Тарихты сүйіп, шәкірт санасына сіңірген жас маман

Бөлісу

21.10.2025 4922

Озат Қасыхан Қарағанды облысы, Баймырза ауылындағы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Ол – жаңа буын ұстаздарының өкілі, кәсібіне жауапкершілікпен қарап, білім беру үдерісіне жаңа серпін енгізіп жүрген жас педагог. Заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерген, тарихи білімді тек оқулық шеңберінде емес, өмірмен ұштастыра үйретуді мақсат еткен ұстаз өз ісіне үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Озаттың әр күні – дайындық, ізденіс және шәкірттермен етене қарым-қатынастың тоғысқан сәті. Ендеше, жас тарихшының бір күні қалай өтетінін бірге білейік.


Кейіпкеріміз Қарағанды облысы, Осакаров ауданы Қарағайлы ауылында дүниеге келген. Білім жолын туған ауылындағы мектепте бастап, 2018 жылы оны үздік аяқтаған. Сол жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тарих-педагогика» бағытына оқуға түсіп, 2022 жылы жоғары білім дипломын алады. Ізденісін жолын тоқтатпай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасына түсіп, 2024 жылы тарих ғылымдарының магистрі атанады.

Тарихшы мамандығын таңдауы кездейсоқ емес. Озаттың айтуынша, бұл шешімге отбасындағы рухани орта мен үлкендердің ықпалы зор болған. 

«Әкем мен атам тарихқа ерекше қызығатын. Үйімізде тарихи кітаптар көп еді, кешкілік сол кітаптар туралы әңгіме айтылатын. Сол орта мені осы бағытқа жетеледі. Бала күнімнен тарихи деректерге, археологиялық фильмдер мен шытырман оқиғалы кітаптарға қызығып өстім. Уақыт өте бұл қызығушылық менің мамандығым мен өмірлік жолыма айналды», – дейді жас ұстаз.

Қазір Озат Қасыхан Қарағанды облысы, Баймырза ауылындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Бұған дейін бір жыл бойы Қосшы қаласындағы №4 мектепте еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған. Жас ұстаздың жұмыс күні әрдайым қарбаласқа толы. Таңертең ерте мектепке келіп, күннің жоспарын қарап шығады, сабақ конспектілерін толықтырып, оқу бағдарламасындағы жаңа материалдарды пысықтайды. Әр тақырыптың мазмұны мен әдістемесіне ерекше мән береді. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігін арттырып, тарихи деректерді өмірмен байланыстыра түсіндіруге ұмтылады. Оның басты мақсаты – әр баланың тарихқа деген қызығушылығын оятып, өткенге құрметпен қарауға баулу.

«Тарих тек дерек пен даталар тізбегі емес, ол – адам тағдыры мен оқиғалардың өзара сабақтастығы, ұлттың рухани жадын сақтайтын ғылым. Оқушыға осыны ұғындыру үшін көрнекілік пен заманауи тәсілдер қажет. Мысалы, археологиялық дәуірлерді өткен кезде өз тәжірибемнен нақты мысал келтірсем, балалардың қызығушылығы бірден артады. Бір жолы оқушым маған металдан жасалған заттың суретін жіберіп, “ағай, бұл қола дәуірінен бе?” деп сұрады. Бұл – баланың сабақтан тыс та ойланатынын, пәнге деген шынайы ықыласының артқанын көрсетеді», – дейді Озат Қасыхан.

Сабақтарында ол оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін кеңінен қолданады. «Миға шабуыл», диаграмма құрастыру, «балық сүйегі», пікірталас ұйымдастыру сияқты белсенді әдістер арқылы оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, ойлау мәдениетін қалыптастыруға күш салады. Оның басты мақсаты – тек білім беру емес, оқушыны өз бетімен ойлауға, сұрақ қоюға және жауап іздеуге үйрету.

«Мен үшін ең маңыздысы – балалар өз ойын еркін, сенімді түрде жеткізе алуы. Тарихты жаттау үшін емес, түсініп оқу қажет. Өткен оқиғаларды саралай отырып, қазіргі өмірмен байланыстыра білсе, сол – нағыз нәтижелі білім», – деп тұжырымдайды жас педагог.

Мұғалімдік жолдың алғашқы жылдары әрдайым сынақ пен ізденіске толы болатыны белгілі. Жас маман үшін де бұл кезең оңай болған жоқ. Жаңа ортаға бейімделу, жауапкершілігі мол жұмысты игеру, әріптестер мен оқушылардың сенімін ақтау – жас маманға үлкен сын.

