Ассамблея - ел тарихында

Бөлісу

30.04.2026 85

1995 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) еліміздің саяси және рухани өміріндегі ең белсенді институттардың біріне айналды. Қазіргі таңда Қазақстанның азаматтық қоғамында Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) ерекше орын алады. Бұл институт – мемлекетіміздегі  бейбітшілік пен келісімді сақтаудың, этносаралық татулықты нығайтудың бірегей діңгегі болды. 


Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) маңызды рөл атқарады.

Ассамблеяның басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады. 

Өткен жылы өткен Ассамблеяның ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – егемендік тарихындағы айтулы оқиға екенін айтып өтті. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — егемендік тарихындағы айтулы оқиға. Бұл мерейтой әр азаматтың бақ-берекесін арттыру жолында ұлтымызды ұйыстыратын маңызды белеске айналады деп сенемін. Біз халқымыздың береке-бірлігін нығайтуға үлес қосқан азаматтарымызға әрдайым құрмет көрсетеміз. Отыз жылда жеткен жетістіктеріміз осындай абзал жандардың еселі еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Жұртымыз үшін ең үлкен марапат — елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді. Мен баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ел игілігін арттыруға мол үлес қоса бересіздер деп сенемін. Ассамблеяның мерейтойы құтты болсын! Бірлігіміз бекем болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Отанымыз — Қазақстан жасай берсін!» деп айтқан болатын ҚР Президенті.

Құрылу тарихы және алғашқы қадамдар

Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы 1992 жылғы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтылды. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Сол жылдың 24 наурызында Алматы қаласында өткен алғашқы сессияға еліміздің барлық өңірлерінен 40-қа жуық этнос өкілдері қатысты. Бастапқыда «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» деп аталған бұл құрылым 2007 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» болып өзгертілді. Бұл атаудың өзгеруі еліміздегі барлық этностардың бір тұтас халыққа айналғанының символикалық белгісі болды.

2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Жоғарыда айтқандай, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты.

2008 жылғы 20 қаңтарда ҚР Президенті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.

2008-2022 жылдары Ассамблея туралы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі болды. 2021 жылы Тұңғыш Президент — Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын басқаруды өз еркімен екінші Президентке тапсырды.

Ассамблеяның құрылымын Ассамблея Сессиясы, Ассамблея Кеңесі, Ассамблея Хатшылығы, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары құрайды.

Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясаты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды.

Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету.

Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және дамуын қамтамасыз етеді.

Саяси трансформация және жаңа белес

Ассамблея уақыт өте келе тек қоғамдық ұйым деңгейінде қалмай, конституциялық мәртебеге ие болды. Оның басты ерекшеліктерінің бірі этностық топ өкілдері мүдделерін жоғары заң шығару органында – ел Парламентінде білдіру болып табылады. 

Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты, елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді. Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығарушылық процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық бастамашылық құқығын жиі пайдаланады. Этносаралық қатынастарға қатысты қабылданатын барлық заң жобалары депутаттардың тиісті сараптауынан өтеді.

2022 жылғы конституциялық реформадан кейін бұл тәртіп жаңа сипат алды. 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысы Сенатқа 10 депутат тағайындайды, оның бесеуі Ассамблея ұсынысымен бекітіледі. Бұл қадам этнос өкілдерінің жоғарғы заң шығарушы органдағы үнін нығайта түсті.

Мәдениет пен білімді қолдау

Мемлекет тарапынан этностардың тілі мен мәдениетін сақтауға үлкен көңіл бөлінуде. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.

Жаңа дәуір: Ассамблеядан Құрылтайға дейін…

Отыз жылдық белесте Ассамблея консультативті-кеңесші органнан конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі және Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Өңірлерде ашылған Достық үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды. Еліміздің барлық өңірінде ҚХА Журналистер клубы және этникалық БАҚ жұмыс істейді. 2023 жылы өткен «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессияда Президент атап өткендей, біздің көк паспортымыз бен аспан түстес туымыз – ортақ бірегейлігіміздің басты нышаны. 

Биыл Қызылорда қаласындағы V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА мен  Ұлттық құрылтайдың өз миссиясын аяқтағанын мәлім етті.

«Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе трибуна қажет. Бұл платформа халқымыздың б бірлігіне ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қамтиды. Осыған сүйене отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды миссиялары іс жүзінде сәтті аяқталды деп санауға болады», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев аталған екі институттың орнын басатын жаңа құрылым керектігін атап өтті. 

«Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынамын. Жаңа органның қызметінде Халық Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай функцияларының стратегиялық сабақтастығын –Қазақ мемлекеттілігі мен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін дәйекті нығайтуды сақтау өте маңызды деп санаймын», - деді Президент.

Түйін. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Ассамблея халықтық дипломатияның маңызды институтына айналды. Ол – тек  диалог алаңы емес, әрбір азаматтың этносына немесе дініне қарамастан тең құқылы болуын қамтамасыз ететін, ел ертеңіне сеніммен қарауға негіз болатын берік іргетас қалады. 

Бөлісу