Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақтың төл тарихының көкжиегін кеңейту

13228
Қазақтың төл тарихының көкжиегін кеңейту - e-history.kz
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті.

Қазақтың төл тарихының көкжиегін кеңейту

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті.

Президент Әкімшілігінің, министр­ліктердің жауапты қызметкерлері, об­лыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, белгілі та­рихшылар, ғалымдар, жазушылар, бұқа­ралық ақпарат құралдарының басшы­лары қатысқан отырыста ел тарихына байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Жалпыұлттық кеңесте жасаған баян­да­масында Мемлекеттік хатшы Елбасы           Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа беле­сіндегі басты сұрақтарға, атап айт­қанда, «біз қайда барамыз және 2050 жылы қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап беретінін атап өтті. «Кеңінен қам­тып айтсақ, мәселе ел болашағының дү­ние­танымдық жаңа моделін жобалау, бас­ты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отыр. Бұл құндылықтар қазіргі заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болып, жаһан­данып, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі біздің ұлттық біре­гейлігімізді нығайтуы тиіс. Олар ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәс­түрлерін, мәдениетін сақтауды қамта­масыз етуі тиіс. Ал мәселенің бұлай қо­йылуы біздің назарымызды ұлттық та­рихты зерттеу мәселелеріне объективті түрде аударады», – деді М.Тәжин. Тарих­шы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес, зерттелетін уақыттың ішкі мағы­насына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосық­тарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс екендігіне тоқ­талған Мемлекеттік хатшы тарих ғылы­мының алдында тұрған сынаққа жауап табуға болатынын жеткізді. Елбасы тап­сырмасы бойынша «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасы жасалмақ. Бағ­дарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан­ның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы дамуына жағдай жасау, қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту,  ұлттық жаңа тарихи дүниетанымын қалып­тас­тыру, Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдау. Жер шарында мән-мағына мен құндылық­тардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жады­ны сақтап қалу – жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы екендігін тілге тиек еткен Марат Тәжин «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылған 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстан­ның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізіл­генін атап өтті. Қазақ этносының қа­лыптасуы жеткілікті деңгейде зерттел­мегеніне өкініш білдірді.

  «Ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ер­те­дегі мемлекет­тік құрылымдардың құ­ры­луы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұрты­ның таралу аймағы, Еуразия топоно­ми­ка­сының тарихы сияқты тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдісна­малық тұрғыдан қарастырған жоқ. «Тарих толқынында» еңбегінде Мемлекет Басшысы жазғандай, «Біздің арғы ата-бабала­ры­мыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға де­йінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті». Бұл құрылымдардың қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы антропологиялық тип пен арғы түркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлі қандай? Олардың Қытай, Рим, Кушан империяларымен, Парфиямен және басқалармен өзара қатынасының жүйесі қандай болған? Ұлы Жібек жолының, әсіресе оның біздің ел аумағы арқылы өте­тін бөлігінің – Дала жолының дипломатия­лық және сауда-экономикалық рөлі қандай еді? Ол жол мәдениеттердің өзара кірігуі мен бірін-бірі байытуына, Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттерінің, әсіресе Шығыс елдерінің мәдени-өркениет­тік қарым-қатынасына қалайша септескен? Бұл мәселелердің әр­қайсысы жеке-жеке, сала-сала зерттеулерді талап ететіні талассыз», – деді Мемлекеттік хатшы.

Қазақстанның қазіргі заман тарихы – тарих ғылымында салыстырмалы түрде алғанда жаңа бағыт. Ол тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа мемлекет құру тарихы болып табылатындықтан да жаңа тарихтың басталар тұсы – кеңестік жүйенің ыдырауы және соған байланысты елеулі геосаяси дағдарыс кезеңі. Екінші жағынан қарағанда, Қазақстанның қазіргі заман тарихы бүкіл адамзаттың дамуындағы жаңа белеспен сәйкес келіп отыр. Көз алдымызда қағидат­ты түрде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатқанын айта келе М.Тәжин таяу бола­шақ­тағы тарихшылар жұмысының басым­дықтарын айқындап берді. Яғни, жаңа тарих мәселелері бойынша зерттеулердің тақырыптық аясын кеңейту керек. Мемле­кеттік құрылыстың қазақстандық моделін, Мемлекет Басшысы тұлғасының ұлттық тарихтың жаңа белесіндегі рөлін ғылыми тұрғыда байсалды пайымдау қажет. Сон­дай-ақ, Мемлекеттік хатшы баяндамасында ұлттық тарихта шешілмей келе жатқан үлкен міндеттерді атады. «Біріншіден, жи­нақталған тарихи фактілер мен куәгер­ліктер, материалдық мәдениеттің жәдігер­ліктері, нышандық мәні бар пішіндер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, филология мен лингвистиканың мәліметтері, тарихи география мен демография, тарихи зерттеу­дің жаңа тәсілдері, пәнаралық көзқарастар бізге қазақтардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы дәйім пайымдап келген кезден анағұрлым ерте қалыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Этнос көк­жиегін біздің дәуіріміздің бірінші мың­­жыл­дығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлт­тық тарихқа жаңаша қарауға, біздің хал­қымыздың планетаның осы алып өңірін­дегі алатын нақты орны туралы түсіні­гі­мізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді. Екіншіден, біз өзіміздің қазіргі тарихымыз­дың басты мән-мағына­сын жүйелі, ғылыми негізде түсініп алуға тиіспіз. Тәуелсіз егемен мемлекеттің өмі­рін­де үшінші он­жылдық басталды. Осы жылдар ішінде расында да ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлер­ден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жа­уап беру – тарихшылардың кәсіби қоғам­дастығының міндеті», – деді М.Тәжин. Сонымен қатар, ол Қазақстан басшысы қыз­­­метінің бірқатар қырларына ғылыми тұрғыда талдау жасау қажеттігін атап көр­сетті. Көшбасшының елдің даму стратегиясын ондаған жылдарға алдын ала айқындап және оған болжам жасап қана қоймай, сол жоспарды іске асыра білетін, стратегиялық пайымдай алатын саясаткерге тән қасиеті, өзімен барлық жағдайда келісе бермейтінін ұғына отырып, оның табысты болашағына деген жауапкершілік жүгін өзіне артып, кей жағдайларда қо­ғамдық пікірге қарсы жүре алатын күш-жігері, айқындылығы, басқарудағы инно­ва­циялық стилі, интел­лек­туалдық күш-қуаты жүйелі әрі объек­тивті бағаға ие болуы тиіс. Мемлекеттік хатшының пікі­рінше, бұл әдеттегі кезекті баяндауды емес, байыпты ғылыми талдауды қажет ететін, тарихшыларымыздың алдында тұрған міндеттің маңызды бөлігі.

Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін отандық тарихты шынайы да жан-жақты зерттеу ісінде тарихшылар алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды. «Қазақстан­ның қазіргі заман тарихын зерделеу әдіс­темесінің мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Мемлекет тарихы инс­ти­­ту­­тының директоры Бүркітбай Аяған Елбасының тікелей араласуымен «Қазақстан Респуб­ликасындағы тарихи сананы қалыптас­тыру» тұжырымдамасы, «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына» бағдар­ламалары қабыл­данып, қаржыландыру мәселесі шешіл­генін атап өтті. Көптеген ғалымдарымыз шетелдерге барып жұмыс істеп, Қазақ­стан­ға қатысты тарихи құжат­тарды айна­лымға қосты. Дегенмен, Қазақ мемлекет­тілігі сияқты тақырыптар бойынша ортақ бір тұжырым әлі қалыптаса қоймаған. Бұл орайда, Б.Аяған «мемлекет­тік тарихымызды қай кезеңнен бастаймыз, көне сақ-ғұн дәуірінен бе, Түркі қағанаты­нан ба, Ақорда кезеңінен бе?» деген сұ­рақтарға әркім әртүрлі жауап беріп кел­ге­нін айта келе, бүгін ортақ пікір табылғандай болғанын мәлімдеді. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институ­ты­ның директоры Хангелді Әбжанов қа­зіргі тарих ғылымының алдындағы бір­қатар өзекті мәселелерді көтерді.  «Кадр­лық-ұйымдық мәселеде тарихтан PhD даярлау қарқыны өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, 10-15 жылдан кейін ЖОО-лар мен  ғылыми-зерттеу институттарында  қызмет істейтін­дердің негізгі денін магистрлар құрауы әбден мүмкін. Мәселен, соңғы 3 жылда біздің институттың бірде-бір магистрі PhD-ға оқуға түскен жоқ. Тарихтан ғылы­ми-зерттеу институттары екі  қалада ғана – Астана мен Алматыда шоғырланған. Ал облыстардағы ғы­лыми-интеллек­туалдық әлеуетті игі іске жұмылдыру үшін жергі­лікті билік қол­дауы қажет екенін әрі ол жақсы нәтиже беретінін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан өңір-лерінің тәжіри­бесі көрсетіп отыр», – дейді Х.Әбжанов. Ғалым өлкетануға «селт ет­пейтін» әкімдер де барын, тарихи өлкетану жанданбай, Отан тарихының біртұтас жаңа келбетін түзу әурешілік екенін айтып өтті. Сондай-ақ, жалпыұлт­тық кеңесте сөз алған А.Бай­тұрсынов атын­дағы Тіл білімі инс­титу­тының бас ғы­лыми қызметкері Александр Гаркавец қыпшақ жазбалары­ның тарихы туралы, Ә.Х.Марғұлан атын­дағы Археология инс­титутының директоры Бауыржан Байтанаев далалық археология жұмыс­тары­ның бүгіні мен келешек ісі жөнінде баяндады.

Кеңес отырысын қорытындылаған Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керектігін атап өтті. «Біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихы­ның ортақ тұжырымдамасын жасап шы­ғуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлем­­дік тарихпен тығыз байланыста болу­ға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс. Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи мате­риал­дардың барлығын жинауға, жүйелеу­ге және жіктеуге баса көңіл бөлу де өте маңызды», – деді М.Тәжин. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы бірқатар маңызды мәселелерге тарихшылардың назарын аударып, қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерт­теу­ге күш сала отыра, қазақтардың номад­тық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағ­дарламасын дайындауды, тың тұрпат­тағы тарих оқулықтарын жазуды тапсырды.