Мемлекеттік тапсырыспен 1000 данамен жарық көрген бұл екі кітап та институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның жетекшілігімен жазылып, оның авторлығына бірнеше ғылым докторлары тартылыпты. Ұжымдық екі еңбектің алғашқысында еліміздегі президенттік билік институтының қалыптасуы ұлттық және әлемдік тәжірибе аясында қарастырыла отырып, біздің еліміздің өзіндік жолы зерттеу нысанына айналған. Президент мәртебесі мен өкілеттігі, Мемлекет басшысының заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне қатысты өкілеттілігінің жүзеге асырылуы, сыртқы саясаттағы белесті кезеңдері нақты деректер негізінде талданған. Жалпы, екі ұжымдық монографияның да басты дерек көздері архив құжаттары болыпты. Ол туралы тұсаукесер рәсімі басталмастан бұрын журналистермен пікірлескен ғалымдар айтып жатты.
«Независимый Казахстан и Лидер нации» атты екінші еңбекте Кеңес Одағы құлағаннан кейін құрылған жаңа мемлекеттің қалыптасу кезеңіне сараптама жасалыпты. Монографияның атының өзі хабар беріп тұрғандай, еңбекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті құру мен нығайту жолындағы тарихи рөлі маңызды деректер мен дәйектер келтіріле отырып жан-жақты зерделеніп, еңбекті жазуға Қазақстан туралы шетелдік сарапшылардың, саясаттанушылар мен экономисттердің пікірлері, өзге де тарихи мақалалар мен ғылыми еңбектер және жоғарыда айтылған архив құжаттары пайдаланылыпты.
Тәуелсіздік тарихын жазу оңай емес көрінеді, деді ғалымдар, сондықтан біз еңбекке кіріспестен бұрын алдымен оның тұжырымдамасын дайындадық. Жазу барысында бір-бірімізбен айтысқан, қызу пікір таластырған күндеріміз де болды, өйткені, біздің қай-қайсымыз да мұның қаншалықты маңызды еңбек болатынын ұғындық. Шынын айтқанда, Қазақстанның жаңа замандағы тарихына арналған ғылыми еңбектер тым көп емес, сондықтан кітап тарихшыларға, саясаттанушыларға және еліміздің тарихына қызығушылықпен қарайтын барша қауымның кәдесіне жарайды ғой, деп ойлаймыз деген.
Алаштың асылы Ахмет Байтұрсыновтың бір сөзі бар: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, онда оның өзі де жоғалуға ыңғай танытып тұрады», деген, - деп тұсаукесердің ашық екенін жариялаған институттың директоры Бүркітбай Аяған Қазақстандағы президенттік билік институтының қалыптасуында елдегі жүргізілген саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалардың тиімділігі, елдің тарихи аренаға шығуы, тәуелсіздік жылдарындағы біздің көз алдымызда өзіміз куә болып жүрген тарихи оқиғалар, Елбасы мен оның қолдаушылардың, ұлт зиялылары мен саяси элитаның еңбегі осы кітапта көрініс тапқанын атап көрсетті.
Кітаптың рецензенті, тарих ғылымдарының докторы Қадыр Ахметов: «Бүгін біз Қазақстанның ғылыми ортасы үшін жақсы бір жаңалықты жария еткен күнде кездесіп отырмыз», - деп сөз бастап, еңбектің 20 жылдық тарихтың жарқын беттерін зерделеген құнды еңбек екенін, оның тарихшылармен қатар, саясаттанушылардың біріге жазуымен де ерекшеленетінін айтқан. Менің аса бір назарда ұстағаным, кітапта көрсетілген мына жәйт. Ол – қазақ даласында ертеден мемлекеттің болғандығы, өзіне тән билік жүйесінің өмір сүргенін көрсетуі дер едім. Хан билігінің халықпен санасуы, дала демократиясының болуы, Шерағаң – Шерхан Мұртаза айтқандай, «Президент – біреу, қалғанымыз – тіреу» дегеніндей, қазақ қоғамында осындай үрдістің барлығын көрсету болды, деді шешен сөзінің соңында.
Монография авторларының бірі Гүлжан Нұрымбетова алғаш рет мемлекеттік тілде жарық көріп отырған еңбектің ерекшеліктеріне тоқтала келіп, ұжымдық авторлардың жұмысты әрі қарай дамыта, толықтыра түсу ниеті барлығын айтып өтті. Мұнан соң сөз алған ғалымдар Сергей Селиверстов, Әлима Ауанасованың пікірлері де алдыңғылармен сабақтас шыққан. Қазіргі жаңа тарихты жазудың, оған баға берудің қиындығына тоқталған ғалымдар әлі де осы тұрғыдағы еңбектер көптеп жазылуы қажеттігін көлденең тартты.
Тұсаукесер рәсімін қорытындылаған институттың директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған екі еңбекті оқырманға жол тартуы қазақ мемлекетінің тарихи аренаға шығуының тағы бір жарқын көрінісі – Елбасының кеше ғана өткен кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетуі мен енді өтетін ұлықтау, салтанатына тура келіп, тартқан тартуымыздай болғанына қуанып тұрмыз, деген.
Институт ел тарихына қатысты былтыр 15 кітап шығарса, биыл 20 еңбекті жарыққа шығаруды жоспарлап отыр екен. Қазақстан қоғамындағы экономикалық, саяси, мәдени, рухани өзгерістер қамтылатын еңбектер алда оқырмандар қолдарына тиеді деген ойдамыз.
Мәлімет БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді