоныстарда пайда болды. Оңтүстік аймақтарда алғашқы әскери діни қауымдар (кішкентай шіркеулер, сиыну үйлері) 1866 жылы Түркістан мен Шымкентте пайда болған. 1871 жылы Түркістан Епархиясы құрылды. 1872 жылы Верный және Жетісу епархиялары тарапынан құрылған кафедраға қазақстандық архиерейлердің алғашқысы – архиепископ Сафония (Сокольский) сайланып, ол осы қызметін 1877 жылға дейін атқарды.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шіркеулер салу XIX ғасырдың 80-ші жылдары басталды. 1901 жылдың өзінде Сырдария обылысында күйдірілген кірпіштен қаланған сегіз шіркеу болған. ХХ ғасырдың басында Түркістан (құрамына Қазақстанның көптеген аумағы кірген) аумағында 391 мың православ христиандар мен 306 шіркеу болған.

1917 жылы кеңестік биліктің орнауымен жетпіс жылды қамтыған ауқымды атеистік күрес басталды. Бұл күрес шіркеулерді жою, діни басшылықты қудалау, шіркеу меншігін тәркілеу секілді әрекеттерді қамтыды. 1920-1930 жылдары көптеген шіркеу қызметкерлері не ату жазасына кесіліп, не ұзақ уақытқа түрмеге қамалды.

Қазақстан ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Орыс православ шіркеуі діни қызметкерлері мен орта салалы топтарын айдауға жіберу аумағына айналды. Бұл кезең қазақтардың көшпелі өмір салтын жою, қазақ ауылдары мен қоныс аударған орыс шаруаларының шаруашылықтарын тонаудың нәтижесінде орын алған ашаршлылық пен миллиондаған адам құрбаны болған  ұжымдастыру науқанымен сәйкес келді.

Кеңестік үкімет басшылығының дінге көзқарасы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Орыс православ шіркеуі тарапынан жауынгерлердің рухын көтеретін отансүйгіштік шақырулардың болуымен жеңілдеді. Бұл фашист басқыншыларға қарсы халықтың рухын көтерді. Осы кездері Қазақстанда қайтадан шіркеулер ашыла бастады.

Православтық өмір салтын қайта орнына келтіру республикамызда  1945 жылы басталды. Осы жылы қасиеттілер қатарына қосылған, митрополит Николай (Могилев) алғашқы билеуші архиерейі болған Алматы және Қазақстан епархиясының негізі қаланды.

Соғыстан кейінгі қиын да қыстау жылдары да Қазақстан қуғынға ұшыраған шіркеу қызметкерлерін қабылдады. Олардың басым бөлігіне тұрғылықты халық тарапынан, ал кейбіреулеріне жергілікті мұсылмандар тарапынан көмек көрсетілді. Ақтөбе облысының Шалқар станциясында қуғында болып, кейін Алматы және Қазақстан митрополиті болған дін қызметкері Николайды қарапайым татар-мұсылман өлімнен аман алып қалған болатын. 1942 жылдың күзінде жол бойында ес-түссіз, өлім алдында жатқан оны ауруханаға алып барып, кейін өз үйінде паналатқан.

 Дәл солай 1954 пен 1956 жылдары Көкшетауда қуғында болып, кейін Алматы және Қазақстанның митрополиті болған Иосифты (Чернов) көпбалалы мұсылман қазақ отбасы қабылдап, осы отбасының сыйлы мүшесі ретінде күткен.

Қалай дегенмен мемлекеттік саясат сол атеистік қалпын өзгертпеді. Діни қызмет билік тарапынан қатты қадағаланды.

Діни өмірдің шынымен жандануы (сонымен қатар православ шіркеуінің) тек Қазақстанның тәуелсіздік алуымен басталды. Ислам мен православие еліміздің рухани өміріне арқау болғандығы жайлы Елбасы Н.Назарбаев бірнеше рет айтып өткен болатын. Соның бірі, 2012 жылдың 7-ші қаңтары күні Астана қаласындағы Қасиетті Успен соборының ашылуында Елбасының: «Құс екі қанатынсыз ұша алмайтыны секілді мемлекет те екі қанатынсыз алға жылжи алмайды. Мемлекетіміздің екі қанаты: Ислам және Православие  еліміздің негізгі діндері саналады. Сондықтан да менің шешіміммен Құрбан айт және Рождество демалыс күндері болып жарияланды. Осындай өзара түсіністік арқасында елімізде бейбітшілік, келісім және молшылық орнап отыр. Қазіргі әлем дүрлігіп жатқан кезде Қазақстан өзінің өзара түсіністігімен, келісімімен және төзімділігімен баршаны таңдандыра білуі қажет» - деп, айтқан сөздері дәлел бола алады.

Діни сенім бостандығына құқық беру толыққанды рухани өмірге оралуға мүмкіндік берді. Егер 1956 жылы Қазақстанда барлығы 55 Орыс православ шіркеуі (ОПШ) қызмет етсе, 1999 жылы республика көлемінде 212 шіркеу қызмет етіп, 8 монастырь қызмет атқарған. Соңғы жылдықта бұл көрсеткіштердің өсуі байқалып отыр. 

2012 жылғы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы негізінде діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі жүргізілді. 2012 жылдың 25 қазанына дейін жүргізілген тіркеу барысында Қазақстанда Митрополиттік аймақ республикалық діни бірлестігі, 9 епархия және 261 приходты қоса алғанда, барлығы 271 православ шіркеуінің діни бірлестіктері қызмет еткен. Православ дінге сенушілердің көбі Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Ақмола обылыстарында тұрады.

Бұған қоса, Қазақстанда православ монастырьлары бар. Қызмет ететін барлық шіркеулер мен сиыну үйлерінің жанында шіркеу жанындағы православие негіздерін оқыту мектептері, жексенбілік мектептер қызмет етеді. Бұл мектептерде балаларға қоса үлкендер де сабақ алуда.

1995 жылы мемлекет ХХ ғасырдың басында салынып, кейін архитектураның ерекше туындысы саналып кеткен, Алматы қаласында ораналасқан Вознесен кафедралды соборын православ шіркеуінің қарамағына берді. Қазіргі уақытта ескі ғибадат ғимараттарын қайта қалпына келтіру мен жаңа шіркеулер және сиынц үйлерін салу жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Мәскеу қаласындағы Иса Құтқарушы шіркеуін қалпына келтіруге өз үлесін қосты. Еліміздің бұл игі іске қосқан ерекше үлесі, еш қайтарусыз, ғимаратты қалпына келтіру барысында сыртқы бедерін өрнектеуге арналған гранитті Қордай кен орнынан жіберу болды.

Орыс православиелік шіркеуін 1990-2008 жылдар аралығында басқарған Мәскеу және барлық Русьтің патриархы Алексий ІІ 1995 жылы шілде айында Қазақстанда сапарда болып, Алматы және Қарағанды қалаларында болды. Ол Қарағандыда Свято-Введен соборын дәріптеді. Бұл собор Орталық Азияда көлемі бойынша ең ірі және архитектуралық сымбатты ғибадат орны болып саналады.

Соңғы жылдары Қазақстан көлемінде Алматыда Иса Құтқарушы храмы, Павлодарда Благовещен собор, Екібастұз қаласында Серофимо-Ивер соборы, Талдықорғанда Иоанн діни соборы, Қостанайда Константин-Еленин храмы, Сатбаев қаласында Қасиетті Николь храмы және өзге де ғибадат үйлері салынды. 2009 жылы Астанада Қасиетті Успен кафедралды соборы тұрғызылды. Оған қоса бірнеше монастырьлар ашылды.

2005 жылы Астанада Константин-Еленин кафедралды соборының ашылуы мен дәріптелуінің 150 жыл толуына байланысты мерекелік іс-шаралар өткізілді.

2010 жылдың ақпан айында Қазақстанда Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл сапарда болды. Орыс православ шіркеуінің басшысы Алматы және Астана қалаларында болып, қоғам өкілдерімен кездесіп, шіркеулерде қызмет қылды. Оның сапарының басты оқиғасы Қазақстанның астанасында жаңадан бой көтерген Қасиетті Успен соборын дәріптеуі болды.

 Қазақстандағы ресми мерекелердің қатарына Рождество (Исаның Туылуы) православ мерекесі (7 ақпан) енгізілді. Бұл күн респубика көлемінде демалыс күні болып саналады.

Соңғы жылдары елімізде православиенің құрылымына реформа жасалуда. 2003 жылдың мамыр айында Орыс православ шіркеуінің синоды Қазақстан Республикасында Митрополиттік округ құрып, оның құрамына Астана, Орал және Шымкент епархияларын енгізді. Митрополиттік округ – бұл епархияларды біріктірудің ерекше түрі, ОПШ шеңберінде тек Қазақстан аумағында қызмет етеді. Округ діни-ағарту, баспа, әлеуметтік және өзге де әлеуметтік-маңызды мақсатта Қазақстан Республикасы аумағында құрылған болатын. 2003-2010 жылдары округті митрополит Мефодий (Немцов) басқарды. Ал 2010 жылы округ басшылығына митрополит Астана және Қазақстандық Александр (Могилев) тағайындалды.

