Тоқаев сыртқы туризмді дамыту мәселелері жайлы ой қозғады

Бөлісу

05.01.2026 7313

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында туризм саласының қазіргі ахуалына кеңінен тоқталып, бұл бағыттағы жетістіктер мен шешімін күткен мәселелерді ашық айтты. Президенттің пікірінше, Қазақстанның туристік мүмкіндігі зор болғанымен, оны толық іске асыру үшін кәсібилік, жауапкершілік және нақты қадамдар қажет.


Сұхбат барысында Мемлекет басшысы туризм тақырыбының қоғамда жиі талқыланып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық ақпарат құралдарының Қазақстанды саяхат жасауға қолайлы елдердің қатарына қосуы – маңызды жетістік. Алайда бұл баға ішкі дайындыққа қатысты сұрақтарды да қатар тудырады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, туризм – тек бір саланың мәселесі емес, ол экономика, мәдениет, қауіпсіздік пен бизнестің түйіскен тұсы. Сондықтан бұл бағытта кездейсоқ адамдар емес, кәсіби әрі елге жанашыр мамандар жұмыс істеуі керек.

«Мен Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ», – деді Мемлекет басшысы.

Президент өткен жылы Қазақстанға келген шетелдік туристер санының артқанын және ішкі туризмнің жандана бастағанын оң үрдіс ретінде бағалады. Дегенмен, бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайтынын ескертті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы экотуризм саласының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды. Табиғи мүмкіндіктер жеткілікті болғанымен, басқарудағы біліксіздік пен немқұрайлылық саланың дамуын тежеп отыр.

«Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің дамуына кедергі келтіретін факторлар ретінде кейбір «эко-белсенділердің» әрекетін де атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты қорғау ұранын желеу етіп, кез келген жобаға қарсы шығу саланың дамуына зиян тигізіп отыр.

«Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір “эко-белсенділер” зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, “хайп” жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымының қарқынды дамып жатқанын айтып, Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстардың баяу жүріп жатқанын жасырмады. Сонымен бірге, Алматы тау кластерінің әлеуетін ерекше атап өтті.

«“Шымбұлақ” Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда, көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ, Үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ. Ал, көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымы қарқынды салынып жатыр», – деді ол.

Сұхбатта туризм саласындағы кадр тапшылығы мәселесі де қозғалды. Президент Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ашылуын маңызды қадам деп бағалағанымен, бұл жеткіліксіз екенін айтты.

«Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда, бұл – жеткіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданады», – деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы туризм саласына қатысты пессимизмге бой алдырмауға шақырып, халықаралық қызығушылықты тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлемдік деңгейдегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. “CNN Travel” 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы “сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана” деп атады. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты “ешқашан көз ілмейтін қалаға” айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан үшін туризм – болашағы зор сала. Алайда оны дамыту үшін жүйелі басқару, жауапты кадр және нақты нәтижеге бағытталған жұмыс қажет.

Сұхбаттың толық нұсқасын E-history.kz сайтынан оқи аласыздар. 

Бөлісу