Мақсат Алпысбес: Бабаларымыз ата-тек арқылы уақытты түзген

Бөлісу

23.09.2025 6252

«Қазақстан тарихы» порталы сіздерге тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақсат Алпысбеспен арнайы сұхбатты ұсынады. Сұхбатта ғалым қазақтың шежіре дәстүрі мен оның ғылыми тұрғыда зерттелу мәселелеріне тоқталып, «жүз» ұғымының мәнін, аңыз-әпсаналарды тарихқа қалай енгізуге болатынын, кірме рулардың тарихтағы орнын терең талдайды. Сондай-ақ генеалогия ғылымының ру-тайпаларды айқындаудағы орнына тоқталады. Ғалымның пікірінше, қазақ халқы Қазақ хандығы дәуірінде-ақ ұлт ретінде қалыптасып үлгерген. Сондықтан қазіргі ұрпақ үшін шежіре – тек ата-тек тізбегі емес, ұлттық жады мен бірлігінің іргетасы.


– Мақсат аға, сіздің көбірек зерттеп жүрген тақырыбыңыз ру-шежірелер екені баршаға аян. Бұл тақырыпқа әр қырынан сұрақ қоя беруге болады. Бүгін кейбір айтылмаған мәселелерге үңілсек деп отырмыз. Қазақта: «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз бар. Жүз тарихы сөз болғанда қазақты үш жүзге Майқы би бөлген деп жатады. Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» атты кітабында: «ғалым Бижуриннің айтуынша, біздің дәуіріміздің 635 жылында қазіргі қазақ даласында, түркітілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермеген шығыс шапқыншыларына қарсы үш орда құрған: 

Үйсін жерінде – Ұлы орда, 

Ертіс жерінде – Орта орда, 

Балқаштан Каспийге дейін – Кіші орда болып топтасқан. Қазақ жүздері осы үш ордадан басталған. Мен осыған бейіммін», – деген екен. Осы біз тарихи деректер мен дәлелдерді көрсете отырып үш жүздің тарихы бойынша нақты бір тұжырымға тоқтай аламыз ба? Бұл – бір. Екінші сұрағым: жүз деген сөз қайдан шыққан? 

– Бұл жүздік құрылым, үштік құрылым ерте дәуірлерден бар. Иә, жаңағыдай деректерде ол айтылған. Сондықтан көшпенділер жылқы шаруашылығын игеріп, осы кең даланы көшіп-қонып жүргенде олар осы кең даланы өздеріне лайықты аймақтарға бөліп қарастырған. Жалпы алғанда, даланы үш алқапқа бөліп түсіну санасы сол кездерден пайда болған сияқты. Ал бертінге келе, тіпті мынау Алтын Орданың заманында Жәнібектің тұсында осы үш жүз ұғымы болды деген Құрбанғали Халидидің еңбегінде айтылады. Кейбір ұстанымдарда «үш жүз» Тәуке ханның алдында ғана пайда болды деген түсінік бар. Демек, бұл жерде пікір алуандығын байқаймыз. Біз бұл мәселені тиянақтап қарастыруға тырыстық. Ойымызды жинақтап келе жатырмыз. Майқы би туралы сөз болғанда, Қоңыраттың Саңғыл биі, осы Майқы би бастаған қазақтың он екі биі Шыңғысты ақ киізге отырғызып хан көтеру рәсіміне қатысқан деп ескіден айтылып келе жатқан қария сөзі делінеді. «Жүз» –  тіл мамандары көрсеткендей, «дүз» деген, яғни «дала» деген сөзді білдіретін сияқты. Сондықтан Ұлы орда емес. Ұлы жүз – үлкен дала, Орта жүз – орта дала, Кіші жүз – кіші дала деп, Еділ төңірегіндегі сахаралық аймақтарды шаруашылық, аймақтық әкімшілік тұрғыда әртүрлі кезеңдерде соны қолдану саналарында болған сияқты.