Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақстандық толеранттылық үлгісі

13275
Қазақстандық толеранттылық үлгісі - e-history.kz
Толеранттылық – бұл жергілікті халықтың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі.

    «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып» деп басталатын басты құжатта Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік негізі салынды. «Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» құру - Елдік мұраттың басты бағыттары болып бекітілді. Конституцияда этностық азшылық құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық өлшемдерге жауап беретін қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің құқықтық негізі қаланды. Осының негізінде, Қазақстанның мемлекеттік ұлттық саясаты қоғамдық келісім конституциялық қағидасына негізделе отырып, жалпы адамзаттық тұжырымдарға сәйкес халықтың біртұтастығын қалыптастыруға бағытталды.

Толеранттылық – бұл жергілікті халықтың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі. Жалпы толеранттылық өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін байқаймыз.

Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құндылық. Мұны тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдағы маңызды жетістігіміз десек артық айтқандық болмас еді. Қазақстандағы полиэтникалық қоғамда негізінен екі мәдениеттің үстемдік құрып отырғаны белгілі. Біріншісі, сөз жоқ қазақ мәдениеті. Бұдан кейінгі орында орыс мәдениеті тұр. Дәл қазір өзге ұлт өкілдерінің діні мен салт-дәстүрін жаңғыртуға барынша жағдай жасалған. Осындай ынтымақты тір¬лікке дүниежүзінің көптеген елдері қол жеткізе алмауда. Керек десеңіз, Қазақстан – Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Бүгінде кең-байтақ қазақ жерінде 11 тілде жастарға тәлім беретін мектептер жұмыс істейді. Біздің билік мұндай білім ошақтарының барлық шығындарын көтеріп отырғаны белгілі. Осыдан-ақ еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне қандай жағдай жасалғанын бағамдай беруге болады. Сондай-ақ, мұндай мектептер өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілін оқып-үйренуіне негіз болып отырғанын тілге тиек ете кетуіміз керек. Бұдан басқа ел аумағында 13 тілде түрлі радиохабарлар тарайтыны белгілі. Бұны үлкен жетістік деп айтуымызға қақымыз бар.

Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениеттерін дамытуда. Осы орайда 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Бүгінде бұл аталған достық шаңырағы қазақ жерінде тіршілік ететін ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосатын және аз ұлттардың мүддесін қорғайтын мекеме есебінде нәтижелі жұмыс жасауда.

Қазақстандағы аз ұлттардың өкілдерінің мұқтаждығын өтеуге,  ұлтаралық қарым-қатынас аясында үйлесім орнатуға барынша жағдай жасалған. Барша ұлттардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарын қорғауға байланысты жүзеге асырылатын шаралар халықаралық стандарттарға сай және осы орайда өзге мемлекеттерге үлгі бола алатынын айта еткен жөн.  Сонымен бірге Қазақстанда жүзеге асырылып отырған ішкі саясаттың тағы бір ұтымды тұсы қазақстандықтарды түрлі діни конфессияларға деген толеранттылыққа тәрбиелеумен сабақтас. Соңғы жылдарда Республиканың түпкір-түпкірінде бой көтерген түрлі діни мекемелердің (мешіт, православие приходы, католиктердің костелы, ғибадатханалар және т.б.) жанданған құрылысы мемлекеттің өзара үйлесімді қоғамдық дамуға тиімді жағдай жасағандығын дәлелдей түседі. Өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар әлем сахнасында Қазақстанның шынайы имиджін қалыптастыруға игі ықпал жасауда.

Мұны елімізге келіп, қо¬ғамдық-саяси жағдайды сараптаған саясат-танушылардың өздері де айтып жүргені белгілі. Тәуелсіздікпен бірге есейіп келе жат¬қан Ассамблея еліміз үшін үлкен мән-мағынаға ие. Бүгінде қоғамдық институтқа республика бойынша 820 мәдени орталық мүше. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі өміріміз дүниежүзіне үлкен үлгі-өне¬ге болып отырғаны даусыз. Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды сараптаған адам қазақ жерінде қандайда бір ұлтқа қатысты ксенефобиялық көзқарастың жоқ екенін бірден байқайды. Қазақ халқы Кеңес Одағы тарапынан аштық пен репрессияның тауқыметін көп тартқан ел. Бірақ біздер КСРО-ның заңды мұрагері Ресейге қарсы ешқандай өшпенділік пиғыл танытпадық. Ал басқа елдерде мұндай жағдай керісінше сипат алғанын көзіміз көрді. Іргеміздегі Ресейдің өзі әлі күнге дейін Кавказ бен Орталық Азияның кейбір халықтарына қатысты жағымсыз көзқарастан арыла алмай отыр. Өркениеттің шыңына шықты деген Францияның өзінде Ислам дініне қатысты қайшылықты көзқарастар туындап, үлкен мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Осындай жайттарды еске алғанда еліміздегі қалыптасқан толерантты қоғамның мәні мен мазмұнын жете түсіне бастайсың. Бұдан басқа Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назар-баевтың Астана төрінде әлемдік дінбасылардың құрылтайын өткізіп, төрткүл дүниедегі тәрбие мен бейбітшілікті, лаңкестікке қарсы күресті талқылау бүгінде маңызды ғаламдық іс-шараға айналып отыр.

