Ақшаның тарихы мен эволюциясы

Бөлісу

10.11.2025 5543

Ақша – адамзат өркениетінің ең көне әрі маңызды жаңалығының бірі. Ол қоғамның экономикалық, саяси және мәдени даму деңгейін көрсететін айна іспетті. Ежелгі айырбас жүйесінен басталған ақшаның тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Ол металл мен қағаз дәуірінен өтіп, бүгінде электронды және цифрлық нұсқаларға дейін жетті. Қазақстан аумағында да ақша қатынастары ежелгі заманнан қалыптасып, тәуелсіздік жылдарында ұлттық валюта – теңгенің дүниеге келуімен жаңа кезеңге қадам басты.


Адамзат тарихындағы ең алғашқы экономикалық қатынастар айырбас арқылы жүзеге асты. Ол кезде қоғамда сауда-саттық ұғымы әлі қалыптаспаған, адамдар өздеріне қажетті затты басқа біреуден сол сәттегі қолындағы артық дүниесіне айырбастап алатын. Мысалы, аңшы терісін егіншіге беріп, орнына астық алған, малшы етін не сүтін шебердің қолөнер бұйымына айырбастаған. Мұндай айырбас қатынастары әр халықта әртүрлі формада болды. Кей өңірлерде айырбас құралы ретінде теңіз қабыршақтары, тұз, асыл тастар, аң терісі немесе балық пен дәнді дақылдар пайдаланылды. Африка елдерінде тұз «ақ алтын» саналып, негізгі айырбас құралы болса, Солтүстік халықтары үшін аң терісі мен бағалы металл заттары үлкен құндылыққа ие болды. Ал Океания аралдарында әдемі інжу-маржандар «ақша» қызметін атқарды. Дегенмен уақыт өте келе бұл жүйе қоғамның қажеттілігін қанағаттандырмай қалды. Біріншіден, айырбас кезінде заттардың нақты құнын анықтау қиын еді. Екіншіден, тауардың бәрі бірдей ұзақ сақталмайтын, кейбірі тез бұзылатын немесе тасымалдауға ауыр болатын. Үшіншіден, адамдар арасындағы айырбас тек кездесу арқылы жүруі қажет болды, бұл экономикалық айналымды шектеді. Осылайша адамдар барлық тауарлардың құнын өлшейтін ортақ эквивалент қажет екенін түсінді. Уақыт өте келе ол эквивалент ретінде ең сирек әрі құнды заттар мал, тұз, металл, асыл тас және бағалы бұйымдар таңдалды. Осы құбылыстың нәтижесінде ақшаның алғашқы нышандары дүниеге келді. Бастапқыда ақша тек айырбастың делдалы ретінде қолданылса, кейіннен ол құн өлшемі, төлем және жинақтау құралы ретінде қоғам өмірінде тұрақты орын алды. 

Алғашқы металл ақшалар біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда Кіші Азиядағы Лидия патшалығында пайда болды. Бұл монеталар күмістен және алтын мен күмістің табиғи қорытпасы электрумнан соғылған. Лидиялықтар монетаның екі бетіне арнайы таңба басып, оның шынайылығын дәлелдейтін жүйе енгізді. Бұл кейінгі замандардағы ақша өндірісінің негізін қалаған маңызды жаңалық еді. Металл ақшалар қоғам өмірінде үлкен рөл атқарды. Олар ұзақ сақталады, тасымалдауға ыңғайлы және салмағы бойынша нақты құнын көрсетті. Сондықтан айырбас үдерісі жылдамырақ әрі тиімді бола бастады. Металл ақшалар сауданы кеңейтіп қана қоймай, елдің экономикалық және саяси дербестігін білдіретін басты белгілердің біріне айналды. Көп ұзамай монета соғу ісі басқа елдерге де тарады. Ежелгі Грекия қалалары өздерінің жеке монеталарын жасап, олардың бетіне құдайлар мен батырлардың бейнесін бедерледі. Бұл монеталар тек төлем құралы ғана емес, сол елдің мәдениеті мен наным-сенімін танытатын өнер туындысына айналды. Ал Рим империясында алтын мен күмістен жасалған денарийлер негізгі айналым ақшасы болды. Рим билеушілері монетаның бетіне өз бейнелерін салу арқылы саяси билігін нығайтып, оны халық санасында мәңгілік символға айналдырды. Шығыс елдері де металл ақшаларды ерте қолданды. Қытайда алғашқы мыс тиындар дөңгелек пішінді, ортасы шаршы тесік болып жасалған. Бұл пішін аспан мен жердің үйлесімін бейнелейтін философиялық мәнге ие еді. Монеталарды жіпке тізіп алып жүру ыңғайлы болғандықтан, олар күнделікті саудада кеңінен қолданылды. Кейіннен әр ел өз монетасын соғу ісін қатаң бақылауға алды. Металл құрамын, салмағын және бейнелерін тек мемлекет белгілейтін болды. Бұл кезеңде ақша тек айырбас құралы емес, мемлекеттік билік пен егемендіктің айғағы, мәдени және тарихи мұраның көрінісі ретінде қабылданды.