2010 жылдың шілде айында Орыс православ шіркеуінің Қасиетті синоды Қазақстанның митрополиясының дербес құқыққа ие болатын Орыс православ шіркеуінің жаңа канондық бөлімшесі ретінде Қазақстан Республикасындағы (Орыс православ шіркеуінің) Митрополиттік округі ретіндемәртебесін анықтайтын бірқатар маңызды құжаттарды қабылдады. Осыдан бастап Қазақстан Республикасындағы (Қазақстанның Православ шіркеуінің) Митрополиттік округ ерекше тәуелсіздік құқығына ие болды. 2010 жылдың 26 шілдесінде ОПШ Қасиетті синоды республикамызда тәуелсіз канондық құрылым ретінде – басшысы митрополит Александр болып тағайындалған Митрополиттік округтің өзіндік жарғысын бекітті.

Соңғы жылдары Қазақстандағы православ шіркеуінің құрылымын реформалау жүзеге асуда. 2010 жылдың қазан айына дейін Митрополиттік округ орталықтары Астана, Шымкент және Орал қалаларында орналасқан үш епархияны қамтыды. 2010-2011 жылы ОПШ Қасиетті синоды шешімімен алты жаңа епархия құрылып, орталықтары Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Петропавл және Өскемен қалалары болды. 

Қазір Митрополиттік округ құрамына:

– Орталығы Астана қаласында орналасқан, Астана қаласы, Алматы және Алматы обылысы приходтарын қосатын Астана және Алматы епрахиясы;

– Қарағандылық, орталығы Қарағанды қаласы, Қарағанды обылысы приходтарын қосады;

–  орталығы Көкшетау қаласында орналасқан Ақмола облысының приходтарын қамтитын Көкшетау епархиясы;

–  орталығы Қостанай қаласында орналасқан Қостанай обылысының приходтарын қамтитын Қостанай епархиясы;

– орталығы Павлодар қаласы болып табылатын, Павлодар обылысының приходтарын қоса алғанда  Павлодар епархиясы;

–орталығы Петропавл қаласы, Солтүстік-Қазақстан оыбылысының епархияларын қоса алғанда Петропавл-Булаев епархиясы;

–орталығы Орал қаласында орналасқан, Ақтөбе, Атырау, Батыс-Қазақстан және Маңғыстау обылыстары приходтарын қоса алғанда Орал епархиясы;

– орталығы Өскемен қаласында орналасқан, Шығыс-Қазақстан обылысының приходтарын қоса алғанда Өскемен епархиясы;

– орталығы Шымкентте орналасқан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік-Қазақстан обылыстарының приходтарын қоса алғанда Шымкент епархиясын қамтитын тоғыз епархия кіреді.

2012 жылдың 29 мамырында Астана қаласында Қазақстан Православ шіркеуі синодының ғимараты және Кирилл және Мефодий тең апостолдығы атындағы рухани-мәдени-ағарту орталығының ашылуы болды.

2010 жылды Алматы қаласында православ шіркеуінің жоғары құдай ілімін оқыту орны – Рухани семинария ашылды (бұған дейін ол жерде тек рухани училище болған болатын). 

Православ шіркеуі бірнеше бірнеше этномәдениет ошақтарымен, қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде Ресейдің қоғамдық ұйымдары мен оқу орындарымен байланыс жасайтын «Светоч» фондымен байланыс құрады.

Орыс православ шіркеуі жас ұрпақты тәрбиелеуге де мән береді. Қазір барлық православ шіркеулерінің жанында жастар топтары (жексенбілік мектептерге қоса) жұмыс істейтінін атап өту керек. Осы жастар топтарына жетекші шіркеу қызметкері арнайы бекітілген. 2012 жылдың ақпан айында Қазақстанның Православ жастары қозғалысын құру жайлы шешім шығарылған Қазақстан Республикасы православ жастарының І Құрылтайы өткізілді.

Православ шіркеуі – дін және өркениеттер пікір алмасу алаңының тұрақты мүшесі. Православ шіркеуінің мүшелері форумдар барысында, конференциялар, әртүрлі деңгейдегі дөңгелек үстелдердің де тұрақты қатысушысы болып табылады. Астана қаласында өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайының төртеуінде де жоғарғы деңгейдегі Православ шіркеуінің өкілдігі қатысқан болатын. 2012 жылы Астанада өткізілген IV Құрылтайға Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл қатысқан болатын.

Өзінің сөйлеген сөзінде ол «Қазақстан және оның қонақжай астанасы міне төртінші рет әлемдік деңгейдегі діни дәстүрге негізделген және әлемдік маңызға ие болған диалогтың алаңы болып отыр. Мемлекеттік құрылымның қатысуымен болып отырған әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының біздің діни қауымның ғана емес, сонымен қатар әлемнің көптеген халықтарының уақыт талабының сауалдарына жауап беруге және ойтолғауымызға себеп болып отырғанына қуанбасқа болмайды» деп, өзінің игі тілектерін білдірген болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихының бастауынан бастап Орыс православ шіркеуі, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы Митрополиттік округ мемлекеттің серіктесі болып, қоғамдағы тұрақтылық пен конфессияаралық бейбітшілікті сақтауға бағытталған саясатта ерекше маңызға ие болуда.