Алдағы уақытта толеранттылық біздің халқымыздың күнделікті өмірінің дағдысына, дәстүріне айналуы керек. Сондай-ақ, біздер толерантты қоғам арқылы ұлттық болмысымызды жойып алмауға баса мән берген жөн. Қайта керісінше толерантты қоғамды пайдаланып тілдік, ұлттық басымдылыққа жетудің жолдарын қарастырғанымыз абзал. Мәселен, Қазақстан халқы ассамблеясы 2008 жылы Алматы қаласындағы «Достық үйі» жанынан «Лингва» тілдерді оқыту орталығын ашуды қолға алған болатын. Осы орталықта соңғы жылдары 150-ден аса мемлекеттік тілді үйренуші әртүрлі этнос өкілдері және 50-ден аса орыс тілін үйренуші шеттен келген қандастарымыз бітіріп шықты. Үстіміздегі жылы Астана қаласында «Тілдарын» тілдерді оқыту технологияларының әдістемелік орталығы ашылды. Мұның бәрі мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған нақты істер. Сонымен қатар әр этномәдени бірлестіктің осы бағытқа арналған арнайы бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мысалы, Орыс қоғамы бірлестігі «Тіл - халық жанын танудың кілті», «Ахысқа» түрік қоғамы «Мемлекеттік тіл - менің тілім» конкурстары, өзбек орталығы «Мемлекеттік тілді білу - парызың» олимпиадасы, корей қауымдастығы «Мемлекеттік тіл - достық тілі» жастар форумы сияқты бағыттар арқылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өз этностық тобын қоғамдық белсенділікке тарту бағытында жұмыс атқарып жатыр.

  Жақында Ассамблеяның кезекті сессиясында Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, қазақ тілі – елімізді мекендейтін халықтарды тұтастыратын негізі құрал деп ашық айтты. Осы ретте біздер Президентке қолдау көрсетіп, қазақ тілін дамытуға өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені, қазақ мәдениеті әлемдік өркениеттің бір пұшпағы болып саналады. Келешекте мәдениетіміз адамзат өркениетінің азығына айналуы керек. Кезінде тілші ғалымдарымыз қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін жасап шығарғаны белгілі. Білген адамға бұл – үлкен байлық. Алдағы уақытта қазақ тілін дамыту үшін осы түсіндірме сөздікті қайта басып шығарсақ орынды болар еді. Сондықтан ұлттық, тілдік мәселелер өте нәзік дүние екенін естен шығармауымыз керек. Тіл – халықтың қорғаны. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар, қазақ тілінің тұғырына қонуын қоғамдық қайшылық деп қарамау керек. Өйткені, қазақ тіліне қатысты мәселе кеше-бүгін ғана туындаған жоқ. Бұл мәселе Кеңес заманында да өзектілігін жоймағаны белгілі. Сондықтан біздер толерантты қоғамға арқа сүйеп, тіл мәселесін түбегейлі шешіп алуымыз керек.

Қазақстан халқы ассамблеясының V сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қоғамдық келісім - Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі. Бұл - ойдан шығарылған формула немесе саяси қалып емес, бұл - біздің ішкі саясатымыздың өзегі. Бірақ ол күн сайын нақты да көрнекті әрекеттермен толығып отыруы керек» - деп, біздің негізгі бағытымызды айқындап берген болатын. Осы орайда қоғамдық келісімнің мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі екені айқын ақиқат. Бұл үрдіске қоғам еркін таңдау жолымен қатысуы керек. Қоғамдық келісім жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы бағытты анықтау бойынша үйлесімді өзара іс-қимыл жасауының маңызы зор.

  Қоғамдағы түрлі әлеуметтік және этностық топтар арасындағы және мемлекетаралық қатынастардағы келісімге қол жеткізу мәселесі - бағзы тарихтан мемлекет өміріндегі басты сұрақтардың бірі. Осы құбылыстың мәнін ашатын «консенсус» (лат. тіл. Соnsenus - келісім, ынтымақ, жарастық) термині, қоғамдық келісімнің қандай да болмасын деңгейде, саяси және әлеуметтік дамудың барлық формасында кез келген қоғам үшін қажет екенін айғақтайды. Сондықтан да қоғамдық келісімнің қалыптасу, даму және нығаюының заңдылықтары әлі талай зерттеулер мен пікірталастардың тақырыбына айналары сөзсіз.