Қағаз ақшаның тарихы ежелгі Қытайдан бастау алады. Ол Х ғасырда Сун әулеті билік құрған кезеңде пайда болған. Сол уақытта сауда мен айырбас қатынастары күрт дамып, металл монеталарды сақтау мен тасымалдау үлкен қиындық туғызды. Саудагерлердің қауіпсіздігі мен есеп айырысуды жеңілдету мақсатында билік алтын мен күміске баламалы қағаз купюралар шығарды. Бастапқыда қағаз ақшалар тек белгілі бір өңірде ғана жүрді. Кейін олар мемлекет тарапынан ресми бекітіліп, заңды төлем құралы мәртебесін алды. Бұл жаңалық Қытай экономикасының дамуына серпін беріп, сауданың кеңеюіне ықпал етті. Қағаз ақша адамдардың сеніміне негізделген жаңа экономикалық жүйенің бастамасы болды. Қағаз ақшаның тәжірибесі уақыт өте Еуропаға да тарады. 1661 жылы Швецияда алғаш рет банк шығарған қағаз ақша айналымға енді. Қағаз ақшаның пайда болуымен бірге банк жүйесі де қалыптаса бастады. Алғашқы банктер алтын, күміс және басқа да бағалы заттарды сақтайтын сенімді орын ретінде қызмет етті. Ақшасын банкке тапсырған адам арнайы куәлік немесе жазбаша түбіртек алатын. Кейіннен осы түбіртектердің өздері төлем құралына айналып, нақты ақшаның орнын басты.

Бүгінде ақшаның түрі мен айналым жүйесі бұрынғыдан мүлде өзгеше сипат алды. Қолма-қол ақша біртіндеп өз орнын электронды төлем жүйелеріне, банк карталарына және цифрлық валюталарға беріп келеді. Сауда мен қызмет көрсету саласының көп бөлігі онлайн форматқа көшіп, төлем жасау процесі әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы болды. XXI ғасырда әлемдік экономика жаңа кезеңге қадам басты. Криптовалюта, блокчейн технологиясы, электронды әмияндар мен мобильді төлем жүйелері қазіргі қаржы нарығының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл өзгерістер тек техникалық емес, сонымен қатар әлеуметтік мәнге де ие. Адамдар арасындағы қаржы операциялары жаһандық сипат алып, шекарасыз және тәулік бойы үздіксіз жүретін жүйеге айналды.

Оқи отырыңыз: Ұлттық валютаның тарихы

Қазақстан аумағындағы ақша айналымының тарихы тереңде жатыр. Алғашқы ақша қатынастары біздің дәуірімізге дейінгі III-II ғасырларда, яғни ғұндар мен сарматтар кезеңінде қалыптаса бастаған. Археологиялық қазбалардан табылған көне бұйымдар мен монеталар сол дәуірде қазақ жерінде сауда мен айырбас мәдениетінің дамығанын көрсетеді. Бұл аймақ Еуразия құрлығын жалғаған үлкен экономикалық және мәдени орталықтың бір бөлігі болған. Зерттеушілердің пікірінше, алғашқы монеталар қазіргі Қазақстан аумағына Қытай, Кушан патшалығы және Грек-Бактрия мемлекеттерінен тараған. Сол замандағы Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланыстары арқылы шетелдік ақша үлгілері де кеңінен айналымға енген. VIII ғасырда түргештер алғаш рет өз монеталарын соқты. Бұл тиындар Қытайдың Таң әулетінің үлгісімен жасалып, айналымда ұзақ жылдар қолданылды. Кейін қарлұқтар мен Қарахан әулеті билік құрған тұста ақша соғу ісі мемлекет деңгейінде ұйымдастырылды. Олар күміс дирхемдер мен мыс теңгелер шығарып, ішкі және сыртқы саудада негізгі төлем құралына айналдырды. Орта ғасырларда Отырар, Тараз, Сығанақ, Баласағұн секілді қалалар ақша айналымының ірі орталықтарына айналды. Бұл қалаларда арнайы монета сарайлары жұмыс істеді. Мұнда соғылған теңгелердің бетіне билеушілердің есімдері, дінге қатысты жазбалар және елдің рәміздері түсірілді. Бұл тек сауда құралы ғана емес, мемлекеттің егемендігі мен билігінің нышаны ретінде қабылданды. Ұлы Жібек жолының бойындағы халықаралық сауда Қазақстандағы ақша айналымының дамуына ерекше әсер етті. Қытайдың жібегі, Үндістанның дәмдеуіштері, Иранның күміс бұйымдары мен Византияның алтын монеталары осы өңір арқылы алмасып отырды. Ал күміс пен алтын теңгелер сол дәуірдің халықаралық валютасы ретінде қолданылды.

XX ғасырдың соңында Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы одақтас республикалар өз егемендігін жариялады. Осы тарихи кезеңде Қазақстан үшін саяси тәуелсіздікпен қатар экономикалық дербестік те басты мақсат болды. Ел экономикасын тұрақтандыру және ұлттық қаржы жүйесін қалыптастыру үшін 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Бұл күн кейін ел тарихында ерекше маңызға ие мерекеге айналды. Алғашқы ұлттық банкноттарда қазақ халқының ұлы тұлғаларының бейнелері бедерленді. Олардың қатарында әл-Фараби, Абылай хан, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Құрманғазы Сағырбайұлы және Сүйінбай Аронұлы бар. Ұлттық валютаның енгізілуі – елдің қаржы тәуелсіздігін айқындаған тарихи қадам болды. Бұл шешім Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен халықаралық беделін арттыруға жол ашты.

Бөлісу