«Мектепте жас мұғалім болу – тек сабақ беру емес, ол үлкен жауапкершілік пен жан-жақтылықты талап етеді. Сабақтан тыс уақытта да түрлі іс-шараларға қатысып, мәдени және тәрбиелік жобаларды ұйымдастыруға тура келеді. Кейде мұғалім концерт қоюшы да, режиссер де, тіпті оператордың да рөлін атқарады. Әр күн – жаңа міндет, жаңа тәжірибе», – дейді ол.

Озат оқушылармен жұмыс барысында ең алдымен олардың жас ерекшелігі мен психологиялық күйіне мән береді. Әр баланың мінезі, ойлау қабілеті мен қабылдау деңгейі әртүрлі екенін түсінетін ұстаз сабақ барысында осы ерекшеліктерді ескеруге тырысады. Әсіресе бастауыш және орта буын оқушыларымен жұмыс істеу кезінде аса ұқыптылық пен сабыр қажет екенін айтады.

«Бала – өте нәзік әлем. Егер мұғалім оның алғашқы қызығушылығын байқамай сөндіріп алса, кейін оны қайта жандыру қиынға соғады. Сондықтан әр сөз, әр ым-ишара, тіпті дауыс ырғағы да маңызды. Мұғалім балаға тек білім беруші емес, оның сенімін қалыптастыратын тұлға болуы керек. Сол себепті мен үшін әр оқушының ойын тыңдау, пікірін құрметтеу – басты қағида», – деді ұстаз өз сөзінде.

Тарихшы маман үшін ең басты ұстаным – бейтараптық пен әділдік. Кейіпкеріміздің пікірінше, ұстаздың міндеті – оқушыға дайын қорытынды беру емес, тарихи дерекке сын көзбен қарауды үйрету. 

«Жақсы тарихшы ешнәрсені әсірелемейді, нақты дерек пен фактіге сүйенеді. Біз өткенді бағалау барысында жеке көзқарасымызды тықпалауға емес, оқушының өз ой түйіндеуіне мүмкіндік беруге тиіспіз. Тарихты біржақты емес, жан-жақты қарастыру – ұлттың танымын кеңейтеді. Оқушы үшін де бұл – ой еркіндігі мен азаматтық сана қалыптастырудың маңызды жолы. Сондықтан бейтараптық пен сыни ойлау – нағыз тарихшының кәсіби негізі әрі басты қағидасы», – дейді Озат Қасыхан.

Қызметтен тыс уақытта Озат белсенді өмір салтын ұстануға тырысады. Спорт – оның серігі әрі демалыс тәсілі. Аптасына бірнеше рет жүгіруге шығып, оқушылармен бірге футбол ойнайды. 

«Дене белсенділігі – тек спорт емес, ойды сергітудің, шабыт алудың жолы. Көп ойланатын адамға кейде қимыл керек. Сол кезде жаңа идеялар да, сабаққа қатысты тың ойлар да өзінен-өзі келеді», – дейді ол.

Дегенмен мұғалімнің жұмысы сабақпен шектелмейді. Озаттың айтуынша, ұстаз үшін үй мен жұмыс шекарасы көп жағдайда ажырамайды.

 «Біз үйде де жұмыс істейміз. Келесі күннің сабағына дайындалу, тапсырмаларды тексеру, жоспар құру – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Кейде түн ортасында жаңа ой келіп, келесі тақырыпқа арналған тапсырманы түртіп қоямын. Бұл – шаршау емес, әдетке айналған жауапкершілік», – дейді жас ұстаз.

Болашаққа келсек, Озат Қасыхан ғылым жолына бет бұруды мақсат етеді. Әсіресе археология мен тарихи публицистика саласы оны ерекше қызықтырады. 

«Мұғалім – тек білім беруші емес, үнемі ізденісте жүретін адам болуы тиіс. Өмір бойы бір орында қалмай, жаңа бағыттарға ұмтылу – кәсіби дамудың кепілі. Болашақта археологиялық зерттеулерге қатысып, қазақ жерінің тарихи мұрасын насихаттағым келеді», – дейді ол.

Жас педагог Озат Қасыхан – білім мен тәрбиені ұштастыра білген, өз ісіне адал ұстаздардың бірі. Ол үшін тарих пәні – тек оқулықтағы деректер емес, ұрпақ санасына өткеннің сабақтарын сіңірудің, ел мен жерге құрмет қалыптастырудың құралы. Әр сабағын жауапкершілікпен өткізіп, оқушыларға тарихи ойлау мәдениетін дарытуды мақсат етеді. Озат сынды ізденімпаз мұғалімдердің еңбегі – жас буынның дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық сана мен азаматтық көзқарастың қалыптасуына жол ашып келеді. Осындай ұстаздардың арқасында тарих пәні мектеп қабырғасындағы ең қызықты әрі өмірмен байланысты сабақтардың біріне айналуда.

Бөлісу