Өмірдің өзінен көріп отырғанымыздай, қоғамдық келісім маңызды саяси-идеологиялық құндылыққа айналды. Ол қоғамның жемісті экономикалық, саяси дамуының алғышарты бола отырып, ұлттық мүддемізбен терең тамырлас және оның бет-бейнесін айқындайды. Осы мәнде қарасақ, қоғамдық келісім қағидасы - мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының «қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты» сақтауды қамтамасыз ету бойынша рөлі белгіленген Қазақстан Республикасы Конституциясының сарқылмас әлеуетін аша түседі. Өз кезегінде Конституция - азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге толыққанды қатысуына және олардың саяси шешімдер қабылдауға ықпал етуіне мүмкіндік беретін қоғам дамуындағы қуатты ұйыстырушы күш.

Конституцияның 11 нормасы, этносаралық қатынастар саласындағы ұлттық өлшем ретінде еліміздегі ұлысаралық қатынастарды реттейді. Онда осы саладағы заңнаманы жетілдірудің алғышарттары айқындалған. 2007 жылғы конституциялық реформалар нәтижесінде Қазақстан халқы ассамблеясы, одан сайланған депутаттар арқылы заң шығару процесіне қатысуға мүмкіндік алды. Осы арқылы қоғамдық келісім мен этносаралық келісімді және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жаңа қатынастардың дамуына жол салынды. Оның ішінде 2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңда бұған дейін этносаралық қатынастар саласында қолданылып келген терминологиялық аппарат жаңартылды. Еліміздегі ұлттық-мәдени орталықтар ресми түрде этномәдени қоғамдық бірлестіктер болып қайта тіркеуден өтті.

Сонымен қатар қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің негізінде қалыптасқан Қазақстандық табыс формуласының негізгі ережелері «Қазақстанның ел бірлігі доктринасында» көрінісін тапты. Ел бірлігі доктринасында «біз бәріміз, бір Отанның ұлдары мен қыздары екендігімізді, ал біздің Тәуелсіздігіміз - сан ұрпақтың орындалмаған арманы, халқымыздың ерен еңбегінің, ерлігінің және ерік-жігерінің жемісі екендігін әрқайсымыз түсінуге тиіспіз. Тәуелсіздік пен мемлекеттігімізді дамыту - біздің басты құндылығымыз болып табылады» деп көрсетілген. Осы ұстаным тамыры тереңде жатқан, ел азаматтарын ұлы мемлекеттік мұраттарға бастайтын асқақ идеядан өрбиді.

Ел ырысын еселеуді көздеген көреген саясаттың нәтижесінде елімізде экономикалық өрлеумен қатар ел бірлігі, тұрақты даму, бейбітшілік пен келісім құндылықтарының базасында жаңа қазақстандық дәстүр мен ділдің негізі жасақталды. Осы құндылықтар қоғамдық идеялогияның бастауы болды. Қоғам оны терең қабылдап - сонымен өмір кешуде. Базалық құндылықтар Қазақстан қоғамының ұйыстырушы факторына айналды.

  Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақыттарда жүзеге асырылып жатқан ішкі саясат Қазақстан қоғамында ұлтаралық ынтымақтастық пен халықтар достығының көркейіп дамуына қолайды жағдай тудырды. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар отандас халықтардың шынайы достық пейілдерін паш етеді. Бір шаңырақ астында татулығы жарасып, ел тарихын жасасып жатқан жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады.

  Дүниежүзінде көп ұлтты мемлекеттер баршылық. Алайда саяси-экономикалық өмір айнасындағы соңғы кездердегі дағдарыстардың салқыны көп ұлтты елдің береке-бірлігіне іріткі сала алмаған дәл Қазақстандай мемлекетті әлем бүгінде феномен ретінде қабылдайды.

Қазақстан көпұлттық мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты ұстанып келеді. Мұнда әр халықтың өз мәдениеті мен дәстүрін көркейтудің мүмкіншіліктер аясы кең.

  ҚР Президенті Н. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында: «Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған Қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды», – деген еді. Тәуелсіздік жылдарында өзінің серпінді күш-қуатымен әлемдік интеграцияға бет алған Қазақстан өзге мемлекеттерді қол жеткізген жетістіктерімен таң қалдыруда.

Е.М. Абенов

Тарих және тарихты оқыту  әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты